ЕЛ БОЛАМЫЗ ДЕСЕК, СПОРТЫМЫЗДЫ ДА ТҮЗЕЙІК!

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, оның сан алуан елдердің арасындағы достықты нығайтуда  алар орны, атқаратын қызметі орасан зор екені бәрімізге де мәлім. Көне Греция жеріндегі «Пелопенессе» атты ауылда әр төрт жыл сайын «Олимпия» деп аталған  бүгінгі Олимпиада ойындары өтіп тұрған. Спорттық сайыстардың әсерінен жауласқан елдер де бір- біріне деген жаулық әрекеттерін тоқтатып, бейбітшілік орнаған. Міне, спорттың кереметтігі. Кейбір деректер бойынша, қазақ жеріндегі спорттың алғашқы белгілері VII ғасырда пайда болған және ол Араб халифатының Орта Азия елдеріне ислам дінін енгізуіне тұспа-тұс келген делінетін жорамалдар да бар. Ерте заманнан- ақ қазақ  халқының  да ұлттық спорты болған. Атап айтқанда,  қазақша күрес, көкпар тарту, теңге алу, дойбы, тоғызқұмалақ  т.б ойындары соның айқын көрінісі. Тіпті, балалар ойнайтын  асық ойынының өзінің де бала денсаулығына өте зор пайдасы бар екендігі  де  ақиқат. Бұл кешегі «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген солақай пікірдің, қазақ ұл- қыздарын тек қой соңына салып қойғысы келген теріс пікірді жоққа шығарғандай. Сонау патшалық кезеңнің өзінде- ақ әлемде «ҚАЗАҚ»  деген ел бар екенін  бүкіл дүниеге паш еткен балуан атамыз күш атасы    Қажымұқан Мұңайтпасұлының даңқы келер ұрпаққа орасан зор үлгі және ол ешқашанда өз мәнін жоғалтпайды.

         Кешегі  Кеңес үкіметі кезеңінде де спортқа айрықша көңіл бөлінгені, спорттың өзіндік бір даму кезеңінен өткені белгілі. Сол дәуірдегі қазақ елінің даңқын бүкіл әлемге паш еткен қазақтың ұл- қыздары: Ж. Үшкемпіров, Ш. Серіков, С. Қонақбаев т.б бағындырған шыңдарын айта берсек орасан жетістіктеріміз бар екеніне көз жеткіземіз. Ғұсман Қосановтың 1964 жылы Токиодағы Олимпиадада  жеңіл атлетикадан Қазақстанға ең алғашқы күміс медальді әкелгенін де білеміз. Сонау 1980 жылғы өткен Москва Олимпиадасында С. Қонақбаевтай саңлағымызға қиянат жасалып күміс жүлдегер атанған кезде он бестегі бала болсақ та көзімізге жас келген.   Өйткені  Серік біз үшін зор мақтаныш еді.   Серік жеңілді  дегенге сенбей  өз жүрекжарды балалық қиялымыздағы  алтынымызды силаған едік, міне спорттың құдыреті!

         Қазіргі еліміз өз Тәуелсіздігін алған уақытта кезінде, балуан болған Елбасымыздың спортқа деген көңілі де ерекше екені белгілі,  елімізде салынып бой көтеріп келе жатқан спорттық кешендер соның айқын куәсі , Қазақстан ұлттық құрамасының  талай дүбірлі бәсекелі сайыстарда топ жарып жүргені сол салаға деген көңіл бөлінуінің, сүйіспеншіліктің  нәтижесі. 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында он екінші орынға табан тіреу ол біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін зор мәртебе екені, қазақ елінің  тарихына алтын әріппен жазылып қалатын спорт саласындағы орасан зор жетістігі.

        Мен де спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтардың бірімін деп айта аламын, тіпті ердің жасы елуге тақап қалсам да, әлі күнге ұлдарыммен бірге жағаласып сайысқа түсіп жататыным да бар. Балаларым да  спортқа жақын жүр, жетістіктері де жоқ емес, үлкен ұлым кикбоксингпен айналысса, кенже ұлым дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Әр пенденің бойында бір өзін толғандыратын ойлары болады, мен де сол өзіме маза бермей жүрген ойымды сіздермен бөліссем деген оймен тағы да қолыма қалам алдым. Сіздерге ұғынықты болуы үшін ептеп артқа шегініс жасай кетейін  кешегі кеңес үкіметі заманында спортпен айналысатын балаларға жетістіктеріне қарай: кеуделеріне тағатын төсбелгілер «1- Разряд», «2- Разряд», «3- Разряд» және «кандидат в мастера спорта», «мастер спорта» төсбелгілері болушы еді.

znak-mastera-sporta-na-fone-trikolora-0004477279-preview

Кеңес заманы кезеңіндегі спорттық жетістіктер төсбелгілері

Осы төсбелгілерді тағып жүрген құрбыларымызды көріп қатты қызығатынымызды неге ұмытайық, ал қазіргі уақытта мен балалардан ондай спорттағы жетістіктерін көрсететін төсбелгілерді көре алмай жүрмін. Әрине спорттағы жетістігін көрсететін куәліктер беріледі, бірақ ешкім де  куәлігін көрсетіп өзінің жетістігін айтып айқайлап жар салмайды ғой. Егер спортшы балалар өзінің спортта жеткен жетістігін көрсететін төсбелгісін тағып жүрсе ол дегеніміз жанындағы құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні- қарындастарының қызығушылығын оятып спортқа жетелер еді ғой, орыс көршілерімізше айтсақ «стимул» болар еді ғой.  Маған спортқа деген, салауатты өмір салтына деген насихаттың, тәрбиенің, өскелең ұрпақтың дені сау шыныққан азамат болып өсуінің бір шеті осында жатқандай болып көрінеді. Әйтпесе, әр салада еңбегім сіңді деп, қаламсап пен қасықтан ауырды көтеріп көрмеген, өз жетістіктерін тағып алып тойға барса да, жаназаға барса да тағып жүретіндер де жоқ емес. Артық айтсам кешірім өтінем, тек біз кейде өзімізді ғана ойлайтын сияқтымыз (үлкендеріміз) неге жастарға да өз жетістіктерін көрсетуіне жағдай жасамасқа, балалардың да төккен тері бағалануы керек, өйткені спорт жетістіктері компьютердің алдында отырып емес, төгілген тердің, үлкен еңбектің, қажымас қайсарлықтың, таудай талаптың арқасында ғана келеді.

       Мен осыны ойлай келе қаламыздағы спорт мамандарымен кеңесіп едім олардан жарытымды ауыз толтырып айтарлық жауап ала алмадым, тек ғаламтор арқылы «СПОРТ ШЕБЕРІ» мен « Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген төсбелгіні ғана таптым. Ол белгінің өзі де, сол атақты алған спорт майталмандарындарының кеудесінен өз орнын таба алмай жүрген сыңайлы, әйтеуір мен кездестірген спорт шеберлерінде «Қазақстан спорт шебері» төсбелгілері жоқ. Олардың аға буын өкілдері өздерінің кешегі кеңес дәуіріндегі берілген значок(төсбелгілері) бар екенін айта алады. Ал қазіргі аталмыш белгінің өзі де маған әлі де біздің өз ұлтымызға тән емес сол кеңес дәуіріндегі: Суворов, Кутузов ордендеріне тән, және де пионер значогін тағып алғандай әсер қалдыратын, жеңіл бір белгідей.  Біз ата- бабаларымыздың арманы болған еркіндікке қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан мемлекетіміз, демек біздің белгілеріміз де ешкімге тәуелді болмауы, еліктемеуі тиісті және де кеудеге тағып жүруге лайық болуы керек. Қазіргі уақытта қолданыста жүрген          (№1 сурет) «СШ» мен «ХДСШ» аталмыш төсбелгілерінде  еліміздің байрағындағы күн мен қыранға орын жетпей қалған ба? Тіпті елтаңбаны айтпағанның өзінде туымыздың күні мен қыраны болуы керек, айтыңыздаршы ірі жарыстарда не үшін ұлттың туын алып шығады, елдің рухын асқақтату үшін емес пе, сіздер қалай ойлайсыздар?  Меніңше әрине бұл менің жеке өзімнің пікірім қазіргі уақыттағы қолданыста жүрген төсбелгілерді сол атақты алған майталман спортсмен жігіттер кеуделеріне таға қоюы екі талай. Өйткені ол өзінің жасалуымен көзге қораш екені айтпаса да түсінікті артық айтсам кешірерсіз, расында да әр кеудеге тағылатын марапат белгілері сол елдің ұлттық ерекшелігін білдіріп тұруы керек, ұлттың исі аңқып тұруы керек. Сіз спортта үлкен жетістіктерге жеткен атышулы спортшы екеніңіз де аян, өзіңізге де бір сұрақ қойып көріңізші осы айтқаныммен келісесіз бе?   Не үшін депутат мырзалар өз кеуделеріне ұлтымыздың байрағын тағады, олар еліміз үшін жұмыс істейді ғой, ал спортшылар да елдің мәртебесін көтеру үшін тер төгеді емес пе, демек олардың да кеуделерінде ұлттық белгі болуы керек.

                znak

(№ 1 сурет). Қазақстан спорт шебері төсбелгісі және патшалық Ресей төсбелгісінің жалпы бейнесінің ұқсастығы көзге ұрып тұр, және де спорт саңлақтары тағуы екіталай өйткені  жас балалардың значогіне көбірек ұқсайды.

 1212

Ресейлік 1,2,3 дәрежелі, МКМС МС КМС төсбелгілерінде байрақта, тіпті гербте көзге ұрып тұр

        Көрші  Ресей мемлекетінде ол төсбелгілер сонау тоқсаныншы жылдардан-ақ қабылданып қолданысқа еніп жүр, демек олар бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр, ал біз болсақ, ылғи екінші орында жүретініміз қынжылтады. Олар тіпті өздерінің елтаңбасына дейін енгізіп қойған, бұл да болса төсбелгінің мемлекеттік маңызын айқындап тұрғандай, ал біз болсақ әйтеуір жасалу керек деп салғырт түрде мән бермей жасай салғандаймыз.

       Ұлы жазушы М. О. Әуезов ағамыздың сөзі бар : « Ел боламын десең, бесігіңді түзе деген» , бұл арада мені дұрыс  түсінулеріңізді сұраймын, менің ойымша төсбелгі бір қарағаннан – ақ өзінің қай елден екенін көрсетіп тұруы керек деп ойлаймын,  әрине менікі жеке өз пікірім ғана. Өйткені қай дүбірлі жарыс болмасын жеңімпазды мадақтаған кезде сол елдің байрағы көтеріледі ғой, ал төсбелгі сол елдің  байрағының  әр спортшының кеудесіндегі кішкене бір бөлшегі ғой, сондықтан күн мен қыран белгісі төсбелгіде міндетті түрде болуы керек. Ол әрі қарапайым және ұлттық  нақышта көмкеріліп, Қазақстан деген атауды өзінің жасалу ерекшелігімен-ақ білдіріп тұрса, өйткені спорт дегеніміз бар халыққа тән ортақ  дүние ғой.

            Cпорттың да елдің дамуына өзінің қомақты үлесін қосатынын ешкім де жоққа шығара алмас өйткені дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтары көп елдің болашағы да зор. «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз, отыз дамыған елдің қатарына кіруге ұмтылып отырмыз, демек саналы, шыныққан ұрпақ қана сол деңгейден көріне алады, сонда ғана біз мәңгілік ел бола аламыз, біле білсек спорттың өзі де үлкен саясат екені даусыз.

Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында осы мәселелер де назарға алынса деп тілейміз.

Әмірбеков Ерлан,

Қазақ үні