"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Айдос Сарым: Биліктегілер – уақытша халық жалдаған менеджерлер ғана

Картинки по запросу айдос сарым

Соңғы кездері елімізде және айналамызда болып жатқан оқиғалар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі мәселесін қайтадан өршітіп жібергендей. Егер, кейбір биік мінберлерден айтылғандай, билеуші партияның әлеуметтік желілердегі қолдаушыларының саны 6 миллионнан асатыны шын болса, билік интернет желісін бұғаттайтындай кімнен немесе неден қорқуы керек? Кейбір әлеуметтік сауалнамалардағы деректерге сенетін болсақ, биліктің «сындарлы саясатын» қолдаушылардың саны 90 пайыздан асып жығылады екен. Егер осынысы шын болса, көрші елдің есі кеткен президентінің сандырағына бола сол елге қарсы ақпараттық соғыс жүргізіп, оны экономикалық блокада құрсауына алудың не қажеті бар? Бұл жерде кемі бір өтіріктің бар екені көзі ашық адамға айқын сезілуі тиіс сияқты. Кез келген авторитарлық жүйенің ең тағдырлы және ең қатерлі тұсы – екіжақты ақпараттық кептеліс.Яғни шынайы ақпарат алу мүмкіндіктері мен көздері шектелген, тек өзіне ғана ұнайтын ақпаратты алуға, естуге құмартқан билік бірте-бірте ел ішіндегі жағдайдан бейхабар бола бастайды. Есесіне миллиардтап бөлінген мемлекеттік тапсырыстарға, күні-түні теледидардан тоқтаусыз ағылып жатқан үгіт-насихатқа қарамастан, халық билікті түсінуден, ұғынудан қалады. Бұл кептеліс билікті халықтан, халықты биліктен ажырата бастайды, арасын сөгеді, өзара сенім мен кұрметтен айырады. Осындай жағдайдың орнығуының өзі елде саяси үлкен дағдарыстың бар екенін аңғартуы тиіс. Себебі билік сенім мен құрмет деген өлшемі мен мөлшері жоқ эфемерлік субстанцияларға тәуелді. Билікке деген сенім мен құрметтің аздығы, азаюы, биліктің құты қашып, қадір-қасиетінің кемуі – көптеген жағдайда ақпараттық саладағы дағдарыстың айқын көрінісі.
Мысалы, соңғы кезде болған бірнеше жағдайды еске алайық. Шетелде Әблязов деген алаяғымыз бар. Елде оны ешбір оңған саяси күш, зиялы қауым немесе саясаткерлер қолдап жатқан жоқ. Қоғамның ішіндегі осы бір персонажға деген көзқарастарды керемет деп айту қиын. Егер осымыз анық, айқын болатын болса, онда оның Facebook желісіндегі әрбір тікелей эфирін бұғаттаудың қандай қажеттілігі бар? Бұғаттау, айналып келгенде, күш пен парасаттың белгісі емес, керісінше, әлсіздік пен үрейдің көрінісі, көрсеткіші. Осы кезге дейін Әблязов деген әпендінің кім екенін, не дегенін естімеген, білмеген әрбір адам осындай бұғаттаулардан кейін «Осыны не үшін бұғаттады екен? Өз көзіммен көрейінші» деп арнайы іздейді. Бара-бара популизмге, әлеуметтік желідегі жалған күн тәртібіне негізделген саяси шахматшының сөзі сол адамға керемет шындық, айтылмаған ақиқаттай көрінуі де ықтимал. Себебі ашық саясаты, саяси бәсекелестігі жоқ елде саяси сыбыр мен күңкілдің өзі найзағай ұрғандай боп естілуі, сезілуі ықтимал.
Бұл – қарапайым ғана адами, қоғамдық психологияның заңдылығы. Осыны билік өкілдері түсінбей ме, білмей ме? Әлде биліктің бірте-бірте Әблязовқа миллиондаған қолдаушы мен тыңдаушы жинап беру туралы құпия жоспары бар ма? Егер ондай жасырын жоспары болса, биліктің жасап отырған тірлігі дұрыс та шығар. Немесе басқа жағдай. Саяси мақсатына жету үшін өзіне қажетті, керекті, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кандидатты құлағынан сүйреп шығару үшін көрші Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев сайлау науқаны кезінде қазақ тақырыбын мықты пайдаланды. Қырғыздың әңгүдік президентінің әрбір сөйлеген сөзі Қазақстандағы әлеуметтік желілердің хитына айналды. Қазақ қоғамы екіге жарылды. «Атамбаев шындықты айтты», «Атамбаев – красавщик» дегендердің саны еселеп артқаны сонша – өзінің ұлттық намысын таптап, Кенесары аруағын тағы бір қорлауға дейін барғандар табылды. Мұның қандай нәтиже беріп, қандай қиянатқа апарғанын жұрттың барлығы да біліп, естіп отыр. Нәтижесінде екі елдің экономикалық ара-қатынастары тарылып, ашық қақтығыс дәрежесіне дейін жетті. Айналып келгенде, мазақ болған сол баяғы қазақ, Қазақ елі. Егер кішкентай елдің басшысы кеше ғана ғаламдық көрме өткізіп, әлемді достастырып-табыстырған мемлекет пен оның басшысының абыройын айналдырған бір айдың ішінде айрандай төге алатын болса, онда еліміздегі билікті қолдаушы, насихаттаушы партиялардың, баспасөздің, блогерлердің не керегі бар? Егер шетелдегі алаяқ пен көрші мемлекеттегі әңгүдіктің пәрмені биліктің барша ақпараттық мүмкіндігінен асып түсетін болса, онда біздің елдің ақпараттық қауіпсіздігіне, тәуелсіздігіне қандай баға беруге болады?
Мұндай жағдайдың туындауына кім кінәлі? Әрине, биліктің өзі. Біздің елдің тағы бір авторитарлық ерекшелігі бар: біз мемлекет пен биліктің ара-жігін, айырмашылығын түсіне, ұғына бермейтін тоталитарлық, отарлық санадағы ұлтпыз. Біздегі көпшілік үшін мемлекет пен билік – бір адам, бір топ болып көрінеді. Билік мемлекетті меншіктеп, жекешелендіріп алған. Өз былығын жабу үшін биліктегілер мемлекет атын жамылып, мемлекетті таса қылып паналайды. Осы себепті де билікке тас ату – мемлекетке тас ату сияқтанып кетеді. Билікті нысанаға алып, көздегендердің тасы, бір жағынан, ұлт пен мемлекетке тиіп жататыны осыдан. Кезінде, мысалы, Совет Одағының барлық зорлық-зомбылығы, сталиндік тоталитарлық жүйенің қылмыстары туралы ащы шындық ағыны әлемді тіреп тұрған империяның тас-талқанын шығарып шайып жіберді. Бізде де шындықтың шырылдап айтылатын уақыты келеді. Сондағы басты міндетіміздің бірі – билікпен бірге мемлекетті күйретіп алмау. Осы үшін ғана қоғамдағы әрбір есті, болашақты ойлайтын, өз ұлтына жаны ашыған адамның басты міндетінің бірі мемлекет пен биліктің арасын ажырату, екеуін екі бөлек ұғым қылу, мемлекетті биліктің меншігінен шығару болып табылады. Шындығын айтатын болсақ, билік дегеніміз мемлекет емес. Мемлекет, айналып келгенде, шенеуніктердің емес, халықтың, елдің барша азаматтарының игілігі, киесі. Билік – тек саяси құрал ғана, ал биліктегілер – аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ, уақытша халық жалдаған менеджерлер ғана. Осыны арман емес, тастай қағидат қылу уақыт күттірмейтін міндеттің бірі.
Ал осы кикілжіңнің барлығы неге, неліктен туындап отыр? Көптеген себептерді айтып, талай мысал келтіруге болатын сияқты. Бірақ билік кінәраттары мен қателіктерінің ең үлкені – биліктің отарлық қалыптан шыға алмауы, қоғамды отарлау объектісі ретінде қабылдауында. Қоғамына арқа сүйемеген, ұлттық құндылықтардан сусындамаған кез келген билік стратегиялық тұрғыдан әлсіз, әлжуаз, шала-жансар ағза. Бұндай билік өз өзектілігі мен шындығынан айырылып қалады. Ал шындығынан айырылған, қоғамының қолдауынан ада билікті кез келген алаяқ пен әңгүдік әлсірете алады, келемежге айналдыра береді. Егер жақын арада саяси реформа басталмаса, биліктің кеңестік тоталитарлық психологиясы өзгермесе, бұл жағдай жалғаса береді. Түбі жақсылық болмайды.
Бұл арада бір ғана қуантарлық жайт бар сияқты. Қазақ қоғамы шынымен де өзгеріп, өсіп келеді. Баяғыда орыстың ұлы ойшылдарының бірі Александр Герцен өз заманындағы табыспас, қол алыспас екі күш – славянофилдер мен батысшылдар турасында бір терең ой айтқан болатын. Оның пікірінше, батысшылдар мен славянофилдер кезігіп, бір-біріне қолын соза алатын жалғыз көпір – социализм екен.
Қазақтың баршасының – батысшылының, ұлтшылының, баласының, шалының, нағызының, шаласының, қаласының, даласының, басқасының басын қосатын көпірлер жеткілікті екен. Кемі қазағымызды өмір-дариядан өткізетін үш көпір бар сияқты. Олар – ұлттық мемлекет, ел мен жер, тіл мен әліпби. Осы үш қасиетті ұғым қазақтың басын біріктіре алады екен, біріктіріп те жатыр. Өткен жылы, мысалы, қазақтың басын жер тақырыбы біріктірсе, биыл тіл мен әліпби тақырыбы біріктірді. Қажет кезде ұлт пен мемлекет тақырыбы да қазақтың басын біріктіре алады деп санаймын.
Егер бүгінгі билік өз болашағын ойласа, тарихтағы орны жайлы толғанатыны шын болса, онда осы факторды мықтап зерделеп, қатаң ескеруі тиіс сияқты. Осы қазақ үшін қасиетті де, киелі де құндылықтармен ойын ойнауға болмайды, оларды саяси саудаға салуға болмайды. Бұл ойындардан от шығуы ықтимал. Есесіне осы үш тақырыпты, құндылықтарды ағымдағы саясаттың тұғыры, өзегі қылу билікке деген сенім мен құрметті арттырады, билік пен халықты табыстырады. Кезінде марқұм Алтекең, Алтынбек Сәрсенбайұлы айтып, суреттеп кеткен биліктің үштағанына қарсы қазақтың, қазақ ұлтының қарсы қояр ұлттық үштағаны осы. Осы ұлттық үштағанға арқа сүйеген биліктің ғана болашағы болмақ. Оған қарсы тұрған биліктің болашағы бұлыңғыр, тіпті ешқандай болашағы жоқ. Қазақтың алғысынан гөрі қарғысы қатты ғой. Билік осыны ескерсін!

Айдос Сарым,

Дереккөз: Жас Алаш





15 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. ҚАЗАҚ 9 Қараша, 2017, 16:35

    ДҰРЫС ҚОИ.АЙТҚАНЫҢЫЗ. ТЫНЫШТЫҚ БОЛҒАЙ. СІЗГЕ АЛЛА ЖАР БОЛҒАЙ.ИЯ ХАЛЫҚ БӘРІН БІЛЕДІ.

    Жауап жазу
  2. анкау 9 Қараша, 2017, 17:59

    уакытша деп уакытша менеджерлермен жарты омир отип кеттигои бир коркатыным жане биреулери кеп калган омир отип кетпесе еди.

    Жауап жазу
  3. С 9 Қараша, 2017, 18:41

    Қырғызстанда болып жатқан жағдайды «Вечерний Бишкек» арқылы біліп тұратынмын, ал бұл сайт Астанада ашылмайды екен…

    Жауап жазу
  4. доғар 9 Қараша, 2017, 18:57

    сенен халыққа аблязов сыйлы сен биліктің күшігісің айтақ десе абалай жөнелетін. сендей сатқын ұлтшылсымақ қазаққа бір тиынға да керек емес.

    Жауап жазу
  5. Алмат 9 Қараша, 2017, 20:10

    Қазақ қоғамы өзгерді, бірақ билік өзгеретін емес, билік тоталитарлық психологиядан арыла алмады, саяси реформалардың иісі де жоқ. Айдос, уақытша менеджерлерің Мәңгілік болып алды ғой, несіне керек Бос Сөз. Жағымпаздық пен өтірік, жалған лозунг пен көзбояушылық қазақты жақсылыққа әікелмейді. Қазақтың Атамбаевы қашан туады екен……………………………………….

    Жауап жазу
  6. Мұстафа 9 Қараша, 2017, 22:23

    Сарымның сарсылып таусылып жазған ұзын сонар пилоосопиясынан кімді жақтап кімді даттап отырғының түсіну қыйын.Халыққа əйтеуір көпшік қойыпты.Елде сатылмаған дүние қалмапты.Метроны көк тыйынға сатыпты.Кімге белгісіз.Орысқа байлығы тасып көмек бермекші. Өз халқың жарымай жүргенде о несі ей.

    Жауап жазу
  7. Қолқоюсыз 10 Қараша, 2017, 18:39

    Мыналар тычканнын кыйларыма?

    Жауап жазу
  8. калбит 10 Қараша, 2017, 18:46

    коиындар карнымыз ток болса болды гои казахпыз гои бизге политиканын не кажети бар Орыстын аиканына конип аидаганына журип карнымыз ток болсын .кул казахтан толк болмаган болмаиды

    Жауап жазу
  9. квартирант 10 Қараша, 2017, 19:37

    калбитау сол карында ток емесгои арен квартирага толеуге каражат тауып журмиз жегенимиз нанмен маргарин.

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 10 Қараша, 2017, 20:04

      Жазсаңшы,таңертең шәй,түсте шәй,кешке шәй,бұл қазақ қашан жариды-ай,-деп.
      шемішкенің майына нан батырып жеймін,болмаса нанға тұз сеуіп деп.
      ішкенің қара шәй,жегенің нан,жағдайың қашан оңалады?

      Жауап жазу
  10. Қолқоюсыз 10 Қараша, 2017, 19:42

    Мәңгүрт айдағанмен қашанғы жүрмекшісің,зомби болып.малдан айырмашылығың не сонда?

    Жауап жазу
  11. Қолқоюсыз 14 Қараша, 2017, 10:19

    Сарым сен жүрген бір артистсың ғой ау деймін, екі сөйлейтін.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*