МҰЗБАЛАҚ. Мұхтар Шахановқа

 

Бүгін "Қазақстан" Ұлттық арнасында ел сүйіп көретін Дананың "Дара жолында" дарабоз ақын, даңқты ұлт қайраткері Мұхтар Шахановпен сұхбат көрсетілді. Мынау жыр осы хабарда оқылып, бірақ эфирге сыймай қалған өлең болатын...

  МҰЗБАЛАҚ Мұхтар Шахановқа   Адалдықтан жаратылған жүрегің, Адамдық деп басталады тілегің. Шын ағасы Шыңғысты да сүйсінткен, Шығыстағы шығандаған Шың едің. Зұлымдыққа ашып қарсы майданды, Алып қыран қанатын кең жайған-ды. Дала-дархан, теңіз-терең, тау-биік, Жыр Адамзат азығына айналды. Алпамыс пен Манастайын айбары, Саңлақ туған ақиыққа сай бәрі … Алатаудың қос баурайын қосатын, Қазақ-қырғыз туыстығы айғағы. Тіл мен жері – ақындардың жалауы, Күресте ғой дүлдүлдердің жарауы. Сендей ақын – халықтың бұл қалауы. Жетпіс жылдық тасқамалды қаусатты, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы! Қияларда қанатыңыз талмасын, Әл-Фараби, Арыстанбап қолдасын. Ой ордасы – Отырарда туған соң, Оймен алдың әлемнің бар ордасын. Дауылдарға сыр бермеген Бәйтерек, Ақтабаннан аман шыққан, Тәуелсіз ел зарын бүгін айт, ерек! Өз елінде өгей тілді қорғадың, Сертке тартқан семсердейін сен болмасаң қайтер ек?!. Ел егемен болса-дағы қауіп бұлты торлаған… Елдің мұңын айта алмайды ездер ғана сорлаған. Ерліктерің тек перзенттік борыш қана сен үшін, Бір өзің – бір партиясың, халық ең көп қолдаған! Ұлт мүддесі жолында сап әдемі із, Ұлтшылдардың көсемінің ұлтыменен жаны егіз. Испанияда стадионында бұқадан да бұқпап ең, – Өз еліңде мүйіздемек санасы жоқ сан өгіз… Өзің жайлы жинап әлем не дерек, Шындық үшін шықтың алға керемет. Ең сүйікті ақынысың елдің сен, Ал ақынға бұдан артық не керек! Кедергінің көрсе дағы қандайын, Биік ұшқан мұзбалақ ең әрдайым. Тамыр тартқан талантыңа тамсанып, Талай тарлан ойып алған таңдайын. Ұлы есімге сай туылған ұлы едің, Әрқашанда жарқырасын маңдайың. Төбемізден тұман әлі төнуде, Бостан елге болмас енді Бодандыққа көнуге?!. Ұлтан біткен ұлтымыздың мүддесінен жеруде!.. Азат тілге айналғанша Қазақ тіл, Аға, Сіздің хақыңыз жоқ өлуге!..
 Қазыбек ИСА
2002 жыл