Алғыс арқалаған азамат

Кейде бүкіл қоғамдық құрылымдардың тетігін үйлестіруші атқарушы органның міндетін жекеленген тұлға іске асыратын жағдайлар да болады. Бірақ ол қалың бұқараның, зиялы қауымның зор қолдауына ие болғанда ғана іске асуы мүмкін. Осындай ерекше оқиға Қазақстан Республикасы Парламенті тарихында 1997 жылы орын алды. Ол ­– Үкіметтің «Көші-қон туралы» заң жобасына, балама «Халықтың көші-қон туралы» заң жобасын ұсынған депутат Әкім Ысқақтың жеңіске жетуі еді. Алматыда осы жылдың басынан бастап тайталасқа түскен, бүкіл халықтық талқылауға ұсынған, жұрт асыға күткен жобаның шешімі елордамыз Ақмолаға көшкенде, желтоқсан айының 13-і күні шықты. Осы күні Елбасы Н.Назарбаев депутат Әкім Ысқақ ұсынған Заңды мақұлдап қол қойды. Әрі бұл заң Парламент тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде дайындалған құжат ретінде тарихқа қатталды. Осы заңның қабылданғанына бұл күндері 20 жыл толып отыр. Біз «Халықтың көші-қоны туралы» заңның авторы туралы лебізімізді оқырман назарына ұсынуды ұйғардық. ӘКІМГЕ ХАТ Құрметті, Әкім Әбдіқайымұлы! Өмірде кезіккен адамдардың мың да бірімен ғана хат жазысасың-ау! 1994-жылдың көктемі еді. Мен «Жас Алашқа» тілші болып жұмысқа кірдім. Бастығымыз – Төрехан Данияр, Сапарбай Парманқұл, Қасым Әзімхандар. Газет ұжымында Жұмабай Шаштайұлы, Ғалымжан Мелдеш, Бауыржан Омаров, Құлтөлеу Мұқаш, Әділ Қойтанов, Қайрат Әлімбек, Берік Бейсен сияқты сығай жігіттер. Ел аңсап келгенде мықты ортаға тап болыппын. Ел тәуелсіздігіне екі жыл ғана болған. Саяси оқиғалар сапырылысып жататын. Бұрынғы Жоғарғы Кеңес екінші рет таратылып, Қазақстандық үлгідегі қос палаталы Парламент дүниеге келді. «Оңтүстіктен Парламент Мәжілісіне депутат болып Әкім Ысқақ сайланыпты» – десті редакциядағылар. Сен туралы алғаш естуім. Жігіттердің әңгімесінен білдім. Газеттің Оңтүстіктегі белсенді тілшісі болған. Шешен тілді, шебер ұйымдастырғыш, идеяшыл, жалынды жігіт деседі бәрі. Ал біздің ішкі көңіліміз іркіліссіз араласып, ой пікіріміз ортақ мақсатқа қызмет еткені содан екі жыл өткен соң болды. Миллиондаған қазақтарды отанына оралту – бұл Ұлы мақсат еді, Ұлы қозғалыс еді, ұлттың оянуы, сананың жаңғыруы, санымыздың көбеюі, саяси сілкіну еді. Отанға оралған көш – дариясына құйылған мөлдір бұлақтар, тұнық тұмалар еді. Бұл – ұлты қазақ адамдардың ғана оралуы емес, ұлттық ойлаудың, ұлттық құндылықтардың оралуы, ұлт жүрегіндегі тәуелсіз сананың сауығу барысы еді. Құрметті, Әкім! Осынау көшті елге бастайтын, елге ел қосатын заңды қабылдау міндетін уақыт саған жүктеді. Уақыт қателескен жоқ! Осынау ұлт тұтастығының алтын белдігі сияқты аса маңызды құжатты өз биігінде қабылдау міндетін атқаруға, тарих тапсырмасын орындауға сен жаныңды салдың, күш-қуатыңды, барыңды салдың, өткір намыс, таза арыңды салдың. Мен сені сол шақтарда шын таныдым. Мен емес-ау, ел таныды, жерің таныды, досың таныды, дұшпаның таныды. Сен ұлт мүддесін жақтай сөйлегенде қарсы бетіңде үкімет, ұлты басқа министр отырды. Сол шақта жүрегінде қазақ қаны бар ұлт қалаулылары түп қотарыла сенің туыңды көтерді. Сен бастамашы болып дайындаған «Халықтың көші-қоны-туралы» заңы ұлтына мінсіз қызмет етер еді. Үкімет ұсынған заңды күшінен қалдырып, ұлт заңын өткізу үшін болған күрес он бір айға жалғасты. Сенің күндіз-түні дамылсыз еңбектенгеніңді көрдік. БАҚ атаулының басты тақырыбына айналғаныңды, әр деңгейде ұйымдастырылған кездесулердің мінсіз серкесі болғаныңды көрдік. Соның бәрінде бүкіл ынта-пейіл, күш-жігеріңді сарқа жұмсағаныңа куә болдық. Парламент үйінде отырған 114 депутаттың әрбірімен жеке әңгімелестің. Сол тұстағы Сенат пен Мәжілістің Төрағалары Өмірбек Байгелди, Марат Оспановтармен сөзіңді өткізе сұхбаттасқан сәттеріңе сүйсіндік. Өмірбек Жолдасбеков, Қаратай Тұрысов, Заманбек Нұрқаділов, Фариза Оңғарсынова, Арғынбай Бекбосын, Қайролла Ережепов, Мұхамбет Көпей, Сабыр Қасымов, Ирак Елекеев, Қуандық Лекер, Рысты Жұмабекова, Ерғали Бөлегенов, Қуаныш Төлегенов, Валерий Громов, Оразалы Сәбден қатарлы халықшыл депутаттар барлық уақытта сен жақта тұрып, сөз сайыстарға сыбана кіріскенін көрдік. Атақты Салық Зимановтың: «Мен біздің қазақта ұлт қамын ойлайтын азаматтар аз деп ойлайтынмын, әлі де сол пікірдемін. Кейінгілерден Әкім сияқты жастардың шығуы мені қуантады. Оның биіктен бастап артаманнан соқтыратын ойлылығы мен шешендігі үлкен азаматтығымен жарасым тапқан» – деп ықылас білдіргені де сол кез еді. Заң қабылданар соңғы отырыста Үкіметтік жоба мен сен ұсынған заң жобасы қатар қойылып талқыланды. Бірінші баяндамашы өз жобаларының қазақстандық барлық ұлтқа тиімді екендігін астарлай меңзеп, балама жобаны менсінбеген киіп танытып, айыптай сөйледі. Содан кейін мінбеге алқына жеткеніңде алаңға шығып айқаса кетердей екпінде баяндамаңды тоқтаусыз тебіреніспен аталы нақылмен, тереңнен термелете бастадың. Қазақтың жеңілмес маржан сөзін нөсерлете селдетіп тұрып сөйледің, көз жасыңды да көлдетіп тұрып сөйледің. Сол тұстағы баспасөз «Парламенттің жылап тұрып заң қабылдағаны» жайындағы сенсация ретінде сенің жеңісіңді паш етті! «Ана тілі» апталығы: «Әкім Ысқақ... баяндамасыз сөйлеген тұңғыш «баяндамашы» болды. Міне, осы жерде алдын ала дайндалған трафарет-баяндама мен табан астында жүректен ширығып шыққан сөздің айырмасы аңғарылды. Депутат қызынып сөйледі. Оның қызынатын жөні де бар еді, өйткені үкімет жобасының жанашырлары оны «ұлтшылсың» деп айыптауға дейін барып қалған болатын. Шет елдерде жүрген 5 миллиондай қандасымыздың тағдыры туралы, қазақ мемлекетінің ертеңіне осы заңның тигізер ықпалы туралы Ә.Ысқақтың өте әсерлі сөйлегені сонша, өзінің де көңілі босап кетті және залдағы депутаттардың да көзіне жас алғызды. Яғни, әзіл-шыны араластырып, оны «мінбеде тұрып, мәжілісшілерді жылатқан тұнғыш депутат» деуге де болады», – деп жазды. Ал, орыс тілді «Казахстанская правда» газетінің өзі Әкім Ысқақтың «басқасын айтпағанда, заң жобасы тұңғыш рет қазақ тілінде жасалынғандығы, оны талқылау кезінде қазақ және орыс тілдері теңдей қолданғандығы үшін де Әкім Ысқақ парламент тарихында қалатындығын» мақтанышпен жеткізді. Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази қатарлы халық жазушылары сенің жеңісің үшін үн қатып еді. Әкім Таразидың: – Әкім, сен жас болғаныңмен өзің де, есімің де мықты. Менің атымды, Қалихан Ысқақтың фамилиясын қосып алғансың. Екі мықты кісінің жұмысын атқарып жүргенің содан, – деп алқағаны да сол кездер еді. Түңғыш рет қазақ тілінде жазылып, тұңғыш рет депутат дайындап, үкімет заңынан басым түскен заңның дүниеге келуі – демократияға енді ғана аяқ басқан жас мемлекетте айтақалсын саяси құбылыс болатын. АҚШ, Ресей сынды бір сыпыра елдері таңданыс білдіріп, сені өз елдеріне кездесуге шақырғаны теуелсіздіктің алғашқы жылындағы саяси ілгерілеудің көріністері еді. Сен сол жылы БАҚ-тың бағалауымен Қазақстандағы ең үздік парламентші – «Жыл Адамы» атандың. Ең қайратты да жігерлі, сөзі өтімді де ойы зерек депутат та сен едің. Ел-жұртыңның шынайы ыстық ықыласына бөленген мәртебесі биік азаматына айналдың. Ел тұлғалары Қалтай Мұхамеджанов, Манаш Қозыбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовтердің ашық хатында айтылғанындай: «Коржова министрлігімен бір жыл бойы ашық айтысқа түсе отырып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының балама жобасын дүниеге әкелуі тіл жеткісіз ерлік еді». Бұл ғана емес-ау, сонау Санкт-Петербургтегі ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясында да сенің заңың қаралып, модульдік заңға лайықты екендігі аталып жатты. Осылайша тынымсыз еңбегіңнің арқасында талай асу-белестерді бағындырып, халқыңның алдында мерейің өскенде де, адамдық пейілің, қазақы қарапайым көңілің құбылған емес. Құрметті Әкім! Осынау дүбірлі оқиғалар да екі он жыл деп аталатын уақыт кезеңнің ар жағында қалыпты. Заң қабылданып жатқанда дүниеге келген ұлым, атын өзің қойған, өкіл балаң – Қасым да дәл осынау жасты бағындырды. Өзіңнен бата алған Қасым, Назарбаев университетінің озат студенттерінің бірі. Бүгінде теледидарды ашсаң Астананың атқамінерлерінің қатарынан көрінетін әкім Әкім Ысқақ, радионы қоссаң әуендері әуе толқынын кернеген ақын Әкім Ысқақ, адамдар оңашаланып, өзімен-өзі сырласар тұста «Адам іздеп жүрген» хакім Әкім Ысқақ туралы сөз аз емес. Алғыс арқалаған азаматтың қашанда алар асуы биік. «Заманға адам күйлеген, заманы оны илеген» уақыттарда Астана әр жігітке арман екені анық. Елордада жүргеніңе де жиырма жыл өтіпті. Өз талантын сезген өршіл жастарға биік шыңды бағындыру арман. Он жасыңда өлеңің шығып, әдебиет аймағына, көркем өнер қойнауына өз сара жолыңмен келесің. Ұлжаның қасыңда, ұлың ұяда, қызың қияда. Құрметті Әкім! «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Өнердің жолы қатал, өнердің жолы тұңғиық, өнерде тұңғиыққа, тереңге, өз жүрегінің түбіне бойлай беретініңе сенемін-ау! «Бұл өмірде қызық жоқ ойлы адамға» – дейді тағы да хәкім Абай. Ұлтымыздың шынайы азаттығы, арманымыздың хақтығы, арымыздың ақтығы, Ақ ордамыздың пәктігі үшін күрес мәңгілік! Сен біз үшін Несіпбек ақын айтқандай «креслоға шалқайып сірескен әкім емес, Ұлты үшін қасқайып күрескен Әкім» болып қала берерің хақ! Біздер Тәуелсіз Қазақ елінде осындай намысқой, күрескер жанның бар екендігімен мақтанамыз. Шын көңілмен, Алмас Ахметбекұлы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылародағының мүшесі, ақын qazaquni.kz