Ә. СЕЙФОЛЛА: Эфирден жақсы көрсетсең, ақша берем дегендер болды...

Айгерім СЕЙФОЛЛА, «Астана» телеарнасы «Сырласу» бағдарламасының жүргізушісі: – Айгерім, көпшілігіміз Артур Платоновты мықты журналист санаймыз. Артурға теңдес айташы жоқтай көреміз қазір. Бір жағдай болса, «Платонов не дейді екен?» деп Платоновтың аузын бағамыз. Қазақ журналистерінің арасында осындай сөзіне халық сенетін, пікірімен жұрт санасатын тележурналист жоқ па сонда? Бар болса, ол қатарда кімдерді атар едіңіз?

– Таяуда басында үлкен проблемасы бар кісілермен сөйлесіп қалғанмын. «Тығырықтан жол таппаған кезде Платоновтың хабарына жетуді ойлаймын. Әділдікті бір айтса, Артур Платонов айтатындай көрінеді. Оған қалай барсам екен, көмектесіп жіберші», – деп өтініш білдірді. Платоновтың хабарын өзім де қарауға тырысамын. Ешкім айта алмайтын, басқа журналистер бара бермейтін тақырыптарды қозғап жатады. Сондықтан да көрермен шындықты тек Платонов қана айтатындай көреді. Бәлкім, солай да шығар... Мен қазақ журналистерінің арасынан Платоновқа ұқсайтын емес, Платоновты шаң қаптыратын журналистердің болғанын қалаймын. Өйткені, біз бәсекелестік жағынан ақсап жатырмыз. О баста мен «Сырласуға» әр саланың майталмандарын шақыруды мақсат етіп қойдым. Бағдарламаға әдебиеттің, мәдениеттің, спорттың, медицинаның адамдарын шақырдым. Ал журналистикаға келгенде тележұлдызға айналған, айтары бар тележүргізушілерді де шақырайын дегенде, ойланып қаламын. – Неге? – Әрине, бұл бағдарламаға шақыруға тұрарлық тележурналистер жоқ деген сөз емес. Бірақ мен айтқан журналистерді ұжымның талқысына салған кезде бәрі бірауыздан Платоновты мақұлдағандай мақұлдамайды. Бізде бір хабарды жап-жақсы жасап, елдің аузына іліккен журналисті көресің, біраздан кейін ол эфирден жоғалып кетеді. Қасым Аманжол «Шынның жүзін» ары қарай жасай бергенде, Артур Платоновтай айташыға айналар ма еді қазір?! Отандық арналардан Қасымға я болмаса Ғалым Боқашқа бір бағдарламаның тізгінін ұстатсақ, істемеймін демес еді ғой олар. Айтары бар журналистерге мүмкіндік беру керек. Әуесбайдың Қанаты да қазір жап-жақсы өсіп келе жатқан жігіт. Кезінде «Үш ширекті» жасаған Мәди Манатбек, «Бас тақырып» бағдарламасын жүргізген Дархан Әбдіктің пікірімен жұрт санасып, бағдарламаға қатысатын шенеуніктер де қорқа бастаған. Мүмкін, бағдарламаның жабылып қалғаны содан да шығар. – Сіз өзіңіз осы саланың әккі маманына айналдым дей аласыз ба? – Жоқ, әрине. Журналистиканың әккі маманына айналдым деуге өте ерте. Эфирге шығып, бір-екі хабар жасадым екен деп олай сөйлеуге болмайды. – «Сырласуға» келген қонақтардың қай-қайсысының болмасын тырнағысы келмейтін жарасы болады. Бағдарлама барысында сіз кейіпкеріңіздің жалтарып, жауабын айтпай бұлтақтап жүрген, жанына бататын сұрақтарын қойып жатасыз. Ренжігендер болды ма? Мұндай батыл сауалдар қоюда өзіндік әдіс-тәсіліңіз бар ма? – «Неге сіз үлкен ел ағаларына, әдебиеттің майталмандарына ыңғайсыз сұрақтар қоясыз? Жарасын тырнап, кейде тіпті этикадан аттап кетесіз», – дейтіндер көп маған. «Танымал адамдардың құпия сырын ашуға неліктен әуессіз? Онда сіздің шаруаңыз қанша?», – дейтіндер де жетерлік. «Сырласуға» келген қонақтың отбасына дейін айтқызып, ұсақ тақырыпқа барасыз...», – деп ренжіді біреулер. Бірақ кешіріңіздер, көпшіліктің басы қосылғанда айтылатын әңгіме сол болса, неге сұрамасқа? Меніңше, мұның ешқандай айыбы жоқ. «Сырласуға» келген әжептәуір белгілі адамдардың өзі артық сөйлеп қойып, артынан өкініп, «эфирге жібермей-ақ қойшы» деген кездері болды. Тіпті бір ағамыз: «Мені эфирден жақсы етіп көрсетсең, көлік әперемін, қалтаңа қомақты ақша саламын. Өзіңе тиімді мүмкіндікті пайдалан», – деді әуелі. Бірақ мен мұның ешқайсысын да қабыл алған емеспін. Арымның тазалығын бірінші орынға қойдым. Журналист болғаннан кейін біз кез келген тақырыпта еркін сөйлесе алуымыз қажет. Қазақ журналистерінде, мүмкін, ол менталитетімізден шығар, ұяңдық бар. Мен сұхбат жүргізгенде көп әріптестерімнің қоя алмайтын сұрақтарын қоямын. «Сырласуға» келетін қонақты алдын ала зерттеймін. Араласатын адамдарынан сұрастырғанда: «Ол адамның ешкімге айтпайтын, жауап бергісі келмейтін мынадай сыры бар», – деп жатады. Мен міндетті түрде соны сұраймын. Кейіпкерімнің бұрынғы сұхбаттарында айтқан ойларын қарама-қарсы қолданғанды ұнатамын. Мезі ететін кезекші сұрақтарды аузыма алмаймын. Сол себепті де, «Сырласуда» халық алдындағы азаматтардың ел білмейтін қыры ашылып жатады. – Эфирден ылғи да өзіне сенімді, сұрағысы келгенін тайсалмай сұрайтын Әйгерімді көреміз. Өмірде өзіңізге сенімді адамсыз ба? – Өзіме жүз пайызға сенімді емеспін. Олай деп ешкім де айта алмайтын шығар. Бірақ әр қадамға барғанда «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы ұстанамын. Өзіме сенбейтін жағдайлар да менде болып тұрады. – «Сырласуға» Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан, Әкім Тарази, Төлеген Мұхамеджанов сынды халық алдында жүрген, тұлғалық дәрежеге көтерілген азаматтар келді. Бірақ кейінгі бағдарламаларыңызға әнші, әзіл-сықақшыларды да шақырдыңыз. Эстраданың, әзіл-қалжыңның айналасындағы жастарды шақыру арқылы «Сырласудың» қазіргі деңгейін арзандатып, жеңілдетіп аламын деп қорықпайсыз ба? – Мен бағдарламаға келетін қонақтарды ұсақ немесе үлкен деп бөліп-жармаймын. Жастарды, әнші, әзіл-сықақшыларды шақыру арқылы «Сырласудың» деңгейін түсірдім дей алмас едім. Ұсақ әншісымақтар шығып кетті деп те ойламаймын. Телебағдарламалар рейтингке тәуелді, білесіз. Сарапшылар хабарды қай жастағы, қанша адам көргенін ай сайын жариялап отырады. Хабарды жүргізгенде мен сол рейтинг нәтижелеріне қараймын. Әншілер, өнер адамдары қонаққа келсе, бағдарламаны көретіндердің саны күрт көбейетінін көріп жүрміз. Өйткені оларды мектеп оқушысынан бастап 70-тегі қарияға дейін түгел таниды. Жұлдыздарды бағдарламаның рейтингін көтеру үшін де шақырамын. Менің бағдарламама айтарым бар-ау деген азаматтардың өзі сұранады. Бірақ сұранды екен деп біз барлығын шығара бермейміз. 40 минуттық хабарға әңгімесі ұсақталып кетпейтін, сұхбатынан халық ой түйетін адамды таңдаймыз. – Бағдарламаның рейтингі осыған дейін қанша пайызды көрсетті? Қай бағдарламадан алда келеді? – Өте жоғары деп те, өте төмен деп те айта алмаймын, орташа. Өйткені бағдарламаға арнаның рейтингісі де әсер етеді. Кейінгі кезде жұртшылық: «Астана» телеарнасының деңгейі өсті, арна қазақшаланды, бағдарламалардың сапасы жоғарылады», – деп жатады. «Астана» көрерменнің сұранысына сай жұмыс жасап жатқан арнаның бірі деп айта аламын. Соған сай, «Сырласудың» да өзіндік рейтингісі бар. – Сізді «Сырласуға» шақырған қонағыңыздың мысы басқан кезі болды ма? – Әзірге болған жоқ. Ілгеріде «Меншікті мекен» бағдарламасымен танымал тұлғалардың үйін араладым, жұмысында болдым, өмірін сырттай бақыладым. Теледидардан керемет көрініп жүрген ағаларымыздың былайғы өмірде мүлде басқа екенін көрдім. Сонда кей азаматтарымыздың әйелдерінің айтқанынан шыға алмай кібіртіктегені қынжылтты. Ел алдында әдепті, сыпайы кісілердің өмірде қаһарына мінген қатты адам екенін білдім. Мүмкін жұмыс барысындағы тәжірибеден де шығар, кісі танитын дәрежеге жеттім. – Жөн екен. Өткен бір хабарыңызда Ерік Жолжақсыновқа қойған сауалыңызды өзіңізге қойғым келіп отыр. Қанша дегенмен теледидар арқылы халыққа танылып қалдыңыз. Танымалдылықтан қандай пайда көрдіңіз? – Танымалдылықтың әрине, пайдасы міндетті түрде болады. Ауруханаға, Халыққа қызмет көрсету орындарына барсам, жұрт кезексіз өткізіп жіберуге тырысады. Қоғамдық көлікте отырғандар орын береді. Ауруханада мені дәрігерлердің көбі таниды екен, соны байқадым. Әзірге керемет танымалдылыққа қолым жетті, абырой-беделімнің арқасында жақындарымның қолын пәленге жеткіздім, қызметке тұрғыздым дей алмаймын. Бірақ бір қуанғаным – биыл ауылдасымның журналистика факультетіне түсуіне бағыт сілтеп, көмектесіп жібердім. – «Сырласудағы» өзіңіздің сауалдарыңызды өзіңізге қояйын. Жиі өтірік айтасыз ба? – Өтірік айтпаймын. Бірақ таяуда ғана «Сырласуда» болған Алтыншаш Жағанованың айтқанындай, сәл-пәл «лакировкалар» болып тұрады. – Соңғы рет қашан қуандыңыз? – Тұрмысқа шыққан кезде қуандым. Таяуда тұрмыс құрдым. – Ал қашан жыладыңыз? – Жылаған кезім есімде жоқ. Бірақ аянышты кинолар көрсем, біреудің басындағы қайғылы жағдайды естісем, көзімнен еріксіз жас парлайды. Көңілім бос адаммын. Біреудің басындағы қиыншылықты жүрегіме жақын қабылдаймын. Ондайды естігенде басым ауырып, ұйықтап қалатын кездерім де болады. Мұны білмейтін адамдар мені суық, қатты адам деп жатады. – Жаңа тұрмысқа шықтым дедіңіз ғой. Күйеуіңіз қай саланың маманы? – Жарым қазақ полицейі. – Меншігіңізде не бар? – Осы сұрақтың бір күні өз алдымнан шығатынын білетінмін. Бұл сұрақты қойғанда танымал тұлғалардың өзі «меншігімде дым жоқ» деп жауап береді. Ол кісілердің жалған жауап беретінін біле тұра, үнсіз келісемін. Ал өзіме келсем, шын мәнінде менің меншігімде ештеңе жоқ. Тіпті, көлігім де. Көлік жүргізуге құштар емеспін, қорқамын. Сұхбаттасқан – Қарлыға ИБРАГИМОВА

Халық сөзі