АСТАНА – ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ БИІК ТҰҒЫРЫ

Астананың аспанмен астасқан алып ғимараттарының қатарын спорт нысандарының толықтыруы Елордамыздың еңсесін одан әрі биіктете түскені даусыз. Республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін қалаға айналған Астананың қазақ спортының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын айрықша атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, әлемдік спорт ұйымдары мен спорттық федерациялар ірі жарыстарды дәл осы қалада өткізуге мүдделі болуы Астананың қазақ спортының ғана емес, әлем спортының темірқазығына айнала бастағандығының көрінісі. Мәселен, бір ғана 2012 жылы Астана қаласында 495 спорттық шара өткізілсе, оның 106-ы республикалық, 35-і әлемдік деңгейдегі жарыстар. Астананың бұлайша әлем назарын өзіне айрықша аудартуы ең бірінші кезекте жоғары материалдық-техникалық базаның қалыптасқандығында. Газетіміздің бұдан бұрынғы сандарында Астананың алып спорт ғимараттары жайында сөз еткенбіз. Сол үрдісті жалғай отырып, оқырман назарына маңызы бар спорт нысандарының ерекшеліктері туралы ұсынғанды жөн санадық. «Қазақстан» спорт сарайы» – Елорданың спорттық рухының көрінісі «Қазақстан» спорт сарайы – еліміздегі алып спорт нысандарының бестігіне кіретін ғимарат. Еліміздегі бірден-бір спорттық мекеме болып табыла «Қазақстан» спорт сарайы» – Астананың спорттық рухының көрінісі. Мұндағы ауданы 1800 шаршы метрді құрайтын мұз айдынын Швецияның «Нордик» фирмасы салған. Тоңазытқыш қондырғыларының арқасында жасанды мұз алаңы тегіс әрі мөп-мөлдір. Жабық аренада хоккей матчі уақытында 4000-нан астам көрермен жиналады Сарайда өткізілетін шайбалы хоккей матчтары мен басқа спорт түрлері сайыс­тарын 5000-ға жуық адам тамашалай алады. Ал, он жолақты бассейн – республика көлемінде жоғары деңгейдегі хауыздардың бірі саналады. Хауыздағы су итальяндық технологиямен тазартылатындықтан, қауіпсіздік тұрғысынан барлық талаптарға жауап бере алады. Олимпиадалық стандарттағы жабық бассейнде үнемі су добы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіледі. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс Министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын жүзу бойынша ел біріншілігі өтеді. Көлемі жағынан екі түрлі бассейн балалар мен үлкендерге бірыңғай еркін және үлкен ықыласпен жүзуге мүмкіндік туғызады. Тренажерлік зал шведтік «Нордик» және украиналық «Vasil Gum» фирмаларының құрал-жаб­дықтарымен жарақтандырылған. Ерболат Ақанов басқаратын сарайда шайбалы хоккей, айкидо, дзюдо, каратэ, спорттық би секциялары жұмыс істейді. Дзюдо жаттығуларын Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Асхат Житкеев жүргізеді. Спорт шеберлерінің басшылығымен өткізілетін жаттығулар осынау спорт түріне қызығушылық танытқандардың шеберлігін одан әрі шыңдай түсері анық. «Астана Батыры» жекпе-жек клубы шеңберінде өткізілетін жарыстардың да көрерменге берері мол. Мұндағы атап айтарлық басты ерекшелік – қайсібір спорттың түрі болсын, кәсіби білікті мамандардың даярлайтындығында.Мәселен, айкидо философиясы мен джиу-джитсу шеберліктерін ҚР және әлем чемпиондары, спорт шеберлері жүргізеді. «Қазақстан» спорт сарайында хоккей ойындары және жүзу, су добы, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен кәсіби және бұқаралық деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Сонымен қатар, Спорт сарайы өзін мемлекеттік және халықаралық мәндегі мәдениет аренасы ретінде де танытып келеді. «Астанадағы Анкара күні» концерті, ҚР рәміздері Күніне арналған шаралар осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Спорт сарайы басшылығы мен ұжымның негізгі міндеті мен мақсаты, түрлі шараларды ұйымдастыра отырып азаматтардың мәдени деңгейлерін жоғарылату, өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, қазақстандықтарды дене шынықтыру мен спорт саласында жетістіктерге жеткізу. Күнделікті спорт сарайынан әр түрлі әлеуметтік топтардағы адамдардың табылуы нысанның барша халықтың игілігі жолында жұмыс істеп келе жатқандығын көрсетсе керек . Қазақстанның халықаралық стадионы Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның тарихы тым әріде жатыр. Ең алғаш рет 1936 жылы бұл стадионның маңында жартылай қираған бекініс орнын 14-ші Кавалериялық полк әскери бөлімшесі тазалап, дене шынықтыру, әскери-техникалық дайындықтарын және футбол жаттығуларын жүргізе бастады. Стадионның аумағы 10 мың шаршы метрге дейін ағаш шарбақпен қоршалып, 2 мың орындықпен жабдықталған ағаштан батыс мінбе құрастырылып және футбол алаңы айналасында жүгіруге арналған жолдар пайда болған. 1951-1962 жылдар аралығында қалалық стадионның «Искра», «Буревестник», «Еңбек», «Торпедо» секілді көптеген атаулары болды. Өйткені, стадион әртүрлі спорттық кәсіподақ қарамағында болды. Ал, «Казахсельмаш» зауыты балансына өткен тұста стадионда хоккей ойнайтын корт, киім ауыстыратын орындар және шығыс мінбесі пайда болды. 1975 жылы стадион футбол клубымен бірге «Целинэнерго» балансына өтіп, стадион атауы «Энергия» деп, ал футбол командасының атауы «Целинник» деп өзгертілді. Араға біраз уақыт салып, 1986 жылы Облыстық атқару комитетінің сұрауы бойынша, Республиканың Советтік министрлігі стадионға атақты спортшы, грек-рим палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың атын берді. 1998 жылы 7 ай ішінде стадионда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге қажетті барлық жағдай жасалып, көрермен сыйымдылығы 12 500 адамға дейін жеткізілді. Осы жылдың маусым айының 10-ы күні стадионда Қазақстан Республикасы Астанасының ашылу салтанаты болды. Стадионда Президенттік көп­сайыстар тапсыру, Астана күні мейрамын мерекелеу және УЕФА халықаралық футбол ойындары секілді көптеген республикалық, халықаралық спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Ал, жаз айларында қала тұрғындары стадионға еркін кіріп, дене шынықтырумен шұғылдануына жағдай жасалған. 60 жылдық тарихы бар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бүгінде Қазақстан астанасының халықаралық стадионы мәртебесіне иеленген. Заман талабына сай қайта жаңартылған қалалық стадион бүгінде 15 мың орынға лайықталған. Стадионда қызмет бөлмелері, спортзалдары, ойын алаңдары, телерадиохабарларын тарату орталығы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Алау мұз сарайы – Астананың спорттық қақпасы Елордадағы әлемдік деңгейдегі «Алау» мұз сарайы – «жылдам мұз» дайындауға мүмкіндік беретін, заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған бірден бір нысан. Мұз айдыны 8 000 орындық мінбесі бар ұзындығы 400 метрлік мұз жолынан, екі хоккей алаңынан, төреші алқасы залынан, баспасөз мәслихатын өткізуге арналған конгресс залдан, спортшылардың киім ауыстыруына арналған сегіз шешінетін бөлмеден тұрады.Сарайдағы жетілген техникалық құрал-жабдықтар, бірегей сәулеттік жоба, қызметкерлер кәсібилілігінің үйлесімі негізінде жетекші дүниежүзілік тегіс мұз айдындардың санатына енуді мақсат тұтады. Мұз айдыны коньки тебу спорты, шорт-трек, хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлері бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған. Алға қойған мақсатты орындау жолында нық қадам басып келе жатқан алып сарай 7-ші қысқы Азия ойындарының барысында 9 континенттік рекорд орнатқаны – үлкен жетістік. Осыдан кейін «Алау» рекордтар мекеніне айналып қана қойған жоқ, сонымен қатар коньки тебу стадиондарының дүниежүзілік рейтингінде 6-орынды иеленді. Сарайдың мұз айдынында ірі халықаралық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары өткізілумен қатар, мұнда оқушылар коньки тебу, мәнерлеп сырғанау және хоккей спорты бойынша жаттығады. Коньки тебу спорты бойынша жаппай сырғанау күндері әрбір адам өз конькиінде сырғанауға мүмкіндік алады. «Алау» мұз сарайы қысқы спорт түрлерін көпшілікке тарату және Астанада бұқаралық спорт түрін дамытуға орасан зор үлес қосып келеді. Бұл кәсіби спортшыларға да, әуесқойларға да спортпен айналысу үшін кешенді қызметтер ұсынатын, көпқызметті спорттық орталыққа келушілердің қатары күн санап артып келеді. Ол өз кезегінде ел бойынша бұқаралық спорттың қарқынды дамып келе жатқандығын аңғартса керек. Бірегей «Тарлан» мұз аренасының мүмкіндігі зор «Тарлан» мұз аренасы негізінен хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан кәсіби, жартылай кәсіби және әуесқой пайдаланушыларға арналған жаттығу кешені көз тартарлық керемет сәулет өнері болып табылады. Жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған мұз аренасы туралы осы жобаны жүзеге асыруға тікелей ықпал еткен «Каспий» спортты дамыту қоры» ҚҚ төрағасы Ғазиз Шаханов: «Жоба бірінші кезекте, балалар мен жаңа бастап жүрген спортшыларға арналған. Біздің міндетіміз жас хоккейшілер үшін жаттығу алаңын жасау еді. Сонымен қатар, мұнда мәнерлеп сырғанау мектебі де айналыса алады. Мұз айдыны болашақ спортшылар мен жаппай сырғанауға арналған», – дейді. Арена австриялық жүйеде тұрғызылған ғимарат өте қысқа мерзімде небәрі 9 айда тұрғызылған. «Бапкерлер бұл мұз айдынына өте жоғары баға берді. Тағы бір ерекшелігі, мұндағы мұз ерімейді. Біз өз мұз алаңымызды басқа нысандар жабық жаз кезінде де ұсына аламыз. Алаңымыздың барынша тиімді екендігін атап көрсеткіміз келеді», – дейді Ғазиз Шаханов.Астананың шырайын кіргізе түсетін әсем ғимраттар санының арта түсуі әрбір қазақстандық үшін зор қуаныш. Ал бұл халық саулығы жолында қызмет ететін спорт нысандары болса, бұл қуаныштың орны ерек. Оның үстіне бар қазақтың бас қаласы саналатын Астана – еліміздің жүрегі. Яғни, еліміздің әрбір тұрғыны табан тигізуге асығатын құтты мекен. Сондықтан да, ел спортының дамуына септігін тигізер спорт ғимараттарының қатары көбейе беруіне тілекшіміз. Ақтолқын ОРЫСБАЙҚЫЗЫ qazaquni.kz