Жиенін өлтірген имам...

Ойыл ауданындағы орталық мешіттің бұрынғы бас имамы жиенін өлтіргені үшін сотталды деп хабарлайды Baq.kz. Ақтөбеде бұрынғы имам жиенін өлтіргені үшін сотталды

Қайғылы оқиға ағымдағы жылдың сәуір айында Ойыл ауданында орын алған. 21 сәуір күні түнгі бірлер шамасында имамның жиені нағашысына телефон арқылы байланысып, далаға шұғыл шығуын талап еткен екен.

Имам болса бұл талапты орындаудан бас тартыпты. Бұдан кейін ішімдікке тойған жиен нағашысының үйіне велосипедпен келіп, оны балағаттай бастаған.

Сотта берген жауабында молда өз жиенін күректің сабымен ұрып тыныштандырмақ болғанын айтты. Жәбірленуші сол сәтте таяқтан қорықса керек, велосипедіне қайта отырып, үйіне қарай бет алады. Алайда, дін өкілі мас туысының үйге аман жетуін қадағалау мақсатында оның артынан ерген.

"Жол бойы ол менің өзімді ғана емес, анамның, әйелімнің, қыздарымның атына балағат сөздер айтудан шаршаған жоқ. Дін адамы болғандықтан бұрын мұндай сөздерді естімегенмін. Ашуға булығып, күректің сабымен сермеп қалдым. Сол сәтте ол орнынан көтеріліп қалып, қолымдағы ағаш оның басына тиді", - дейді орталық мешіттің бұрынғы имамы.

Ауыр жарақат алған жиенін айыпты ауруханаға өзі алып барған. Алайда, 33 жастағы ер азаматтың өмірін сақтап қалу мүмкін болған жоқ. Сол түні ол есін жимастан қайтыс болды.

Осы жайттарды ескере отырып, Ойыл ауданының соты айыптыны қылмысқа амалсыздан барды деп шешті және 1 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын ол қоныс колониясында өткізеді.

Айта кетейік, бұрынғы имам мешіттегі жұмысынан қол үзгеннен кейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінде, кейін жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта еңбек етіпті. Марқұмның туыстары дін өкілін кешірген.