Оралмандар бейімдеу орталығынан қуылып жатыр!!!

Өзбекстаннан 3 жыл бұрын келсе де, әлі күн азаматтық алып үлгермеген қандастар бейімдеу орталығында бір жылға жуық мекен еткенімен, жұмысқа да орналаса алмай жүрген көрінеді.

Ақтауда оралмандар бейімдеу орталығынан қуылып жатыр

Осылайша оралман квотасын күтіп азаматтық алмай жүргендерді облыстың атқамінерлері бейімдеу орталығынан шығарып тастау туралы шешім қабылдаған. Кесіммен келіспеген олар әкімдік алдына жиналды деп хабарлайды КТК арнасы.

"Бізге қазір пәтерден шығасың дейді. Пәтерге 20 мың, менің алатын айлығым 30 мың. Мұғалім боп жұмыс істеймін. Жалғыз жұмыс жасаймын, күйеуім ауру. Айлығым қайда жетеді?",  - осылайша жан даусы шыққан азаматтар Қазақстанға бірнеше жыл бұрын ат шалдырғандардың алдыңғы қатарынан.

Бірақ олар Өзбекстаннан жүктерін түйіп жетеміз дегенше Маңғыстау облысындағы оралмандарға арналған арнайы бағдарлама мен квота беру тоқтатылған. Дегенмен жергілікті шенеуніктер қандастарды қаңғыртпай, бейімдеу орталығына қоныстандырған екен.

Белгілі мерзімде азаматтық алып өз күштерімен жұмысқа тұрған соң бейімдеу орталығын босату керектігі туралы ескертіліпті. Алайда талаптарды орындамай ақыры далаға қуылатын жағдайға жеткен оралмандар бүгін ақырғы сөздерін айтып жетті.

Ақтаудың атқамінерлері Өзбекстаннан келген отбасыларға тағы азғантай уақыт берді. Сол мерзімде шаруаларын тиянақтамаса ешнәрсеге қарамай қуылмақ.

"Біздің алдымызға келдіңіз айттыңыз: "Бізге бір жыл беріңіз азаматтық алайық жұмыс табайық тіршілік жасайық" деп. Орталықтан үй мәселесін шешіп бердік. Бірақ жұмыс, азаматтық алу мәселесін өздеріңіз шешетін болып келістік емес пе? Келісімді 3 жылдың ішінде орындаған жоқсыздар", - дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Елмұханбетова.

Источник: КТК арнасы