Ақылы автотұрақ Алматы көшелерінің 10 пайызын ғана қамтиды

Алматыдағы көліктерге қа­тысты тағы бір өзекті мәселе – қа­ла­дағы автотұрақтардың тапшылығы. Өйткені, әу баста 45–70 мыңдай автокөлікке лайық­тап салынған шаһар көше­лерінде қазір 600 мыңдай көлік күнделікті жүріп жүр. Одан қалды, шаһарға сырттан кіретін автомобильдер және бар. Осыған байланысты қаладағы көшелер мен аулаларға қалай болса, солай ретсіз қойылған автокө­ліктер Алматыдағы көлік қозға­лысын барынша қиындатып отыр.

Ақылы автотұрақтан қала бюджеті 190 млн. теңгеге дейін өскен

Міне, сол себепті соңғы айларда шаһарда 38 973 құқықбұзушылық тәртіпсіздіктер тіркелсе, соның ішінде 18 193 мыңы жол қозғалысы ережесін бұзғандар екен. Ал  ондағы 4683 тәртіп бұзу – көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан туындап отыр. Соның нәтижесінде тек соңғы «Автотұрақ» шарасы өткен кезде ғана 452 көлік айыппұл тұрағына қойылған.

Осыған байланысты тек соңғы кезде ғана Алматының орталық көшелерінде ақылы автотұрақтар көптеп ашыла бастады. Мысалы, жақында біздің газетте хабарланғандай, 1 қараша күні қала орталығында бірден 8 ақылы автотұрақ ашылған. Олар Абылай хан даңғылының Қабанбай–Шевчено көш., Жамбыл көшесінің Желтоқсан–Бай­сейі­това көш., Қазыбек би көшесінің Абылай хан–Панфилов көш., Желтоқ­сан көшесінің Шевченко–Бөгенбай батыр көш., Құрманғазы көшесінің Байтұрсынұлы–Масаншы көшелері аралығында орналасқан.

Қаладағы көшелердің тек 10 пайыз­дайы ғана ақылы автотұрақтармен қамтылуы нәтижесінде түскен төлемдерден Алма­ты бюджеті 5 есеге – 38 млн. теңгеден 190 млн. теңгеге дейін өсіпті. Дегенмен, осыған орай кейінгі айларда қала тұрғындары арасында наразылықтар көптеп шыға бастаған. Өйткені, шаһар орталығында ақылы автотұрақтардың көптеп ашылуы салдарынан түрлі кеңсе қызметкерлері өз көліктерін жақын маңдағы тұрғын үйлер аулаларына апарып қоя бастаған. Тіпті, бұл ретте кейбір көлік иелері өз машиналарын арнайы орындарға емес, тіпті, балалар алаңқайлары мен көгалдар (газондар) үстіне қалай болса, солай тастап кететін болған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың ашу-ызасын тудырып, олардың қала әкімдігіне арыз-шағыммен шығуына соқтырып отыр. Әсіресе, тұрғындардың көбі әлеуметтік желілер арқылы өз наразылықтарын білдіре бастаған.

Міне, соған байланысты жақында бұл мәселе Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінде арнайы қаралды. Бұл ретте олар мән-жәйді жан-жақты қарай келіп, тұрғындарға өз аулаларына кіреберіс жерлерге шлагбаумдар орнатуға рұқсат беруге мәжбүр болған. Ал қалалық әкім­­дік қазір бұл мәселені ресми шешім­­мен жүзеге асыру жағын ойластыру үстінде.

Келер жылы тағы 10 ақылы тұрақ салынады

Сөзімізді қорыта айтқанда, соңғы жылдары Алматы қаласында ақылы автотұрақтар ашылғалы бері көшелерде кептелістер сейіліп, көліктердің жү­руін­де оңтайлы жағдайлар қалыптаса бастаған. Оның үстіне қазіргі таңда Сейфуллин, Райымбек, Абай даңғыл­дары мен Қалдаяқов көшелерінде де жаңадан ақылы тұрақтар салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жаңашылдық Еуразия экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келеді. Бұл ретте Еуропа елдерінде автотұрақ бағасы біздің елдегіден 4 еседей қымбатқа түседі екен. Сондай-ақ, ондағы автотұрақтардағы  паркоматтар қатарынан 4 тілде бірдей жұмыс істей беретін көрінеді. Осыған байланысты «Алматыарнайытехпаркинг қызметі» ЖШС директоры Марат Пірінбеков «Өкінішке қарай, бізде паркоматтарды жиі қоюға шет елдегідей мүмкіндіктер бола бермейді. Мысалы, кейбір өрке­ниетті елдерде 120 көлікке 1 парко­маттан келсе, мына тұрған Мәс­кеуде 90 көлік орнына 1 паркомат орна­ласқан. Осыған орай, біз кезінде «Көк­базар» аумағында жұмыс бастағанда 30 көлік-орынға бір паркоматтан қойып едік. Ал бүгінде біз қаладағы 55–60 көлік-орнына оңтайлы қызмет көрсету үшін 1 паркоматтан қойып жатырмыз», – дейді.

Ал оларда ақша төлеудің 3 түрі қарастырылған. Алғашқысы – паркамат арқылы болса, ал екіншісінде – мобильдік қосымша немесе СМС жіберу арқылы  төлем жасалады. Демек, бұл ретте соңғысының  7757 қосымшасына паркомат немесе көліктің мемлекеттік нөмірін және тұрақта көліктің қанша сағат тұрғанын жазып жіберсе жетіп жатыр. Тек олардың арасына жұлдыз­ша белгі қоюды ұмытпау керек. Бұл жаңа тәсіл жүргізушіге тиімді әрі ыңғай­лы болу үшін әдейілеп жасалып отыр.  Сөйтіп, ендігі жерде мұндай автотұрақтан түскен қаржы қаланың  көлік жүйесін дамыту үшін жұмсалады.

Қысқасы, автотұрақтар әлемнің кез-келген елінде табыс көзі болып саналады. Осы ретте былтыр Алматыда қала қазынасы ақылы автотұрақтың өзінен-ақ қосымша 230 млн. теңгеге толығыпты. Бұл ретте «Алматы­арнайы­техпаркинг сервис» қызметкерлері  жыл басында 10 мың көлікке арналған ақылы тұрақ салуды жоспарлаған екен. Қазір оның 900-і қолданысқа беріліп қойған дейді. Ал  қалғаны үстіміздегі жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.