Қазақтың зиялы қауым өкілдері шетел журналистерімен кездесті

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Египет, Испания, Жапония, Бразиялия, Оңтүстік Корея, Канада, Австралия, Индонезия, Франция, Австрия, ҚХР және Оңтүстік Африка елдерінен БАҚ өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Іс-шараға отандық зиялы қауым өкілдерінен Ұлықбек Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Оңайгүл Тұржан т.б. қатысты.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Әлемнің 15 елінен жиналған бар-жоғы 21 журналист Қазақстан мемлекетінен алған әсерлерін айтып тауыса алмады. Бір апта бойы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында болады.

Айта кетейік, олардың арасында әлемге әйгілі АҚШ-тың «Forbes» және «Фрилансер», Италияның ИА «INTERRIS», Испанияның «ElCultural» журналдарының, Оңтүстік Кореяның «JoongangIlbo» газетінің, Египет «Нил-Культура» және «OnTV» каналдарының және т.б. журналистері бар.

Шетелдік БАҚ өкілдері зиялы қауым өкілдеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Кездесу барысында дала өркениетінің құндылығы мен ерекшеліктері, көшпелі қоғам мен табиғаттың жарасымдылығы, рухани жаңғыру бағдарламасының жүзеге асуы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңашылдықтар, шет мемлекеттер арасындағы әдеби-мәдени байланыс дәрежелері және т.б. әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ, қазақ елінің латын графикасына көшу мәселелеріне қатысты зиялы қауым өкілдерінің көзқарастарын да білуге тырысты.