ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ… ІІІ ТАРАУ

3-ТАРАУ. БОЛАШАҒЫҢНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУДЫ БҮГІННЕН БАСТАП, ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ АСПАППЕН СҮЙЕМЕЛДЕП ӘН САЛУДЫ ҮЙРЕН Джон Леннон Қайсыбір музыкалық аспап болмасын – домбыра немесе гитара үйрене отырып біраз жетістікке жеткен адам, тағы бір орындаушылық  деңгейге көтерілсем дейді. Онысы заңды да. Бұл алдыңғы тарауда айтылған аккордтарды еркін меңгерген кезде пайда болатын сезім. Сенің қол жеткізуге тиісті деңгейің аспаппен сүйемелдеп ән салу. Енді жұлдыз болу үшін ең керекті бір нәрсені біліп алуың шарт. Бұл жаңа үйдің негізін қалаумен бірдей. Демек танымал әнші болу үшін бүгінгі күнге дейінгі музыка тарихынан хабардар болуың керек. Әрине, сен музыка тарихы туралы біршама мәліметтер білесің. Енді бұл саладағы біліміңді саналы түрде толықтыруың қажет. Бұл үшін арнайы кітаптарды оқу мен бірге белгілі шығармаларды да тыңдаған жөн. Бұл істі тез арада тындырып тастаймын деп ойлама, себебі бұл іс асыққанды қажет етпейді. Ал музыкадағы бүгінгі жағдайды өзің де бір адамдай білетін боларсың, себебі күніге теледидар мен радиодан беріліп жатқан әндерді тыңдауға мүмкіншілігің мол. Ең бастысы музыканы түр-түрге бөліп әуре болма. Рок-н-ролл музыкасының атасы аталған атақты Чак Берри былай дейді: – Бұл музыканы бүгінде рок, бұрын буги-вуги, кейін ритм-энд-блюз деп атаған. Атаулар өзгере беруі мүмкін, бірақ нағыз музыка сана мен сезімді шарықтатады. Музыканы қалай атасаң олай ата, егер ол сенің сезіміңе оң әсер етсе, әрдайым сенімен бірге болады. Чак Берридің сөзін Пол Мак-Картни де қолдайды: – Музыканы белгілі бір қалыпқа сыйғызу мүмкін емес. Менің жүрегім әуенді әндерді қалайды. Әндерімнің әуенділері тыңдармандардың есінде ұзағырақ  сақталады. Ал музыканы саралауды сыншыларға қалдырамын. Сен әлем мойындаған беделді жұлдыздардың пікірімен келісерсің деп ойлаймын. Сондықтан жаныңа жаққан бір әнді таңда. Ол қай ән екенін өзің шеш. Мен тек сен қалаған әннің әуені әдемі болғаны дұрыс деп кеңес берер едім. Ең бастысы – ол әнді өзің өте жақсы көріп шырқағың келуі керек. Ол бала кезіңнен таныс ән болуы мүмкін, бұл сенің жағдайыңды сәл болса да жеңілдетеді. Дегенмен болашақта көп еңбектенуге дайын бол. Көптеген танымал әндерді тыңдап, үйреніп, орындауың қажет. Жұлдыз болудың осы үлкен мектебінде, атақты деген жұлдыздардың бәрі де оқыған. Бұл мектептің, кәдімгі күніге барып оқитын мектептен айырмашылығы сені ешкім желкелеп оқытпайды, баға да қоймайды, бәрі өз еркіңде. Себебі жұлдыз болуды өзің қаладың емес пе? Демек алға қойған мақсатыңа жету үшін дүние жүзіне белгілі ән жұлдыздарының орындаған әндерін тыңдап өзіңе ұнағанын жаттау үшін таңдап алуың керек. Кейбір әндерді ұнамаса да жаттауыңа тура келеді. Себебі сен ол әндерді білуің шарт. Көп адамдар машина айдағанды жақсы көреді, айдай алады да, бірақ өздері күнделікті мініп жүрген көлігінің ішкі құрылысын білмейді. Ал енді машиналарынан бір ақау табыла қалса не істерін білмей қиналады. Жұлдыз боламын деушілер өте көп. Бірақ бәрі бірдей арманына қол жеткізе бермейді, себебі жаңағы машина жүргізушілер секілді бәріне үстірт, жеңіл қарайды. Саған көптеген жұлдыздардың орындаған әндерін біліп қана қоймай, оларды өзің де айтып бере алатын дәрежеге жетуің керек екенін жақсылап ұғын. Бұл әндер халық әндері, қазақтың атақты әншілері Ақан сері мен Біржан салдың, Ғарифолла Құрманғалиұлы, Жүсіпбек Елебекұлы, Жәнібек Кәрменұлы, Бибігүл Төлеген, Роза Бағлан, Зейнеп Қойшыбай, Роза Рымбай, Мәдина Ералы, Мақпал Жүніс, Нағима Есқали, әлемге әйгілі «БИТЛЗ», «РОЛЛИНГ СТОУНЗ», «АББА» топтары мен әншілер Элвис Пресли, Фрэнк Синатра, Тина Тернер, Майкл Джексон, Мадонна, Уитни Хьюстон, Бритни Спирс сынды тағы да басқа өздерінің есімдерін ән әлеміне өшпестей етіп жазған топтар мен әншілердің әндері болуы мүмкін. Бұл жолды жоғарыда аты аталғандардың бәрі де жүріп өткен. Сенде солай етуің керек. Бұл қызығы мен қиындығы мол жолды әркім әрқалай өткен. Сені де өз жолың күтіп тұрғанына сенімім мол. Және сен бұл бағыттан таймайсың деген ойдамын. Енді ұлылардың бұл жолды қалай бастағанына келелік. Анасының әпкесі Мимидің қолында тұрған жасөпірім Джон Леннон түн болысымен көрпесін жамылып алып «Радио Люксембург» бағдарламасын тыңдайтын болған. Ол өз өмірін күрт өзгерткен алғашқы әндерді осылай жаттаған. Кейін сол бір кездерді есіне түсіре отырып ол: – Мен Элвис Преслиді алғаш тыңдағанда оның ән орындауы менің жай-күйіме төңкеріс жасағандай әсер етті. – дейді. Сонымен қатар ол мектепте өзімен бірге оқитын Дон Биттидің үйіне жиі барып сол кездегі танымал әншілер Билл Хэйли, Чак Берри, Бадди Холли, Литтл Ричард және басқалардың әндері жазылған күйтабақтарды тыңдауды әдетке айналдырған. Себебі жас Джон Леннонның үйінде мұндай мүмкіншілік болмаған. Дегенмен ол осылай көптеген танымал әндерді жаттап алған. Болашақ «БИТЛЗ» тобының тағы бір мұшесі Джон Ленноннан екі жас кіші Пол Мак-Картнидің де көп әндерді осылай үйренгені белгілі. Баласының әнқұмарлығын байқаған Джим Мак-Картни ұлының төсегінде жатып-ақ радиодан берілетін әндерді тыңдауға жағдай жасаған. Ол үшін радиодан төсекке дейін сым тартып құлақкигішке жалғап берген. – Бұл бір керемет кез еді, әндерді төсекте жатып-ақ тыңдай бересің. Ән айту қабылетіңді сондай жақсы дамытады. – дейді Пол Мак-Картнидің өзі. Сен әрине атағы әлемді жарған осындай жұлдыздардың үйінде бүгінгідей магнитофон, СD немесе DVD табақшаларын, видеокассеталарын қойып көріп-тыңдау мүмкіншілігі болмағанына сене алмассың да, бірақ өткен жиырмасыншы ғасырдың 50-ші жылдары солай болған. Ал минутына 33, 48 рет айналатын күйтабақшаларды тыңдауға болатын қондырғылар да әр үйде бола бермейтін. Рок музыка жұлдызының мына бір естелігіне назар салшы: – Біздің үйде күйтабақ ойнатқыш болатын, бұл өзі «DEKKA» фирмасының ең арзан сапасы да сондай төмен бұйымы болатын. Ол салмағы жеңіл, әрі көзге қораш көрінетін еді. Оның жіңішке төрт аяқшасы бар еді, ал дыбыс шығаратын динамигі астында төмен қарап тұратын. Біз күйтабақ тыңдағанда инесі тайып кете бермес үшін үстіне ауырлау тиын қойып қоятынбыз. Бұл Америка Құрама Штаттарында рок-н-ролл жазылған күйтабақтар сол рок-н-ролл пайда болғаннан кейін тек бірнеше жылдан кейін ғана тараған Эл-Кахоуне деген Сан-Диегоға жақын кішкентай қалашықта болған жағдай еді деп бүгін кімге айтарсың? Дегенмен бұл рок музыканың белгілі жұлдызы Фрэнк Заппаның естелігі. Қазір сенде, сенің жасыңдағы замандастарыңда күйтабақ ойнату үшін қолмен бұрайтын бұрауышы бар граммофондардың болғанын білмессіңдер. Бірақ солай болғаны рас. Бұндай граммофон алпысыншы жылдардың басында біздің үйде де болған. Дыбыс өткізгіш инесі жылтыр күйтабақтан тайып кетпес үшін бізде Кеңес өкіметі шығарған әжептеуір салмағы бар бес тиынды үстіне қойып тыңдайтын едік. Бұндай граммофондарды енді тек мұражайлардан көруге болады. Дыбыс жазу әдісін ойлап тапқан өнертапқыш американдық Томас Алва Эдисон. Жазылған дыбысты адамдардың алғаш рет тыңдаған уақыты 1877 жылдың желтоқсаны екенін болашақ жұлдыздың біле жүргені дұрыс деп ойлаймын. Себебі әнші боламын деген әр адам дыбыс жазу өнеркәсібімен, және оның тарихымен тығыз байланыста болатыны ақиқат. Ал бүгінгі таңда дыбыс техникасының өсіп дамығаны 1877 жылмен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Сондықтан болашақ жұлдыз, сенің жолың жеңілдегені де рас. Енді қалаған уақытыңда музыканы тыңдай отырып бірге ән айтып, немесе аспапта ойнауға барлық мүмкіншілік бар. Өзіңнің қалай ән айтып жатқаныңды, немесе домбыра, гитарада қалай ойнап жатқаныңды білу үшін бүгінде телефоныңа жазып тыңдауыңа да болады. Бұны «айна тәсілі» деп атайды. Кейбір музыканттар гитарасын магнитофонға қосып құлақкигіш арқылы тыңдап отырған музыкасын қосарлана ойнап та үйренген. Бұл да өте жақсы нәтижеге жеткізетін әдіс. Мен өзім «Музей» тобында бірге ойнаған менің інім Сералы осы әдісті пайдаланып үлкен нәтижеге жеткенінің куәсі болдым. Сондықтан бәрі сен ойлағандай қиын емес. Қалай болғанда да 50-60-шы жылдардағыдай қиыншылық жоқ. 1970-ші жылдардағыдай музыкалық аспапты дүкеннен таба алмайтын жағдайды қазір көзге елестетудің өзі қиын. Бірақ солай болған. Сондықтан бүгінгі дамыған техниканың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану керек. Енді қайсыбір музыкалық шығармаларды тыңдаудың алып бара жатқан қиыншылығы болмағанымен сен тыңдау мен есіте білуді үйренуің қажет. Бұл екі ұғымның айырмашылығы қандай? Сазды әуенді тыңдап отырған тыңдарман тек тыңдау арқылы ләззат алады. Ал маман музыканттар тыңдай отырып әншінің қай дыбысты, қай сөзді қалай айтқанын, аспаптардың қайсысының дыбысы қай деңгейде шығып жатқанын, олардың әрқайсысы әртүрлі дыбыс шығарғандықтан оларды бөлек-бөлек есіте де алады. Бұны іске асыру бір қарағанда өте қиын сияқты. Бірақ бұған қол жеткізуге болады. Ол үшін музыканы ұқыпты түрде басқа еш нәрсеге көңіл аудармай отырып тыңдаған дұрыс. Мүмкін болса үйдегі жарықты өшіріп қараңғы бөлмеде, немесе көзді жұмып отырып тыңдасаң нәтижеге жылдамырақ қол жеткізесің. Бұл әдістің тағы бір пайдасы бұл кезде көзіңді дем алдыруға мүмкіндік аласың. Әнді тыңдау қанша оңай болғанмен, оны нақышына келтіре орындау көпшілік ойлайтындай оңай емес. Бірде Пол Мак-Картни өзінің досы Джон Леннон шығарған «Қиялыңа ерік бер - Imagine» әнін (бұл танымал ән Ұлы Британиядағы өткен дүниежүзілік спорт олимпиядасының жабылу салтанатында айтылды) қанша рет айтуға оқталса да айта алмаған. Бұны ол әр адамның өзіндік ерекшелігі болатынымен түсіндірген. Таңдаған әніңді тыңдағанда әннің әр сөзімен әншінің дыбыстың әрқайсысын қандай маққаммен айтатынын көп рет зер сала тыңда. Әрі әнді ұлы әншілер қандай сезіммен айтатынын түсінуге тырыс. Әнді айтқан кезде дауысың жетпей қалмауы үші көп дайындық қажет. Сахнаға шығуға асықпа. Әйтпесе әнші Рамазан Стамғазұлы айтқан жағдайға душар болып қалуың әбден мүмкін. Ол былай дейді: – Кейде концерттерге барып, шаршап қайтамын. Өйткені, әнші бауырларымыз қырылдап-шырылдап, ноталарын дұрыс ала алмай қиналып жатады. Әнді жалаң айтып шығу аз. Олай ету көп адамның қолынан келеді. Сезіммен әрі әуенді бұзбай таза айту,  бұл дарын мен дарынсыздың арасын бөліп тұратын, бір қарағанда көзге көрінбейтін меже. Бір тыңдарман: – Сахнада тұрған әншінің айтқанын менде әр дыбысын бұзбай айта аламын, бірақ неге екенін білмеймін ол айтқанда ән тіптен кереметтей құлпырып кетеді де, ал мен айтсам тіпті басқаша болып естіледі, – деген. Бұның сыры неде екенін ешкім түсіндіре алмайды. Бұл туралы көптеген пікірлер айтылып, кітаптар да жазылған. Әлі де айтылады, жазылады да. Бірақ нағыз өнердің құпиясы неде екенін түсінуге қол жеткізу ұшін талмай ізденіп дайындалу қажет. Сонда ғана бұл құпияның сырын сенде ашасың, жақсылап түсінесің. Саған енді «көшірумен» айналысу керек. Өзіңе ұнаған әндерді тыңдай жүре тура айтып тұрған әншідей қайталауға тырысу керек. Ол үшін әнді көп рет тыңдау керек. Қанша рет тыңдау керек екенін өзің шеш. Тыңдап болдым дегенде жеке өзің айтып көр. Көңілің толмаса тағы да тыңда. Бірден жаттай алмасаң қапаланба, әркімнің есте сақтауы мен естігенін қайталай алу қабылеті әртүрлі. Кейбіреулер бірден қағып алады, ал біреулер біраз еңбектенуі тиіс. Халық әндері мен күйлерінің бізге жетуі бұрынғы кездері жаттау қабылеті күшті адамдарға тікелей байланысты болған. Жұртқа ұнаған жаңа ән шығарушыдан жаттап алғандар арқылы елге тарап отырған. Осындай бір уақиғаны атақты әнші Жүсіпбек Елебекұлының жан жары Хабиба Қарақбайқызы «Үні кетпес құлақтан» атты естелік кітабында былай баяндайды: «Жүсіпбек қостан домбырасын алып шығып, ән айтуға дайындалып жатыр еді, Дәлилә: – Кішкене кідіре тұршы, – деді де жайдақ арбадағы жігітті шақырып алып бірдеңе айтып еді, ол жігіт тұра жүгірді. Арба қостың жанына тоқтасымен, Дәлиләнің жанында отырған алты-жеті шамасындағы қыз бала арбадан түсе салып, жүгіріп көбелек қуалап кеткен. Жаңағы жігіт сол баланы ертіп келді. Дәлилә жаңағы жас балаға: – Отыр, ана жігіт біз естімеген жаңа ән айтады. Соны ұғып алайық. Ауылға, атаңа айтып барасың, – деп, отырғызып қойды. Жүсіпбек «Ағашаяқты» екі рет айтты. Ән айтылып болған соң, Дәлилә жанындағы кішкене қыз балаға әнді ыңылдап үйретіп, кейбір жерін қыз баладан сұрап, екеуі бірін бірі толықтырып, әнді жаттап алды. Қонақтар сонан соң қош айтысып жолға шықты».     Жүсіпбек Елебекұлы туралы бір айта кететін жай, оның өзі де басқалардан көп үйренген. Мысалы Абайдың әндерін ақынның әншісі Әлмағамбеттің өзінен жаттап үйренгені белгілі. Қазақ ән тарихында бұндай мысалдар өте көп. Ораз Жандосұлы, Әліби Жанкелдин, Сара Есқызы, Нәзипа Құлжан, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғани Мұратбай, Мұқаметжан Сералин, Елубай Өмірзақ сынды қазақтың белгілі азаматтары көптеген қазақ әндерін жатқа білген. Осындай қоғам қайраткерлерінің айтып берген әндері кезінде Александр Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» атты кітабына енді. Бұл кітапта осынау айшықты есімдермен қатар басқа да асыл азамттардың жалпы алғанда 300-ге жуық есімдері келтірілген. Сен бұндай мәліметтерді музыка өнеріне байланысты кітаптарды оқығанда көптеп біліп аласың. Сонымен басқа жұлдыздарға еліктеп ән айтудың саған үйретері мол. Жұлдыздардың көпшілігі өз білімін осылай алғаны белгілі. Ал олардың қандай деңгейге көтрілгені қазір баршаға аян. Қазақ елінен шыққан атақты ғұлама ғалым Әбунасыр Әл-Фараби өзінің «Музыка жөніндегі трактат» атты еңбегінде былай дейді: – Шәкірт өзінің музыка үйретуші ұстазына барынша ұқсауға тырысады. Оның әр қимыл-әрекетін қайталайды, тыңдағанын тыңдап, естігенін естуге тырысады. Егер ол көргені мен естігенін есіту мен сезіну арқылы бүкіл денесімен, санасы арқылы нақты қабылдап қайталай алса онда ол шеберлікке жетті және дұрыс іс-әрекет жасай алатын дәрежеге қол жеткізді деуге болады, – дейді. Содан соң Фараби өз ойын былай жалғастырады: – Жаңа музыкалық шығарманы дүниеге әкелуді айтар болсақ, бұл үшін көп ізденіп көптеген саз шығармаларын тыңдап, түрлі шығармаларды салыстыра отырып саралай білу қажет. Сонымен қатар әр дыбыстың өзіндік ерекшелігіне де назар аудару керек. Бұл музыканттың өзі ән шығара алғанынша дейін жалғаса бермек. Шынында да біреуге ұқсауға талпыну барлық жұлдыздардың өтетін жолы. Бұның еш зияндығы жоқ. Қазақтың «Болмасаң да ұқсап бақ» деген нақыл сөзі де осыны дәлелдейді. Барлық ұлы адамдар жас кезінде біреуге ұқсағысы келген. Бұны үйренудің әрі тұлға болып қалыптасудың  бір сатысы десек те болады. «БИТЛЗ» тобының музыканттары бала кезінде Элвис Преслиге ән айту мен гитара ойнау мәнерімен ұқсағысы келгені соншалық, Преслидің костюміндей киім киіп, шаштарын Элвистің шашындай етіп тарап сахнаға шыққан кездегі сурет те сақталған. Әрі олар өздерінің басқа жұлдыздарға ұқсағысы келгенін ешқашанда жасырмаған. Пол Мак-Картни жас кезінде Литтл Ричардтың ән айтуы мен қимыл-әрекетін шынайы көрсете білген. Полдың әкесі бұл туралы: – Көп жыл өткен соң, «БИТЛЗ» тобының концертінде мен Литтл Ричардты көрдім. Сол сәтте Пол Ричардтың жүріс-тұрысын қандай дәлдікпен көшіргенін түсіндім, – деп еске алады. «БИТЛЗДардың» қара нәсілді әншілердің ән айту мақамын жақсы үйренгені соншалық Литтл Ричард 1962 жылы Ливерпульде болғанда: – Егер мен оларды өзім көрмей тек дауыстарын ғана естіген болсам бұл ән салып тұрғандар қара нәсілділер деп ойлаған болар едім, – деген. Әншілердің көбісі сахнадағы өз жолдарын басқа әншілердің әндерін шырқаудан бастайды. «Біз бәріміз Чак Берри, Литтл Ричард пен Элвис Преслидің мектебіненбіз» – дейді «РОЛЛИНГ СТОУНЗ» тобының әншісі Кейт Ричардс. Жоғарыда аты аталған әншілердің әндері көп топтардың бағдарламасынан өз орнын алғаны белгілі. 1963 және 1964 жылдары «БИТЛЗ» және «РОЛЛИНГ СТОУНЗ» топтары Чак Берридің, Стронг Барреттің және Артур Александердің, Джерри Лайбердің, Майкл Столлердің әндерін айтып күйтабаққа жаздырғандары белгілі. «БИТЛЗ» тобымен үзеңгілес әрі бақталас «РОЛЛИНГ СТОУНЗ» тобының әншілері сол «БИТЛЗ» тобының «Мен сенің сүйіктің болғым келеді» деген әнін орындап аттары шықты. Жалпы «БИТЛЗ» тобының әндерін, әсіресе әйгілі «Күні кеше-Yesterday» әнін орындамаған әншілермен топтар жоқ десе де болады. Әлемге әйгілі гитарашылардың бірі Джими Хендрикс өзінің ұнатқан әншілеріне ұқсағысы келген. Бір концерт барысында ол микрофонға жақындап: – Енді мен сіздерге маған Бетховеннің музыкасындай әсер қалдырған «БИТЛЗ» тобының «Сержант Пеппердің жаны жалғыздар оркестрі» атты әнін» орындаймын, –  деп орындайтын әнін жариялаған. Ал сол Джими Хендрикстің гитара ойнағанына 16 жасар бір жас жігіттің таң қалғаны соншалық ол әнші болуға шешім қабылдайды. Бүгін бұл жігітті көпшілік әлемнің түкпір-түкпірінде дауысынан-ақ таниды. Оны есімі Стинг. Бұның бәрін мен саған басқаларға ұқсап бағуға тырыс деу үшін айтып жатқаным жоқ. Тек сенің басқаларға ұқсаймын деп жүріп өз бет-әлпетімді жоғалтып аламын деп ойламауың үшін айттым. Сен өзіңді ешқашан жолғалтпайсың, кезі келгенде бәрі орнына келеді. Өзіңнен жақсыға ұқсау тек үйрену үшін керек. Соны дұрыс түсін. Ендігі бір мәселе ол тіл білу мәселесі. Дүниежүзілік деңгейде әнші болу үшін ана тілің қазақ тілінен кейін бірнеше тіл білу керек, олардың ішінде ағылшын тілін міндетті түрде үйрену қажет. «Адам қанша тіл білсе сонша рет адам» деген нақыл сөзді мықтап есіңде сақта. Ана тіліңді білумен қатар басқа тілдерді меңгеру сенің даңқа жетуіңді жеделдетеді. Сондықтан басқа тілдерді неғұрлым тезірек жаттауды бастасаң, солғұрлым өзіңе пайдалы болмақ. Егер басқа тілдерді білмесең онда тіл үйренуді бүгіннен, дәл қазір баста. Бүгінгі таңда «қай тілді үйрену керек» деген сұраққа көп адамдар әрине, ағылшын тілін деп жауап берері сөзсіз. Ағылшын тілінің бүкіл әлемде ең кең тараған тіл екені даусыз. Бірақ тіл үйренуді ана тілің қазақ тілін үйренуден баста. Бұл қалай болғаны, мен қазақпын, қазақша сөйлеймін, өз ана тілімді неге үйренуім қажет деп сұрарсың мүмкін? Иә, сен тілің шыққаннан бері ана тіліміз қазақ тілінде сөйлеп келесің. Бірақ қазақ тілін білемін деп айта аласың ба? Жауап беруге асықпа, ойланып көр. Көпшілік ана тілін күніге пайдаланғанымен, күнделікті өмірде айналып келіп бір сөздерді қайталай береді. Ғалымдардың дәлелдеуіне жүгінсек басқа тілде көпшілікпен түсінісу үшін 1200 ғана сөзді білу жеткілікті екен. Ал әншінің жұмысы әнге байланысты, әсіресе қазақ әндеріне байланысты. Қазақ әндері көптеген ғасырлардан бері шығарылып айтылып келе жатыр. Сондықтан байырғы қазақ әндерін орындау үшін олардың мәтінін түсініп айтуың керек. Ол үшін ән сөздеріндегі өзіңе таныс емес сөздерді түсіне білуің қажет. Міне сондықтан ең алдымен өз ана тілің қазақ тілін үйрен. Оны заңғар жазушы Мұхтар Әуезоұлының «Абай жолы» роман-эпопеясын оқудан баста. Сыдыртып оқып шыға салмай, көңіл бөліп оқы. Бұл саған тіл байлығыңды молайтуға көмектеседі. Мысалы ағылшын ақыны әрі драматургі Уильям Шекспирді кім білмейді? Әлем оны «2000 жылдың үздік тұлғасы» деп те таныды. Ал сол Шекспирдің бүкіл шығармаларында қолданған сөз қоры 15000 (он бес мың) сөзден аспаған. Бұл ғылыми дәлелденген мәлімет. Ал Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» романынан басқа, ғылыми мақалаларын есептемегеннің өзінде көптеген, мысалы «Қилы кезең», «Хан Кене», «Қорғансыздың күні», «Қараш-Қараш», Еңлік-Кебек» т.б.шығармалар жазғанын білесің. Сонымен Мұхтар Әуезұлы өз шығармаларында қанша қазақ сөзін пайдаланды деп ойлайсың? Оны әзір ешкім білмейді, бұл сұраққа қазақ ғалымдары болашақта жауап бере жатар. Бірақ мынадай нақты мәлімет белгілі – М.Әуезұлы тек «Абай жолы» романында 16983 (он алты мың сексен үш!!) сөз қолданған. Шекспирдің бүкіл сөз қорынан М.Әуезұлының бір ғана шығармасында қолданған сөз көп! Міне сондықтан да қазақ тілін үйрену керек. Бұған қоса қазақтың керемет ақын-жазушылары Ілияс Жансүгірүлы, Ғабит Мүсірепұлы, Бауыржан Момышұлы, Бердібек Соқпақбайұлы, Әзілхан Нұршайықұлы және тағы да басқа көптеген қалам иелерінің шығармаларын оқы. Шетелдіктер сенің қазақша шырқаған әніңді қазақ тілін түсінбесе де өз ана тіліндей қабылдауы тиіс. Қазақша білмейтіндер сені тыңдамай қояды деп қауіптенбе. Бәрі сенің шеберлігіңе байланысты. 1948 жылы Күләш Байсейіт Грузияның астанасы Тбилисиде Закарий Палиашвилидің «Даиси» операсындағы Мароны ойнап үлкен қошеметке ие болды. Сол күндер туралы атақты биші Шара Жиенқұлқызы «Өмірім менің – өнерім» естелік кітабында былай деп жазды: «Гүлдер – десте гүлдер, кәрзіңкеге өсірілген гүлдер сахнаны алып кетті. Көшеде бізді жүргізуден қалды, қонақүйге келсек те Руставели көшесіндегі қалың нөпір халық қол соғып айқайлап тұрып алды. Балконға қайта-қайта шығамыз, «Қазақ әнін салып берсін!» деген дауыстар толастамайды. «Енді не істейміз?» деймін. Мен басқа номердегі музыканттарымды телефонмен шақырып алдым. Хамидидің «Бұлбұлын» ойнаңдар, деймін. Әбден жаттыққан майталмандар, бірден-ақ құйқылжытып ала жөнелді. Арқасы қызып тұрған Күләшта шырқай жөнелді. Тбилисиде қазақ әні көпке дейін қалықтады». Міне қазақ тілінің құдіреті! Басқа шет тілдерін де үйренуді ұмытпа. Әсіресе ағылшын тілін. Ақсақалдарымыздың «Адам қанша тіл білсе сонша рет адам» деген сөзін ұстан. Болашақта шетелдерге гастрольдік сапармен шығасың, ал ол елдерде сол жақта тұратын халықтардың әндерін шырқауың керек болады. Шет тілдерін үйренуді ағылшын тілін үйренуден баста. Ал бірнеше тілді бірдей үйренуді қолға алсаң тіптен де жақсы. Мысалы ағылшын тілімен қатар орыс тілін де үйренуге болады. Зер сала қарасаң орыс тілінде шет ел сөздері өте көп. Мысалы «сүт» деген сөздің орысша «молоко» екені жақсы білетін боларсың. Ал ағылшынша «сүт-milk-молоко», «махаббат-love-любовь», «аға-brother-брат», «қарындас-sister-сестра», «ана-mother-мать», «мен-I-я» боп кете береді, кете береді.            Көп тіл білу ешқашан көптік етпейді. Мысалы Шоқан Уәлихан, Махамбет Өтемісұлы, Жаяу Мұса, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұлұлы, Бауыржан Момышұлы тағы басқа да қазақ зиялылары бірнеше тіл біліп, сол тілде оқи да жаза да білген.Атақты ғалым Құдайберген Жұбанов 18 (он сегіз!) тіл білген. Тіл білу атақ-даңққа қол жеткізуді жылдамдатады. Көп тіл білетін адамдарды «полиглот» деп атайды. Сондай әншілердің бірі қазақтың тұңғыш киноактері, жан-жақты дарын иесі Құрманбек Жандарбекұлы. 1925 жылы Шымкент қаласында жастардың жетекшісі Ғани Мұратбайға ескерткіш орнату үшін қаражат жинау мақсатында үлкен концерт ұйымдастырылды. Бұл концертте бір ғана әнші ән шырқады. Бұл уақиға туралы әнші өзінің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында былай деп жазды: «Менің әндерімнің тізімін жаза бастадық. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікмен әндерін қосқанда, барлығы жүз бір болып шықты. Сол күйінше афишаға «Құрманбек Жандарбекұлы 101 ән айтады», – деп ән аттарын түгел жазды». Ұлы Отан соғысы жылдары Роза Бағлан алғы шепте жауынгерлерге түрлі тілде ән орындағанда оның өнеріне риза болған жауынгерлер оның етігін сүйген. Көпшілі біле бермейтін мынадай қызық уақиға болған, орыс тілін білгенінің арқасында Роза Бағлан соғыс жылдары өте танымал «Темная ночь - Қараңғы түн» атты әнді бірінші болып орындады. Қазақтың тағы бір дарынды қызы Майра Мұхамедқызы қазір дүние жүзіндегі беделді Францияның Гранд-Опера театрында ән салуда. Бұған дейін бірнеше тілде ән айта алатын Майра Мұхамедқызы бұл театрға келген соң француз тілін үйренді. Әншіге бұл тілді үйренуге Қазақстанның Франциядағы елшісі жедел оқу курсын ұйымдастырып көмектескен. Сен де осындай қазақ өнер иелерінің қатарына қосылып даңқты әнші болу үшін ән салумен қатар басқа тілдерді білуге талаптан. Көп тыңда, көп үйрен. Сонымен қатар «Біз бәріміз бір мектептенбіз» деген Кейт Ричардстың сөзін дұрыс түсінуге тырыс.

БЕРДАЛЫ ОСПАН

(Жалғасы. Бірінші, екінші бөлімдер жарияланды)