Алматыда ҚР Тәуелсіздік Монументіне салтанатты түрде гүл шоқтары қойылды

Әрбір қазақ үшін қасиетті де қастерлі Тәуелсіздіктен асқан мереке жоқ екені белгілі. Бұл туралы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы болған қастерлі мейрам. Абыройы асқақ, беделі биік мерейлі мемлекетіміз өзінің екінші ширек ғасырлық белесіне қадам басты. Осы жылдар ішінде біз аз уақытта сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсере білдік. Қазір Қазақстан төрткүл дүниеге толық танылған, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі болып танылды. Алдымызда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе қол жеткіземіз деп сенемін. Тәуелсіздікке тәу ететін кез келген халық үшін бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек», – деген-ді биылғы жылғы құттықтауында.

Осынау ұлттық мейрамды Алматы жұртшылығы жылдағыдай айрықша қарсы алды. "Рухани жаңғыру" бадарламасы аясынжа 16-желтоқан күні – қала тұрғындары мен қонақтары, белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, Тәуелсіздікке тағзым етті.

Мән-маңызы жоғары осы шараға Алматы қалалық әкімдігінің өкілдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, Желтоқсан оқиғасына қатысушылары қатысты. Сонымен қатар, осы Тәуелсіздік монументі жанынан үкіметтік емес ұйымдар, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының салдарын зарарсыздандыруға қатысқан азаматтар, жастар ұйымдарының өкілдері де табылды.

Жиылған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов дамудың даңғыл жолына бет алған Егеменді Еліміздің озық 30 елдің қатарына ену жолындағы елеулі еңбегі өз жемісін беретіндігін тілге тиек етті.

Жиын барысында әскери-үрмелі оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен Алматы өңірлік гарнизонының әскери сап түзеп өтті.

Осыдан 31 жыл бұрын қызыл қанға боялып, желтоқсанның ызғарлы желі ескен Алматы алаңынан бүгін егемендіктің лебі есіп тұр. Бүгінде Астана аталатын осынау алаңда мерекелік концерт өтіп, жиылғандарға тамаша көңіл күй сыйлады. Осы күні алаңнан табылған жүрегі елім деп соғатын әрбір азамат Отанға деген сүйіспеншілігі артып, туған елдің жарқын болашағы жолында еңбек етіп, өз үлестерін қосатындықтарын айтып тарасты. Кешқұрым Алматы аспанын жарқырата түскен отшашу барша тұрғындарды әдемі әсерге бөледі. Мұндай салтанатты шара Алматының әрбір ауданында өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен рухтанған алматылықтардың биылғы Тәуелсіздік мерекесі ел еркіндігінің ерекше серпінін көрсетті.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қазақ үні