Көше атына Елбасының есімін беру – Президенттің өлшеусіз еңбегіне деген құрмет 

Тұңғыш Президент күні қарсаңында және "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы Фурманов көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді. Мұндай шешім бүгін алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың сессиясында қабылданды. Сессия отырысында қала әкімі Бауыржан Байбек шаһарда атаулары қайталанатын көше атауларын өзгерту жөніндегі ұсыныстың екі рет қаралғанын айтты. Кейін Республикалық онамастика комитетінің рұқсатын алған соң, 112 көшенің аты өзгеретінін жеткізді. Ал қала орталығындағы Фурманов атындағы көшені Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар мен жастар көптен бері айтып келеді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Тек жастардан 10 мыңнан астам үндеу келіп түсті. Оған дейін соңғы бірнеше жылда 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардан нақты ұсыныстар берілген. Бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған Елбасы тұлғасына келгенде бұл өте заңды құбылыс. Әр дәуірдің өз тұлғасы бар. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бөлек. «Көшенің атын Елбасыға беру елдің Президенттің ел алдында атқарған өлшеусіз еңбегін құрметтеуі», – дейді зиялы қауым өкілдері.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

- Мен де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты өзінің азаттықтың туын желбіреткен, туған жері Алматы қаласының төрінде осындай бір көшенің берілуімен құттықтағым келеді. Еңбектің бұл тарих алдындағы әлі талай қайтатын, талай биіктерге бұл кісінің атын жетелейтін тіршіліктің басы деп есептейміз.

Қали Сәрсенбай, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалған тұлға. Кешегі Алаш арыстарының арманын жүзеге асырған жаңа тұрпатты, тәуелсіз қазақ елінің негізін қалаған адам деп әбден айтуға болады. Сондықтан бұл кісінің еңбегі ұланғайыр. Меніңше, бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге, Тәуелсіздікке көрсетілген құрмет. Жалпы, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен басқа да елдерде көше атаулары берілгенін айта кетейік. Ондай көшелер Иордания астанасы Амманда, Түркияның Ыстамбұлында және Ресейдің екі қаласында бар. Енді Фурманов көшесін алматылықтар Назарбаев даңғылы деп аталуына  тез дағдыланары сөссіз. Бұдан бөлек, Алматыда Талғат Бигелдинов, Қадыр Мырзаәлиев, Кәукен Кенжетаев, Шыңғыс Айтматов сынды халық перзентерінің есімдерімен аталатын көшелердің де болатыны қала тұрғындарын қуантып отыр. Бұл – ұлттық рухты көтеріп, сананы жаңғыртуға жасалған нақты іс.