Қазыбек Иса: Латын әліпбиіне өту - Рухани Тәуелсіздікке ие болу

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының алматылық кеңсесінде отандық сарапшылар, қоғам қайреткерлері мен зиялық қауым өкілдерінің қатысуымен «Қазақ тілін латыншаға көшіру: түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары» атты "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында дөңгелек үстел өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар латын әліпбиінің бекітілген нұсқасын енгізудегі тәжірибелік аспектілерді, оның келешектегі жетілдірілуі, мемлекеттік органдар қызметі мен қазақстандықтардың өмірінде белсенді пайдалануын талқылап, сонымен қатар, қазақ тілінің латын әліпбиіне тиімді көшірілуіне не әсер ете алады және бұл үрдістегі кері әсерлерді қалай азайтуға болады деген сауалдарға жауап іздеді.

Дөңгелек үстелдің негізгі спикерлері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек пен "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газетінің Президенті Қазыбек Иса баяндамалар жасады. Жиынды халықаралық Түрік академиясының сарапшысы, филология ғылымы кандидаты Тимур Анатольевич Козырев қазақ тілінде жүргізіп отырды.

- Біз ең бастысы латын әліпбиіне өту туралы шешімнің шыққанына қуануымыз керек. Ендігі мәселе қабылданған нұсқаға қатысты. Қазақтың әліпбиі клавиатура үшін емес, қазақ үшін жаңаруы керек. Қазіргі уақытта апострофқа қатысты нұсқа да қоғамда қызу талқыланып жатыр. Көпшілікке  ұнайтын нұсқа - ол әріптің шетіне үтір қою емес, үстіне ноқат қойылатын нұсқа. Әріптің төбесіне ноқат қою клавиатурада да бар. Сондай-ақ, апробация барысында қазіргі қабылданған нұсқаның үш кемшілігі анықталуда. Біріншіден, апострофпен жазылған сөзді буынға бөлуге болмайды. Екіншіден, интернетте апострофпен сөз жазып дерек іздеу мүмкін емес. Үшінші, біз 42 әріпті 32-ге азайтқанда нені ойладық бастысы, ол - ықшамдау. Ал, қабылданған нұсқадағы әріптер ықшамдалды ма? Бізде тоғыз әріпке апостроф жалғанады. Әр үтір бір әріптің орнын алады. Сөйтіп, әріптердің жалпы көлемі тағы 41 әріптей, яғни бұрынғы көлемге жуық болады. Мұны түзеу қиын емес деп ойлаймын. Өйткені, әріптердің үтірін үстіне шығарып, ноқатқа айналдырсақ жетіп жатыр. Сонда жоғарыда айтылған аталмыш кемшіліктер болмайды.

Ал, жалпы, "Рухани жаңғыру" аясында латын әліпбиіне өту деген - Рухани Тәуелсіздік деп білемін мен. Сонымен қатар, бізде Әліпбиі күнін жариялау қажет деп ойлаймын. Тағы бір өзекті мәселе, біз Мемлекеттік Әліпбиді қабылдап жатқан соң, ертең барлық іс-қағаздары да осы әліпбиде жүргізілуі керек деп санаймын. Әйтпесе, бұл атқарылған қыруар жұмыстың бәрі бекерге кетеді, - деді өз сөзінде белгілі ақын  Қазыбек Иса.

Пікірталас барысында сарапшылар латын әліпбиіне көшу қазақстандық қоғамның дамуына, халық санасының жаңғыруына, мемлекеттің алдағы уақытта әлемдік қауымдастыққа саяси, экономикалық және мәдени интеграциясына қаншалықты ықпал ететінін талқылады.

Дөңгелек үстел жұмысына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының тіл және мәдениет бөлімі меңгерушісі,  филология ғылымы кандидаты Нәзира Әміржанова, саясаттанушы Дәурен Бабамұратов, С.Демирель университетінің доценті Мұхит Асанбаев, Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарына ықпал ету қоры жетекшісі, педагогика ғылымы кандидаты  Фархад Қасенов, BaiLatyn латын әліпбиі нұсқасын әзірлеу тобының мүшелері Арман  Байқадам мен Нұраддин Садықов және т.б.  қатысты.