«Ақжолдық» КӨГІЛДІР ЛЕНТА КЕУДЕМІЗДЕ ЖЕЛБІРЕДІ

      Лента-11Тарихтың аты – тарих, оны түзеу мен күзеуге ешкімнің құқығы жоқ, оған жол берілмеуі керек. Өткен өміріміздің белесі болып саналатын Ұлы Отан Соғысы да біздің тарихымыздың бір тарауы. Жеңісті он жерден одақтағы ортақ ағамыз болған орыс халқына телігенмен, миллиондаған өмірдің есебінен келген жеңісте әрбір республиканың, әрбір ұлттың өз үлесі бар екені ақиқат. «Майданнан алыс жаттық, өзгенің жерін қорғап, босқа қан төктік, тіпті жеңістің бізге қатысы жоқ» деп кейде айтылып қалатын пікірлер түбірімен қате. Тағдырдың жазуымен одақ құрамында болған соң ортақ елді қорғауға қатысып, қан төгіп, жеңіс жалауын желбіреткен аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін жоққа шығаруға әсте болмайды. Олай болса тарихқа ғана емес, қан майданда жан берісіп, жан алысқан аталарымыз бен әкелерімізге жасалған көпе-көрнеу қиянат болар еді. Сондықтан Жеңіс күнін тойлауға әрқайсымыздың толық қақымыз бар. Биылғы 9-мамырда Жеңіс күні біздің елімізде де кеңінен аталып өтті. Әсіресе, өзгелерге үлгі Астана қаласында империялық белгі - Георгий лентасы тағылмағанын ел жақсы сөз етуде. Себебі, басым көпшілігі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде де, 9 мамыр – Жеңіс күнінде де «Ақ жол» ұсынған батырларымыздың аты жазылған, қазақы ұлттық ою жүргізілген көгілдір лентаны тағып жүрді. Сан жағынан санаулы, қатарлары селдіреп қалған ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп, қанмен, термен келген ұлы күнді шын мәніндегі мерекеге айналдырдық. Жергілікті билік, қоғам тарапынан оларға сый-сияпат көрсетілді. Өйткені бұл ардагерлердің адал еңбегімен, ерен ерліктерімен келген Жеңіс күні. Әрине, қоғам болған соң түрлі пікірлер туындайтыны заңды. Соңғы кезде аталмыш мереке кезінде Ресей мемлекетінде қалыптасқан «Георгий лентасын» тағуға қарсы пікірлер жиі айтылып жүр. Қоғамдағы бұл ойды орынды да, өз уақытында ескерген «Ақ жол» партиясы Георгий лентасының орнына көгілдір белгі тағуды тәжірибеге кіргізіп үлгерді. Бұл бастама жер-жерлерде қолдау тапты десек болады. Сөйтіп, биыл Жеңіс күні кеудемізде көгілдір лента желбіреді. Оны аймақтардағы біздің меншікті тілшілеріміздің жазып жіберген материалдарынан анық көруге болады. лента2       лентт тттттааа                 Бауыржан СЕЙСЕН, Атыраудан: – Елін жаудан қорғау үшін қан майданда от кешіп, мұз жастанып, ерлік көрсеткен бабаларымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Өйткені, бүгін еліміз солардың арқасында бейбітшілікте өмір сүріп, тәуелсіз елдің тұғырын биікке көтеріп отыр. «Ер есімі – ел есінде» деген қазақ нақылы осындайда айтылса керек. Сондықтан, Ұлы Жеңіс мерекесінде ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп, рухтарына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың тікелей парызы. Осы орайда, «Ақ жол» партиясы республикалық дәрежеде «Біздің есімізде, біз мақтан етеміз!» акциясын ұйымдастырған болатын. Бұл игі шарадан аталмыш партияның Атырау облыстық филиалы да қалыс қалмай, жас партия мүшелері Атырау қаласындағы көшелерге шығып, Жеңіс паркі, Исатай-Махамбет атындағы алаңдарда болып, 300-ге тарта ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтарына көгілдір лентасын тағып, оларға құрмет көрсетті. Ал, жастар патриоттық әндер шырқап, Ұлы Жеңіс сарбаздарының ерлігі мәңгілік екенін паш етті. Бекжан БАҚЫТҰЛЫ, Қарағандыдан: – Қарағандыдағы Ұлы Жеңіс күні мерекесі қаланың «Даңқ» мемориалы алдындағы салтанатты жиынмен басталды. Әдеттегідей, облыс және қала тұрғындары бір минут үнсіздікпен майданда қаза болғандарды еске алды. Қалың жұршылықпен қоса «Ақ жол» партиясының Қарағанды облысы филиалының өкілдері де «Мәңгілік алау» басына гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза болғандарға тағзым етті. Сондай-ақ, «ақжолдықтар» Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтап, өңірлеріне кеңес одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұло­ва, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Сағадат Нұрмағанбетов есімдері жазылған көгілдір ленталар мен төсбелгілерді қадады. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласына 59 мыңнан астам қарағандылық аттанды. Адамзат тарихындағы ең ірі соғыста ерліктің үлгісін көрсеткені үшін 6587 қарағандылық түрлі ордендер және медальдармен марапатталғаны тарихтан мәлім. Қазір облыста 454 ҰОС қатысушысы мен мүгедектері, 930-дан астам соларға теңестірілгендер, 19700 тыл ардагерлері тұрады. Биыл Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне көрсетілген бір реттік материалдық көмек мөлшері 32,7 млн. теңгені құрады. Ерліктің мерекесі «Жеңіс» саябағында жалғасын тапты. Саябақ бойында Ұлы Отан соғысына қатысқан қарағанды­лық­тардың суреттері бар билбордтар орнатылып, әскери әндер шырқалды. Раушан СӘДУ, Қызылордадан: – 9 мамыр күні Қызылорда қаласының «Тағзым» алаңында Жеңіс күні тойланды. Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен қала тұрғындарын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады: «Кешегі жаһан соғысында Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғасын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Өйткені, майдангерлерге деген құрмет – ата-баба рухына құрмет, тарихқа тағзым», - деді аймақ басшысы. Одан кейін «Мәңгілік алау» мемориалына облыс және қала әкімдігі мен мәслихаттары және басқа да мекемелермен қатар, «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалынын қызметкерлері де өз гүл шоқтарын қойды. «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының қызметкерлері мен жас белсенділері мерекеге жиналған облыс және қала тұрғындарына соғыс жылдары қаза тапқан ата-бабаларымыздың аты-жөні жазылған көк лента таратты. Көпшілік партияның бұл бастамасын мақұлдап, оң көзқарас танытып, қуанышпен, құрметпен омырауларына тақты. Нәзипа МАМЫҚ, Шымкенттен: – Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагер­лерін құттықтады. Соғыс арда­герлерін құттықтау дәстүрлі түрде жылда өтетін шара. Кейбір ардагерлер салтанатты іс-шараға, жауынгер достарымен кездесуге сырқаттарына байланысты келуге мүмкіндігі болмай жатады. Сондықтан қызметкерлер олардың үйлеріне өздері барды. Қан майданды кешіп келген Мухачев Василий Афанасьевич, Котерев Василий Иванович, Ташбулатов Таджимурат, Әтемов Өмірзақ, Жармаханбетов Кіребек сынды ардагерлер соғыс жылдарында басынан кешкен қиындықтары мен сұм соғыстың сойқанында мерт болған достары жайында естелік айтып берді. Ардагерлер жүріп өткен отты жылдар кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие берері сөзсіз. Кездесу барысында ардагерлерге арнайы дайындалған ақшалай сыйлықтар мен көгілдір ленталар табысталды. Мәрзия Түгелбайқызы, Маңғыстаудан: 9-мамыр күні Ұлы Жеңістің 69 жылдығын Маңғыстау облысы салтанатты түрде аттап өтті. Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. Ресми рәсімнен кейін Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев сөз алып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін және барша Маңғыстау жұртшылығын Жеңістің 69 жылдығымен шын жүректен құттықтады. Облыс әкімінің құттықтауынан кейін соғыстың бір сәтінен үзінді ретінде қысқаша қойылым көрсетіліп, соңы мерекелік-концерттік шараға ұласты. Осы мерекеге «Ақ жол» ҚДП арнайы дайындаған Кеңес Одағы қазақ батырларының есімі жазулы ленталар таратылды. Қажымұқан Ғабдолла, Оралдан: – Жеңіс және Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Ақ жол» партиясының БҚО филиалы әскери-патриоттық шаралар өткізді. 5-8 мамыр аралығында «ақжолдықтар» елуден астам Ұлы Отан Соғысы ардагерлерін өз үйлеріне барып құттықтады. Оларға бағалы сыйлықтар мен көгілдір лента тапсырылып, шағын концерттер ұйымдастырылды. Жеңіс күні облыстық филиалдың 200-ден аса мүшесі қалада өткен мерекелік шараларға белсене қатысты. Бақыт Смағұл, Көкшетаудан: – «Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалы Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне орайластырып өткізілген шараларға атсалысты. Аталмыш шара аясында «Тәуелсіздік» алаңында ҚР Төтенше жағдайлар министр­лігінің техникалық институты мен әскери бөлімдердің қатысуымен шеру өтізілді. Жеңіс күні ардагерлерге құрмет көрсетіліп, Ұлы Отан соғысы батырларының есімі жазылған көгілдір ленталар таратылды. Жас «ақжолдықтар» өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, ардагерлерді риза етті.