Фастфудтың зияны темекіге тең...

 
Ресей Мемдумасының депутаттары фастфудты тез тамақтанудың зияны жайлы ескертетін жан түршіктірер суреттері бар қаптамаларда шығаруды ұсынып отыр, деп жазады «Известия» басылымы.  Фастфудтың жарнамасы мен тез тамақтану қызметін ұсынатын мейрамханалардың қаптамаларында ондай тағамдардың зияны жайлы ескерту ақпараттары болуы шарт деп есептейді бастама авторлары. Олардың айтуынша, темекі қораптарының сыртына жабсырылған адам шошытатын суреттер тәрізді, мұндай мейрамханаға келген адамдар да фастфудты жиі пайдаланудың соңы неге әкеліп соғатыны жайлы хабардар болуы тиіс. Ел ағалары ескерткендей, ондай өнімді шамадан тыс тұтыну семіздікке шалдықтырып, ішкі органдардың зақымдануына, өкпе, жүрек, бұйрек, бауыр ауруларына әкеліп соғады. Алайда осындай бизнестің етегінен ұстап, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер парламент іргесіндегі мұндай идеяға үзілді-кесілді қарсы. «Біз қарсымыз», - дейді Burger Club дамыту департаментінің өкілі Ксения Дендеря. Оның айтуынша, тамақты темекі мен араққа теңеу – тым артық кеткен ұсыныс. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытайда «МакДональдс» пен KFC сынды тез тамақтану желілерін шикізатпен қамтамасыз ететін «Husi Food Co., Ltd» азық-түлік компаниясына қатысты үлкен шу туындаған болатын. «Husi» компаниясының цехіне жасырын енген репортерлер ондағы қызметкерлер тауық етінің сақтау мерзімін өздері ауыстырып, иістеніп кеткен сиыр етін өндірісте қайта пайдаланғанын анықтады. Осылайша, «МакДональдс» пен KFC дүкендеріне жеткізілген компанияның өнімдері толығымен тәркіленіп, тауарларының сапасына тексеру жүргізілді.   www.bnews.kz