Сириядан шығарылған қазақстандықтар таяу күндері елге жеткізіледі

Картинки по запросу сирия

Сирияның жанжал аймағынан шығарылған Қазақстан азаматтары таяу күндері елге жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізде білетіндей, кеше Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласына Сирияда жанжал болып жатқан аймақтан құтқарылған бір топ адам жеткізілді. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болды. Ол 1988 жылы дүниеге келген  Орал қаласының тұрғыны мен оның кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы. Оларды Грозный әуежайында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қызметкерлері  күтіп алды. Жақын арада олар Қазақстанға жеткізілетін болады», - деді ол.

Осы ретте Әнуар Жайнақов  ҚР Сыртқы істер министрлігі   отандастарымызды Сириядан қауіпсіз жерге шығарғаны  үшін ресейлік тарапқа және Шешен Республикасының басшылығына шынайы ризашылық білдіретіндігін атап өтті.

«Балалардың ең кішкентайы осы жылы дүниеге келген, бірнеше айлық қана. Ал ең үлкені 2012 жылы туған. Балалар Қазақстан азаматы, аты-жөндері жарияланбайды», - деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі.