ҰБТ: Қазақтілді талапкерлердің құқығы қашанғы таптала береді?

убт-55 Биылғы жылдың өзінде білім саласын дамытуға мемлекет қазынасынан 1,5 триллион теңге бөлініпті. Елбасы ел ертеңі саналатын жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап-ақ келеді. Білім саясатына осындай басымдықтың берілгеніне қарамастан, Білім және ғылым министрлігінің басынан былық арылмайтын болды. Министр ауыстырғыштығымен ерекшеленетін бұл саланың ақсап тұрған тұсы БАҚ бетінде жиі сыналып жатады. Басқасын айтпағанның өзінде бір ғана Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі бір атан түйеге жүк болатын түрі бар. ҰБТ ҚАЛАЙ «ҰЛЫ ТӨҢКЕРІСКЕ» АЙНАЛДЫ? Шындығын айту керек, бүгінгі күні ҰБТ мектеп оқушылары мен ата-аналары үшін де, ұстаздар қауымы үшін де күйзелісі мол сынаққа айналды. Тестті ойындағыдай тапсыра алмаған талапкерлердің жанары жасқа толып шыққанын көргенде кәдімгідей жүрегің аузыңа тығылады. Оқушылардың тест тапсырмаларын жаттап, тек дайын дүниені пайдалануға дағдылануы олардың ой-өрісін шектеп, білімін жетілдіруге тұсау болады. Бұл ҰБТ-ның бірінші кемшілігі. Екіншіден, талапкерлер ҰБТ-ның салдарынан мамандық таң­дауда да адасып жатады. Бүгінгі­нің оқушылары белгілі бір маман­дықтың иесі болуды армандай алмайды демейміз. Тек өзі қалаған маман­дыққа қолы жетпесе, жүрегі қаламаған келесі бір мамандықтың иесі болуға бел байлайды. Әрине, мұның өзі жалпы конкурстың ереже­сіне сай өзінің тәуекел еткен «таң­дауы­на» байланысты жүзеге асады. Биылғы жылы ЖОО-на құжат­тарын тапсырған туысым­ның қызынан болашақта кім болғысы келетінін сұрағанымда: «Басты арманым – дәрігер болу. Таңдау пәнім – биология болғандықтан, соған сәйкес келетін төрт бірдей мамандықты таңдадым. Егер де дәрігерлік оқуға жинаған ұпайым жетпейтін болса, психолог болам, ал оған жетпесе бастауыш сыныпқа мұғалім, тіптен жоғарғы үшеуінен де сүрінсем, агроном бола салармын», – деді. Осыдан кейін жалпы конкурстың ережесі талапкерлерді белгілі бір мамандықтың иесі болуға бағыттамай, сан түрлі мамандықты таңдауға мүмкіндік беріп, санасын сан саққа жүгіртіп қойғанын түсіндім. Қалаған мамандығы бойынша қыруар қаржы жұмсап, оқытуға ата-анасының мүмкіндігі болмағандықтан, осылайша көп талапкер қолы жеткен оқуды оқуға мәжбүр. Сөйтіп, қоғамымызда білім алу үшін емес, диплом алу үшін оқитын жастардың қарасы көбейе береді. ҰБТ бойынша межелі ұпайға қол жеткізе алмаған талапкерлердің тағы бір парасы мемлекеттік білім грантына қол жеткізу үшін ғана өзі қаламаған мамандық болғанына қарамастан, шығармашылық емтихан тапсырады. «Бармақ басты, көз қысты» әрекетпен болса да, өздерінің ойларын жүзеге асырады. Осылайша санда бар, сапада жоқ мамандар пайда болады. Үшіншіден, бүгінде ҰБТ десе, мектеп басшыларына дейін төбе шашы тік тұратын болды. Неге десеңіз, «Алтын белгінің» ақталу-ақталмауы да тест қорытындысына байланысты. Тестілеу нәтижесі бойынша мектеп бітіруші түлектің ғана білімі анықталып қоймайды, мұғалімнің, директордың, мектеп­тің, тіптен, аймақтың жұмы­сы да осы сынақтың көрсеткі­шімен бағаланатын болды. Қалыптасқан осындай үрдістер дүйім жұртты мезі еткені жасырын емес. Төртіншіден, ҰБТ-да жария­лылық жоқ. Сынақ тапсыру сәті таяған кезде ғана қойылатын сұрақтардың 180 градусқа өзгеріп кеткенін байқаймыз. Осыдан кейін шекті ұпайды жинай алмағандардың саны жыл сайын көбеймесе, азаймайды. ҰБТ сынды «ұлы дүрмектің» у-шуға ұласатыны қалыпты құбылысқа айналды бүгінде. Талапкерлер жағы мағынасыз сұрақтардың кездесетіндігін үнемі алға тартады. Биылғы тестілеу барысында «Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?» деген сауалдың кездескендігін айтып, петропавлдық Айнұр Серік есімді талапкер дабыл қақты. Арада көп уақыт өтпей жатып, министрлік қызметкерлерінің талабымен А.Серік сынақ барысында мұндай сауалдың кездеспегендігін, бұл туралы құрбыларынан естігендігін айтып ақталды. Әрі министрден кешірім сұрады. Сонда Білім және ғылым министрлігінің қаршадай қыздан кешірім сұрату арқылы абыройы асқақтап кетті ме? Бұл кешірімнің астарында не жатыр? Бір білетініміз – министрліктің биылғы жылғы «жаңалығының» біреуі. Тек ғана талапкерлердің ғана емес, ұстаздар қауымы мен ата-аналардың да жүйкесіне жүк түсірген Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі белгілі сықақшы Тұрсынбек Қабатовтың сөзімен айтсақ,«Ұлы біркүндік» төңкеріске айналды. ҰБТ-ның бар кемшілігін тізбектеп шығу әсте мүмкін емес. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге шын мәнінде кіріскісі келді ме, жоқ әлде жаңа басшы ретінде жаңа реформа енгізгісі келді ме, әйтеуір еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов мырза келесі жылы ҰБТ форматының өзгеріске ұшырайтындығын жеткізді. Тек әйтеуір оған дейін білім саласына жаңа басшы келіп қалмаса жарар еді. ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАЖЕТТІЛІК ТУДЫРУ КЕРЕК... Осы тұста Білім және ғылым министрі ҰБТ форматына өзгеріс енгізетін болса, бірінші білім саласындағы мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеруге күш салса екен. Мәселен, тестілеу барысында қазақтілді талапкерлер орыс тілінен сынақ тапсырса, орыстілділер қазақ тілінен тапсырады. Бұл сынақты тапсыру міндеттелгенімен, жалпы конкурсқа түсетін сәтте талапкерлердің аталған пәндерден жинаған ұпайы алынып тасталынады. Меніңше, талапкерлер ақыры ол пәннен сынақ тапсыруға уақыт бөліп, дайындалғаннан кейін, оны тапсырғаннан кейін жинаған ұпай санын алып тастау дұрыс емес сияқты. Қазақтілді талапкерлерге қояр талабын министрлік өзі шеше жатар, ал орыстілді талапкерлер үшін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі тестілеудегі математика, қазақстан тарихы сынды міндетті пәндер қатарына қосылса екен. Сонда орыс тілінде білім алған қазақ балалары қазақ тіліне ысырылып түсіп қалатын керексіз тіл ретінде емес, мемлекеттік тіл ретінде мойындар еді. Өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметі арта түсер еді. Өйткені біздің елде мемлекет міндеттеп, қажеттілік тудырмаса, қазақ тіліне қырын қарайтындардың қарасы азаймай отыр. ҚАЗАҚТІЛДІ ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАШАНҒЫ ТАПТАЛА БЕРЕДІ? 2014-2015 оқу жылында жоғары бiлiмдi мамандарды даярлауға арналған мемлекеттiк тапсырысқа 34 115 бiлiм гранты бөлiндi. Білім және ғылым министрлі­гінің мәліметі бойынша 12 мың орын техникалық ғылым және технологиялық мамандықтарға, 5 мыңнан астам грант – педагоги­калық мамандықтарға, 2650 орын ауыл шаруашылық және ветери­нарлық салаларға бөлiнді. Күні кеше бүкіл елді алаңдатқан мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі анықталды. Біреу грантқа қол жеткізіп қуанса, енді бірі қағылып жылады... ҰБТ-да жыл сайын әлеуметтік және тілдік теңсіздік орын алады. Бірақ бұған назар аударып жатқан бірде-бір құзырлы орын жоқ. Биыл 87 593 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш берсе, олардың 61 678-і қазақ тілінде, қалған 20 236-сы орыс тілінде сыннан өткен. Бұл көрсеткішті пайызға шағатын болсақ, мемлекеттік тілде сынақ тапсырғандар 70 пайыздан асып-жығылады. Осыдан келіп қазақтілді талапкерлердің құқығы аяққа тапталады. Кеше ғана жарық көрген білім гранты иегерлерінің тізімі де осы сөзімізді растай түсті. Мәселен, Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығына жалпы конкурс бойынша қазақ бөліміне 93 ұпаймен түсу мүмкін болса, ал дәл осы мамандықтың орыс бөліміне 50 ұпаймен-ақ грант иегері атанып отырғандар бар. Сонда қазақтілді талапкерлердің құқығы қашанғы таптала береді? Жыл сайын қаншама ата-ананың «баламды қазақ мектебінде оқытқанша, орыс мектебіне беруім керек еді» деп өкініп жатқанына куәгер боламыз. Қазақстанда тұрып, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі бола тұрып, қазақтардың өзін қазақ тілінен жерінетіндей күйге жеткізгеніміз – сорлылық емес пе? Білім бәсінде қазақ бөлімі мен орыс бөлімінің арасында теңсіздік орнамас үшін, алдағы уақытта мемлекеттік білім грантының пайыздық үлес салмағын жылдағыдай 60x40 қылмай, 80x20 етуіміз керек. Сонда ғана конкурс әділ өтіп, қазақ тілінде білім алған қазақтың қарадомалақ балалары қысым көрмейтін болады. Министрлік талапкерлердің көз жасына қалмайтын болса, білім министрі де бәлкім орнында біраз тұрақтап қалар... АҚЫЛЫ БІЛІМНІҢ БАҒАСЫ АСПАНДАП БАРАДЫ Мемлекет тарапынан бөлінетін білім гранты аз да, талапкер көп болғандықтан, жоғары білім алуға ниеттілердің дені ақылы оқуға жүгінуге мәжбүр. ЖОО-на арлы-берлі жүгіріп табанын тоздырған талапкерлер мен ата-аналар бүгінде қолжетімді қаржыға жоғары білім ала алмайтынына көзі жетті. Мәселен, Алматы қаласындағы білім көшін бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ең төменгі оқу ақысы 620 мың теңгені құрайды. Егер Қазақ ұлттық университетіндегі Заң, экономика және халықаралық қатынастар факультеттерінде білім алғыңыз келсе, мұндағы ең жоғарғы оқу ақысы – 700 000-теңгені төлеуіңізге тура келеді. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Халықаралық бизнес академиясы сынды беделді оқу орындарындағы оқу ақысы да 600 000-нан жоғары. Қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ақысы 400 000 теңгеден басталып, «Халықаралық қатынастар» сынды мамандықтарға 460 000 теңгеден жоғары қаржы жұмсайсыз. Ал, Қыздар уни­верси­тетінде жоғары білім алу құны 371 000 теңгеден басталады. Оқу ақысы жылдан-жылға аспандап барады. Біздің елімізде арзан бағаға сапалы жоғары білім алу әсте мүмкін емес. Білім министрлігінің өкілдері, ЖОО-ның ректорлары оқу ақысының жоғары болуын оқу орнының заман талабына сай материалдық-техникалық базамен жабдықталуымен тікелей байланыстырады. Не десек те, жоғары білім алу – қомақты қаржыны талап етеді. Өзінің өмір сүру деңгейін орташа таптан төмен санайтындардың қарасы көбейген бүгінгі заманда ұл-қызының жоғары білім алуына қажетті қаржыны төлеуге жұрттың бәрінің мүмкіндігі жоқ. Осыдан кейін білім грантына қол жеткізе алмаған талай қаракөз қазақ баласы жоғары білімі болмағандықтан, қоғамымыздағы жұмыссыздар қатарын толықтыра беретіні сөзсіз. Осындай қордаланған мәселелерге өсіріп отырған ұл-қызымыздың тап келмесі үшін олардың болашағын бүгіннен бастап ойлағанымыз жөн. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» демекші, білімді ұрпақ ғана еліміздің жарқын болашағы екенін ескерсек, ұл-қызымызды бір жапырақ қағаз үшін емес, білім алу үшін оқытуға үйретейік және соған күш салайық. Гүлмира САДЫҚ