Бас дәрігер ауруханада сауна салдыртқан...

Алматы облысында ақ халаттылар айқайға басты. Нарынқол ауылы ауруханасының бұрынғы және қазіргі дәрігерлері наразылыққа шықты. Олар аурухана басшысын он беске жуық дәрігерді жұмыстан қуадалап, мемлекеттік мекеменің жертөлесіне сауна салып, медбикелерге қол жүгіртті деп айыптап отыр.

Алматы облысында бас дәрігер ауруханада сауна салдыртқан

Скриншот: 31 арна

Сондай-ақ, олар Бас дәрігер "жалақымызды қысқартып, медмекеменің қызметкерлерін өз жұмысына жегіп қойды", - деп қапалы. Алайда, аурухана басшысы бұл айтылғанның бәрін өзіне тағылған жалаға балап отыр.

Ақ халаттарын кигенмен, бұл кісілердің басым бөлігі қазір қызметтерінде емес. Бірақ адам емдеуден өз еріктерімен бас тартпағанын айтқысы келіп, дәрігерлерлік киімдерін киіп келіпті. Өздерінің айтуынша, мәжбүрлі түрде жұмыстарынан босаған. Өйткені, Бас дәрігердің бұдан кейінгі былығына төтеп беруге төзіміміз жетпеді, - дейді олар. Тіпті, ашынған ақ халаттылар көз жастарына ерік берді. "Соның таяғын жеп, ұрысын естіп жүріп, біз осы уақытқа дейін келдік. Үндемедік, осы ауылдың азаматы ғой деп. Осы уақытқа дейін сыйлап келдік қой", - дейді Нарынқол ауруханасының бұрынғы қызметкері Гүлбақыт Намазбаева.

Дәрігерлердің дабыл қағуына таяуда ғана  жеті фельдшердің жұмыстарынан босап қалуы себеп болған.

Араларында еңбек өтілі отыз жылға жуықтаса да,  зейнеткерлік демалысқа шығуына 15-ақ күн қалған үлкен кісілер де жүр.

Олар, осы күнге дейін бас дәрігердің денесіне массаж жасап,  қолымызды сындырғанына дейін көнген едік, бұдан әріге төзіміміз жетпейді дейді. "Ботқасың сен дейді, сумисың дейді. Сменда отырамыз, массажға адамды отырғызады да, бұтына дейін сыпырып, массаж жасатқызады. Өз қолыммен талай рет массаж жасап бергем", - дейді Нарынқол ауруханасының бұрынғы қызметкері Ләйлә Әлібаева.

Сондай-ақ, бұрынғы дәрігерлер, тіпті аурухана ғимаратының астына бас дәрігер сауна салғызып алды, тек тексеру келе жатқанда, бір түнде даулы нысанды бұздырып тастады дейді. Наразы топ өкілдерінің арасында аурухананың қазіргі қызметкерлері де бар. Бас дәрігер жалақыдан қияды деп қапалы. Экс қызметкерлер болса, басшы мырза өзінің жеке шаруасын жасатады  деп отыр.

Алайда, аурухананың Бас дәрігері болса, өзіне тағылған бұл айыптардың бәрін жалаға балап отыр. Бұл - он жылдан бері өзінің артынан домалақ арыз жазумен айналысып келе жатқан топтың әрекеті дейді ол.

Фельдшерлер болса, кезекшіліктерін тастап кеткені үшін, жұмыстан босады дейді.

Саунаға қатысты деректі жала дейді басшы, ал массаж жасатқанын жасырмайды. Дәрігерлерге қатысты даулы істен прокурорлар да хабардар. Аудандық қадағалаушы орган қызметкерлері бұл іске қатысты прокурорлық хаттама толтырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберген. Прокурорлар бұл істе заң бұзушылық деректер барын растап отыр, бірақ қылмыстық құрам жоқ дейді.

Ал, аурухананың бұрынғы және қазіргі қызметкерлері болса, айтқандарының ақиқатын дәлелдеу үшін, енді  елбасына хат жолдамақ.