Жақсылық Орынбасар: «Оралмандар саясатқа сауатсыз...»

жақсылық орынбасар

 Астана. 11 шілде. BAQ.KZ - Осыдан біраз уақыт бұрын экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова «Еңбекке жарамды оралмандардың 8,6 пайызы жоғарғы білімді, 20,6 орта білімді, 71 пайызының жалпы білім бар немесе мүлдем білім алмаған... Бұл мәселе оралмандардың қоғамға сіңісіп кетуіне кедергі болуда» деп мәлімдеме жасаған еді. Осыған байланысты 5-6 шілдеде Астанада өткен айтыста Мұхтар Ниязовпен сөз сайыстырған Жақсылық Орынбасар былай деген еді. Министрім сауатсыз деп айтыпты, Одан менің кемімейді мерейім, Оралмандар шынында да сауатсыз, Мен өзім-ақ тізіп айтып берейін.   Оралмандар тіл жағынан сауатсыз, Өзге тілді қаперіне ілмейтін. Шала тілді адамдардан үлгі алып, Ана тілде міңгірлеуді білмейтін.   Оралмандар махаббатқа сауатсыз, Өзге ұлтпен бола алмайтын ете-ене. Орыстармен отау құра алмайтын, Немістермен тұра алмайтын некеге.   Оралмандар саудаға да сауатсыз, Сондықтан да ете алмаймын мен мақтан. Біз шетелге бала сатып жатқанда, Сол шетелден баласымен кеп жатқан.   Оралмандар тәрбиеге сауатсыз, Балаларды топырлатып таптырған, Дайын тұрған садиктерге жібермей, Үйде отырған шал-кемпірге бақтырған.   Оралмандар саясатқа сауатсыз, Ашылмайтын терезені қағатын. Азаматтықты ала қойшы десең де, Төрт, бес жылдай жүріп әрең алатын.   Оралмандар өнерге де сауатсыз, Көштен қалған көзқараспен талдайтын. Даладағы айтыстарға жүгіріп, Сарайдағы концерттерге бармайтын.   Оралмандар мәдениетке сауатсыз, Сексендегі шалдың өзін билеткен. "Харлем шейкке" қарық болып жүргенде, Қайдағы бір "Қаражорғаны" үйреткен.   Министрім ойласаңшы дұрыстап, Жеткізіңдер Жақсылықтың сәлемін, Сауатсызды сауатсыз деу үшін де Сауаттырақ болу керек дәлелің.   Барлық қазақ ата жұртқа оралып, Туыстарың толтырса екен жерді бос, Келгендерді кеудесінен қақпасақ, Қабдеш көші болмайды енді соңғы көш, Азаматтық алу жағы шешілсе, “Соңғы көшің” болмайды енді сорлы көш. kazaitys.kz