Билік халықты көшеге шығуға мәжбүр етпеуі керек…
24 қыркүйек, 2009 // 55 пікірҚазыбек ИСА, ақын:

Әлемде жалғыз ел бар, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін, ол – Қазақстан. Әлемде жалғыз ел бар, Мемлекет басшысы – мемлекеттік тілде сөйлемейтін, өзі бір кезде отары болған шетелдің тілінде сөйлейтін, ол да Қазақстан. Өз мемлекетінде өзінің мемлекеттік тілінің мүшкіл халіне акция өткізетін, оған өліп-талып, зорға қол жеткізетін ел де осы Қазақстан.
Өзін отарлап алған бір кездегі қожайын елдің тілінде сөйлеуге құмарлық- құлдық психология, бейшаралық! Біздің елдің басшылары шетелге шыққанда, тіпті мынау тілі түсінікті өзбек пен қырғыз еліне барса да басқа бір шет мемлекеттің – Ресейдің тілінде сөйлеуі менің намысымды келтіреді.
Тілімізге қарасақ, біз әлі Ресейдің губерниясы секілдіміз. Бұл ешқандай дипломатиялық жетістік емес. Бұл – дипломатиялық дімкәстік. Бұл – сыртқы саясаттағы сауатсыздық, рухани кембағалдық. Бұл – ұлттық намыстан жұрдайлық, мемлекетшілдіктің, патриоттықтың жоқтығы. Қарапайым сөзбен айтқанда, күшігінен таланған бейшаралық. Біз Ресейге барғанда да қазақ тілінде сөйлеуге тиіспіз.Сонда олар Қазақстанның осыдан 18 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын есіне түсіруі мүмкін…
Мен 80-жылдары студент кезімде ойлайтын едім, неге біз орыс тілінде сөйлеуге тиіспіз? Неге өзге ұлттар қазақ тілінде сөйлеймейді? Жауап белгілі – бодан едік. Біздің тіліміз құл елдің тілі еді…
90 жылдары, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары менің балам маған осы сұрақты қойды: – Неге біз орыс тілінде сөйлейміз, олар неге қазақ тілінде сөйлемейді?-деп. Мен ол кезде болашақтан үмітті едім. Бес-алты жылда солай болады деп сеніммен жауап бердім. Бірақ бұл кезде де біздің тіліміз әлі бодан елдің тілінен аса қойған жоқ еді…
Енді міне, Тәуелсіздік алғанымызға да, Тіл туралы заңымызға да 20 жыл болғанда, осы сұрақты маған баламның баласы қоюда: -Біз неге орыс тілінде сөйлейміз. Мемлекеттің тіліміз бейшара тіл ме, әлде мемлекетіміз бейшара ел ме?
Мен бұған не деп жауап беремін? Біз бұған не деп жауап береміз, халайық? Бұл – 70 пайыздай, яғни 10 миллион қазақтың сұрағы! Ал бұған Елбасы жауап беруі тиіс. Өйткені бізде бәрін Елбасы шешеді ғой. Бір партиядан құралған Парламентке бәрібір. Жат десе жатады, тұр деп айтуды ұмытып кетсе, жата береді. 2004 жылы Парламенттің 90 пайызы, оның ішінде қазақтардың 90 пайызы өз ана тіліне, мемлекеттік тілге қарсы шықты. Біздің “Жас қазақ үні” газеті дауыс берудің стенограммасын жариялап, масқара қылған сол 90 пайыз әлі отыр парламентте. Ертең сол 90 пайызға “Ресейге қосылмасақ болмайды екен” десе, түгел қолдайды. Өйткені, тілін қорғамаған парламент елді қорғай ма? Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін де ойлауымыз керек… Енді нұротандық парламент осы қара таңбадан арылу үшін мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдауы керек.
Бір кезде ұлтшылдық үшін арыстар атылып кетсе, енді ұлтшылдықпен мақтануға тиіспіз. Өйткені тәуелсіз елміз.
Тәуелсіздік баянды болу үшін біз ұлтымызды жақсы көруіміз керек. Мемлекетімізді сақтауымыз керек. Ал Парламентке ұлтшылдар баратын, ұлттық сезімі, мемлекетшілдігі, патриоттығы үшін сайлайтын кез жетті! Әрине, ол үшін ең алдымен әділ сайлау қажет!
Өзімізді-өзіміз енді тағы 20 жыл алдасақ, тілсіз мемлекетке айналамыз. Тілің болса ғана-тірісің. Тілің болмаса – өлісің. Сонда біз қандай мемлекетпіз?
Қазақ тілін үйренуге ақша бөлудің қажеті жоқ. Өйткені билікке қазақ тілінің қажеті болмаса – ол ақшаны не үшін бөлеміз. Шенеуніктер шетінен бөліп алып, шетелге қашып кетуі үшін бе?
Ең алдымен мемлекеттік тілдің- қазақ тілінің қажеттігін тудыратын, әр адамға міндеттейтін заң қажет.
Мемлекеттік тілді білмеген адам мемлекеттік қызметке де, жоғары оқу орнына да қабылданбауы тиіс. Міне, сонда әркім ешқандай ақшасыз-ақ мемлекеттік тілді 6 айда үйреніп алады. 20 жылда емес! 20 жылда ешкім, ешқандай мемлекеттік қызметкер 20 сөз үйренбесе, онда біздің мемлекеттігіміздің де, заңымыздың да не құны қалды? Билік қазақ тілі -мемлекеттік, орыс тілі – ресми тіл деп елді 20 жыл алдап келді. Мемлекеттік статустың құны көк тиын екенін көрсетті. Енді жетеді!
Қазақ мемлекетінің аты –Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі 70 жыл билеген кеңес империясы кезінде де Қазақ Республикасы еді. Сонда қазақстандық деген атаудың елді шулатуынан құтыламыз. Кеше билік бәріміз қазақстандық емес, қазақ болайық дегенде мұншалықты шу болмас еді. Дамыған ұлттық мемлекеттерде солай. Францияда бәрі француз, Түркияда бәрі түрік. Ешқандай “стан” деген құйыршық жалғаусыз. Бұған біздегі өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қарайтын еді.
Қазақ халқының есебінен, қазақ тілінің есебінен, қазақ мүддесінің есебінен, қазақ төзімпаздығының арқасында сақталып келе жатқан тыныштық үшін өзге ұлт өкілдері енді қазаққа алғыс айтып, мемлекеттік тілді үйренуге міндетті болсын. 20 жыл мемлекеттік тілде сөйлемеген мемлекет басшысына да алғыс айтып, енді елдің бәрін мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеуге олардың өздері ықпал етсін. Бұл жолда жаңа ғана мемлекеттік тілде сөйлеген, қазақшасы Мәсімовтен кем емес, Ғ.Қасымов пен Е.Ыдырысовтан он есе артық “Алға” партиясының басшысы Козлов мырза алда болады деп білемін.
Кеше Үкімет қазақ тілінде сөйлеп еді, орыс тілді журналистер, ішінде өзіміздің қазақтар да көп, шу ете қалды. Бұл не деген масқара? Мемлекеттік тілге қарсылық-мемлекетке қарсылық деп танып, осындай тұжырым жасалу керек. Тайрандаған тәйтіктерге “тәйт!” деудің орнына, тайқып кеткен Үкімет таз кепешін қайта киді. Мемлекеттік тілге, мемлекеттік һәм ұлттық мүддеге қарсы шыққандар, жазалануы тиіс. Менің Тәуелсіз мемлекетімнің түбіне жететін, ұлтыма кір келтіретін мұндай жалған “демократияның” не қажеті бар?
Қазақ тілінің мәселесі көшеге шығумен шешілетін болса, билік соған жеткізсе – көшеге де шығайық! (зал түгел қостап, “шығамыз” деп дүрілдеп кетті.ред.) Ата заңымыз орындалмай жатса, заңды талап етіп көшеге шыққанымыз заңсыздық болып табылып, қамап жатса, қазақ тілі үшін қамалуға да дайынбыз. Оған осы жерде отырғанның көбісі дайын деп айта аламын. Дайын емесінің өзі түрмеге тамақ апаруға жарайды…(зал түгел қостап, “дайынбыз” деп орындарынан тұрып кетті.ред.)
Енді мемлекеттік тілдің жағдайын билік шешпесе, онда билік халықты көшеге шығуға өздері мәжбүр етіп отыр, кінә билікте деп білеміз. Ендеше ендігі сөз, ендігі әрекет билікте, халайық! Елбасының жауабын күтеміз! Біз бәріне дайынбыз! Мемлекеттік тіліміз үшін барлық қадамға барамыз! Халық қайтпайды! Шаханов шаршамайды!
«Тіл туралы» заңның 20 жылдығына байланысты Республика сарайында өткен
«Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында сөйленген сөз.
20 қыркүйек, 2009 жыл.
№ 37 25.09.2009.
Ұқсас мақалалар
-
ЖЕТПІСТЕГІ ЖІГІТ
7 мамыр, 2012 // 0 пікірБіздің бүгінгі әңгімеміз Төлеубек Сейітқалиұлы Қарамендетегі туралы. Көзі қарақты адамға бұл азаматт...
-
Халқымыздың жүз жылдық тарихының көркем шежіресі ...
7 мамыр, 2012 // 0 пікірӨткен ғасырдың алпысыншы жылдары – қызыл империяның шаш ал десе бас алатын қылышы жалаңдап тұрған ке...
-
ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ- МЕМЛЕКЕТТІК МЕРЕКЕ ...
7 мамыр, 2012 // 0 пікірМемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлт...
-
Алматыда режиссер Тимур Бекмәмбетовтің кинотеатры ашылады ...
30 сәуір, 2012 // 1 пікірАлматыда осы жылдың жазында қазақстандық режиссер Тимур Бекмәмбетовтің кинотеатры ашылады. Ки...
Апталық жұлдыз - жорамал



Тәуелсіздіктің 20 жылында 20 шенеунік қазақша сөйлемесе, несіне заң шығарып, несіне ел болып отырмыз?
Қазақ тіліне қарсылар қазақ парламентінде, қазақ үкіметі мен қазақтың мемлекеттік органдарында не бетімен отыр? Ондай парламентті тарату керек. Ондай шенеуніктерді қуу керек.
Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік орындарда істей алмауы, ЖОО- да оқи алмауы керек. Бізден басқа әлемнің барлық елдерінде солай. біз ғана бишарамыз.
Қазақ тілі азаттық алмай, қазақ азат емес!
Казак тилине бей-жайлык мемлекеттик тил дарежесинде турса да калмай келеди, сондыктан ужымдарда, кез-келген ортада казак тили негизги тил дарежесине жетуи ушин барлык казакстандыктар ат салысуы керек! Ата занын – КР Конституциясын сыйлау деген осы. Ойткени – казак тили – мемлекеттик тил!
Не деген керемет сөз! Бұдан артық не деуге болады?! Енді тек көшеге шығу ғана қалды… Мына биліктің былқ ететін түрі жоқ….
Тілдің зары елдің зары ғой.
Соны білетін біреу бар ма екен?
Ел ішінен шықпай ма?
Ел болсақ осылай езіліп отырамыз ба?
“Қазақ тілі азаттық алмай, қазақ азат емес!” тура айтқан.
Азаттық алу үшін не істеу керек.
Атың Қабанбай екен, алаңға шығу керек, аттан сап…
кім бастайды?
Сен баста, біз қосыламыз.
Республика сарайынан ел сыртқа шыққан соң Қазыбек Исаға “алаңға баста” деді ғой…
Ол не деді?
Билікке бүгін қатаң талап қойдық қой, енді шешімін күтейік, деді.
Бұлардан шешім күту өгізді бұзау туғызу
Бізде мәселе тілде емес, ең басты мәселе “сол ел қалауларының” отанына деген сенімі жоғында. Әйтпесе, тілді шала – шарпы үйреніп алыпта, қазақты сыйламай жүре беретіндер бар. Мен айтар едім: “біздің елдегі шенеуніктердің бірталайы осы елде квартиранттық ұғыммен өмір сүреді, яғни кез-келген уақытта елін сатып кете барады. Олар үшін Қазақ жерінің топырағында өлу деген ұғымда өшкен”.
«Если вы мне не поменяйте мои мозги,
мне казахский язык не выучить!»
Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Сыртқы істер министрі. 2002 жыл.
“Мемлекетті тілді білмейтін азаматтар мемлекеттік жоғарғы лауазымды қызметтерге қабылданбайды” деген конституцияға бір сөйлем енгізсе, сол сөйлем енгізілгеннен бастап үш күнге жетпей осы Ыдырысов сияқты қара орыстар миларын ауыстырып үлгерер еді қазақтың миларына. Сол бап күшіне енген төртінші күні бастарын ақ матаға орап алғандардың мемлекеттік ғимараттарда қаптап жүргендерін көрер едік. Белгісіз
Таза сорлаған ел екенбіз ғой.
Бұл қозғалысты 20 жыл бұрын бастағаныңызда, мүмкін барлық қазақ бірауыздан қолдар еді. Қазақтың еңсесі түсіп қалды.
„Шіріген жұмыртқа” сыйлығының лауреаттығына кімдер лайық, соларды жазып отырайық, босқа лақпай. Ыдырысовтвн бастап, Иртышбаев, Б.Сыздықова, Т.Бердіоңғаров…
“Әйелі өзге ұлттың өкілі болса,онда ол түрікмен билікке жолатылмайды”- деп еді, марқұм Сапармұрад. Тереңнен ойлайды ғой. Ал, біз бұлай айтар болсақ, қаны сау қазақ таба алар ма екенбіз? Тіліміздің алға баспауының түп- тамыры да осында жатқан жоқ па? Ал, енді келіп: “Мұсылманда ұлт болмайды”- дегенді шығарып жүр діншілдер. Осыны түрікменге ия өзбекке айтып көріңдерші. Екі шайнап, бір жұтып берсін.
Сіздің қаупіңіз өте дұрыс. Оның бір мысалын Әйтеке бидің сөзінен де білесіз… http://www.qazaquni.kz/6635.html
Әбілфайыз әке ретінде ұлы Ерланға ана тілін үйрете алмағанына, орыс қып тәрбиелегеніне ел адында БАҚ арқылы кешірім сұрау керек.
“Әбілфайыз әке ретінде ұлына ана тілін үйрете алмағанына, орыс қып тәрбиелегеніне ел адында БАҚ арқылы кешірім сұрау керек”. Тұппа-тоғры, рәтбек қажы айтпақшы. Қазақ кең ғой, ұлы Ерлан Ыдырысов миын ауыстырмай ана тілін үйреніп алса, кешіруі мүмкін…
Мемлекеттік тапсырыс болса ми ауыстыратын лаборатория ашар едім. 1-ші тапсырма берсе түк емес… Азамат.
Азамат, онда саған президент әкімшілігі, үкімет, парламент, министрліктер, бар қаладағы әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар қызметкерлері кезекке тұрады ғой, егер Президент мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды деп заң шығарса… Онда сен ең элиталық лаборатория меңгерушісі боласың. Сол кезде бізді ұмытып кетпе, кезектегілердің тізімін “Жас қазақ үні” газеті жариялап тұратын болады. Құдай сол күнге жеткізіп, Ыдырысов бастаған кезектегі мыңдаған шенеуніктердің шекесін жара бер!
Таңірберген, Бақыт Сыздықова сияқты мәңгүрт, тілге миы жетпейтін топастардан басқа депутат болатын адам құрып қалса, шынында құрыған ел екенбіз ғой…
Ана тілін сүймеген. ұлтын сүймейді. Ұлтын сүймеген ұл емес, құл. Абылай
Мынандай бейшара мемлектте ол да мүмкін
Ерлан Ыдырысов әлі елші болып жүрме, қуу керек қой мемқызметтен!
Онда қайтып күн көреді?
Ана тілін сыйламағаны ,анасын сыйламағаны, анасың сүті атсын. Олар кімді сыйламақ.Сәрсен
“Шіріген жұмыртқалар” бізде жетеді. бәрін атау керек.
бірінші Ерлан ғой.
Ия, оған ешкім таласпайды.
Тасмаңдай тасбай ше
Ол қазақ тілін біледі.
Бірақ қазақ тіліне қарсы ғой.
Иә, қазақ атауы Қызылжарға да қарсы.
ҚАЗАҚТЫҢ күші ҮНІНДЕ, яки “дауысында”
Ғасырлар қойнауынан жеткен парасатты Бабалар үні арқылы ұлттық рухы оянған, өз Елінің Конституциясы мен Заңдарын құрметтейтін, Қазақ Елінің әр-бір азаматы, «… халық қаласа, хан түйесін сояды» деген ертедегі еркін қазақ азаматтық қоғамының негізгі қағидасын басшылыққа алып, бүгінгі ӨКІМЕТ пен ҮКІМЕТТІҢ ұлт мүддесіне қызмет ету деңгейін арттыру мақсатында, алдағы САЙЛАУЛАР мен РЕФЕРЕНДУМДАРДА, Қазақстанның болашағына сеніп балалары мен немерелерін қазақ балабақшалары мен мектептерінде тәрбиелеп-оқытатын АЗАМАТТАР мен өз іс-шараларын негізінен мемлекеттік тілде жүргізетін САЯСИ ПАРТИЯЛАРҒА ғана өз ДАУЫСЫН беруі керек.
Қазақты Өзге тілде сөйлеткізіп, Өзгенің киімін кигізіп,Өзгенің әнін айтқызып, Өзгенің әуеніне билеткізетін қандай КҮШ ? (видео репортаж):
http://internettv.kz/?p=677
ҚАЗАҚ ҮНІ БІЗДІҢ РУХЫМЫЗДЫҢ ӨЛШЕМІ болса, онда 2009 жылы 20 қыркүйекте 12-00 де Республика Сарайында өтетін “Мемлекеттік тілді қолдау” акциясына қатысып Ұлттық Рухымыздың көрсеткішін жақсартуға ҮН қосайық!(видео репортаж):
http://internettv.kz/?p=660
2009 жылы 17 қыркүйекте түсірілген
Біреу түспей болмайды ма деп қорқамын. “Ол түссе – тақтан табытқа түседі” деп еді бір ағам.
“Әлемде жалғыз ел бар, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін, ол – Қазақстан. Әлемде жалғыз ел бар, Мемлекет басшысы – мемлекеттік тілде сөйлемейтін, өзі бір кезде отары болған шетелдің тілінде сөйлейтін, ол да Қазақстан. Өз мемлекетінде өзінің мемлекеттік тілінің мүшкіл халіне акция өткізетін, оған өліп-талып, зорға қол жеткізетін ел де осы Қазақстан.” Тура айтқан, ақиқат осы ғой…
“Өзін отарлап алған бір кездегі қожайын елдің тілінде сөйлеуге құмарлық- құлдық психология, бейшаралық! Біздің елдің басшылары шетелге шыққанда, тіпті мынау тілі түсінікті өзбек пен қырғыз еліне барса да басқа бір шет мемлекеттің – Ресейдің тілінде сөйлеуі менің намысымды келтіреді.”
Біздің де намысымыз келіп, іштен тынып жүргеніміз қашан…
“Енді мемлекеттік тілдің жағдайын билік шешпесе, онда билік халықты көшеге шығуға өздері мәжбүр етіп отыр, кінә билікте деп білеміз. Ендеше ендігі сөз, ендігі әрекет билікте, халайық! Елбасының жауабын күтеміз! Біз бәріне дайынбыз! Мемлекеттік тіліміз үшін барлық қадамға барамыз! Халық қайтпайды! Шаханов шаршамайды!”
БІЗ ДЕ БӘРІНЕ ДАЙЫНБЫЗ!
“2004 жылы Парламенттің 90 пайызы, оның ішінде қазақтардың 90 пайызы өз ана тіліне, мемлекеттік тілге қарсы шықты. Біздің “Жас қазақ үні” газеті дауыс берудің стенограммасын жариялап, масқара қылған сол 90 пайыз әлі отыр парламентте. Ертең сол 90 пайызға “Ресейге қосылмасақ болмайды екен” десе, түгел қолдайды. Өйткені, тілін қорғамаған парламент елді қорғай ма? Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін де ойлауымыз керек… Енді нұротандық парламент осы қара таңбадан арылу үшін мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдауы керек.”
…………………………………………………………Қайран, қазақ!..
Айналайын Мұхтар Аға, Жас қазақ үні, басқа да текті, ұлтшыл қазақтар, кереметтей құрметтеймін Сіздерді! Мен шамам келгенше өзімше күресіп жатырмын Керекуде. Павлодарлифт деген мекемені тіл үшін сотқа бердім.14.07.2011ж. Жас қазақ үнін шақырамын ашық сот отырысына. Жеңсем, келесі Халық банкі Павлодар ф-лы болмақ..
Рахмет, Руза! Қазақтың бәрі сендей болса, ешқашан намысын бермейді.Сотқа “Жас қазақ үні” тілшісі барады, Қолдаймыз!
Президенттің айналасын сатқындардан тазарту керек.
Елдің қанын сорып жатқан тас кенелер семіріп бітті. Кене тойса түсіп қалады, ал бұл адам-кенелер жабысып түспейді.
Айналайын қандастар мен Алматы қаласында оз жұмыс орынымда қазақ тілі үшін күресімді жалғастырып келемін, маған жазба десе де хат алмасуыды тек қазақ тілінде дайындап келемін, бірақ мына құрғырлар әбден тұншықтырып, титығыма тиіп болды, бұл қорлыққа шыдаудың шегі жетті деп білемін. Жұмыс орынымдағы іс-қағаздардың барлығын Мемлекеттік тілге аударып орысшаларын түгел жыртып күресінге лақтырып тастадым.