Бойжеткенді қағып өлтірген BMW X5 жүргізушісі толықтай ақталып шықты

Өткен жылдың соңында 20 жастағы бойжеткенді көлігімен қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен азамат толықтай ақталып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бойжеткенді қағып өлтірген BMW X5 жүргізушісі толықтай ақталып шықты

Естеріңізге салайық, өткен жылдың 12 желтоқсанында 21 жастағы азамат BMW X5 көлігімен Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студентін қағып, оқиға орнынан бой тасалаған болатын.

Ал, жәбірленуші Жаңылсын Құттыбаева алған дене жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырған еді. Полиция өкілдерінің айтуынша, оқиға болған жерде бейнебақылау камералары болмаған.

Алайда, жақын маңдағы қиылысқа орнатылған камера жол талғамайтын көліктің аса жоғары жылдамдықпен жүйіткіп өткенін жазып алған. Осыдан бірнеше минут өткеннен кейін қайғылы жол көлік оқиғасы да орын алды дейді ол.

Араға екі сағат салып тәртіп сақшылары басты күдіктінітінің кім екенін анықтапты. Күдікті өз айыбын мойындаған.

Жүргізушінің айтуынша,марқұм болған қыз бағдаршамның қызыл түсіне өтпек болып, жолға өзі жүгіріп шыққан көрінеді.

Жүргізілген тексерулерден кейін мамандар BMW иесінің кінәлі емес екендігін анықтады. Марқұм қыз жол ережесін өзі бұзған екен. Мұны кейін сол жерде болған куәгерлер растапты.

Олардың айтуынша, бойжеткен жұрт қатарлы бағдаршамның "жасыл" түсін күтіп тұрған, кейін кенеттен жолға шығып, көліктің астына өзі түскен екен.

Жәбірленуші жолдан өтер кезде музыка тыңдап, көліктің дыбысын естімей қалған көрінеді. Осы жайттарды ескере отырып BMW жүргізушісі барлық қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.