Жүздеген студент Мемлекеттік туды Алматы көшелерімен алып өтті

Алматы жастары ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ерекше флеш-моб өткізді.

Бес жүз жас өрен ені 20 метр, ұзындығы 40 метр болатын Қазақстанның Мемлекеттік Туын Назарбаев даңғылымен алып өтті. Онымен бір мезгілде  жастар «Атамекен» əнін шырқап жүрді.

«Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында өткен жастардың жарқын шарасын алматылықтар белсене қолдады.

«Алматы жастары, түрлі ЖОО-лар мен колледждер студенттері алматылықтарды мерекемен құттықтап, осындай ерекше тарту жасады. Жастардың шебі Абай көшесінен Сəтбаев көшесіне дейін жүріп өтіп, Республика алаңына тоқтады. Шараға 500-ге тарта ерікті қатысты»,- деді Алматы жастары ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязова.

Айта кету керек, бүгін Қазақстан халқы ҚР Тұңғыш Президенті күнін осымен алтыншы жыл атап өтіп жатыр. Жастардың өз айтуы бойынша, олар бұл қадамдары арқылы өздерінің Елбасы саясатын қаншалықты қолдайтындықтарын көрсеткілері келді. Бұл флеш-моб тек Президент күніне ғана емес, сонымен бірге Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасын қолдау, - дейді жас алматылықтар.