"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Алматы әуежайының жолағын жаңартуға қанша ақша жұмсалды?

Төрт жарым шақырымға 5,5 миллиард теңге жұмсалған. Алматы әуежайында жаңартылған ұшып-қону жолағы қолданысқа берілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

ТМД төңірегінде теңдесі жоқ бұл жолақ алып әуе кемелерін қабылдап, кез келген ауа райында қонуға мүмкіндік береді. Оның күйімен қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі келіп танысты. Қоғам қайраткерлері мен эстрада әншілері де жолақты көруге қонақ болып келгендердің тізімінде. Астанадан келген Боингке ерекше қошемет көрсетілді. Өйткені, жаңа жолаққа алғашқы болып қонған осы ұшақ. Сырт көз бұл қарбаласқа қарап Алатау баурайына әлемге атақты біреу келді ме деп қалар. Құдды құдасын күткендей, әуежай басшылығы бірден борт командирін траптан түспей жатып гүл беріп, «қалай екен?» деп әсерін сұрады.

Мақтауын келістірген жолаққа жұмсалған ақша да аз емес. Бақандай 5,5 миллиард теңге. Әйтсе де, Алматы әкімдігі қолдау көрсетуде қалыс қалып, жеке инвесторлар асарлатуға келген. Осылайша, қазына қаржысын үнемдедік деген Бауыржаен Байбек, жолақты алматылықтарға тарту деп түсінген жөн дейді.

Ұшып-қону жолағы 3В (би) санатындағы ИКАО талабымен төселіп, арнайы шамдармен жарақтандырылған. Осыған дейін ірі тасымалдаушылар Алматы тұманын тесіп өте алмай, кері қайтып, жылына 2,5 миллиард теңгеге дейін шығынға бататын. Ол олқылықтың да енді орны толды.

Ұзындығы — 4,5 шақырым, ал ені — 60 метр. Кез келген ауа райында ұшақ қона алады. Сонымен қатар, Қазақстанға осыған дейін бірде-бір рет табаны тимеген әлемдегі ең үлкен Airbus A 380 әуе кемесін де қабылдауға қауқарлы. Жолақтың шолақтығы бүгінге дейін жаһандағы алып ұшақтардың Қазақстанға тікелей келуіне бөгет болған екен. Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров енді есігіміз төрткүл дүниеге айқара ашылатынын айтады.

«Аустралиядан келсе келе берсін, Америкадан келсе, анау Антарктикадан да тікелей ұшып келсе, біз оларды қуанышпен қарсы ала аламыз», — дейді ҚР Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

Ұшып қону жолағын жөндеу жұмысы бар жоғы жарты жылдың ішінде аяқталған. Көп мақтаған тас жолдың қанша уақыт бойына шыдас беретінін уақыт көрсетеді.


Ілмектер:
Алматы Әуежай



2 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. жұмыссыз қазақ 4 Желтоқсан, 2017, 13:48

    1метріне 1,22млн .теңге жұмсалған бұл жолақ алтыннан жасалған -ау шамасы ?????Бəйтерекке жұмсалған ақшаны естіп талып қала жаздап едім !!;!

    Жауап жазу
  2. Қолқоюсыз 6 Желтоқсан, 2017, 17:32

    001 мм-і 1 000 тг, Алтыннан құйса да болады екен.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*