ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ...

Өте өкінішті, ауыр қайғы!!! Өмірден өнегелі өмірін балалардың білімін жетілдіруге арнаған Өтеш Әбдімәжит өтті! Кеше ауыр жағдайда ауруxанаға жеткізілгенін Мәскеулік Жарқын Утешовадан естіп, қатты уайымдап қалған едік. Алла шипасын берсін деп, дұға жасаған едік көппен бірге. Алла ісіне амал жоқ! Алпысқа толуына бір жыл қалғанда қайран жүрек тоқтады...

Әбекең  қай мектепке ауысса, балаларымызды сол мектепке ауыстырып, артынан еріп жүретін қалың көпшіліктің біз де бірі едік. Оның жемісі - жетістігімен оқып жатқан және мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнын аяқтап, үлгілі еңбек етіп жатқан ұл-қыздарымыз! Өйткені, Өтеш Әбдімәжит қай мектепке ауысса, кез келген артта қалған мектеп болсын, әйгілі физика-математика мектептері болсын, дүр сілкініп, биік белеске көтеріліп шыға келетін еді... Еліміз бойынша ең үздік мектепке айналатын еді...

Қадірлі қайраткер, абзал азамат, ұлағатты ұстаз Өтеш Әбдімәжиттің балалардың білімін арттыруға сіңірген орасан еңбегі ұмытылмай, серіктері мен шәкірттері арқылы жалғасын таба береді деп сенеміз!

Отбасы мен туған-туыстарына, асыл жары Алтыншаш апайға берік болыңыздар деп, қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жәннат, алды пейіш, арты кеніш болып, иманы салауат болсын!

"Қазақ үні" газеті атынан Қазыбек Иса