Сұраған Рахметұлы: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АВТОРЫ – ҚАЛЫҢ ҚАЗАҚ, ҚАЙМАНА ХАЛЫҚ

  Сұраған Рахметұлы

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын, жазушы, тарих ғылымының кандидаты, Моңғолиядағы Қазақ Қаламгерлер Одағы және БАҚ төрағасы:

 ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АВТОРЫ – ҚАЛЫҢ ҚАЗАҚ, ҚАЙМАНА ХАЛЫҚ

 

Тәуелсіздіктің жауы көп!..

   – Бағасы да, баламасы да жоқ Тәуелсіздік – киелі ұғым. Осынау қасиетті ұлылықтың қадірін білмейтіндер де, білгісі келмейтіндер де бар. Сіз қалай ойлайсыз. Астанаға келгелі біраз уақыт өтті. Тәуелсіздіктің иісі сезіле ме? – Тәуелсіздіктің мән-мағынасы кең, ең сындарлы жұмақи жұпар  иісті ұғым. Бірінші кезекте территориялық тұтастық, шекара шебінің кепілді, бекем болуы басты мәселе. Тәуелсіздік туралы ілім саяси санаға ХҮІ ғасырдан бастап қоныстана бастаса керек. Оның құндылығы кішігірім сауық-сайранмен шектелмейді. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық һәм мәдени өмірдің алтын бағаны – ұлы Тәуелсіздік! Тәуелсіздіктің бір ұшы рухани еркіндік немесе сана азаттығында жатыр. Оның бір ұшы – жатырда, екінші шегі – ғарышта. Тәуелсіздіктің жауы көп. Біріншісі – пасық байығандар, екіншісі – сасай кірме кезбелер.  Мысалы, экономикалық жағынан әлжуаз елдердің тәуелсіздігін бүлдіруші фактор – бүгінгі жаһандану процесі.  Ғаламданудың селі түскен кезде кіші кенттерде алдамшы күл-қоқыстар пайда болады. Алдамшы қоқыстар маңында екі көзі хайуандікінен аумайтын ашкөз келімсек «бомждар» қаптайды. Рухани арсыздық, ағзалық әлсіздік, әлжуаздық, әлеуметтік дәрменсіздіктің бәрі осынау алғашқы жүгенсіздікпен жетеді. Соларға бірден тап болатындар біз жоғарыда айтқан екі тобыр. Тәуелсіздіктің іздеушісі де, жоқшысы да  саналы аз топ. Бірақ сол бір таза, пәк топ қанша ниеттенсе де Тәуелсіздікті орната да, қорғай да алмайды. Тәуелсіздіктің авторы – қаймана халық, қалың Қазақ. Ұлы Шыңғыс қаған ұлы Қытайды біріктіріп, Орысты орнатты. АҚШ-тың елұраны екі жүз жыл бойы неге асқақтап тұр? Түркі дүниесінің (Тұран-сиырана) тәуелсіздігінің тарихи-тамыры қайда жатыр? Тәуелсіздік шетсіз, шексіз дүние емес, ішкі-тысқы факторларға қатысты өрбитін немесе тіптен басқаша болуы мүмкін құбылыс. Саяси тұтастықтың мемлекеттің тұғырына кепілдік ете алатын ықпалды бірнеше елдер бар. АҚШ – солардың ең ірісі. Ал, экономикалық тәуелсіздік мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына қатысты. Көп тұрпатты экономикалық жүйенің ұтымды дұрыс қалыптасуы – тәуелсіздіктің тамырын терең, кең жаюға көмектесе алады. Экономикадан бастау алатын ішкі қайшылықтарды тізгіндеу, халықаралық нарықтық қатынастардың негіздемелеріне икемделу ауанды сұлбалар алдымызда көрінеді. Мемлекетшілдікті, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Кейбір мемлекеттердің ішкі шикіліктерінің кері әсерінен әлсіреуі де содан. Мысалы, ОПЭК-тің айналасында топтасқан, қазіргі толысқан делінетін елдерге де 2007 жылға дейін ешқандай да тығырықтан шығатын жол табыла қоймаған. Сол кездегі мұнай жолындағы ізденістер мен түрлі дағдарыстардың  салдарынан әлемдік саяси ауанға «Голландия дербезі» (1977) деген атау да пайда болды. Өспірім елдердің алдындағы ең басты міндет даяшылық салаларын стандарттау, һәм әлемдік стандартқа қол жеткізу, саяси қарым-қатынастағы «ойын ережелерін» нақты ұстану, ең бастысы экономикалық мәдениетті игерту, т.т.қажеттіліктері де туындап жатты. Жалпыәлемдік ең тиімді, қолжетімді нәтижелерді көздеу, қаржылық сервиздердің ұтымдылығына мән беру де жөн бе, жөн емес пе деген сауалдарға жауап табу оңайға соқпаса керек? Бүгінгі орын алған жағдай секілді мәселелерді одаққа мүдделі елдердің қай қайсысы да айналып өтпеген. Әлемдік экономикалық айналымда жүрген валютаның (65-70 триллионға тең болуы мүмкін?) бір шетінде Қазақтың да үлесі бар ма десек, бар екен. Бұл туралы мен жақындағы бір мақаламда толық айтуға тырысқаным бар. Қазақстан тәуелсіз ел, мәдениетті түрде экономикалық ынтымаққа өзінің ұсынатын мүмкіндіктері де қисапсыз. Біз жоғарыда тілге тиек еткен елдерден көш ілгері тұрған Сингапурді мысалға алатын болсақ, бұл ел өте жедел түрде экономикалық даяшылық саласының тағанын  тарта алды. Гүлденді. Енді қазіргі Қазақ та жабық тұрған жоқ, ұлы даласына кермелі ең ғажайып жол төсеу, автокөлік желілерінің мекенаралық жүйелі механизмін жөнге салу, сол арқылы дархан даланың әсем табиғатын күллі әлемге насихаттайтын нақты жобалары тұр. Түйе табанының бедеріндей жүйелі жолдар керек. Ал, табиғи газ құбырларына қатысты өрбуге тиісті мәселе бір басқа. Бұл тәуелсіздікке тіке қатысты ұлы шаруа. Жас мемлекеттің алдында түрлі кедергілер болса да, келешек сол ел үшін қызмет етеді. Жандүниеміз азаттықтың шуақты аясында өмір сүруде.  – Халықаралық түсініктер мен қағидаттар бойынша интеграция атты ұғым пайда болғалы қашан. КСРО кезінде Экономикалық Ынтымақтастық Одағы дейміз бе, әйтеуір ес білгелі біздің санамызға әбден ұялаған бір ғана Одақ бар еді. Енді мінеки, сол Одақтан құтылдық па дегенде, тағы да  Ресей, Беларусь, Қазақстан елдері интеграция ауқымында іс-қызмет жүргізе бастады. Бұл біздің  ата-бабаларымыздың  мойынына бұршақ салып Алладан тілеген  арманы  - Тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?  Қаламгер ретінде осы бір процеске қандай баға берер едіңіз?  – Ең бастысы, интеграция жаңа түсінік емес. Сонау Солтүстік Шығыс Азия интеграциясынан кейінгі Ұлы Қытайдың ықпалы, экс-коммунистік бағыттағы Вьетнамның беталысы, Корей түбегіндегі түрлі бұлқыныстар, тіптен Ресей мен Жапонияның жер таласы қандай да бір жаңа ынтымақтасудың, мәмілелесудің жағдаятына әкеле жатыр. Аргентина мен Бразилияның теңізге шығанағы бар Уругваймен интеграцияға келуі біртүрлі мәселенің басын ашуда. Біз жоғарыда айтқан ОПЭК-ке (Организация Стран экспортеров Нефти) жүгінген Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар қатарлы елдердің қимылы бірқалыпты. Нигерияның өтпелі ішкі қайшылығы апатты жағдайға дейін құлдырады. Біреу ұтады, енді біреуі тұтылатыны заңдылық. Демек, интеграцияның бәрін әскери стратегиялық күш қолданудың шеңберінде түсінуге болмайды. Келешекте Түркі, Қазақ, Өзбек қатарлы елдер де интеграция артықшылықтарына мүдделесуі ғажап емес. Мұнда тек бір ғана елдің ғана мәселесінен тыс ғалами мүдделер сайысы өтеді. Жан Поль Сартр айтады; «…әр адам өзін таңдайды…» деп?! Ендеше Қазақ елі де тек өзін ғана таңдай алады. Алайда, әлем заңыннан тысқары тұратын бірде бір мемлекет болған емес, олай болуы мүмкін де емес!  

Сарыарқа  төріндегі  төл кейпіміз – асқақ Астана!

  – Сіз шетелдік диаспора арасындағы көрнекті өкілдердің бірісіз.  Қазір, мысалы, Қытайда, өзіміздің Өзбекстанда да қазақ мектептерінің жойылуына, т.б. байланысты қазақтардың тынысы тарылып келеді… Осы түрғыдан алғанда,  Атамекенге көшіп келу ойыңызда бар ма? Осы орайда Тәуелсіз Қазақ елінің жас Астанасының  дамуы туралы да ойыңызды білгіміз келеді. – Келгіміз келеді, әрине. Кім армандамайды осындай Тәуелсіз елімізде  өмір сүруді!?.  Шығармашы пенде үшін ауылда тұру, қалада тұрудың онша айырмасы да жоқ. Біз келген кезде қала күндері өтіп жатты. Жас қаланың сәби келбеті бір бейкүнәлікті байқатады. Тарих тегершігінде «Астана» есімді Қазақ шаһары пайда болды. Мінеки, Сарыарқаның төрінде өз төл кейпіміз ілулі тұр! Сан ғасыр бұрынғы Сарайшықтардың салиқалы жалғасы. Көне Париж б.э.б. ІҮ-ІІІ ғасырда орнаған, әйгілі Лондон тағы да б.э.б. 40-жылдардағы ұлы кент, Рио-де-Жанейро 1565 жылы іргетасы қаланған, Нью-Йорк 1624 жылы бекіген, Қарабалық (Бейжің) т.с.с. адамзат тарихындағы данышпандардың  ұйықтары ойға оралады. Көңіл күй біртүрлі алабұртқанын жасыру мүмкін емес еді. Өкшемізді көтеріп өз биігімізден қараймыз. Есілдің сол жағалауындағы осы заманауи тірі кескіндер һәм сол күнгі көркем сурет импрессионі – Сарыарқадағы мерей! Сарыарқа төрінде әлемдік шаһар өз тарихының жаңа бір бетін ашып жатыр. Кезінде ХІІ ғасырда Парижде Франциск І елге ең беделді еуропалық өнер егелерін жинап, астанасын өнер мен білім Ордасына айналдырып жібергені бар. Енді мінеки, Астана қаласы әкімдігі мен сол Францияның Eiffage, Egis, GDF Suez компаниялары  келісудің нәтижесінде «Astainable» деп аталатын Астана қаласының 3D картасы жасалмақ! Мен сізге бұл ақпаратты «Ақ Жайық» журналындағы жарияланым бойынша айтып отымын. Бұл – бас шаһарды әлем тани бастауының нақты дәлелі. Қала өсіп, шығыстық үлгімен батысқа қарай жөңкіліп кетіп барады. Қалайда сәулетті іргетасы терең орнатылған шаһар алдағы ғасырларда Орталық Азияда тіпті  айқын көрінеді.   – Иә, құдайға шүкір, барлық игіліктер жақсы басталып келеді. Кейде тіптен ертегідей де күй кешкендей боласың. Әсем қала, сәнді шаһар, т.с.с. Демек, Астана асқақ та,  салтанатты болғанымен, «сана тұрмысты емес, тұрмыс сананы» билейді ғой!? – Шүкіршілік, барға қанағат ету керек. Дүниенің бәрі ертегідегідей мұратқа жетумен шектеле бермейді. Ертек демекші, Британия ақсүйектерінің тұқымы Олдос Хакслейдің «Таңғажайып жаңа әлем» атты шығармасы 1932 жылы басылған. Олдостың әкесі Дарвиннің ізбасары болған биолог. Ген төңкерісі оның өрісі туралы қиял ғой. Антиутопия тобына жататын бұл туындыдағы оқиға 2541 жылы немесе ХХҮІ ғасырда өтеді-міс! Адам табиғи түрде емес, өндіріс колониясы тәсілімен өсіп-өрбитін тұс келеді. Көңіл күйден құлау Сана дағдарысы кездесе қалса, бір дәріні ішеді де бар мәселе шешіледі екен. Қоғам супер! «Бәрі де Коммунизм!» Бәрекелді! Мінеки, сол бір қарапайым биологтың өмірге келтірген «Жабайы Жон» есімді кейіпкерінің осынау жұмақ өмірден іші пысып, өзіне өзі қол салатынымен туындыда «жоспарлы түрде өсірілетін адам – хайуанның қоғамы» сөз болады. Анау Франц Кафканың «Құбылысында» (1915) адамның тарақанға айналатыны бар еді ғой, иә?! Қияли, санасыз зиынсыз тобырдан сақтану – ең басты шарт. Қазақ мемлекеті – әр қазақтың жан айнасы. Осы саламатты Қазақ елін өз қолымен тұрғызу үшін саналы ұқыпты топтың һәм оны қолдайтын орташа дәулеттілердің  салмағы артып, саны көбейе түскені  жөн секілді. Жеке тұлғаның рухани бағасын көтеру, оны қорғау, мемлекет егелігіне ие бола алатын қалың бұқараны қалыптастыру, кінаратсыз өну, жұқпалы індет, дертті арылту, қуаңшылықтан сақтану, жасыл аймақты кеңейте беру ісі бүгінгі жаңа Астанадан нақты көрінеді. Мінеки бұл – тәуелсіздік үшін  жасалған игіліктер. Астана қаласы әкімінің кеңсесіндегі «ақылды тақтада» күн сайын қала тынысын, туылған нәрестенің тізімін, некелер мен тіптен ажырасуларды да айнадан көргендей қарайды екен?! Бұл – отбасы тәуелсіздігі іргетасының бекемдене беруіне сәттілік беретін саясат. Ал, Астана маңындағы жасыл аймақ, ормандардың науқаны керемет игіліктің басы. Біздің эрамыздан бұрынғы 5-4 ғасырдағы Қытай ойшылы Күнзнің /Күнфузи/  құрметіне арналып егілген ағаштар бүрленіп, бүгіндері ну орманға айналғаны бар. Қазақ даласының құнарлы топырағына егілген бір шыбық тәңірден қаншама миллион «тонна» су теңдеп келіп, ертеңгі ерен ризықтың басы бола алатынына сенуге болады. Жасыл майданның берешегі осындай. Алайда тәуелсіздікке қатер төндіретін бір кесел жөнінде жуырда Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақ жария етті. Оның айтуынша, жыл сайын бұл елде қатерлі ісіктен 17 мың адам көз жұмады. Жыл сайын 15 жасқа дейінгі 350-400 бала дертке шалдығады. Диспансерлік есептегілер саны – 145 мың?! Құдай бетін ары етсін! Сау, саламатты Қазақ елі Астана төріндегі түрлі осы замандық технологияларды игере бастаған ауруханалар бұған қарсы қызмет көрсете жатар.    – «Қазақ үні» газетінде  кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков бастаған ұлт зиялылары Президентке оралмандарға азаматтық беру мерзімін парламент қабылдаған 5 жыл мерзімнен кемінде 1 жылға дейін кеміту туралы Ашық хат жариялады. Бірақ заң 4 жылмен ғана шектеліп, қабылданып кетті. Енді, мынау жан-жағымыздағы елдерде  жағымсыз саяси дүрбелеңдер туғанда осы мәселені қайта көтеріп, азаматтық алу мәселесін 1 жылға дейін  азайту қаралып жатыр. Жақында «Ақ жол» партиясының парламенттегі фракциясы  құзіреті мол Қазақ диаспорасы агенттігін құру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Сонда да, оралман қазақтардың азаматтық алуына кедергілер азаяр емес. Бұл маңызы зор мәселе туралы сіздің ойыңыз қалай?   -Дүниеде ұлттың игілігіне қызмет етуге жарамсыз жасалатын заңнамалар көп кездеседі. Егер қабылданған заңды әр үш адамның екіден бірі сынап жүрсе, ол заңға өзгертулер мен,толықтырулар енгізілуі тиіс. Ал, әр жеті адамның бесеуі «қарсы» болса, ол заң түбегейлі өзгертіліп, жаңадан заң қабылдануы керек шығар!? Қырым оқиғасы әлемдік ережелер мен ұстанымдар механизмінің «істен шыққандығын» көрсеткен жоқ па!? Ғаламдық мәмілелер, референдумдар жаппай дағдарысқа келді. Саяси енжар зерделер ғасырға жетпей қайта шошып оянды. Қазақ елі өз төлқұжатын оралмандарына салтанатты түрде, жылдам табыс етуге дейін жетуі тиіс һәм құқылы. «Ақ жол» партиясы күннен-күнге күрделеніп келе жатқан саяси да, өзекті  мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Бұл тек қазақстандықтар ғана емес, дүние жүзінің 43 мемлекетінде тұрып жатқан барлық қазақ диаспорасының арман-тілегі! Бұған бәріміз үн қосып, қолдауымыз керек. Өйткені тәуелсіздіктің басты негіздерінің бірі болып табылатын мемлекет құраушы негізгі ұлттың санының артуы шеттегі қандастардың елге көшіп келуін тездетуімізді, олардың жолындағы кедергілерді жоюды талап етеді. Сондықтан осындай келелі ұсыныс жасап отырған «Ақ жол» партиясына, ондағы ұлтшыл азаматтарға алғыс айтамыз.  

Қобызтекті қоңыр  үн әлемдік биікке ұмтылып келеді…

  – Әлем әдебиетін зерттеп жүргеніңізден хабардармыз. Өткен жылдары «Қаламұш Әлем» атты кітабыңыз жарық көреді деп оқырман қауым күткен еді. Жалпы әлем әдебиетінің қай кезеңі қызықтырады сізді? – Әдебиет тарихы ма? Әлем… ­Өте қызықты. Біздің күнделікті айтуға құштар классицизм ХҮІІ ғасырдан бастап күшті дамыды. Әрине, шығу тегі – француздардан. Біз толассыз батысқа һәм кәрі құрлыққа еріксіз мойын созып қарауға мәжбүрміз. Жаңа кезеңдік  аталатын романтизмнен реализмге дейінгі әдебиет түрені бізге казармалық біржақты жүйеде идеологиялық ақпарат  арқылы жетті. Кім білсін! Көнегректік, француздық  (Х ғ.) американдық (ХХ ғ.) әдебиеттің жілігін шағып, майын ағызатын қазақ жастары енді-енді келетін шығар?! Құдай соған жазғай! Сол француздардың көнекельттік аңыздары мен Галло, Бретондық кезеңдерінен көшпелі сарындар кездеседі. Ал, провансальдық қайнардан Католонға дейінгі шағы бір басқа. Иә, Х ғасырдың еншісіндегі соңғы екі әдеби кезең баяу, жұмсақ ықылымдық үлгіге құралды. Тұңғыш эпикалық поэмалар мен жесталар қазақ оқырмандарына көбінесе бейтаныс. Ал, ХІІІ ғасырдағы бекзадалық (серілік) тіптен Куртуоздық және қалалық әдебиет туралы ештеңе білмейміз. Сол француздар ХІҮ-ХҮ ғасыр аралығында әлем әдебиетіне ересен ықпал етті. Мұнда бастысы – ұлттық фольклор гүлденді. Әсіресе, ХҮІ ғасыр сонеттер мен одалар, ХҮІІ ғасырдағы реалистік классицизм, баракколық бағыт,  Мольердің комедиясынан ХҮІІІ ғасырдағы Монтескье Шарль Луньеге (1689-1755) дейін керемет. Сол Монтескьенің «Жергілікті көп түрлі әдебиеттен әлемдік әдебиет бастау алды…» дегені бар еді. Осы жолмен қазақ әдебиеті де бұрқақтатып көшіп, кешіп өтіп келеді. Ұқсастық көп. Әдебиет – ұлы сүт жолы. Ағартушылық ғылымды жасаушы Ф.М.Вольтер, Д.Дидро Аламберлер жолы сол сүт пен құт жолында тұрды. Ал, сентиментализм десек – Ж.Ж.Руссо, романтизм десек – В.Гюго, реализм десек – П.Л.Курье, психологиялық реализмге – Ф.Стендаль еске оралады. Тек қана Онеро Бальзактің өзі «Адам комедиясы» эпопеясымен бірге айналасында 90 кесек бәдіздік туынды берді. Білмеймін, ХХ ғасырда сол әлемдік деңгейде өте көп жазған Уильям Катберт Фолкнер (1897-1962) шығар. Фолкнердің қаламынан 19 роман, 70 қысқа әңгімелер туған. Оның «Айқай-шу, қатыгезденуі» (1929) түрен көтерді. Сол жылы қасиетіңнен айналайын, ұлы Шәкәрім «Әділ мен Мария» романын ұсынып еді! Біздің бабаларымыз да әлемдік  өркениет дамуына рухани аз дүние берген жоқ. Шіркін, түз фортепьяносы, түрлі аккордтық дыбыстардан да нәзік бозіңгенге тән үнді поэзия қазақта ғана бар. Сол қобызтекті қоңыр  үн әлемдік биікке тырмысып келеді… Өлі дауысты поэзиясы бар елдер де бар бұл ғаламда… Тарих философиясын көздеген Шпенглер Освальд (1880-1936) «Европа құлдырауын» ұсынып, әйгілі «Прусия демімен» күллі тектілікті дәріптеп жүргенде біз қайда жүрдік? Демек іште қимылдаудың маңызына мән беріп керегі  жоқ. Өйткені ойтұтқындағы 10 ғасыр қазақ әлемін үр дүниеге ашып беруге әзірленіп жатты. Ал, «Қаламұш Әлем»  осындайларға үзіп-жұлып жауап іздеуге арналмақ еді. - Соңғы кезде кімдерді оқып жатырсыз?  Біздің қазақ поэзиясындағы  жастар шығармашылығымен таныс боларсыз. Оқыған кітаптарыңыздан көз сүріндірер көрікті  жолдар кездесті ме?  Постмодернизм  ағымына  қалай қарайсыз? - Бірнеше ақындарды оқуға тура келген бір кезде. Классикалық дәуірден орыстың А.С.Пушкині (1799-1837) көкірекке жақын еді. Сол өзің айтқан модернизмнен Шарль Бодлер (1821-1867) және Эзра Паунд (1887-1972) екеуінде қонымды өлеңдер бар. Ал, постмодернизмнен Чеслав Милош (1911-2004) жырлары тамырлы, нәрлі сезіледі. Күңгірттікке құрылған жақұт жырлар. Жұтсаң, шөлің қанардай жұмсақ күңгірт… Жақында өзімізден бірнеше ақындардың өлеңдерін оқыдым; «…Сен биледің,        Алтайдың уыз сәулесі,        тұрды жамап иығыңның жыртығын…» (Мұрат Шаймаран),      «…Өкініш болды-ау, тірілгеніміз,       Бірге өліп барып,       Жек көрем сені тіміскілеген,       Қаңғыбас жарық…»  (Ырысбек Дәбей), «…Өкіріп алғым келіп тысқа барып,      Тістенем,      Жүрек торға – құс қамалып…» (Азамат Тасқара).  Енді осыдан артық қалай ғарыштық шырқауға болады!? Ал, ғаламдық саяси сүреңді сөзбен кескілеген Феодор Достоевскийдің «Ібілісі» көне аңыз желісіне тізілген саясинамасы. Қазақшасы – «Қайта тірілген аруақ». Александр ІІІ патшалық өкімге қарсы жазылған туынды. Соңынан Михайл Булгаковтың «Ит жүрегі» 1925 жылы жазылған. Лондон 1968 жылы, соңынан Алмания, бір кезекте Италия 1976 жылдары басып, кино етіп шығарған… Советтік «Знамия» болса 1987 жылы жариялады!? В.Бортко 1988 жылы кино түсірді ме!? Әйтеуір солай! Бұдан соң Жорж Оруэлдің «Хайуанаттар бағын», 1948 жылы жазылған  «1984», М.Мағауиннің «Құмырысқа қырғыны», Рахымжан Отарбайдың«Біздің ауылдың амазонкалары» т.т туындыларына үңілгенім бар.  

Саясаткер  әлемдік пайымды және  халықтық қасиеті – ұлтжадылы болса, бәріне жетеді

  – Әңгімемізді сәл ғана саясатқа қарай бұрайық. Бүгінде әлемдік деңгейдегі саясаткер деген түсінік қалыптасты. Бізде осы деңгейде көрініп жүрген ірі саясаткерлер бар ма? Ал өзге елдерде мемлекет басшысынан басқа да саңлақ саясаткерлері әлемдік деңгейде танылып жатады ғой… – Әлемдік саясаткер деген атаудың өзі керісінше салыстырмалы ұғым. Кім әлемдік деңгейде ойлай алады – сол әлемдік деңгейдегі саясаткер. Әлемдік санаттағы саясаткердің бағасы бүгінде анық беріле қоймайды. Саясаткердің сәуегей болуы туабітті қасиет. Тектілікке де қатысты ма деп қаламын. Анри Бергсонда  да (1859-1941) сәуегейлікпен (intuer) қадала қарау қисыны кездеседі. Артур Шопенгауэрде «Жан біткеннің қозғаушы күші соқыр сәуе аяны арқылы пайда болатындығы» бар еді ғой. Ендеше солай… Ғаламданудың  шытырман кезеңінде саяси көкірек көрегендігі мен ақыл, пайымы ерен тұлғалар керек. Өрен, өрелі, зиялы… Иә. Бір немесе екі әлемдік тілде шай ішерлік сөйлесе алатындар мен бірнеше елдің дәм-тұзын татқандар әлемдік саяси тұлғаның кейпін келтіре алмайды, кетеуін кетіруі де мүмкін. Испанияның қарапайымдау текті отбасынан шыққан Ортега-и-Гассет Хозені (1883-1955) білесіз бе? Сол адам «Өмірге құштарлық» аталатын ең ғажайып қисынын ұсынды. Мұндағы бар жаңалық, жаңа, талантты тектілерді қалыптастыру идеясы көрініс береді. Мен сізге немістің ақын қызы еврей текті Нелли Закстың (1894-1970) жөйіттің трагедиясына қатысты өлеңдерінен мысал келтіруіме болады! Бізде бүгінде әлемге әйгілі саясаткер, төрткүл дүниеге елін танытқан Елбасымыз – тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Иә,  дұрыс айтасыз,  өзге елдерде президентінен басқа да саясаткерлер әлемге танылып жүр. Ендеше тағылымды ғұмырда әлемдік деңгейдегі қабырғалы саясаткерлермен иық тірестіруге бізде Иманғали Тасмағамбетовтың таза таласы бар. Жуырда Иманғали Нұрғалиұлымен тұңғыш рет сәл ғана жақын дидарласудың сәті түсті. Түйгенім: «Өте ұқыпты рухани азшылыққа қолдау көрсетуі…». Құдірет! Тойнби Арнольд Жозефтің пайымы! Кеңестік идеяның кендір ноқтасы әлдеқашан үзілді! Өтті, кетті! Енді осындай азат һәм озық ойлы тұлғалар үздіксіз жалғаса берсе. Ұлт жадылы, ұлттық жаңашыл, қандай кезде де кең ауқымда тыныс ала  білетін әлемдік зерделі кесек тұлға – бүгінгі жаңа шаһардың мәдени, өнер кеңістігінде өте айқын көрініп тұр. Саяси сахнадағы «ойшылдар» өз уақытында онша бағалана бермейді. Олар бірін бірі жоқтайды, толықтайды уақыт өткен сайын. Патшайым Евгения болмаса Наполеон Бонапарт І, ІІ де болмас еді деген тәмсіл бар. Қазақ сахнасында әйгілі саясаткерлер тарихта онша көп еленбей келді. Оның себептері көп. Жалпы саясаткерлер типтік күрделі тұлға, арнайы әдіс-тәсілдерді  нақты меңгерген тап. Саясаткерлердің типтік сипатталмағанын өлеңмен, одамен өрбіте беруге болмайды. Тіптен,  кейде саясаткерді ақымақ ету, жазғыру, жазалау арқылы да шыңдайды. Демек, оны мойындау тіптен бөлек әңгіме. Саясаткерде әлемдік пайым, жалпыхалықтық бір ғана қасиеті – ұлтжадылы болса, бәріне жетеді. Меніңше, Иманғали Нұрғалиұлы осыған лайық деп ойлаймын. Мен айтарымды айттым, басқаның не деуінде шаруам жоқ. – Тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл болды. Содан бері қазақ тілі – мемлекеттік тіл туралы мәселе шешімін таубудың  орнына, күрделене түсуде… Ал шешілмеген мәселенің ешқашан күн тәртібінен түспейтінімен түйсігі шамалы  біздің шенеуніктер «тіл тақырыбы –жауыр болды, ол саяси ұпай жинау» деген қашқақтауларынан танбай келеді. Бұндай негізсіз айыптауға  көбінесе орысқұл оппозиция  да қосылып кетеді. Осы төңіректе ой өрбітсек? – Тіл мәселесі өте нәзік күйде. Себебі, тіл – ұлттың жаны. Дүниеде ауырмай-сырқамай ғана өз-өзінен жойылып кететін ұлт болса, ол – тілінен айырылған ұлт. Тіл – ұлттың тіні. Әлемде 6 мыңнан астам тіл ғұмыр кешеді. 3 мыңы құрып барады. Әр аптада бір тіл, бір сөз құрдымдалады. Тілдердің тегі бір болған. Қазір бірге туысса да, бір-бірін танымайтын, ұқпайтын ұлт тілдері  көп. Қазіргі жаратылыстың жас шамасы 13,6  млрд жыл, хомосапиенс адамға «ес» кіргелі 100-120 мың жыл өтіпті. Сол аралықта қанша тілдің өлгені бір тәңірге ғана аян. Енді 32 млрд жылда осы жаратылыс жойылады –мыс… Адамзат ендігі мыңдаған жылдарда қандай тілде сөйлейді?! Мынау Қытайда мәнжүр тілі қалай келсе,солай жойылды. Өткен 2000 жылдары осы тілде сөйлейтіндің саны жүзге де жетпейтін!? Мәнжүрдің соңынан эвангали, тұңғұс, чукот, буриад және алтай тілдері кезекте тұр. Елі бар, тілі жоқ елдер есебінде. Ғаламда ең өміршең тілдер қатарына жапон, корей, қытай (ханзу) тілдері жатқызылады-мыс. Тілдің құритын жері – кірме тілді дәріптеуден басталады. «Өзге тілдің бәрін біл…» «Өз тіліңді… әйтеуір құрметтеп» қана жүре бер деген көнбіс, бөгделікке бейім ұғым?!  Қазақ тілі аса бай тіл, алайда қолданыс аясы тым қораш, тар. Мінеки, көз алдымызда сөздік қорымыз құрып барады.  Ағылшындарда миллионға жуық сөз қоры бар. Дүниенің тілі аталатын осы тілдің айналымға түсетіні 15-16 мыңы ғана. Біздікі оның қасында?.. Ешкім түсінбейтін «мессеж тілі» пайда бола бастады. Соңғысы сақау жарнамалар! Француздар өз тілін кірме сөздерден заңдық нормамен қорғайды. Бұдан бірнеше жыл бұрын ұшақта «жерленерде белдіктеріңізді байлаңыздар!» деген ескерту де болған! Бізде жазба тілі мен айтылу «тілі» қатар дами алатын мүмкіндік бар. Хайдеггер Мартин (1889-1976) тілді «болмыстың баспанасы» деп қана айта салды! Қазақта бір ерекшелік – тілдің интуициясы онша көп бүліне қойған жоқ. Біздің тіл – өтпелі маусымдық тіл емес. «Балық үндес, бақа тілдес» халықтардың ең өміршеңі біз едік. Бірақ, Мұрат Мөңкеұлы әулие жырау бабам  басқа тағылымды ишара етеді… Қасым ақын айтқан «…бақытты…келер ұрпақ» социалистік уақыттық уытты ғұмыр ойран еткен «азапты болмыспен» текетірес келуде. Қазақ пен қазақ тек сөйлесу үшін ғана емес – терең ұғысу үшін жанталасса. Тіл – тұрмыс ортасы, мәдениет орталығы (Хайдеггер Мартин) қалпында қала береді. Банк жүйесін толық қазақша ету арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатына келіп, тіреліп тұрмыз. Ел көлеміндегі территориялық тұтастыққа һәм тәуелсіздік қағидаттарына сай  16 облыс, 40 шақты қала, 170-ке жуық аймақ, сегіз мыңға жуық елді мекендердегі  банк жүйелері түгелдей қазақша сөйлей жөнелсе, басқасына бас ауыртудың қажеті шамалы. Күрмеу мен бүкпе өзі шешіледі.  Әрине, бұндай күрделі мәселені шешіп, мемлекеттік тілді міндетті ету – биліктің  басты міндеті! – Дін туралы да ойыңызды білгіміз келеді. Моңғолия қазақтарында   ата діні мен дәстүрге көзқарас қандай? Сенім сақталған ба? – Әуелі дін дегеніміз не? Бәріміз бұл анықтаманы жете білетін секілдіміз. Бірақ өкініштісі, «дін» анықтамасы жүйелі түрде, бірізділікпен біздің ұғымға нақты ене қойған жоқ. Біздің ұғымда  «бос кеңістік» (вакуум) көп. Біздің санакөзімізде діннің қыр-сырын анық көретін «көзіміз» идеологиялық кесепатта зағиптыққа ұшыраған. Ал, ұлттық өрісімізде дін қағидаларын сіңіретін құнарлы қыртыс жоғала жаздаған. Дін – ішкі жан дүниеге сенімнің біртекті жүйесінің ықпалы арқылы қалыптасуы керек еді. Менің ұғымымша, дін – харекет қоры, ғұрып. Дін – әлдебіреулер үшін мағыналы  іліми ұғым. Тіптен бәзбіреулер үшін кері мағыналы  әрекет болса, біреулер үшін қасиетті түсінік. Дінді әлдеқандай риясыз сеніммен, ұлы жаратушыға деген ішкі сеніммен астастырып, түсінбейтіндер көп. Тіпті, дінді бос жарнама ретінде пайдаланып, оның ақырғы күнәсі барын еске алмайтындар да бар. Дін әу бастан мағынасыз жүйеге құрылған бос көрініс  емес-ті. Дінді наным-сенім, өмір сүру тәсілім, көзқарасымның бұлағы, саясатымның құралы деп қолданатындарға шектеу қойылуы дұрыс. Көз алдымызда дінді отбасылық ғұрыптың басы, ұлттық мәдениеттің қайнары деп, құрметпен ғана қарайтындар болса, оған кінә тағудың жөні бола қоймас. Далдадағы бір ерен күш менің санамды иемденіп тұр, мен сол ұлы күштің ықпалындамын деп көретін сана қалыптасса. Адамзат дәуірінде сан мыңдаған наным-сенімдер болды. Антропологтар мен дінтанушылар пайымы бойынша шамамен 60 мың жыл бұрын дін пайда болды деп пайымдалады. Бір сөзбен айтсақ, адам атты аңның санасы қалыптаса бастаған – хомоэротикус (от жағуды үйрене бастаған тұс), хомонеандерталь (ұятты жерін жасыра бастаған тұс) дәуірлерінде дін туралы түсінік болмаған. Ендеше, хомосапиенс немесе сана пайымы қалыптасқан тұстан дін пайда болған. Дін адамның меңзеу қабілетімен «құрдас». Батыстық мәдениеттанудағы ілім – мәдениеттің рәміздің ілімі. Мысалы, адам саналы мақұлық немесе Homo sapiens. Ал бұдан соң осынау саналы жанды рәміздік жан немесе Homo symvolikas деген ұғымға келтірді. Біздегі саналық таңбалар ізі  – тіл, сана, аңыз, өнер, дін. Әрине, бұлардың бәрі адам атты саналы мақұлықтың әмбебаптығына берілген сый, тәңірлік кәде. Әлемде 8 ірі дін өркениеті егелік етеді. Мұнда Ислам (Мухаммед с.ғ.а.) Христос (құтқарушы Есус), Буддизм (Шагжимуна), Ханду, Иудей, Күнз, Шинто, Дао т.с.с. Далдадағы Күш туралы әлемде үш ірі көзқарастар қалыптасты. Атеизм (теңдессіз Күш жоқ деп көретін құбылыс) оны бар деп көретін құбылыс – Теизм бар деп те, жоқ деп те айыра, түсіне алмайтын құбылыс – Агностика. Ал, Күнз болса, бұлардың кейбірін жоққа шығарады. Діндер өз уағыздары арқылы өз өркениеттерін жасады. Мысалы, Батыс өркениетінің іргетасы Христиандарда, Үнді өркениеті хиндуларда, Ислам өркениеті мұсылмандарда, Қытай өркениеті Күнз мен Лаоцизмде. Тек бір ғана ұлтқа тән діндер бар. Мысалы, Хинду діні – үнділіктер үшін, Иудей (Иахва) болса – әзірейілдер һәм жөйіттерге, Шинто жапон ұлтына қызмет етеді. Өз өркениетін онша қалыптастыра алмаған дін – Буддизм. Қазақстан халқы Ассамблеясы Құрылтайына келіп «қауышқан» туыс діндерге ислам, христиан, иудейлерді жатқызуға болады. Мүмкін, бұларды монтеизмге қарай икемдеуге болады. Көпқұдайлыққа дәріптейтіндер бар, оны политеизм деп жүрміз. -Осындай мәнді сұхбатыңыз үшін, сізге рахмет!   -Сізге де рахмет айтамын!

 Қазыбек ИСА,

Qazaquni.kz