Семейде патшалық кезең мен кеңестік кезеңнің төлтаңбалары дәріптелуде

erlan semei 1

2012 жылдың қысынан да аман шығып, қардың босаңсып, көктемнен де хабар келе бастаған шақ еді. Күн біресе жылып, біресе суытып дегендей, алмакезек ауысқан беймаза уақыт болатын. Содан бері-де, аттай бір жарым жыл өтіпті-ау.... Осындай бір нәрсені ойлаған кезде ғана, адам өмірінің қамшы сабындай қысқа екенін, алуақыт шіркіннің зымырап тез өте шығатынына көзің жетеді екен.Сол кешкі хабарда, дұрысы бұдан аттай біржарым жыл бұрын берілген хабар менің есімде мәңгі сақталады. Өйткені, сол жаңалықтарда қаланың төлтаңбасын(гербі) жаңарту жөнінде ақпараттар берілді.Жергілікті тарихшылар және қаланың жанашыр азаматтары сөйлеп, жаңа төлтаңбаға ұсыныс түсірді. Мен балаша қуандым. Ғылым мен білімнің ортасы, кешегі алты Алаштың астанасы болған, зиялы қауым қаласы атанған«қасиетті мекен» Семейдің ақ патшаның отары болғанын еске салып тұратын төлтаңбадан құтылатын күн туды-ау, ақыры деп. Төбем көкке жеткендей алабұртқан күй кештім. Мен бұған дейін газет беттерінен, аялдамаларда, дипломдарда қолданысқа еніп жүрген алты түрлі төлтаңбаларды көріп қынжылатынмын. Семей қаласы қашан өз төлтаңбасына ие болар екен, осы бассыздыққа тосқауыл қоятын ел басқарған бір азамат табылмайды ма екен. Әлде, Семейде таңба жасауға қабылетті, өресі жететін бір суретші жоқ па деген намыс та қамшылайтын әрине. Бар екеніне сенемін, тек бәрі әділ болса. Теледидарда көрсетілген хабарды ести сала мен сол күні- ақ іске кірісіп кеттім.

Бірақ, бұл шаруа мен ойлағандай оңай шағыла салар жаңғақ емес екендігін көрсетті. Басталмай жатып тығырыққа тірелдім. Өйткені заңды құбылыс, әркім қала туралы қалада не көрсе соны салатыны түсінікті жәйт. Дегенмен, таң атқанша бір-екі жобаның басын құрап шыққандай болдым да,сағат таңғы тоғыздан бастап теледидардан «Семейге жаңа төлтаңба қажет» деп, осы хабарды ұйымдастырған жігітті іздедім. Семей қанша дегенмен, жиырма бес миллион халқы бар Пекин емес қой, тез тауып алдым. Ұялы телефонмен хабарласып, менің де осы жобаға қатысқым келетіні туралы өтінішімді білдірдім. Ол кісі маған келемін деп уәдесін берді. Жұмыс уақыты бітіп, енді қайтқалы жатқанда бір жігіт кіріп келді, бірден таныдым, сол теледидардан  көрген «Туған қалам- Семейім» қоғамдық қорының төрағасы Айдын Рысбекұлы  деген азамат екен. Таныса келе, өзінің осы жобамен айналысып жүргеніне он жылдан асқанын, бірақ әлі де оң нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқанын баса айтып өтті. Мен жасаған жобаларды көріп ұнағанын айтып, жақында өтетін «Қала және қалалықтар» айдарымен берілетін хабарға шақырды.

Мұны ести сала, мен өте мұқият дайындала бастадым, өз жұмыстарымды қайта саралап өттім, бірақ көңілім толмады. Мен енді ғаламтор арқылы «геральдика» ғылымы жөнінде лекциялар тыңдай бастадым, сол кезде барып осы уақытқа дейін өзім жасаған жобалардың қате екеніне көзім жетті. Өйткені, қала «төлтаңбасында» адам қолымен жасалған қалада көрініс беріп тұрған сәулет өнері: ғимараттар, көпірлер, ескерткіштер т.б. қоюға қатаң тыйым салынады екен, мысалы: Семейдегі «аспалы көпір», «ұлылардың ескерткіші», т.б . Мен нағыз тығырыққа енді тірелгенімді ұққандай болдым және бәрін де басынан бастау керек екенін түсіндім. Бір істі бастаған соң оны аяқсыз тастамау керек. Мейлі, ол алынбас қамалдай көрінсе де енді шегінер жер жоқ деген ой бірден келді. «Төлтаңба» ішіне кіретін белгілер сонау өткен тарихымыздан сыр шертуі тиісті және қаламыздың қазіргі кездегі заманауи көрінісінен де бір белгі болуы керек деп, шештім. Нағыз ізденіс енді басталды. Мен қаламыздың тарихын зерттеп, Семей қаласының еліміз үшін маңызы, біздің ата-бабаларымыздың кім болғанын, біздің мәдениетіміз қайдан бастау алды деген сұрақтар төңірегінде біраз тер төктім деп ашық айта аламын. Тіпті күн мен түнді ауыстырып та алдым-ау деймін. Өйткені, жарымның да әлсін- әлсін «демалсаңшы»  деген ескертпесіне де құлақ аса қоймайтынмын. Қаламыздың өткен тарихы мен бүгінін байланыстыру керек болды. Көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тілінде Семей атауы -«киелі мекен» деген ұғымды білдіреді екен. Мен қала таңбасы бабаларымыздың жүрген жолынан, мәдениетінен оның жауынгерлік рухынан да сыр шертуі керек деген байламға келдім. Солай болуы керек те. Семей қаласы тарихшы қауым арасында Қимақ мемлекетінің «Имақия» қаласы болғаны, одан бері «Дорджинкит» немесе  «Дорджиин-Кит» атанғаны да айтылып жүр. Дегенмен де, Семей қаласының қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолы үшін маңызы зор болғаны ақиқат. Бұл жағдайды да ескеру керек болды және де қаламыздың Алаштың астанасы болғаны да бұлтартпас айғақ екені де шындық. Кешегі Алаш арысы Ж.Аймауытовтың айтқан сөзі бар екен: «Семей- бір губерния елдің миы, ақыл- ойының табысы» деген. Елінің болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен, ешкімге бас имеген ата-бабаларымыздың өткен жолдарынан көрініс беріп тұруы заңды құбылыс. Әйтпесе, жаңа көпірді немесе басқада ғимарат ескертіштерді салуға болушы еді. Бірақ, бұл Семейдей қала үшін тым арзан дүние болып шығар еді және де геральдика заңын да сақтау керек.  Қаланың жаңа көрінісін өткен тарихымызбен байланыстыра алдым деп ойлаймын. Әрине, бағасын халық береді ғой. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халық даналығы. Сонымен, ұйқысыз түндер, ізденіспен өткен күндер, өз нәтижесін бере бастады. Мен, әл-қадырымның жеткенінше, өз көзқарасым бойынша, төлтаңба жасап шықтым. Және ол төлтаңбаның түсінігі де өзіне лайық болуы керек болды, бірақ оны жазып шығу мен үшін қиын болмады. Өйткені, мен өзім жасаған «төлтаңба» -ның әрбір белгісіне дейін жатқа білемін. Ол менің қазір ажырамас бір бөлшегім екенін де мен жақсы түсінемін. Сонымен, мен «Қала және қалалықтар» хабарына түстім. Содан соң, мен «Орта толсын» бағдарламасына шақырылдым, шамамның жеткенінше түсіндіріп дәлелдеуге тырыстым. Осы төлтаңбалар жөнінде бастама көтеріп келе жатқан «Туған қалам - Семейім» ҚҚ ұйымдастыруымен, дөңгелек үстелдер, конференциялар, қоғамдық тыңдаулар өтіп, қала тұрғындарының пікірлері де тыңдалды. Газет беттерінде де, қызу талқылана бастады.Және де, 2012 жылдың 5 шілдесі күні әкімдіктен хабарласып, маған өз жобамды мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне әкелуімді сұрады. Өткізіп едім, бірақ нағыз шырғалаң енді басталатынын білмеппін жәнеде білетін көріпкелдігім де жоқ. Біраз уақыттан соң, мен Семей қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Ғ. Смайыловада болдым. Онда маған жобамның әкім канцеляриясына өткендігі айтылды.  Канцелярияда мен өз жобаларыма қол қойдым (4-дана еді). Қуанып жүріп,  канцелиярияға өткізгенім жайында растаманы да алуды да ұмытыппын. 2012 жылы қазан айында менен жобалардың электронды көшірмесін архитектураға өткізу тапсырылды, өткіздім. Онда маған жобаның әкімге ұнағанын тек, мүмкін болса толықтыру керек  деген ой айтылды. Айта кетейін дегенім, осы уақыттар аралығында менің қасымда, Семей қаласының төлтаңбасын қабылдауға жанын сала кірісіп жүрген Айдын Рысбекұлы да бірге болды. Сол күндерден бастап, менің нағыз ұйқысыз, мазасыз күндерім басталды. Өйткені, әкімдік ешқандай да конкурстың анықталмағаны жайлы және де ешқандай жобаның жоқ екені жайлы түсіктеме берді. Ол туралы түсініктеме берген  облыстық ішкі саясат бөлімінің бастығы Е. Нұрғалиев мырза болса, Елтаңбамыз тұрғанда әр қалаға, әр ауданға төлтаңба қажет пе деген уәж айтады. Осынау жауапты алған соң, мен бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл- Мұхамед Абрарұлына сұрау жібердім. Министрдің жауабын келтіре кетуді жөн санадым: «Құрметті Ерлан! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану "Мемлекеттік рәміздер туралы ҚР Конституциялық заңымен реттеледі. Конституциялық заң облыстар мен қалалардың елтаңбасын пайдалану мәселелерін реттемейді. Еліміздің әкімшілік аумақтық бірліктерінің өз нышаны болуы қолданыстағы заңдарда көрсетілген. Мәселен, "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы ҚР Заңына сәйкес қаланың өз елтаңбасы бар, ол қаланың Қазақстан Республикасының мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ оның географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады. Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы ҚР Заңына сәйкес Астананың өз рәміздері: елтаңбасы, туы және гимні бар. Рәміздердің сипаттамасын, олардың пайдалану тәртібін Астананың мәслихаты айқындайды делінген. Осыған байланысты, облыстар мен қалалардың өзіндік символдарының болуы қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейді және олардың әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін білдіріп тұратын тарихи, тәрбиелік мәні бар деп есептейміз». Құл-Мұхамед М.А.  Сәрсенбі, 25 желтоқсан  2013 жыл.  Көріп отырсыздар, заңға қайшы келмесе, тәрбиелік мәні жоғары болса, онда әкімшіліктің бұл қарсы әрекетін қалай түсінуге болады. gerb semei 1878 Егер де, қала басшылығы төлтаңба қажет емес деп шешсе, онда неге жоғарыда айтылған gerb semei 1991алты заңсыз гербтерді қолданысқа енгізіп жүр? Не үшін патшалық кезеңнің жасаған таңбасын дәріптеу керек болды, әлде орыс ағайындардың көңіліне қарау ма? Өйткені қаладағы орыс ағайындардан патша заманының гербін заңды түрде қайта бекіту жөнінде ұсыныстар түсіп жүргені де ақиқат.Мысал ретінде «Рудный Алтай» газетінің№ 96 нәміріндегі журналист Е. Гуляеваның «Одногорбый вербдюд королевских кровей» мақаласын оқуларыңызға болады. Сонда қалай болғаны Астана қаласы Елбасының жарлығымен өз қаласының төлтаңбасын қабылдады, ол кісілер қалаға төлтаңба қажет екенін білді ғой. Әлде Нұрғалиев мырза «елтаңба» еліміздің, ал «төлтаңба» жеке қалаға тән екенін,екеуінің екі ұғым екенін білмей ме?. Мен сонымен жобаларымды сұрап, 2013 жылдың 5- шілдесінде тура бір жыл өткен соң канцелярияға және ішкі саясат бөліміне бардым ешкім ешнәрсе білмейді, сәулет бөліміне жібереді, олар болса қайтадан ішкі саясат бөліміне сөйтіп, мен аяқ астынан допқа айналғанымды ұқтым. Сонда қалай болғаны, менің жобаларым кімде немесе қайда?  Менің қолымда «Туған қалам- Семейім» қоғамдық қорының әкім аппаратына жобаларды ұсынғаны және оны әкім аппаратының қабылдағаны жөніндегі ақпарат бар екенін де айтқым келеді. Бұл не мазақ   деген орынды сұрақ та туындайды,  сонда тілдерді дамыту бөлімі, ішкі саясат бөлімі, архитектура (сәулет) бөлімі жеке өз жүрек қалауларымен жұмыс істеген болып шығады ғой. Әкімге айтпай жеке астыртын әрекет жасаған ба? мені осы таңқалдырады, көлеңкелі тұстары көп түсініксіз жәйт. Әлде адамның жасаған еңбектері біреулер үшін жәй ғана ермек пе, әлде пендешілікке салынып көздерін жұмып отыр ма? Ашынған адам ғана шырылдаған шындықты айтады, мен кейде өзімді сондай күйде сезінемін. Қаланың тағдыры ешкімнің де ойыншығы емес және де ол ешкімнің жеке меншік дүниесі де емес. «Төлтаңба» ол қала төлқұжатының бейнесі емес пе, тіпті жеке адамның төлқұжатының өзіне де бір-ақ сурет қойылмай ма? Қарапайым адамдар төлтаңбаға мән бермеуі де мүмкін, ол табиғи нәрсе бірақта, Семей зиялы қауым қаласы екені рас болса, әліде ел қамын жейтін азаматтар бар деген сөзді айта алатын болсақ, онда осы даулы дүниеге нүкте қояр деп ойлаймын.Өйткені, жоғары билік басында Семейлік азаматтардың да бар екенін білеміз, жеке бастың ғана мүддесін күйттемей бір мезгіл туған жерге де тағзым ету, оның рухын көтеру сол азаматтардың да намысына  тікелей қатысты деп ойлаймын. Кеңес үкіметі құлаған, Тәуелсіздік алған  кезден бастап теріге салынған жеті шатыр және завод мұржаларын бейнелейтін герб өз күшін жойды, ал патша заманының гербін қайта қолданысқа енгізуді қолдаған кім? Және қандай мақсатпен қойды.  Біреудің отары болғандығыңды еске түсіріп тұратын гербті алып тастайтын кез келді. Ондай кез келгелі 22 жылдан асып кетті. Соны ұмытпайық, ағайын, біз егемендігін алған зайырлы мемлекетпіз, ал сонда бұған қандай жауап айтамыз.Төлтаңба арқылы келер ұрпақты отансүйгіштікке, қаламызға деген мақтанышқа, өткен тарихымызға деген құрметке баулымаймыз ба?             Халқының тағдырындай тарлан қала,             Қазақтың зар-мұңындай арман қала.             Аңсаған азаттықтың белгісіндей,             Алаштың астанасы болған қала. деп жырлаған ақын Құсмілия ағамыздың Семей туралы толғауы маған үлкен ой салады. Расында да қаламыз үшін, оның өткен тарихы үшін тайталасқа түсіп жүрген ағамыздың осынау жыр шумақтары тебірентпей қоймасы анық. Менікі  «Семейімнің төлтаңбасы» деп мақтан ете алатындай қаламызға лайық төлтаңба қабылданса деген ой өйткені, қазіргі ешқандай геральдикалық талапқа сай келмейтін қала тарихынан хабар беруге қауқарсыз төлтаңбалардың қолданылып жүруі көңілге қаяу салады. Ойлана келе әкімнің алдынан өтейін шешімге келдім «Өсекке жақын құлақтан, шындыққа жақын көз артық» деген бар, не болса да әкіммен көзбе- көз, ауызба- ауыз жолығуға бел будым. Мен 16-тамызда қала әкімінің қабылдауына жазылдым , 12-қыркүйек күні қабылдауында болдым, оншақты әртүрлі салалардың басшылары болды. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов маған берген жауабында ешқандай да жобаның өзіне ұнамағанын және  барлық жобалар иелеріне қайтарып берілді деген уәж айтты. Олай болса менің жобам қайда, неге сол кезде берілмеді?. Сәулет бөліміне  электронды нұсқаларды өткізу  қандай қажеттіліктен туындады, неге онда Сәулет бөлімі басшысы Қ.Қоқиланов: «сіздің жұмысыңыз әкімге ұнады» деген пікір айтты, не үшін адамды бір жарым жыл әуреге салу керек болды, неге жобаны қала әкімдігі канцеляриясы қабылдап алды, міне, қарап отырсаңыздар сұрағы көп, тек жауабы жоқ.  Әкім маған «қайтарып береміз»  деген сөзді екі рет қайталап айтты, сонда әкім эскиздердің канцелярияға өткенін білмеген бе?. Мен содан бері 18-ші және 21 қыркүйек күндері қала әкімінің сайтына жобаларды қай уақытта барып алуға болатыны жайлы сұрау жібердім бірақ,  ешқандай жауап ала алмадым. Тек, 26 қыркүйекте (2013ж.) сәулет бөліміне шақырылдым. Онда маған «өзіңіздегі эскиздерді алып келіңіз, куәләндіріп береміз» деді. Апардым, бірақ олар тек көшірмесіне мөр соғып, түпнұсқаны алып қалды. Содан соң, бір жұмадан соң эл. почтама  2012 жылы әкім канцеляриясына өткізген жобаларыңызды алуға болады деген жауап алдым. Бардым, сөйтсем олар мен содан бір жұма бұрын ғана өткізген өздері алып қалған жобаларымды қайта ұсынып отыр. Бұл не мазақ па? Маған керегі 2012 жылы әкімнің канцелияриясына қабылданған жобалар. Мүмкін олар өздерін ақылды санайтын шығар. Бірақ, дәл осы қылықтарымен  тіпті алты жасар баланы да алдай алмайтынын өздеріңіз сезіп отырған боларсыздар. Кейде маған, бұл да кейбір жеке адамдардың өз бас пайдасына шешіп үйренген «Бармақ басты, көз қысты» әрекеті ме деген ой да келеді.Мен де пендемін ғой. Осы ойлар да жиі мазалайды мені, мойындау керек. «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ, сол таяқ кеми берер жонған сайын» деген мақал бар халқымызда. Егер, біреулердің намысына тиіп, арына нұқсан келтірсем, даламыздай кең дархан  көңілдеріне салып кешірер. Әр пенденің бойында  ақыл мен ашу атты қос жүйрік бар ғой, қайсысының тізгіні босаса арындап алдыға шығады. Мен  бәлкім, ашу тізгінін босатып алған болармын. «Еш нәрсе тіліп айтпас- тіл секілді, Жырлайын туған елім бір шетіңді. Отан сүю олдағы иманнан деп, Айтқаны бабалардың шын секілді» -дейді ақын жаны. Мен де ақын жазған көңілге ой салар жолдардан үлгі алсам деймін, иманымызды жоғалтпайық ағайын. Басымнан өткен осы жайларды сіздермен бөлісе кетсем деген ой маған қалам ұстатты. Мен де пендемін ғой, қателесуім де ғажап емес.Тек, сіздермен ой бөліскен қарапайым жанның жан айқайы деп қабылдаңыздар.

Қала төлтаңбасына түсінік

Болашақта, Семей қаласының жаңа төлтаңбасына байқау жарияланатын болса,  төмендегі суретте  көрсетілген жобамды ұсынған болар едім!

aidyn (2)

          Таңбаның дөңгелек немесе шеңбер болуы ол осы таңба ішіне кірген белгілердің ғұмыры мәңгілік болсын деген ойдан туындады. Өйткені, шеңбер ол шексіздік немесе мәңгілік деген ұғым.  Көк  түс- төбедегі бұлтсыз ашық аспан түсі, ол геральдика тілінде- адалдық, сенімділік, үміт. Ежелгі түркі тілінде «көк»  сөзі аспан деген ұғым, ал көк түс  түркі халқы үшін қасиетті түс. Күн-  ол геральдика заңдылығында- тіршілік жарығы,  жылылық көзі дегенді білдіреді.  Таңба ішінде күн бейнесінде оюлы шуақ шашқан шаңырақ бейнеленген, оюдың жалпы саны отыз екі, ол «отыз екі тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылар» деген мәтелді еске түсіреді. Еліміздің даңқы артып, мерейі үстем болып, бар әлемге тарасын деген ұғымда алынды, ал күн шуағының оюмен берілуі де ұлттық ою өнерін насихаттайды. Егер киіз үйді жоғарыдан төмен қараса, онда шаңырақ күнге, ал уықтар оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы осы бейнеден өз көрінісін тауып тұрғандай. Ал оның ішіндегі күлдіреуіштер арасындағы төрт бөлікке түндік ішіне ай, жұлдыз, атқа мінген адам және түйелер бейнеленген. Бұл біздің төрт құбыламыздың тең екенін көрсетеді. Ай мен жұлдыз айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан деген қаламызға деген ізгі тілек және Семей қаласының алғашқы төлтаңбаларынан алынған бір көрініс. Туып келе жатқан жаңа ай- егемендігін кеше ғана алған ел болашағы, ал жұлдыз- бес материкке  деген біздің дастарханын жимаған ашық қонақжай ақ көңіліміз. Атты адам- қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолын алғаш игерген Қытайдағы түп ағашын түптеген жаяу шаруа емес, желмен жарысқан сәйгүлік мінген, сар даланы ат  тұяғымен дүбірлеткен салт аттылар «Көк Түріктің»  ұрпақтары екенін мойындау үшін архивтік айғаққа жүгінудің еш қажеті жоқ. Ал біздер сол  жауынгер халықтың ұрпақтарымыз, жалғасымыз.  Алыс жол  жүріп келіп дамылдап тұрған  қос өркешті түйелер жайлы айтатын болсақ, ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей түйелерсіз Ұлы Жібек жолын көзге елестету еш мүмкін емес. Семей қаласының Ұлы Жібек жолы үшін маңызы болғаны тарихтан белгілі, сол маңызын әлі де жоғалтқан емес. Бұл белгілер бәрімізге ортақ петроглифтерден алынған біз, тастағы таңбаларымызды ұмытқан күні тарихымыз да жоғалады сондықтан оны жоғары ұстау қасиетті борышымыз. Күн шуағымен жалғаса қызыл түске берілген алты ою-   алты алаштың  баласын көз алдыңа елестетеді. Семейдің алты алаштың астанасы болғанын еске түсіреді, олардың орталарын  ала ұшқан жеті  қарлығаштар алаш арасындағы мәңгілік татулықты білдіреді. Семей атауы сары алтын түспен жазылған,таңбаның төменгі жағынан орын алған, ол қаламыз алтындай бағалы болып жарқырай берсін,  деген жақсы тілектен туындады. Қызыл түс көшпенділерде  отты білдіреді, демек маздай жанған ошақ оты - жылылық сәулесі, күннің кішкене бөлшегі . Қарлығаштардың  ошақты айнала ұшуы да ошағымызда, демек шаңырағымызда мәңгі бейбітшілік болсын деген ұғымды білдіреді. Қарлығаш саны жетеу, жеті киелі сан. «Жеті ата», «Жеті қазына» , «Жеті жарғы», «Жеті қабат жер», «Жеті қат көк» т.б. ұғымдары ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті сөздер. Түйемойнақ аралындағы « Бейбітшілік» монументіне  де осы жеті қарлығаштың қойылуы да елімізде бейбітшілік болсын деген ізгі тілектен туындаған. Демек бұл қаламыздың бүгінгі келбетін айшықтайды. Ал осы қарлығаштардың ошақты айнала ұшуы, ол  бейбітшілік мәңгі болсын деген ұғымды білдіреді. Өйткені, қарлығаш қазақ ертегілерінде бейбітшілік құсы болып саналады.

Ерлан ӘМІРБЕКОВ

Семей қаласы

www.qazaquni.kz

Сілтемені қараңыз:

Семейдің гербі – Ресей патшалығының отарлау саясатын айқындайтын 1878 жылғы герб… http://www.qazaquni.kz/?p=12245