"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

КҮШТІНІ ЖЕҢСЕҢ ҒАНА МЫҚТЫСЫҢ

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында дзюдодан жастар мен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Тұңғыш Президент күніне арналған дәстүрлі жарысқа 500-ге жуық спортшы қатысты.

Додаға шыққан дзюдошылардың алды осы күні әлемдік ареналарда ел намысын аброймен қорғап жүрген спортшылар. Жарысқа қатысушылар қатары да жылдан жылға артып келеді. Биыл көршілес Өзбекстаннан 100-ден аса спортшы келіпті. Сондай-ақ, Тәжікстан мен Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ге жуық үміткер 3 күн бойы 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бәскелестік болған жерде күрес те қыза түсері белгілі. Татамидегі әрбір белдесу тартысқа толы болды. «Әлем чемпиондары, олимпиада чемпиондары бәрі ауылдан шығып жатыр өздеріңіз көріп жатырсыздар. Құдай бұйырса осы біздің ауылда осындай әлем чемпиондары, олимпиада чемпиондары шығады деген үміттеміз» – дейді жарысты қызығушылықпен көрген самбодан әлем чемпионы Бақтияр Құнақынов.
Татамидегі белдесу бәсекесі негізінен қазақ пен өзбек балуандары арасында өрбіді. Жарыстың алғашқы күні өзбек спортшыларының қарқыны күшті болды. Олар 4 салмақтың үшеуінде топ жарды. Дегенмен, біздің дзюдошылар намысты қолдан берген жоқ. Данияр Шамшаев пен Абылай Өтеуов, Жорқамырза Шүкірбековтер өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанды. Командалық сында жерлестеріміз бас жүлде иеленсе, Өзбекстан құрамасы екінші, тәжікстандықтар үштікке табан тіреді. – Спорттың қай түрі болса да, «күш атасын танымас» деген бар ғой. Бүгін мына Өзбекстанның балуандары жақсы өнер көрсетіп жатыр. Себебі олар өз еліндегі мықты-мықты балуандарын әкелген екен. Ал біздер негізінен жасөспірімдерді қосып, ысылып кішкене тәжірибе алсын деп жастарды көбірек қойып отырмыз. Құдай қаласа бұлардың ішінен жақсы балуандар шығады. Мықтыны жеңбей мықты болмайтының анық. Өзбек мықтыларымен иық тірестіріп жүрген балғын дзюдошылармыздың болашағы зор деп білеміз. Жалпы, тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдау үшін жастарға осындай жарыстар қажет, – дейді жарыс қорытындысына риза болған бапкер Әуезхан Жұмабайұлы. Біз де жас балуандардан болашақ әлем чемпиондарының шыққанын асыға күтеміз.

qazaquni.kz





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*