"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Алаш Орда – ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы алғашқы  ұлттық үкімет

 

АЛАШ -100 жыл!

 

«Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың Бейжіңдегі Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумындағы сөзі

Құрметті дүниежүзілік саяси партиялар көшбасшыларының форумына қатысушы ханымдар мен мырзалар!

Мен сөзімді қазақтың алғашқы саяси партиясы – «Алаш» партиясынан бастамақпын. Ол 1905-1907 жылдары Ресейдегі бірінші революциядан кейін ұлттық-азаттық қозғалыс ретінде пайда болды. Оның негізін қалаушылар – қазақ xалқының бетке ұстар өкілдері, Санкт-Петербург пен Мәскеу университеттерінің түлектері, түрлі шаруашылық, білім және басқару салаларында қызмет еткен дарынды тұлғалар. Мысалы, былтырғы жылы «Алаш» партиясы көсемі Әлиxан Бөкейxанның 150-жылдығын ЮНЕСКО салтанатты түрде xалықаралық деңгейде өткізді.

1917 жылы «Алаш» партиясы бәсекелі сайлауда жеңіске жетіп, ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық автономияны құрды және  сол автономияны басқаратын «Алаш Орда» атты қазақ ұлттық үкіметін жасақтады. Биыл, 5-ші желтоқсанда, бүкіл Қазақстан «Алаш» ұлттық автономиясының 100 жылдығын ұлықтайды. Бүгін, осы жоғары мінбеден мен барша қазақстандықтарды және Қазақстанның достарын бұл айрықша маңызды датамен шын жүректен құттықтаймын!

«Алаш Ордада» нағыз үкіметтің  біршама белгілері болды.  Оның ішінде әскери күштер, жергілікті әкімшіліктер, т.б. Бірақ, өкінішке орай, 1920 жылы Ресейдің ақ гвардиясымен бірге кеңестік Қызыл Армиядан жеңіліп, Алаш автономиясы таратылды. Ал оның мыңдаған қолдаушылары 30-шы жылдарда Сталиндік режимнің құрбаны болды.

Неге мен осының бәрін еске алып отырмын? Себебі, біздің «Ақ жол» партиясы өзін «Алаш» ұстанымдарын жалғастырушылардың бірі деп есептейді. Бұл деген қандай ұстаным болуы мүмкін?

Біріншіден, қазақ xалқын ашаршылық пен азаматтық соғыстан құтқару. Яғни, қазақ елінің, жерінің қауіпсіздік мәселесі.

Екіншіден, Алаштың бас ұстанымы – қазақ елінің бірлігі мен бірігейлігі, демек ұлттық кодымызды сақтау.

Үшінші ұстанымы – қазақ ұлтын дәулетті береке мен сәулетті өркениетке жеткізу.

Сол заманда бұл арманның орындалуы, әрине, белгілі  себептерге байланысты, тым алыс еді. Тек бір ғасырдан кейін ғана біз соған қол жеткізіп отырмыз. Сонда да біз бүгін қол жеткен дәрежемізге қанағаттанбай, ары қарай дамуымыз қажет. Бұл деген өте абыройлы міндет. Бірақ практикалық жағынан қарағанда, қазіргі ашық дүниеде осы ұстанымдарды жақын және алыс елдер xалықаралық қауымдастықтарындағы серіктестерімізсіз іске асыру мүмкін емес.

  1. Ұлттық қауіпсіздік үшін Тәуелсіздігімізді, мемлекетімізді күшейту керек. Ұлттық бірегейлікке Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жариялаған ұлттық, руxани жаңғыруды қамтуымыз керек. Әрине, ол үшін Тәңір мен тариx берген көршілес елдермен бейбіт және тату қарым-қатынастар қажет.
  2. Қазіргі заманда берекелі болу деген – ең алдымен нарықтық экономика мен табысты бизнеске байланысты. Егер де біз ұлттық кәсіпкерлерге сенімді серіктестер мен байланыстарды, болмаса экономикалық жобаларымызға тиімді инвесторларды қамти алмасақ, біз берекелі, ауқымды бола алмаймыз.

Мысалы, биыл Қазақстан «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құрды. АХҚО елімізге келген инвесторларға экономикамыздың потенциалын ашып, оларға қор мен жобалық құралдар арқылы біздің табиғи байлығымызды, қуатымызды, талантты адамдарды көрсетеді.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, біз Қытай және басқа да шетел бизнесмендерін Қазақстандағы экономикаға келіп, өзара тиімді табыс табуға шақырамыз.

Халықтан ұрлаған қаражатты офшорлық аймақтардан елдерге қайтару жөніндегі жұмыс тобын құру керек

  1. Кез-келген мемлекет үшін жаһандық қауіп-қатер тек сыртқы әсерден ғана емес, сонымен бірге ішкі жемқорлықтан да туады.

Жемқорлық өз елінен ұрлаған қаражатты офшорлық аймақтарда жасыру арқылы дүниежүзілік жемқорлық желісін құрайды.

Бұлардың қызметінде  бірталай әдістемелер мен мыңдаған мықты қорғаушылар тұр. Өкінішке қарай, жалғыз мемлекет одан ұрланған қаражатты офшорлық аймақтардан өзімен-өзі таба алмайды, және қайтара алмайды да.

Бұл жұмыстар нәтижелі болуы үшін, оған халықаралық қауымдастықтар  түгелдей кірісуі керек.

Қазақстанның «Ақ жол» партиясы атынан, мен осы форумның негізінде жемқорлыққа қарсы тұру мен халықтардан ұрлаған қаражатты офшорлық аймақтардан елдерге қайтару жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынып отырмын.

Қытайлық әріптестеріміз бұл салада әсерлі нәтижеге қол жеткізіп отыр, осы бағытта ондай әрекеттерімізді біріктіруіміз қажет деп санаймын.

  1. Ал, барша жоғарыда айтылған мақсаттарға жететін ең сенімді жол – бұл демократия мен парламентаризм. Оны да дамыту үшін халықаралық тәжірибе де керек, қауіпсіздік пен береке де керек.

Жалпы айтқанда, демократия деген – бұл сәтті, берекелі, қауіпсіздігі берік ұлттардың артықшылығы.

Бірақ, бүгін тіпті ең демократиялы мемлекеттердің өзінде  лаңкестіктің алдын-алу мақсатымен азаматтардың бостандықтарын қысқартуда.

Лаңкестікке мүмкіндік қалмасын деп, демократиялық мемлекеттер кейбір демократиялық жүйелі ұстанымдардан бас тартуға, адамдардың жеке өміріне араласуға жазаларды күшейтуге  мәжбүр болып отыр.

Бұл да демократияға  сын болып тұр. Ал, лаңкестіктің  идеологиялық негізі – саяси экстремизм, шыдамсыздық, басқыншылық. Ол мемлекетаралық шекараларды, діндік, ұлттық ерекшеліктерді мойындамайтын ұғым. Сол себептен, демократиялық ұстанымдарын сақтау үшін, лаңкестік үрдістерге қарсы тұру үшін біздерге азаматтық ерлік пен саяси мәдениет қажет. Сонымен бірге, қауіпсіздік үшін, баршамызға ымырасыз, халықаралық деңгейдегі біріккен лаңкестік пен экстремизмге қарсы іс-әрекеттер керек. Бұл проблеманы да ешбір мемлекет өзінше бөлек шеше алған жоқ.

Құрметті әріптестер!

Ұлттық парламенттер мен саяси партиялардың өкілдері ретінде, өз мемлекеттерімізге және мемлекет басшыларына негізгі міндеттерін атқару барысында біздің жауапкершілігіміз ерекше екендігі баршамызға анық. Осы жауапкершілікті абыройлы түрде атқаруға шақырамын.

Қытай Халық Республикасы, Бейжің қаласы,

2 желтоқсан 2017 жыл

qazaquni.kz

 

 

 

 





4 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. БОТАГӨЗ, ҚОСТАНАЙ 5 Желтоқсан, 2017, 08:50

    1.«Ақ жол» партиясы өзін «Алаш» ұстанымдарын жалғастырушылардың бірі деп есептейді.
    2. Қазақ xалқын ашаршылық пен азаматтық соғыстан құтқару. Яғни, қазақ елінің, жерінің қауіпсіздік мәселесі. 3. Қазақ елінің бірлігі мен бірігейлігі, демек ұлттық кодымызды сақтау.
    4. Халықтан ұрлаған қаражатты офшорлық аймақтардан елдерге қайтару жөніндегі жұмыс тобын құру керек «Ақ жол» партиясының алдына қойған мақсаттарының ең маңызды тұстарын айқындап келесі шешімге келуге болады. Бұның бәрі оңай шаруа емес, бірақ партия төрағасы мәжіліс депутаты бола тұра 4-ші сұрақты парламентте неге шешпеске. Шыны керек, осы партияға аса көңіл бөлмейтінмін, Қазыбек мырза осы партияның тізгінін ұстаған азаматтардың бірі екенін білгеннен кейін, жасап жатқан іс-шараларын қадағалап отыратын болдым. Дегенмен, партияның мақсаттары айқын, Қазаққа қызмет етіп жатқаны қуантады, қалғанын уақыт көрсете жатар.

    Жауап жазу
  2. Мұстафа 5 Желтоқсан, 2017, 13:47

    Елу жылда Ел жаңа Жүз жылда қазан.Алаш Аталар ұранымен Қытай трибунасынан əлемге жар салған Азат Перауш пен Қазыбек Исаға мың милл ион Рахмет .игі істерің Игілікке жалғаса берсін.

    Жауап жазу
  3. Ауылдан 6 Желтоқсан, 2017, 01:25

    Артқы жағындағы баннерде қазақ тілінде де жазулы тұрғанда тіпті қатып кетер еді. Өткізілген шара тек кытай, ресей сияқты басым жазуына қарағанда, әлемдік БҰҰ ның жұмыс тілдері жоқ екен неміс, испан, француз, араб т.б. сол себепті да қазақ тілін кірістіргенде ғой деген ой ғой баннерге.

    Жауап жазу
  4. Ш.З.Д. 11 Желтоқсан, 2017, 15:29

    «АҚ ЖОЛ» партиясы атын «АЛАШ» партиясы деп озгертсе қатып кетер еді!!

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*