Ресей Сыртқы істер министрі Тасмағамбетовты марапаттады

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлады Baq.kz ақпарат агенттігі РФ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл марапат Иманғали Тасмағамбетовке 11 желтоқсан күні РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасинмен кездесу барысында берілді.

«Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің шешімімен ынтымақтас Қазақстанның елшісі қос ел арасындағы стратегиялық және одақтық қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі, мәдени диалогты кеңейтуі, сонымен қатар ортақ интеграциялық бірлестіктер аясында өзара ынтымақтастығы үшін осы төсбелгімен марапатталады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше әрі өкілетті елшісі болып 2017 жылы 3 ақпанда тағайындалған.