"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

«Аманжол Рахымжанның Қасымымын» немесе ақын қолжазбасын парақтағанда

Естен қалмас бір оқиға
(Жауынгер дәптерінен)

– Старший сержант, сені штабқа, патртбюроға шақырып жатыр, – деді посыльной.
Бардым. Капитан Шестернов:
– Ал, дайындал, үгітшілердің округтік мәжілісіне барасың, – деп жылп-жылп етеді.
Бұрын қабағынан мұз түспейтін капитанның мұнша жылпылдауы мені біраз ойландырып тастады. «Әй, шырағым-ай, мені өзім жіберіп отырмын дегендей ғып қыр көрсетесің. Тегі сен емес шығарсың, подполковник Әлпин шығар. Сенің сырың мәлім еді ғой. Осы немені несіне ардақтаймын деп ойлайтын да шығарсың. Шынында да, мен емес, сснің баратын жөнің бар еді ғой. Ішіңнен менің баруымды ұнатпай-ақ отырсың-ау», деген ой басыма келе қалды. Сарт етіп бұрылып кете бардым. Азық-түлігімді алып, жолға жиналып жатыр ем, аға лейтенант Бесережнов (батальон командирінің саяси орынбасары) шақырды. Бардым.
– Сені жақсы үгітші деп округке мәжіліске жіберейік деп жатыр едік, енді жібере алмаймыз… – деді ол маған. Соны айтты да, жүгіріп штабқа кетті. Артынан мен де бардым. Сүмірейіп қайта шықты. Лездің арасында иі қанып, жұмсап қапты:
– Ал, дайындал, таза киім ал… – деп маған енді ақыл айтуға кірісті.
Брянск 1-шіден поезға мініп, Москваға қарай тартып кеттік. Февральдің 3-інде Москваға келдік. Қазан вокзалында 5-6 сағат поезд күтуге тура келді. Сессия жүріп жатқанын білем. Қазақ азаматтарының біріне жолыққым келе берді. 3 сағатқа ұлықсат алып, «Москва» қонақүйіне келдім. Коменданттан ұлықсат сұрап, Қазақбаевтың пәтеріне келдім. Есікті қақтым, әйелі шықты. Кішкене қара домалақ бала коридорда ойнап жүрді. Коридор­дағы диванда отырып жеңгеймен біраз әңгімелестім. «Жарайды, айтайын» деп, ол кетіп қалды. Енді бір мезетте бір жуан келе жатыр. Қарасам, баяғы өзіміздің Жазушылар одағында іс жүргізуші болып істеген Баязитов. О, құданың құдіреті-ай! Тіпті семіріп кетіпті, маған таңдана қарайды. Тіпті сөйлескісі келмейді. Егер менің офицерлік погоным болса, сөйлесетін сияқты. Балтырымдағы таңғы­шым­ды, үстімдегі шинелімді көрген соң оның шолақ ойының қорытындысы мәлім ғой. Сонда да болса, жайымды айтып жалынғандай болып, Қазақбаевтың қабылдауын сұрадым. Кіріп қайта шықты да:
– Ағайдың қолы тимей жатыр. Ертең кел, – деді. Мен ертең келе алмайтынымлы айтып, отырып алдым. Табандадап бір жарым сағат отырдым. Неше түрлі ойлар келді-ау басқа. Баязитов бір шыққанда:
–Тәртіптеріңіз бойынша, әуелі тексеріп барып қабылдайтын шығарсың­дар. Олай болса міне документтерім, – дедім.
Бір мезетте желбегей шапан жамылған Қазақбаев шықты. Ол мені кабинетіне ертіп барды. «Мен қазақтың ақынымын. Егер мені білетін болсаңыз, маған бір документ жаздырып беріңіз…» деуім мұң екен, ішінен жақтырмай қалғаны жүзіне ойнап шыға келді.
– Сен Қазақ ССР Жоғарғы Советіне менің атыма хат жаз, мен қағаз жібертейін, – дей салды. Көкейі мәлім болды.
– Осында, әлгі Сәбит Мұқанов жүр, – дсді бір қаға берісте. «Сәбит» дегенді естіген соң көңілім тасып кетті. Тезірек кеткім келді. – Ал, сізге көп рахмет… Айыпқа бұйырмасаңыз, Сәбитті тауып алайын, – деп тайып бердім.
Қонақүйдің есігі алдында машинаға мініп жатқан бір жуан нән қара қазақты көрдім.
– Сәбиттің қайда тұратынын білесіз бе? – дедім. «Мына жаманның Сәбитшілін қара дегендей адырая қарады ол маған. Тек аздан соң ғаня: «Гранд отельде» деді. «Гранд отельге» жеттім. Сәбит жоқ. Жүрегім алып ұшып барады. Таң қаламын. «Мынау нағыз түс сияқты болды-ау. Бақыт деген түлкідей еркелеп алдыма келеді. Бірақ жалт беріп алдап кетпесе игі еді, – деп ойлаймын. Жазушылар одағына қайта-қайта телефон соғып жүріп, азын-аулақ ақшамды бітіріп алдым. Енді қайттім? Уақытым бітіп барады. Күн батып, қараңғы бола бастады. «Қой, не де болса бақытымды бір сынайын» деп метроға түстім де, Арбаттан келіп шықтым. Воровский көшесімен апақ-сапақта салдыртып келем. «Жоқ, кездесе алмайсың, бақытсызсың. Жоқ, кездесесің, бақыттысың» деген екі ой басымда керісіп келеді. Егер кездессем, одан арғы перспективам жарқырап тұрған сияқты. Кездесем – тіпті вокзалға қалай жетерімді білмеймін. Өкпесін қолына ұстап жортты дегеннің өзі болды.
Ендігі бір сәтте алдымдағы переулоктен бір адам шықты да, менің алдыма түсіп, кете барды. Қуып жеттім, сыртынан байқасам – Сәбит!
– Сәке! – дедім мен. Менің осы үнім не көктен, не жерден шыққанын білмей қалды-ау деймін. Сәбит жалт қарап, біраз кідіріп тұрып қалды. Кенет есін жиған кісідей:
– Ойбай-ау, Қасым! – деді де, мол денесімен тарпа бас салып, құшақтап алып, сүймесі бар ма мені. Көңілім бұзылып кетті. «Бақытты екенмін» деп ойладым мен.
(Аяқталмай қалған).

Екіжүзділік шаршатты

Марттың аяқ шенінде подполковник Әлпин жолдас менің көңілімді бір көтеріп тастады. Әскер көркемөнершілерінің округтік байқауына – Тамбов қаласына жіберді. Жолшыбай неше алуан уақиғалар болды. Оны кейін бір жазармын. Байқауда мен өзімнің қазақша, орысша жазылған бір-екі өлеңімді оқыдым. Одан қайтқан соң апрельдің онынан тағы да сол Әлпин жолдас мені «Отан үшін соғысқа» деген орысша газет редакциясына орналастырды. «Мына Аманжолов жолдас осы газетте қызмет істейтін болады. Өлеңдер жазсын. Сен өз жұмысыңды оның үстіне үйіп-төге берме», деп тапсырды редакторына.


Содан бері редакцияда істеп келе жаттым. Алғашқы он-жиырма күнім науқастанумен өтті, бірақ сыр бермедім. Қатты жүдедім. Науқастың үстіне тағы бір пәле қосылды. Редактор, аға лейтенант Кулагин менің берген мақалаларымды не баспай тастайды, не жұлқылап-жыртып берекесін қашырады. Өлең дегенді осыдан гөрі сиыр жақсы түсіне ме деймін. Өзі қандай екіжүзді. Подполковник Әлпиннің алдында күнәсіз бір сәби болады да қалады, ал оның көзі жоқ жерде «человек с ограниченным умом» деп жамандайды кеп. Осындай жағдайда жүріп-ақ мен біраз жұмыс істеген сияқтымын. «Мартбек» деген поэманың жобасын жазып болдым. Орысша-қазақша бірнеше өлең жаздым. Бірақ көбі-ақ шабытсыз, көңілсіз жазылды. Біріншіден, науқас болдым, екіншіден, редактордың қыңыр мінезі көңілімді көтертпеді. Бүгін майдың 31-күні. Редактор Кулагин өз бейнесін әбден көрсетті: «Сенің маған керегің жоқ. Кет! – деді. Батальон командиріне қағаз жазып, мені соның қарауына жіберді. Мен онша мойи қоймадым. Өйткені, менің жаным, мұндай соққыларға алдын-ала дайындалған еді. Бұл кезде подполковник Әлпин коминдировкада еді. Мен соның келуін асыға күттім. Ол келісімен сұранып майданға кеткім келді.

Июньнің алтысы

Бүгін подполковник Әлпинге жолығып, бәрін баяндадым. Ол бүкіл редакцияны шақырып алды. Редактор Кулагин нағыз көбік ауыз өтірікші екен: «Мен қуғам жоқ, өзі кетіп қалды. Мен оның ұлтшылдығын сезіп қалдым. Орыс қаруы деудің орнына совет қаруы деп жазу керек деген болатын», деп көпсітті. Оның орынбасары капитан Исаков та сөзінен танып кетті. Бірақ мен өзімнің адалдығымды, шындықты көпшілік алдында толық дәлелдеп бердім. Подполковник оларды мен кеткеннен кейін де алып қалған болатын. Ертеңіне мен қайтадан редакцияда қызмет істей бастадым. Сол күні менің кішкене жеңісіме ұштасқандай екінші майдан басталмасы бар ма… Көңіл шіркін жадырап кетті!

Июньнің тоғызы

Екі күннен бері әжептәуір сырқатпын. Кеше ыстығым тіпті жоғары болды. Соның өзінде «Брянские леса» деген өлеңімнің басын жазып қойған едім. Бүгін аяқтағалы отырмын.
(Аяғы жоқ).

Иса ақынмен соңғы кездесу

1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын, бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.
Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың, жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол мынау: Абай тойында ақын, жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді? Ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты. Ол неге келіп отырмайды орнына… Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты бұл тойға. Неткен арсыз хабар! Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырмай, сондай, қуатты өмірді сүмелек ауру басынғаны не сұмдық?
***
«Иса келіпті» деді бір жолдас. Куанғанымнан «Иса, Иса! Иса!» дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Кірдім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кетендей болдым.
Даусы ақырын ғана шығып: «Қарағым, Қасымым» деді де, қалт-құлт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгелімнен оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.
– Отыр, қарағым, – деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстіне отырды.
– Аман-есен қайтқаныңды естігенмін. Қайырлы болсын, үй болыпсың.
Ол менен қандай өлең жазға­ным­ды, ағайын-туысқанда­рым­нен кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді…
– Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиды жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын деп. Тегі мені өледі деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! – деді.
***
Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Исаға Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адаммен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарлас жатқан домбырасын алды да, «желдірмені» тартып, бірден қосылып кетті. Амал не, даусы сәл-пәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр.
Бұлан соң Жазушылар одағында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екен. Ақыр соңында:
– Мен осы қаншама өлмей­мін десем де, өлермін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, – деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:
– Иса аға, мен енді кетейін, – дедім. Қолын созды. Қолын алдым да, шығып кеттім.
***
Осыдан біраз күн өткенде Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов, тағы бірнеше жолдас болып сол инс­титутқа барып Исаның сүйегін алдық.

Ақынның күнделігінен

Дариғаға
Дариға Қасымқызы Аманжолова Алматыда 1946 жылы ноябръдің 4-інде кешкі сағ. 8. ½ туды.
Сағат кешкі 7-лердің шамасында үйге қайтып келе жаттым. Азырақ қызулау едім. Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде Жазушылар союзының дачасы, кейінірек қазақ драма театрының жатақханасы болған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені «Городская» деп атайтын. Сол көше, 69-үйде бір корпуста, бір бөлме (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі).
Бұл тұңғұйық түпкірге мен ағам Ахметжанмен бірге 1938 жылы кеп орналасқам. Бір бөлмеде ол кісінің үй іші, екінші бөлмеде – менікі.
Мен Отан соғысына 1941 жылдың 4-ағусында кеттім де, 1945 жылдың 20-июнінде демалысқа келдім. Құсатай Сүлейменов деген жақын інімнің ізденуі арқасында әскерден босадым. Жазушылар союзы, оның бастығы Сәбит Мұқанов менің әскерден босауыма, әдебиет жұмысына араласуыма жөнді көмек көрсете алған жоқ. Сәкең, әдетінше, құр сөзбен жарылқады. Жалғыз мені емес…
1945-1946 жылдары мен қазақ ақындарының ішіндегі нағыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойындады, өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындык қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді. Ақын адамның борышын түсіне де білдім. Қара бас қамы емес, халықтың қамы, әдебиеттің тағдыры менің өз ісіме айналды.
Біраз жұмыстар істедім. Бірақ, тұрмыс қиыншылығын көп көрдім. Ең басты қиындық – квартира. Мен мына «жаһаннамамның» түбінде жатып, өмірмен араласуым өте қиынға соғып келеді. Қазақтың Қасымы деген атақты, талантты ақыны, үйінің жоқтығынан, кешкі уақыттарда қалаға беттеп баса алмайды, бұзықтардан, ұрылардан қорқады. Әскерден қайтқалы кино, театрға бару деген тыйылды. Кешкі жиылыстарға да бара алмайды. Қасымның атағын естіп алыстан адамдар келсе, оларды мына «үйіне» шақыра алмай қысылады. Олар қайдан білсін, Қасымның тұрмысы министрдің тұрмысынан кем емес деп ойлайтын шығар.
Мен квартира алам деп ти­тық­тағаныма он жылдан асты. Бермейді, не қыласың. Қалалық Совет пен квартбюродағылар сенің ақындығыңды қайтсін, – арақ дүкенінің сатушысы болсам, – онда, мүмкін, есептесер еді. 1946 жылы ең болмаса күрке салып алайын деп қолайлы жер сұрадым. Төрт ай жүріп жауап алдым. Бір оңбаған «инженер» – саудагер жерді маған зират жақтан (!) ұсынды. Кімге айтарсың. Сондай сұмдардың соңына түсіп жүруге уақытым бар ма.
Жазушылар союзының сорлы басшылары Сәбит, Снегин дегендер өздерінің құлқындарының құлы болып алған адамдар. «Құдай» бізге сондай бастықтарды береді ғой…
Құрысын!
Баламның өміріне көшейін.
Сол кешкі 7-лердің мезгілінде, үйге тақалғанда менің алдымнан әйелім Сәпен, інім Еркін, қарындасым Таупан тап болды. Сәпенді толғақ қысыпты.
Дереу милиция бөліміне барып, «жедел жәрдем» сұрадым. «Жедел жәрдемі» құрысын, табандаған бір сағат күттік. Әйелім көшеде босанып қала жаздады. Келді-ау, әйтеуір. Босанатын үйге алып жүрдік. Бара сала босанды. «Қыз бала тапты» деп бір қазақ қызы хабар берді. Қуанып үйге қайттым. Бұл менің бұл әйелден көріп отырған тұңғыш балам. Сәпенмен 1946-жылдың 5-ғинуарында қосылғам. Бұрынғы Райхан деген әйелсымағыммен айрылысқам (1940 жылы). Онымен бес-алты ай ғана тұрдым. Одан бір бала туып еді. Көшеде бір рет көрсетіп те еді, ол бала мен соғыста жүргенімде қаза болыпты…
«Мына қызымның атын Дариға» қоямын деп Сәпенге хат жазып бердім. Хаттан басқа жөнді ештеме апарып бере де алмадым. Ақша таба алмадым. Тұрмыстың бар мих­натын нақ сол кезде қайыса көтердім. Жаным қатты ауырды. Амал жоқ.
Жеті күн өткен соң әйелім мен баламды үйге алып келдім. Соңғы (қарызға алған) 75 сомды беріп, машина жалдадым.
Той жасау ма?! Жас босанған әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңайлыққа түскен жоқ.
Қызыма Дариға деп ат қойдым. Менің тойым сол болды.
Дариғам аман-есен ержетсе – тойым да сол, қуанышым да сол.
Бала деген қалай өседі екен? Адамның ержету жолдары қандай болады екен? Дариғам қалай өсер екен? Осы сұрақтар мені осы бір күнделік дәптерге үңілуге мәжбүр етті.
Дариға туғанына он күн толғанда мен оның көз алдында тұрып домбыра ойнадым. Ол кәдімгідей қарады. Бірдеме түсініп қарады ма, әлде тек әйтеуір көз тоқтата салды ма, білмеймін.
Он екі-он үш күн болғанда жылап жатқан бала домбыраның үнін естігенде жұбана қалды. Мен бұған өзімше мән бердім. Тегі, домбыраның әдемі дыбысы сәбидің де сезіміне тие ме деп ойлап қалдым. Барлық бала осылай жұбана ала ма, – онысын байқаған емеспін.
Дариға өте мазасыз болды. Оның себебі – біріншіден, туа сала өкпесіне суық тиіп ауырды, туа сала сулфидин ішті. Балалар консультациясына апарамыз деп, ауыртып алдық; бір дәрігер суық үйде жалаңаш баланың салмағын өлшеймін деп, емдеудің орнына – ауру берді; екіншіден: баланы ылғи қолға ұстап үйретсең, – шатақ болады екен. «Көтер де тұр» дейді. Бесігі не арбасы болмай-ақ келеді. Ақшасыз алатын жер жоқ.
Ақшаны жаман да таппаймын. Айына кейде 2000, кейде 3000 табам. Бірақ ет 70-100 сом, ұн 30-40 сом, сүт 10-15 сом, арақ 113-125 сом, шәй, – бұрыш, толып жатқан қоректер ақша шыдатпайды. Ақшаны үнемдеуге де салақпыз.
1.1/2-2 айдай уақыт болғанда бала әлсін-әлсін аузын ашып, көзін жұматын болды: мұнысы күлгені. Бұл кезде домбыра тың­дап жұбануға әбден төселіп алды.
Үш айдан аса бере «а-а» дейтінді шығарды. Онысын біз «аға» дегені деп келеміз. «Аға» дегені емес қой, бірақ «а-а»-дан барып аға деп кетуі де мүмкін.
Төрт айға толған кезде орап отырғызып қоятын болдық. Домбыраға, ойнаған адамның қолына көз аудармай қарайтын болды. Кейде еміп жатқан емшегін тастай салып қарайды. Отырған балаға домбыраны беріп қоятын болдық. Сол қолымен домбыраның мойнына кәдімгідей жармасатын болды.
2.1/2-5 ай болғанда домбыра­ның мойнын кәдімгідей төрт саусағымен бармағының арасына салып, ұстап, саусақтарын қозғалтатын болып алды. Оң қолымен домбыраньщ ішегіне жармасады. «Дың» еткізіп үн шығарса, соған ынта аударады. Домбыра мұның ең керекті ойыншығы болып алды. Домбыра ойнасам, жұбанады, ұзақ уақыт тыңдап, қарап отырады, тіпті жыламайды.
Әлі жақсылап отыра алмайды. Бірақ еңбектегісі келгендей, етбетінен аударылып түсе береді. Бір нәрседен ұстап, тұрамын деп тырмысады. Киіміңе жармасып, «көтер»деп талпынады. Көтерсең, құлап қалмайын» дегендей, жағаңнан, иығыңнан, шашыңнан мықтап ұстап алады. Оны-мүныны былдырлауын күшейтіп келеді.
Өзі топ-толық еді. Жақында тағы да өкпесіне суық тиіп, қатты ауырды. t +39,5 болды. Сасыңқырап қалдық. Дәрігер «қатты науқас, больницаға бер» деді. Бермедік. Толып жатқан дәрілер беріп, кеудесіне горчица таңып емдедік. Тәуір болды. Бірақ алғаш ауырғаннан бері қалмай келе жатқан жөтелі бар. Қақырығы бар. Жалғыз бөлме болған соң темекі тартпай да отыра алмайсың. Балаға өте қиын.
«Кімге тартқан» деген сұраққа әлі толық жауап берілген жоқ. Көзі, маңдайы, бет-бейнесі әкесіне, қасы, мұрны шешесіне тартқан сияқты. Өзіндік дара бітімі де бар сияқты. Кенет шар етіп жылап оянатын әдеті бар. Кенет жұбана да қояды. Жылауын бірте-бірте азайтып келеді. Ұзақ уақыт жыламай ойнап, мәз болып отыра да біледі. Ой ойлаған адамша томсырайып та отыратыны бар…
Тегі, жаман адам болмас деймін.
***
7/ІҮ 47.
Бұдан былай кейбір кездерін мұқият жазып отыруға тырысам.
***
8/ІҮ 47.
Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық дегеннен 1 килодай ұн, жарты бөтелке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті іздеп қалжырадым. Сталин туралы жазған поэмама шарт жасаттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір күнде ертең. Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.
Сәпен науқас. Миы ауырады. Жаннат көжемен қарнын қампайтты да ұйықтап қалды. Мен қара шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қайда?! Шешесі жатыр.
Мен Дариғаны домбырамен алдандырып отырмын. Мен дыңылдатам. Ол өзінше «басады», – саусақтарын тарбайтып, қозғап, домбыраның ішегін басқан болады. Мен дыңылдатпасам – жылайды. Осымен жарты сағаттай отырдым…
Келер күн не дер екен? Көрелік оны да.
Міне, ғажап! Ойламаған жерден ағамның Алма деген баласы есік ашты. Қолында 200 сом ақша: шешесі Мәми беріп жіберіпті. Түнеу күні менен 2000 сом қарыз алып еді, соның есебіне бергені ғой. Бірақ дәл мына 200 сомы менің ондағы 2000 сомымнан маған құндырақ болды-ау. Уһ!
***
23/ІҮ 47.
Соңғы күндері Дариға «мәмә», «әй, мәмәу» дейтінді шығарды. Шешесін айтып жылағанда осыны айтып отырады.
«Аға» дегенді ап-анық етіп айтатын болды. Ерте оянып алып, былдырлап сөйлеп жатады. Отырғанда да былдырлап сөйлеп отырады. Ойыншыққа жармаса бастады. Қыз баланың бейнесі бар қуыршаққа қарап, өзінше «сөйлейді».
Скрипка, домбыра тартылса бар ынтасымен тындайды. Емшекті тастай сала тыңдайтын болды. Кейде домбыраны ұйып тыңдап отырып, ұйықтап та қалады. Домбыраны өзінше ойнамақ болып әуреленеді.
***
Қызыма арнап «Сталин» деген ұзақ поэма жазып едім, өте жақсы болып шықты.
***
16/Ү-да ғаламат тасқын болды. Қатты састық.
***
17/Ү 47.
Дариға, іші өтіп, ауыра бастады. Терлей береді.
***
19/ Ү 47.
Іші қатты өтеді. Өзі жүдеп, жуасып қалды. Терлей береді.
***
20/Ү 47.
Іші әлі өтеді. Ыстығы жоқ. Бүгін дәрігерге апарамыз.
(Аяқталмаған)

qazaquni.kz





4 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қолқоюсыз 25 Қараша, 2017, 19:10

    Оздерын бале-жала куып журген сияктысындар.

    Жауап жазу
  2. Ш.З.Д. 28 Қараша, 2017, 16:43

    Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
    Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
    Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
    Алыстан көрінгенмен мұнарлана – деп аяулы армандарымен бүгінгі болашаққа аңсар көңілмен көз тіккен қайран Қасым! Естеліктері жүрек елжіретіп, жанарға жас келтіргендей…
    Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
    Қараймын елесіңе мен таңырқап, – деп өзі әулие-көңілмен жырына қосқан 21- ғасырдың бақытты ұрпағы Ақын жырларын жүрекпен сүйіп оқиды, әнмен әуелетеді. Демек, ҚАСЫМ АҚЫН – БАҚЫТТЫ АҚЫН, МӘҢГІ ЖАСАЙТЫН АҚЫН!

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 5 Желтоқсан, 2017, 21:30

      Берсең бер,бермесең ғой,баспанаңды,
      Сонда да тастамаймын астанамды дейтін Қасым ақын.
      Орыстың баспанасы,ойғырдың асханасы деп,сол кезде,соғыстан жараланып келіп,үйсіз,күйсіз жүріп дауылпаз жырларын жазып жүрді,Қасым ақын,Қасым батыр.

      Жауап жазу
  3. даулет 5 Желтоқсан, 2017, 23:32

    каиран казак халкынын бир туар азаматы жаткан жерин жаилы болсын биз сиякты кара бет урпагынды кешри кор акын ата

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*