Ана тіліне қарсы мектеп!!!

41A7BA82-AA73-4087-A86B-9D260F88EB98_w640_r1_s Алматының ең беделді мектебінде өз балаларын қазақша оқытқысы келетін ата-аналар наразылық білдірді. Қазақ балаларының өз елінде ана тілінде оқуға құқығы жоқ па деп бас көтергендер, мемлекеттік тілді менсінбейтін оқу ордасының әкімшілігі балаларымызды әдейі қабылдамай жатыр деп ашынады. Айтуларынша, мектепте артық орын жоқ деген сылтау ғана. Өйткені, қазақ балаларына бір сыныпты әрең қиған директор, есесіне биыл тағы 10 орыс сыныбын ашқан көрінеді. Түріксіб ауданындағы №83 өнер гимназиясы дарынды балалардың басын қосқан іргелі білім ордасы. Шаһардағы ең үлгілі мектептердің бірі. Алайда, мұнда қазақ тілді балаларға орын аз. Қазақ сыныптарын ашу туралы 4 жыл бұрын бастама көтеріліп, 1 сынып әрең ашылған. Олар биыл төртінші сыныпта. Мектепте бас-аяғы 5-ақ қазақ сыныбы бар екен. "Өз жерінде жүріп, өз тілінде сөйлей алмаса, қазір қызымыз айтады, неге жыл сайын орыс сыныптары шырылдамайды, қазақтар шырылдап жүрміз. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, бұл белгілі нәрсе", - дейді оқушының ата-анасы Құрмантай Молдахметұлы. "Біз 50 де 50-ге таласып отырған жоқпыз. Орыс сыныптары қанша ашылса да ашыла берсін. Бізге тек 2 қазақ сыныбы мен бір дайындық сыныбы ашылса болды", - дейді ата-ана Алтай Жеңісұлы. Неше қазақ сыныбын ашу директордың өз еркі деген ата-аналар жақсы мектепте біздің де балаларымыз білім алсын дейді. Ал 1600 шәкірті бар білім ордасының басшылары шамамыз келгенше қазақ бөлімін ашып бердік, бізде басқа орын жоқ деп отыр. Осыны айтып болып мектептің жетістігін жіпке тізе жөнелген басшы мекеме қала әкімінің тікелей қамқорлығында дегенді тілге тиек етті. Өнерге де баулып, білім де беретін мектептің қазақ тілділерге есігін тарс жапқанына ата-аналар наразы. Тым болмаса, екі-үш сынып ашып берсе деп армандап отыр. Бұл - орыс мектебі, қосымша қазақ мектебін ашуға қауқарымыз жетпейді деген мектеп директорының сөзін ата-аналар жоққа шығарып отыр. Олар, тіпті, бастауыштан кейінгі балаларының тағдырына алаңдаулы. nur.kz