Ертіс өңірінен ежелгі жануарлардың сүйектері табылды!..

Ертіс өңірінің Жаңақала ауылы маңынан миллиондаған жылдар бұрын сол аймақты мекендеген ежелгі жануарлардың сүйектері табылды. Жас шамасы 2 миллион жылға жуықтайтын барлығы 19 сүйек анықталды. Олар марал, бизон, бұғы, тіпті зілдің қалдығы болуы да мүмкін. Өңірдің өткен тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлерді Павлодар география үйінің өкілдері «Жолдар» байк-клубы мүшелерімен бірлескен экспедиция барысында тапқан.

  32f19a53520dbb25ed129dc89a8310d2

Бұдан басқа Павлодар география үйінің қоры ежелгі адамдар қолданған тас құралдармен толықты. Зерттеу сапарына жетекшілік еткен Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Георгий Пересветов жәдігерлерге қатысты ғылыми тұжырымдама жасады. Ал Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекин Жаңақала ауылын арнайы таңдағандарын айтады. Өйткені бұл елді мекеннен ежелгі тас дәуіріне жататын дүниелер бұрын да табылған екен. Ертіс өзені жағаны қатты шайып өткен кезде көне жәдігерлер сыртқа шығып қалған.

 Александр Вервекин, Павлодар география үйінің директоры: -Бізді және біздің әріптестеріміздің барлығын көптеген жылдардан бері өлкеміздің ежелгі өткен тарихы қызықтырады. Бұл табылып отырған жануарлардың сүйектеріне шамамен 2 млн жыл болған. Олар жердің астыңғы қыртысында жақсы сақталып, бүгінге жеткен.

 BAQ.KZ