Қазына едім барланбаған, Кеніш едім тереңдегі...

  асыл улыкманҰлықман Асыл аға атына сай асыл да жайсаң, ұлық та кішік, абзал азамат, ардақты аға еді... Тұла бойынан мәдениет пен зиялылықтың лебі есіп тұратын. Қаншама жыл ағарту саласындағы баспа ісіне арнаған жемісті еңбегі елге белгілі ағамыз да өмірден өтіп кете барды... Артында жарық көрмеген көп еңбегі, талай шығармалары қалыпты. Біз бүгін аманат болып қалған бір топ өлеңдерін жариялай отырып, Ұлықман ағамыздың жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқи бергей деп тілейміз. ҚАРЫНДАШПЕН ЖАЗЫЛҒАН ХАТ Зейнеп Ахметоваға Қарап алға қарт Қазаннан, Хат жазамын қарындашпен. Қарындашпен хатқа жазған Қапа болма, қарындас, сен. Артқа қарай дала қашып Қалың тоғай, жазаң, Түтін, тұман араласып, Қап барады Қазан көгі. Доңғалақтар тақыл қағып, Сыртта боран әрі жауын. Шалқар Еділ жатыр ағып, Жапсарында кәрі таудың. Сіздерді еске аламын да Жасып көңіл, жанып жүрек. Ежелгі Орал алабында Барам кетіп налып-жүдеп. КӨНЕ ҚАЛАДАҒЫ БАЗАР (Қарақалпақ ақынының тақырыбына) Көне қала, Шаңқай түс. Күн күйдіріп, шыжып тұр Қайнап жатыр хан базар, Қарап тұрсаң – қызық бір. Базаршылар ағылып, Келіп жатыр топтанып. Біреулер құр сабылып, Біреулер жүр жабығып, Құмырсқадай әр жерде Құжынаған көп халық. Қатар-қатар жаймасы – Базарының айнасы, Жұрт үңілген қаумалап. Біреу қауын, қарбызын, Біреу жуа, сәбізін, Әлек, әуре саудалап. Иыққа ешкім ілмеген Жаңа шыққан инеден Нелер асыл киім бар. Бояуы мен жарқылы, Дыбысы да сан түрлі Ескі-жаңа бұйымдар. Базаршылар қаумалап, Сатушылар саудалап, Алатындар тағы бар. Дүкендерден көрмейтін Қоймаларда бермейтін, Талай дүние табылар. Бірі сатып, бірі алып: Бірі шалқып, нұрланып, Бірі сасып, сұрланып, Бірі өзеуреп, бұлданып, Бірі бағып ұрланып, Қайнап жатыр хан базар, Төбеде күн тұр жанып. Күн қырқаға асылып, Аптап аздап басылып, Жұрт жинала бастады, Үйлеріне асығып: Біреу қайтып барады, Мақтан етіп алғанын, Біреу айтып барады. Текке ұтылып қалғанын. Базар өстіп тараған, Кісіге ойлап қараған, Ұқсағанмен өмірге, Айырмасы бар мұның, Өмір-базар – тағдырын! КҮТПЕГЕН ҚОШТАСУ Бекет шуын қаламай, Тұрмын жалғыз, көңілсіз. Көз жіберем жағалай, Кімді іздеймін – белгісіз... – Қалармыз деп күтпеп ем, Ұшырасып мұнда біз. – Ең тәуірі – күтпеген, – дейді күліп бұла қыз. – Айтыңызшы сонда да, – деймін, – қашан қайтасыз? – Кетіп барам біржола, Сұрағанға айтарсыз. Күн табанда суытты, Тартты айнала сұрықсыз. Түнерді аспан бұлтты, Тұр өтірік күліп қыз. – Болмас олай мәлімдеп: Ғұмыр алда, жол алда. Кездесерміз әлі деп, Қоштасайық одан да. КЕШКІ СУРЕТ Айдынына аспанның Кешкі шапақ жарасып, Кідіріп қырда қас қағым, Қызыл-жасыл киініп, Қызара күлген жас қыздай Күн барады ары асып. Қарая түсіп тау іші, Есіле соқты ерке жел. Қатайып судың дауысы, Мұнарланды белес-бел. Батыста – көктің төріне Ілінген алтын сырғадай. Қыздың қызыл ерніне Ұқсап-ақ тұр бір жаңа ай. Көк мұнарға малынып, Манаураған күллі аймақ. Сарғыш шәйі жамылып Маңдайда жұлдыз тұр жайнап. МАХАББАТ Махаббат – алтын шұғыла, Мәңгі жыр жаның кенелер. Дүмбілез мынау ғұмырда Кездессең оған сен егер. Жорықта ауыр сабылып, Титықтап Тағдырға тілсіз табынып, Шыққанда алыс сапарға. Мен құсап яки қазіргі, Жат жердің түнін жамылып, Ауылды, қамсыз мәз күнді Жатқанда жалғыз сағынып. Немесе бір сор, сәтсіздік, Бір қорлық ішті жандырып. Рухыңның тігін жатқызып, Кеткен бір кезде дал қылып. Адаспай тауып сол ғана, Жайнатып жанның сарайын, Сен кешпек болған жолдарға Тұрады төгіп арайын. МУЗА – ҚЫЗ Бастықпаған жылдарымда Кеткен ертіп, еліктіріп. Сол муза қыз тұр алдымда, Кербез қасын керіп күліп. Деп ойлаушы ем көрем бе енді, Баяғыдай серік қылып. Көп жылдан соң, өлең, мені Жүрсің қайта желіктіріп. Қазына едім барланбаған, Кеніш едім тереңдегі. Жас шағымда арман болған Муза тағы жебер мені. Кінәмшіл қыз – сол музаға Сенбейтін ем, сеніп тұрып. Тұр сол ару, міне, алдымда, Кербез қасын керіп күліп.