Қазақстандықтар үшін ақшаны қай валютада сақтаған жөн?

Қолындағы артық-ауыс қаражатын қай валютада сақтау керектігі ел арасында жиі көтеріліп тұратын мәселе. Халық қолындағы қаржысын қай валютада сақтағаны жөн.

Қазақстандықтар ақшаны қай валютада сақтаған жөн?
Фото: diapazon.kz

"Айқын" газеті осы сауалдың жауабын табу үшін бүгінгі нөмірінде жария еткен "Ақшаны қай валютамен сақтаған жөн" деген тақырыптағы мақаласында маман пікірін қоса беріп отыр.

Мәселен, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, ақшаны қай валютада сақтау керектігі ең алдымен ақшаның көлеміне байланысты.

"Күнделікті немесе алдағы бір-екі айда жарататын ақша болса, онда ол қаражатты ұлттық валютамен сақтаған жөн. Ал ақшаңыз өте көп мөлшерде болса, әртүрлі валютамен сақтау керек деп ойлаймын. Бұл - адамның қолындағы қаражатының көлеміне тікелей байланысты шешілетін мәселе. Қолында қаражаты аз адам оны әр валютаға қайта-қайта ауыстырып жүргеннің өзінде, біраз пайызға ұтылып қалады. Таяу мерзімде табан астында ұлттық валюта құнсызданып кетеді деген ешқандай қауіп жоқ. Бұл - біріншіден, уақытқа, екіншіден, экономиканың даму бағытына, үшіншіден, ақшаның көлеміне байланысты мәселе" - дейді ол.