Қырғыз елінің азаматы Ақтау тұрғынын 50 рет пышақтап өлтірді

Ақтау тұрғынын 50 жерден пышақтаған қаскөйдің ақыл-есінің дұрыстығы тексеріліп жатыр

Атырауда ақтаулық азамат 50 жерден пышақталып, қаза тапты. 39 жастағы Иван Грабовты о дүниеге аттандырған қырғыз елінің азаматы екен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Астрахандағы оқуының сессиясын ойдағыдай тапсырып, Атырауға жеткен Иван Грабов досы екеуі жүрек жалғамақ болып, вокзал маңындағы асханалардың біріне кірген. Бірақ алаңсыз тамақ ішіп отырған жігітті қырғыз азаматы әй-шәй жоқ, пышақтай жөнеліпті.

Лариса Грабова, марқұмның әйелі:

-Дәрігермен сөйлескен едім, ол күйеуімнің алған жарақаттан тірі қалуы мүмкін еместігін айтты. Бауыры мен өкпесі, тіпті бас сүйегі де езіліп кетіпті. Менің суреттерден көргенім, жауыз оны аңшылық пышағымен өлтірген.

Оқиға жексенбі күні таңғы 5 жарымдар шамасында болған. Үстелде досымен бірге тамақ ішіп, жайбарақат отырған Иванға күдікті келіп, ту сыртынан пышақ салыпты.

Лариса Грабова, марқұмның әйелі:

-Ол әдейі өлтіретін адам іздеген секілді. Өзімен пышақ алып жүрген. Менің ойымша, ол гипноздың әсерінде болған немесе психикалық ауытқуы бар адам. Неге олардың кесірінен басқалар зардап шегуі тиіс?Мені күйеуімнен, балаларымды әкесінен айырды.

Иван Грабов жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келгенше қайтыс болған. Ал, күдіктіні полицейлер сол маңдағы бейнебақылау камераларының бірі арқылы тауыпты. Қазір қырғыз елімінің азаматы тергеу абақтысында отыр.

Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Жалпы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары ҚР ҚК-нің 99 бабы, 2-бөлігі, яғни қасақан кісі өлтіру фактісі бойынша жүріп жатыр.

Ал қазір осы іске қатысты түрлі сараптама тағайындалған. Күдіктінің ақыл-есінің дұрыстығы да осы тексерістерден кейін белгілі болмақ. Егер кінәсі дәлелденіп жатса, 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.