Біздегі білім реформасы күнде көйлек ауыстыратын сәнқой келіншек секілді

6a5992780944c31fcda8ff166136065eБілім саласының сырт елдің жылт еткенінің бәрін үстіне жапсырып алып, соңында өзін де, өзгені де әуреге түсіруі жұрттың жүйкесіне тигені бүгін емес. Сондықтан шығар, реформашыл білімнің әсіресәнқойлығы кейінде жиі сынға ұшырай бастады. Реформадан реформа қоймай жүрген білім-ғылым саласы күніне көйлегін бірнеше рет ауыстыратын, соңғы сәндегі көйлекті кимесе, ішкені бойына сіңбейтін сәнқой келіншек секілді кейде. Министрлер ауысқан сайын, сөйтіп, білімге су жаңа көйлек, анау-мынау емес, батыстың «брендтік» көйлектерін «кигізуге» кұмар-ақ... Ондағы оқтын-оқтын емес, дүр­кін-дүркін жүзеге асатын реформа мұғалімді де, баланы да, ата-ананы да, ең ақырында жоғары жақта­ғы­лар­дың да жынына тигені мәлім. Ол бер жағы. Қарап отырып, «жүректері айнитын» болған. Олай етпей ше, білімнің маңдайына кейінгі 13 жылда жеті министрді жазыпты. Бағы ма, әлде соры ма, білмейміз. Бірақ министрі ауысқан сайын реформасы қоса ауысатын саланың өзі де бүгінде реформа десеңіз, құлын тастайтын күйге жетті. Өйткені мектепалды даяр­лықтан бастап, ғылымға дейінгі аралықты қамтыған білім саласы сынақ алаңына айналып кеткелі қашан. Реформасы көбейгенімен, нәтижесі артпай тұрғаны да ешкімге құпия емес. Бұдан бұрын министрлік жария еткен мәліметтер реформаға әуес білімнің биіктен көріне алмай жүрген пұшайман кейпін көрсеткен-ді. Атап айтқанда, дәл қазіргі таңда Қазақстан «Бастауыш білім­мен қамту» инди­каторы бойынша – 118, «Ғылыми-зерттеу ұйымда­ры­ның сапасы» бойынша – 108, ғалымдар мен инже­нерлердің қолжетім­ділігінде – 104, ЖОО мен бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар арасын­дағы ынтымақтастығы бойынша – 90, «математика мен жара­ты­лыстанудың сапасы» бо­йынша 81 орын­да екені белгілі болған-тын. Реформасы көп саланың реңі неге бұлай солғын?! Көрсеқызарлық көсегені көгертпейді Білімдегі бейдауа дертке айналған реформаторлық әдеттің жат жұртқа қарап, әуесқойлық екені айтылудан кенде емес. Халықаралық стандартты қалқан етіп ұстағандардың арқасында талай реформаның дәмін татқан білімде бүгінде, ең құрығанда, жібі түзу оқулық табу қиын. Ал ұстаздар мұғалімдікті қойып, қағазбастылықтан көз ашпайды. Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы: – Қазақстандық білім жүйесін, бұл жиырма жылдан бері айтылып келе жатыр, реформаторлық әуестенушілік жайлап алды. Біз көптеген, аяғына де­йін жетілдірілмеген реформалардың куәсі әрі қатысушысы болып келе жа­тыр­мыз. Халықаралық стандарттар­ға сілтеу сәнге айналып кетті. Оның айту­ын­ша, барлық-дерлік дамыған елдер қазіргі мақтан тұтатын стандарттарға жеткенше ұзақ және күрделі даму жо­лы­нан өтті.Біз сәулеті, дәулеті, келісті мектептер салуды үйрендік. Бірақ бұл жеткіліксіз. Білім жүйесінің жүрегі ұстаз болып табылады. Біз ұстаздардан қыс­қа уақытта мүмкін емес дүниелерді та­лап ете алмаймыз. Ол үшін ұстаздарға барлық жағдайды жасау керек. Олар ағылшын тілінде сөйлеп, компьютерлік сауаттылықты меңгеруі үшін батыс білі­мін алып, халықаралық стандарт­тар­ды тәжірибеге енгізуі үшін тиісті жағдай керек. Бүгінгі күні мұндай жағдай жоқ. Сондықтан бұл саладағы реформалар өте баяу жүріп жатыр Білім іргетасы берік пе? Елдегі білімнің іргетасы саналатын ба­лабақша, ресми тілмен айтқанда, мектеп­ке дейінгі тәрбиемен қамту әлі күнге өзек­тілігін жойған жоқ. Мысалы, елде бала­бақ­ша кезегінде 458 мың бала тұрса, Қа­ра­ғанды облысында ол көрсеткіш 12 мың­ды құрайды. Оған себеп, білім басқарма­сы­ның айтуынша, туу көрсеткішінінің 2,3 па­йызға артуы. Бұған қарамастан, мектеп­ке дейінгі тәрбиемен қамтылған 1-ден 6-жасқа дейінгі балалардың 86,6 пайызы, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 98 пайызы балабақшамен қамтылған деген дерек бар. Солай бола тұрса да, облыста 12 мыңнан астам бала кезекте тұр. Сол себепті 2015 жылға дейін 2555 орынға 11 балабақша тұрғызылады деп күтілуде. Бұл – бір аймақтағы жағдай. Мұндай мәселе кез келген өңірдің басында бар. Бұдан соңғы мектепалды даярлықтағы ахуал да үмітіңізді алдағы күнге жалғауға мәжбүрлейді. Мысалы үшін даярлық сы­ны­бындағы балаға оқулық жыл сайын өз­гереді. Күз бойы ата-аналар сол кітап­тар­ды іздеумен шаршайды. Бір баланың ба­сында кемі – 15 оқулық. Ол 15-ті 5 жасар ба­ла қалай оқып, миына қондырады. Әзір­ге ата-аналар үшін жұмбақ. Бірақ бі­лім бағдарламасы сондай. Бұл әуелгі ірге­тас­тың бір бөлшегіндегі ахуал. Мектепке реформа не берді? Кейбір сараптамалар дамыған елдерді білім саласында реформа 10 жылда бір жүргізіледі дейді. Ал бізде министр ауыс­қан сайын. Мысалы, кейінгі жиырма жыл­да бізде онның жуан ортасына жуық ре­форма, кемі бес тұжырымдама, дәл сонша стандарттар қабылданыпты. Есесіне, апатты жағдайдағы мектептер мен материалдық-техникалық базасы, мұғалімдері жетіспейтін мектептер аз емес. Апатты жағдайдағы мектептердің ба­сым бөлігі ауылда екені және белгілі. Мәселен, жалпы Қазақстандағы апатты мектептің 93 пайызы қазақтың қаймағы саналған ауылдардың пешенесіне жа­зылған. Ғылымның халі нешік? Еліміздің қай саласында болмасын ин­новациялық технологияларды, компью­терлік бағдарламаларды пайдалану кеңі­нен етек алған. Қазіргі дамуды онсыз елес­тету мүмкін емес. Ал оның түп бастауында ғылым тұр. Зиялылықтың да, зияттылық­тың да негізгі арқауы. Ақпараттар селдей тасыған мына заманда ғылымның алар орны алабөтен ерекше. Ғылым үшін қай саланың да материалдық-техникалық ба­засының, зертхана жабдықтарының, оқу және әдістемелік әдебиеттердің зама­науи талаптарға жауап беретіндей бол­ғаны жөн. Ғылым соңғы кезде іске асатын қандай жетістіктерге жетіпті. Қаншама ұсыныстар жасағанымен, оның нәтижелері көңіл то­лар­лықтай емес. «Қазіргі таңда қолы жет­кендер Мәскеуге, аяғы жеткендер Біш­кекке барып докторлық, кандидаттық ғы­лыми дәрежелерін бұрынғыдай алып ке­ліп жатыр» дейді ғаламторда мұң шаққан мұңлықтар. Рас, қазір ғылым тоқырап тұр. Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі: – Қазір университеттерде бұрынғы­дай Ғылыми кеңес жоқ. Содан барып ЖОО-ларда ғылыми атағы бар оқыту­шылар құрамының пайыздық деңгейі тоқтап қалды. Көтерілмейді. Неге? Өйт­кені ғылыми атағы болғанымен, көбі университетке келіп жұмыс істе­мей­ді. Ал қорғағысы келетін білімді із­де­нушілер қорғай алмайды, жүйе бас­қа. Енді PhD доктор деген шықты. Ол да дұрыс шығар. Бірақ мұнда талап өте қатаң. Бұл жүйе арқылы қорғау үшін импакт-фактормен мақала шығуы керек. Ол – әлемнің бірнеше елінде ғана шығарылатын ғылыми журнал. Ал оған қатардағы мұғалімнің мақала шығаруға шамасы келмейді. Себебі бағасы өте жоғары. Ойлап қараңыз, оқы­тушы екі айлық жалақысына мақа­ла шығара ма әлде бала-шағасын асы­рай ма? Рас, мақала шығару математи­ка, физика, техника секілді нақты ғы­лым саласындағыларға жеңілірек. Өйткені бұл бағытта біздегі ғылым дең­гейі шетелден жоғары және журналға осы бағыттағы ғылыми мақалалар қабылданады. Олардың мүддесіне сай келмейтін біздегі қазақ әдебиеті, қазақ тілі, Қазақстан тарихы немесе қазақ философиясы, қазақ құқығына қатыс­ты мақалалар шығарылмайды. Шетел­дік басылымға мұның қажеті жоқ. Айталық, қазақ тіліндегі етістік, көсем­ше­нің жұрнағы я қазақ әдебиетіндегі қандай да бір кейіпкердің рөлі ағыл­шынның импакт-факторы бар жур­налға қажет пе? Қажет емес! Міне, осыдан келіп біз тығырыққа тірелдік. Мысалы, ғылыми атақ алу үшін іздену­ші­лердің көбісі Қырғызстанға ағылуда. Бұл не деген сұмдық?! Қазақ ғалым­дары енді барып қырғыздың ғылымын көтере ме? Бұл мәселені ойланып ба­рып іске асыру қажет еді. Ғылыми ке­ңестерді жапқанда, осындай салдары ескеріліп барып қадам жасалуға тиіс еді. Айталық, Ғылыми кеңестер жабы­лады деген хабар тарағаннан кейінгі соңғы бес айда кімдер қорғағанын білесіз бе? Қорғағандардың басым бөлігі – таныс-тамыры барлар. Ал ғы­лымға шын жанашырлардың көбісі далада қалды. Осы істе ғылымға ба­ғыт-бағдар болып отыратын министр­лік тиісті қадамға бара алмады, мә­се­ленің оң шешім табуы жолындағы үде­ден шыға алмады.

                                                                     Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

"Алаш айнасы"