ҰБТ жанжалдан басталды!

5xDEj1uQZDw ҰБТ-ның алғашқы күні тест тапсырмалары заңсыз түрде интернет арқылы сыртқа шығып жатыр. Талапкерлер сұрақтарды сырттағылардан көмек сұрап немесе "енді тапсыратындарға көмек" етіп жариялаған. Қазақстанда мектеп бітірушілер 2-9 маусым арасында тапсыратын ұлттық бірыңғай тестінің (ҰБТ) бірінші күні-ақ елдегі жастар көп қолданатын "ВКонтакте" және "Мой мир" әлеуметтік желісінде биылғы емтихан сұрақтары жарияланып жатыр. Тапсырмалардың көбі ұялы телефонға суретке түсірілген. Сынақ тапсыру ережесі бойынша талапкерлерге аудитория ішінде ұялы телефон алып кіруге тыйым салынса да, тыйымды айналып өтудің амалын тапқандар аз емес сияқты. Әлеуметтік желіден бөлек WhatsApp пен Viber байланыс бағдарламалары арқылы да тест тапсырмалары тарап кеткен. "ВКонтакте" желісінде Қазақстан тарихы, математика, қазақ тілі, орыс тілі, физика, география, биология пәндерінің тапсырмалары фото ретінде жарияланған. Жарияланған тест сауалдары – қазақ және орыс тілінде. Былтыр Қазақстанда грантқа түскендердің тізімін интернетте министрліктен бұрын жариялаған "Артем" есімді интернет қолданушы биыл да өз форумында "2014 жылы келетін ҰБТ тапсырмаларын" жариялап топ-тобымен шығарып жатыр. Оның айтуынша, "бұл тестердің барлығы маусымның 2-сі күні келген". "Артем" өз форумында "алдағы уақыттарда тағы да тест тапсырмаларын жариялайтынын" жазған. "Артемнің" кім екені және ҰБТ сауалдары мен оқуға түсушілердің тізімін қандай жолмен қолына түсіргені әлі анықталмаған. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ өтер алдында WhatsApp пен Viber сияқты байланыс құралдары арқылы ақпараттың сыртқа шығып кетуі мүмкін екенін айтқан еді. Ал маусымның 2-і күні ҰБТ алдында баспасөз мәслихатын өткізген білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: "Қауіпсіздік мәселесі – өте маңызды. Әр аудитория алдында байланыс құралдарын бұғаттайтын құрылғылар орнатылған. Тест өткізуге ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік комиссия қызметкерлері де тартылды" деп мәлімдеген. NUR.KZ