Әскери өмірдің қызықты сәттері

Әскери адамның сахнада өнер көрсетуі ол ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің айғағы. Оның дәл айғағы полковник Мұстабеков Асқар Досбосынұлы басқаратын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты қабырғасында 2011 жылы негізі қаланған "Байланыс Жігіттері" командасы.

Жайдарман сахнасы тұрмақ жалпы әлемде көңілді тапқырлар клубының арасында ақтық финал ойындарында өнер көрсеткен жалғыз әскери команда болып табылады. Әскери өмірдің қызықты сәттерін, жастық шақтың жалындаған кезін еске түсіріп жұртты күлдіре білетін бұл команданың Жайдарман лигасында ойып алар орны бар.

Курсант кезінен көңілді тапқырлар клубында өнер көрсеткен, қазіргі таңда батальон командирі майор Айтмағамбетов Рауанды "Байланыс Жігіттері" командасының тәлімгер жетекшісі десек қателеспейміз. Ұстазына қарай шәкірті демекші казіргі команда сапында өнер көрсетіп жүрген курсанттар Сатыбалды Айбек, Садыков Алихан, Қамбаров Төлеби, Ерлан Ернұр, Шайқын Мейрамбек, Қаскей Нұрбатыр, Имашев Бекарыс, Оралбай Шыңғыс, Ахмедов Нұржігіт, Анарбек Дастан, Базарбаев Алибек, Еркінбай Жантөрелер бүгінгі күннің сахна қырандары.

Бұл команданың жеңіске жетіп, алған асулары біршама. Айта кетсек, 2011 жылғы Студент лигасының 3 орын иегерлері, 2012 жылғы Премьер лига ойындарының 3 орын иегерлері, 2013 жылғы Ашық лига ойындарының 2 орын иегерлері, 2014 жылғы Нұр Отан лигасының жеңімпаздары, 2014 жылғы «жоғарғы лиганың финалистері», 2014 жылғы Алматы облысы әкімінің кубогы ойындарының жеңімпазы, Сарбаздар кубогының 2 дүркін чемпиондары. Қазіргі таңда команда құрамы аталған жігіттермен толықтай жаңарған және де бәсекелестік таныта білетін "Байланыс Жастары" атты команда құрылған. Өз кезегінде бұл команда Сарбаз-2017 кубогының жеңімпазы болып үлгерді. Институт тарихында талай жастарымыз Жайдарманда өнер көрсетіп, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде отан алдындағы борыштарын өтеуде. Қазіргі Байланыс Жастары командасы, аға буын жолын жалғастырушылар. Өз кезегінде Жайдарманның үздік ойыншысы болып танылған Мұқан Жанұзақовты білмейтін адам жоқ шығар. Сахна төрінде жасындай жарқырап, командаластары Фазылов Арман, Ашиков Азамат, Оралбаев Мақсат сынды азаматтармен бірге, өткір әзілдерімен институт атын шығарды. Аталған жігіттер оқу-орнын тәмамдаған соң 2016 жылы Байланыс Жігіттері қайта жаңарды. Командаға Жорабеков Еламан бастаған Жұмабеков Сарсембек, Базарбаев Арнұр, Аманжолов Сұлтан, Терезенов Самат, Сұлтанбай Дархан, Қабдолда Медет және Альжанов Алмаз секілді өзіндік өнері бар жігіттер келді. Бұларда алмастай жарқырады, өнерді өрлетті, ешкімнен қалыспай тек жеңіске жетеледі. Қазіргі таңда дипломдық жобамен айналысып қайта құрылған Байланыс Жастарына тізгінді босатып берді дей келе, институт курсанттары спортта қайсар, өнерде алғыр, оқуда озат, антына адал, сертіне берік. Болашақ офицердің бойында осындай қасиеттердің болуы нағыз Отансүйгіштіктің белгісі. Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Офицер – мемлекеттік қызметкер ғана емес, ол көптеген адамдардың өмірі сеніп тапсырылатын мемлекет адамы» деген болатын.

Әскери команданың сахнадағы жалпы миссиясы ол мемлекеттік саясат пен жеке адамның өміріне қол сұқпай, күнделікті күн тәртібінде болатын қызықты сәттерді әзілмен жеткізу болып есептеледі. Команда құрамы өздерінің авторлық бағдарламаларын автордың көмегінсіз жазады. Осындай қарқынмен бұл команданың алар белесі әлі алда. Жеңісті күндер көп болғай.

Ербол Әлібаев,

Радиэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметінің бастығы,

запастағы майор 

qazaquni.kz