Мемлекет азаматтардың кәрілігін қамтамасыз етуден қашқақтай бастады

Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартып, Бірегей зейнетақы қорын құрғаннан кейін де зейнетақы жүйесінің реформасы бітпейді. Енді жұмыс берушіні табыстың бес пайызын зейнет қорына аударуға міндеттемек деп жазады Азаттық.

Сарапшы: Мемлекет азаматтардың кәрілігін қамтамасыз етуден қашқақтай бастады

Сарапшылардың бұл жаңалықтарға көзқарасын „жауаптан сұрақ көп“ деп сипаттауға болады. Кейбір мамандар „мемлекет азаматтардың кәрілігін қамтамасыз етуден қашқақтай бастады“ дейді. Осылайша, зейнетақы қорын қалыптастыру жауапкершілігі азаматтар мен жұмыс берушілердің міндетіне өтеді.

Алдағы төрт жылда Қазақстанның зейнетақы жүйесінде тағы өзгерістер жасалады. Базалық зейнетақы көлемі анықталып, азаматтардың зейнетақы салымдарын жинау тәртібі белгіленеді. Тұжырымдамада екі жаңа тетік анықталған. Біріншісі 2017 жылғы шілденің 1-іне дейін енгізіледі. Яғни, бұл жоспар бойынша азаматтың еңбек немесе зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындалады. Екінші тетік – 2018 жылдан бастап зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу.

Ол бойынша жұмыс беруші өз есебінен жұмыскер табысының бес пайызы мөлшеріндегі соманы жұмыскердің зейнетақы қорына аударып отырады.

Ал жұмыс берушіден түскен осы жарналар капиталға, жеке бір тұлғалардың меншігіне айналмайды, зейнетақы алуы тиіс азаматтарға төленеді. Болашақта зейнетақы мөлшері жұмыс берушінің бес пайыздық жарнасына қарай қалыптасқан жинақ бойынша анықталады. Зейнетақы төлемінің бұл түрі жүйеге кем дегенде бес жыл қатысқан азаматтарға тағайындалады.

Сарапшы Айдар Алибаев: "Бұл ұсыныстардың барлығы бұрыннан бар зейнетақы жүйесінің құрылымы мен әрекет ету тетіктерін өзгертпейді. Салымшылардың жинағына әсер етпейтіндіктен, зейнетақы жүйесіндегі жағдайды жақсартпайды, - дейді. Бұрыннан бар 10 пайыз аударымға қоса, табыстан 5 пайыз жарна төлеу де күмән тудырады. Кейбіреулер „енді жаңа қаржы ресурсын табу үшін жұмыс беруші қызметкердің жалақысын азайтуға мәжбүр болады“ дейді. Немесе қаржыны „конвертке” салып беру әдісі көбейеді, оған ақшасын болашақта емес, қазір алуға құштар азаматтар да келісуі мүмкін.

Бұл ұсыныстардың барлығы бұрыннан бар зейнетақы жүйесінің құрылымы мен әрекет ету тетіктерін өзгертпейді

Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесі шешілмей қала береді. Статистикалық агенттік дерегі бойынша, осы жылдың бірінші тоқсанында олардың саны 2 миллион 600 мың адам болған. Қазақстанда зейнетақы жинақтау жүйесі 1998 жылы енгізілді – осы уақыттан бері жұмыс берушілер қызметкер табысының 10 пайызын зейнетақы қорында ашылған жеке есепшотына аударып келеді. 2013 жылға дейін елде ондаған жеке зейнетақы жинақтау қорлары (ЗЖҚ) мен бір мемлекеттік ЗЖҚ болды.

Өткен жылы билік қазақстандықтардың барлық шоты мен жинағын жеке ЗЖҚ-дан мемлекетке өткізетінін мәлімдеп, бірегей жинақтау қорын құрды. Бұл қоғамда біраз пікірталас тудырды, бірақ барлық қаржы жинағы бірегей қорға аударылды. Қазір ресми дерек бойынша, ол қорға төрт триллион теңгеден астам (21 миллиард доллар шамасында) қаржы жинақталған.   Читать полностью:  http://news.nur.kz/kk/323772.html