Ілиястың ізгілігі

Бозторгай

«Алыстан сермеп, жүректен тербеп» (Абай) періште бала жүрегі ән салып тұр. «Сәуір туа, тәуір болған» күннің риясыз райын, көктем жылуын мың құбылған дауысымен шырқаған бозторғай сынды. Алты ай қыстан аман шыққан бозторғай жүрек!.. Осы түсінікке сүйенді ме, жоқ әлде, жүрек жылуын бозторғай үнімен жеткізгісі келді ме, Ілияс Қабдырай шарапаты мол шағын концертін «Бозторғай» атапты. Шарапатты деуіміздің себебі де бар. Жас та болса, жанына домбыраны серік етіп, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген Ілияс Нұриденұлы тұңғыш тырнақалды концертін Қарағанды облысының балаларға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі мүмкіндігі шектеулі һәм ата-ана мейіріміне зәру жеткіншектерге қойды. Соларға деген жан жылуын әнімен әспеттеді. Жас та болса, өресінің биіктігі – бұл. Мұқтаж жандар мағмұрланып қалды. Бұған дейін бірнеше республикалық дәстүрлі ән додаларында топ жарып, таңдай қақтырып жүрген бала Ілияс әуелі «Бозторғай» әнін әуелетті. Кезінде күллі қазақ Мейрамбек Беспаевтың орындауында естіп егілген. Енді, міне, Ілияс салып, мойындатты көпшілікті. Содан соңғы салғанының бәрі халық әндері мен халық компазиторларының шығармаларынан. Шара барысында, «Нұр-би» тобы билеп, көрерменнің көз жауын алды. Бүгінде 320 бала тәрбиеленіп жатқан мекеменің директоры Мадияр Көпжасаров пен осындағы күндізгі бөлімнің меңгерушісі Әсемкүл Шәукентаева мұндағы балалар атынан алғыс айтып, мәдени ұйымдастырушы Жұпар Баймағанбетова ризашылығын білдірді. «Айгөлек» республикалық балалар байқауы 5 маусымының ІІ орын, «Сәлем, Астана!» республикалық ән байқауының бас жүлде иегері Ілияс Қабдырай: – «Қазақстан» ұлттық арнасында әр апта сайын шетелдегі қазақ балалары жайлы бағдарлама болады. Сондағы тағдырлар жайы мені қатты толғандырды. Бағдарламаны көре жүріп, ғаламтордан жетімдер туралы Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әнін тауып алып, ұстазым Катя Төлепбергеннің көмегімен үйрендім. Ондағы мақсатым – осы балалар үйіндегі тастанды балалар мен күндізгі бөлімдегі мүмкіндігі шектеулі балалар жүрегіне жылу сыйлап, мейірім отын жағу. Кезіндегі әке-шешелерінің қателіктерін кейін өздері қайталамаса екен деген тілек... Бекжан БАҚЫТҰЛЫ, Қарағанды облысы