"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ЖЕРІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ

Ертістің Павлодар өңірі өндірісі дамыған еліміздегі экономикалық әлеуеті жоғары облыс. Минералдық шикізат кешенінде жетекші рөл атқаратын Кереку өңірінің қатты пайдалы қазбаларының баланстық қорының жалпы құны 460 миллиард долларға бағаланады. Бұл – алтын, көмір, түрлі металдар мен құрылыс материалдарын жасайтын шикізат және тағы басқа қазба байлықтар. Осындай бай аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау көрсету ісін ұтымды жүргізуге зор мүмкіндіктер бар.

Кен орындарының бір бөлігі облыста ертеден және табысты өндірілуде, қалғандарында қосымша геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Облыстың жарты аумағын Ертіс өңірі ойпаты алып жатыр, геологтар көмірсутегі шикізатының мол қоры жағынан оның болашағы зор деп есептейді. Мұнайдың болжамды ресурстары – 315 миллион тоннаға, ал газдікі – 148 миллиард текше метрге бағаланады. Облыста кең тараған пайдалы қазбалардың 89 кен орны жұмыс істейді. Бұл – әр түрлі құрылыс материалдарын өндіруге, өнеркәсіп мұқтаждықтарына және басқа да мақсаттарға арналған шикізат. Мысалы, Қарасор кен орны – ТМД-дағы ең ірісі. Каолин отқа төзімді саздың Суханов кен орнында шамамен 700 миллион тонна құнды шикізат сақталған. Павлодар облысында Қазақстанның барлық көмір қорының үштен бір бөлігінен астамы шоғырланған. Ең ірі кен орындары – Екібастұз және Майкөбе, оларда сәйкесінше 10,5 миллиард және 2,2 миллиард тонна энергетикалық шикізат сақталған. Барлық кен орындарының ерекшелігі – көмірдің тереңде жатпағандығы, ал кей жерлерде тіпті жер бетіне шығып жатқандығы болып табылады. Сондықтан ол ашық, үнемді әдіспен өндіріледі. Екібастұз бассейнінің көмірін игерудің бірінші жарты ғасырында 2 миллиард тонна көмір өндірілді. Барлау жүргізілген қалған көлемдері бірнеше жүзжылдыққа жетеді. “Бозшакөл” мыс-порфироидтық ірі кен орны өндіріске дайын. Мұнда руда жер бетіне жақын орналасқан және өндірістік шоғырлануында тек қана мыс емес, молибден, күміс басқа да құнды металдар бар. Барлық кен орындарындағы мыстың жалпы қоры үш жарым миллион тоннаны құрайды.
Алтын кен орнының болжамды қоры шамамен 150 тоннаға бағалануда, онда осы бағалы металдан басқа күміс, мыс, мырыш, барит бар. Кобальт кен орындары 14 мың тоннаға, никельдікі – 251 мың тоннаға, марганецтікі – 70 мың тоннаға бағаланады. Аймақтық рудалық қорлардың маңызды ерекшелігі – олардың құрамының көп құрамдас болуы: негізгі аталған металдардан басқа онда молибден, бериллий, индий, таллий, галлий, кадмий, германий, селен, теллур және тағы басқалары бар. Облыста малахит пен ферузаның кен орындары табылды. Кейбір мамандар техникалық және зергерлік алмаздарды табу үшін нақты алғышарттар бар деп есептейді. Ертістің Павлодар өңірінде әзірше мұнай мен газ және бірқатар бағалы заттар кен орындарын игеру басталған жоқ. Бұл болашақтың еншісінде.
Кереку өңірінің жерасты қазба байлықтарын неге тізіп айтып отырмыз. Қазақта «Жері байдың – елі бай» деген нақыл бар. Олай болса Кереку аймағында тұрғындардың шетінен шіріген бай болмаса да, лайықты өмір сүруге алғы шарттар жетерлік деген сөз. Ең бастысы қолдағы байлықты игеріп, халық игілігіне ұқсата білу қажет. Екібастұзда екі әлемдік деңгейдегі алып электр стансалары, Ақсу қаласында да қуатты электр стансасы мен ферроқорыту зауыты, Павлодар қаласында алюминий, электролиз, мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Бұл алып кәсіпорындардың бірқатары ғана. Осыншама кен орындары мен ірі кәсіпорындар тұрғанда жұмыссыздар саны көп болмауы керек-ті. Дегенмен елімізде бүгінгі нарықтық заманда жұмыссыздар саны азаймай отырғаны жасырын емес. Ол әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Сондықтан да еліміз бойынша жұмыспен қамтуға қатысты бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. 2015 жылдан бастап шартты ақшалай көмектің «Өрлеу» жобасы іске асырыла бастады. Халықтың аз қам­тылған санатын тікелей әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасы бол­ған­дықтан еліміз бойынша « Өрлеу» жобасы кең қолдау тауып отыр.
Енді алдында айтқанымыздай жері бай аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына назар аударып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдар­ламалардың қалай орындалып жатқанына көз жүгіртіп көрелік. Ресми деректерге сүйен­сек, 2017 жылы 7186 жұмыс орнын ашу көз­делсе, жарты жылда 4775 тұ­рақты жаңа жұмыс орындары ашылған.
Халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар аясында нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және басқа бағдарламалардың іс-жоспарына енгізілген. Осының бәрі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі 2017 жылға арналған Павлодар облысының кешенді шаралар шеңберінде іске асырылуда.
2017 жылғы алты айда облыс бойынша 4287 бос жұмыс орынға жұмыспен қамту органдарының есебінше 3670 жұмыссыз қабылданған. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық санында тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,8 %-ды құрайды. Бұл жалпы алғанда жаман көрсеткіш емес.
Жұмыспен қамтылмаған адамдарды қолдаудың негізгі түрі – атаулы әлеуметтік көмек беру болып табылады. Аймақ бойынша 2017 жылғы 1 шілдедеге дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 7,4 млн. теңге сомасында 381 аз қамтылған азаматқа тағайындалды. Көмек табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға көрсетіледі. Балаларға арналған жәрдемақы 28,9 млн. теңге сомасында 2679 балаға тағайындалды. Балаларға арналған жәрдемақыны жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылар алды, оның көлемі – 12034 теңге. Сол сияқты жыл басынан бастап тұрғын үй көмегі 60,3 млн. теңге сомасында 4556 аз қамтамасыз етілген отбасыға берілді.
Әлемнің қандай елінде болса да зейнеткерлерді әлеуметтік жағынан қорғау шаралары тұрақты жүргізілетіні белгілі. Біздің елімізде де осы бағытта бірқатар заңдар қабылданып, бағдарламалар жүзеге асырылуда. Павлодар облысында қазіргі кезде 112 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Соның ішінде 137 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 2016 ардагер соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалар. Облыстың қалалар мен аудандарында соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, тіс протездеуге, тұрғын үйді жөндеуге, бұқаралық ақпарат құралдарының баспасөз басылымдарына жазылуды ұйымдастыруға арналған жобалар жұмыс істейді. 2017 жылдың алғашқы жартысында ҰОС-ның 3 қатысушысына пәтер кілті берілді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 5 ардагерге 70,0 мың теңгеге тіс протездеу қызметі, ҰОС-ның 9 қатысушысына тұрғын үй жөндеуге 2366,1 мың теңге сомасына көмек көрсетілді. Сонымен бірге 39 адамға жалпы сомасы 241,8 мың теңгеге мерзімді басылымдар тегін жазылдырылды, 1246 ардагер, соның ішінде ҰОС-ның 139 қатысушысы 16203,0 мың теңге сомасына коммуналдық қызметтерді төлеуге материалдық көмек алды. Қиын өмірлік жағдайға түскен қарт адамдарға стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, тіршілікке қажет жағдайлар жасалады, күтіммен, медициналық қызмет көрсетумен, оңалтумен қамтамасыз етіледі, бос уақытты өткізу мен демалыс ұйымдастырылады. Бұл үшін облыс бойынша қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанында 22 әлеуметтік көмек бөлімшесі және ауылдық округтерде 99 бөлімше қызмет етеді. Үш салалық мекеменің базасында, «Ардагерлер үйі» облыстық оңалту орталығында, Павлодар және Ақсу қалаларының жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында күндізгі бөлімшелер ашылды. Аталған мекемелерде ай сайын 100-ге жуық адам оңалту курсынан өтеді.
Стационар, жартылай стационар жағдайында және үйде әлеуметтік қызмет 727 адамға көрсетіліп келеді. Осы кезеңде жалпы саны 827 медициналық тегін тексерулер өткізілді. ҰОС мүгедектері оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Жалпы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Қарт адамдар үшін арнаулы көмек ұйымдастыру» МЖМС жобасын елімізде алғаш рет бастаған болатын. Жоба Павлодар облысы мен Павлодар қаласының қарттарына әлеуметтік көмек көрсетуді қарастырады. Сол сияқты қажетті жиһаз бен және төсек орындармен жабдықталған жайлар беруді, төрт уақытылы ас беру, емдеу кабинеті, физиотерапевтік емдеу, галокамера, панты ваннасы, фито-бар қызметтерін тегін ұсынады.
Кереку өңіріне шетелдер мен еліміздің өзге аймақтарынан көшіп келушілер саны қазір артып келеді. Оған алдымен жер көлемі мен аймақта өндірістің өркендеуі басты себеп болып отыр. Көші-қон мәселесі арнайы бағдарламаларда қарастырылған. 2018 жылы Павлодар облысына оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауға бөлінген квота нәтижесінде 462 отбасы немесе 1851 адам қоныс аударатын болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиын барысында өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова мәлімдеді. Өңір бойынша келесі жылы әрбір қала мен ауданға 40 отбасынан келу керек. Сондықтан қазірден бастап еңбек күші аз аймақтарда ауылдық елді мекендердегі бос жұмыс орындары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылдың соңына дейін қоныс аударашылардың тізімін қалыптастыру керек. Қараша және желтоқсан айларында халықтың қоныс аударуға дайын болуы үшін сол өңірлерге барып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылмақшы. Биыл жыл басынан бері оралмандарды қабылдау өңірлік квотасына 26 отбасы немесе 86 этникалық қазақ енгізілген. Бүгінгі таңда комиссияның шешімімен он бес отбасының құжаттары дайындалған және қосымша тоғыз отбасын қосу жоспарланып отыр. Соңғы жылдар ауылдан қалаға көшу кең етек алуына байланысты қаладан жырақ жатқан көптеген шағын ауылдар босап қалды. Ауыл шаруашылығына арналған сол жерлерді қайтадан игеру үшін ішкі көші-қон бағытын ауылға бұру аса маңызды. Ал облыстағы өндірісі дамыған қалаларда онсыз да жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан аймақ басшылары осы жағына баса назар аударғаны жөн. Сөзіміздің басында айтқанымыздай қойнауы қазба байлыққа толы, ірі кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп келе жатқан облыстың экономикалық әлеуеті жоғары, сондықтан сол мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана білу қажет.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

 





3 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Казакпай. 10 Қараша, 2017, 10:28

    Жери байдын ,басшылары бай- халкы малай. Бизде солей аталуы керек.

    Жауап жазу
  2. Қолқоюсыз 10 Қараша, 2017, 23:51

    ЖЕРІ БАЙДЫҢ- БИЛІГІ НАНСОҒАР, АРАМТАМАҚ ХАЛҚЫ-СОРЛЫ, КЕДЕЙ, ҚАЙЫРШЫ

    Жауап жазу
  3. Тарбагатай 13 Қараша, 2017, 17:13

    Халкы кедей жане кайыршы болса, онда Ол елде быр нарселер дурыс емес деген соз.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*