"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Ерғали Мұхиддинов, ҚР Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш президенті: ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫМЫЗДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазақстан Республикасының Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш президенті,
ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, п.ғ.к, профессор, ҚазСТА-ның Ұлттық спорт түрлері
кафедрасының меңгерушісі Ерғали Мұхиддиновпен сұхбат.

 

– Ерғали Мұхиддинұлы, ата-бабамыздан бізге мұра боп жеткен, әр қазақтың бойына ұлттық рух беретін қазақ күресіне өзіңіз қалай келдіңіз? Спорттың осынау түріне деген қызығушылық қай уақыттан бастау алды?
– Менің туған жерім – күш атасы Қажымұқанның кіндік қаны тамған жер – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы. Ал өскен жерім қасиетті Отырар өңірі. Аудан халқының қазақтың салт-дәстүріне беріктігінен болса керек-ті, ауылда күреспейтін бала кемде-кем-тін. О заманда совхозда қой қырқын, шөп шабу сынды науқандар біткенде міндетті түрде қазақ күресі өткізілетін. Онда жер-жерден келген балуандар белдесетін. Ауыл халқының қазақылықты сақтауының сыры мұнда қаймағы бұзылмаған қазақтардың мекен етуінде еді. Әрі ән патшасы – Шәмшінің әндері мен Өзбекәлі Жәнібековтың идеологиясын бойға сіңіріп өскен ұрпақтың ұлттық спортқа бейім болмауы мүмкін емес-ті. Осындай жастың бірі ретінде менің де қазақ күресіне бір бүйрегім бұрып тұратын. Күреспен қатар бокспен пен де шұғылдандым.
Кейіннен Отырар ауданының атынан әскерге аттандым. Маған Ішкі істер бөлімінде әскери борышымды өтеу жүктелді. Отан алдындағы осынау міндетті абыроймен атқарып жүрген тұста өзімнің спортқа бейім екенімді де байқаттым. Онда маған боксшылар емес, күресетін азаматтардың керектігін айтты. Әскерде жүріп, самбодан, қазақ күресінен өткен жарыстарға белсене араласып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрдім. Өзімнің арманым – Денешынықтыру институтына түсіп, кәсіби маман атану болатын. Бір жолы залда жаттығу жасап жүргенімде Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген жаттықтырушысы Петр Матущак келіп: – Мен сенің бойыңнан қазақылықты байқадым. Оның үстіне дене бітімің де қазақ күресімен айналысуға икемді. Сенің орның – қазақ күресінде, – деп жол нұсқап, мені Денешынықтыру институтынан ашылып жатқан Қазақ күресі бөліміне жетелеп алып келді.
– Сіз Қазақ күресінен Қазақ КСР-нің Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағын иеленген еліміздегі алғашқы азаматсыз. Ол заманда екінің біріне беріле бермейтін бұл дәреже сізге қалай бұйырды?
– Оқу ордасында білім ала жүріп, бозкілемдегі белдесулерде бағымды сынап жүрдім. Ең алғаш рет 1975 жылы мен қалалық жарыста чемпион болдым. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенді алға тартып, кейіннен жаттығудан гөрі оқуға көптеп көңіл бөлдім. Нәтижесінде институтты қызыл дипломмен бітіруге қол жеткіздім. Одан кейін тұрақты түрде жаттығумен айналысуға ден қойдым. Сөйтіп, 1980 жылы Орта Азия мен Қазақстан бірлесе өткізген 2 рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған Жазылбек Қуанышбаев атындағы турнирге қатысып, чемпион атандым. Мақтау грамотаны маған ЦК Комсомолдың бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтановтың салтанатты түрде табыстағаны әлі есімде. Ол кезде қазіргідей сыйлыққа автокөлік немесе қомақты қаржы берілмейді, бір Мақтау грамотасын алғанның өзіне қатты қуанатынбыз.Осыдан кейін спорт шебері атағын иелендім. Осылайша бірлі-жарым жарыстарға қатысып, жеңімпаздар қатарында көрініп жүрдім.
Ал, 1984 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына басшыларының шақыртуымен Дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалдым. Қызметтік жолдарым осылайша өріле бас­­тады.
Бұған дейін біздің елде ешбір балуанға Қазақ күресінен ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы деген атақ берілмеген-ді. Маған да бұл атақты самбо және өзге спорт түрлерінің бірінен алу ұсынылды. Бірақ мен оған келісе қоймадым. Бұл өз кезегінде қызыл империяның сұрқия саясатының салдары болатын. Өйткені, қазақ балуандары қазақылықтың исі аңқыған ұлттық спортымыздың түрі – қазақ күресінен алмағанда кім алады? Сөйтіп, 1984 жылы сәтін салып, Қазақ күресінен ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы маған да бұйырды.
– Кезінде «Қазақ күресі теперішті көп көрді» деген сөздерді аракідік болса да құлағымыз шалып қалады. Қазақ күресінің басы-қасында жүрген азамат ретінде бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Иә, сол бір тұста заманның ағымына қарай қазақ күресіне қырын қарағандар көп болды. Осындай кедергілердің бірі – 1980 жылы қазақ күресі Олимпиадалық ойын түріне енбегендіктен, ЖОО-да мамандық бойынша сабақ жүргізуге қарсылық танытқандардың әрекеті. Осы кезде Петр Матущак екеуміз бірлесе отырып, Спорт министрлігіне арнайы кіріп, бұл мәселенің оңды шешім табуына ықпал еткеніміз бар. Сонымен қатар, Қазақ күресі бойынша атақтың берілуіне, тіпті осы спорт түрі туралы жазылған қазақ тіліндегі кітаптардың жарық көруі жолында да кедергілер жасалды. Мұның салдарынан қазақ күресі ешкімге керек болмаудың аз ақ алдында қалды.
– Ел егемендігін алған тұста Қазақ күресі федерациясының тізгінін ұстағаныңызды білеміз. Осынау үлкен жауапкершілік сізге қандай нақты міндеттер жүктеді? Тарқатып айтып берсеңіз…
– Қазақ күресіне ешкім мән беріп қарамаған сол бір кезеңдерде біздің күресіміз дзюдо немесе самбо секілді спорт түрлерінің жетегінде кетейін деп қалды. Мұны дер кезінде ұғынған Қазақ спорт комитеті мемлекеттік жаттықтырушысы, Республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушы,спорт шебері Бауыржан Жаналин бастаған азаматтар маған келіп, қазақ күресінің халінің қиын екендігін айтты. Бұл тұрғыдағы басты міндет – қазақ күресін аман алып қалу болды. Қазақ күресін өзгенің жетегінде жібермей, қазақтың ұлттық спорт түрі ретінде жеке дамытуға күш салу қажеттігіне тоқталды. Ал бұл тұрғыдағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін екі тілге бірдей жетік, әрі ғалым, спорт шебері, жалпы айтқанда саланы бес саусағындай жетік білетін маманның Қазақ күресі федерациясының тізгінін ұстауы керек болды. Осы талаптардың бәріне жауап бере алатын, мән-жайдың бәріне қанық болғандықтан осынау міндетті маған артатындықтарын да жеткізді. Сөйтіп, 1991 жылы Кереку қаласында қазақтың спортына жанашыр азаматтардың басын қосқан үлкен жиында мен Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті болып сайландым. Сол сәттен бастап қазақ күресін жандандыру жолындағы жұмыстарға бел шеше кірісіп кеттім.
Қазақ күресінің ғылым ретінде дамуына да шама-шарқымша өз үлесімді қосып келе жатырмын деп ойлаймын. Қарап отырсам күні бүгінге дейін спорт саласында 11 оқу құралы және 100 ғылыми көпшілік мақалаларым жарияланыпты. Бәрін тізбектеп жатудың жөні жоқ шығар. Дегенмен, бастылары ретінде, 2011 жылы П.Ф.Матущакпен бірге шығарған «Казахша курес», одан кейін 2012 жылы өзімнің «Қазақ күресі» атты кітаптарымның осы салада еңбек етіп жүрген және болашақ сала мамандарына берері мол дүние.
– Ал бүгінгі қазақ күресінің беталысы қандай?
– Ел егемендігін алып, еңсемізді тіктегеннен кейін қазақ күресіне жоғары деңгейде қолдау көрсетіле бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Астана төрінде өткен «Қазақстан барысына» өзі арнайы келіп қатысып: «Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Қазақ күресшілері келешекте Қажымұқан, Балуан Шолақ және басқа да ұлы балуан бабаларымыз секілді қазақтың атын әлемге таныта берсін. Біздің қазақ күресі әлемдік аренаға шығып, олимпиадалық ойындар мен құрлық ойындарының бағдарламасына еніп, қазақ елінің атын әйгілеуге тиіс. Солай болсын!», – деген еді. Мемлекет басшысының осынау қолдау сөзі қазақ күресінің айналасында жүрген барша азаматтарға қанат бітіріп, ұлттық спортымыздың дамуына даңғыл жол ашып бергендей болды.
Биік межеден көріну үшін, әлбетте артқарылар шаруа әлі шаш етектен. Ең бірінші кезекте біз төл өнеріміз – қазақ күресінің тереңде жатқан тарихын жоғалтпауымыз керек. Қазақ күресінен қашан да, қазақтың иісі шығып тұруы керек. Бұл тұрғыда түзетілуге тиісті кемшін тұстар да жоқ емес. Мәселен, қазіргі қазақ күресіндегі бүк секілді асық ойынынан алынған жерлерін алып тастауымыз керек. Сонымен бірге қазіргі таңда қолданыста жүрген жартылай жеңіс тәсілі де дзюдоның көшірмесі. Осындай олқы тұстарының орнын толтыра отырып, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге сай дамыта білсек, онда біздің қазақ күресінің шығар шыңы биік болар сөзсіз. Бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуына Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әбішев, «Қазақ күресі» Халықаралық Федерациясының президенті Қанат Бозымбаев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев, Қазақ күресінің Алматы қалалық федерациясының президенті Бауыржан Байбек, Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев және т.б көптеген атпал азаматтар ұйытқы болуда.
Өздеріңіз білетіндей Түркіменстан астанасы Ашхабадта жабық кешенде өткен Азия ойындарында еліміздің намысын қорғаған, біздің оқу орнының биылғы түлегі, Қасымхан Төленбайдың алтын медаль иеленіп, абыройымызды асқақтатқаны баршамыздың жеңісіміз деп білемін.
– Қазіргі таңда Қазақ күресінен кәсіби маман атанғысы келетін жастардың қарасы көп пе? Олардың қызығушылығын арттыру жолында қандай істер атқарылуда?
– Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақ күресіне қолдау жоғары деңгейде. Менің білуімше, бір жылдың өзінде республика көлемінде бір ғана Қазақ күресінің өзінен түрлі деңгейде 50-ге жуық жарыс өткізіледі. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Оның үстіне, жеңімпаз атанғандарға көрсетілетін сый-құрмет те қазіргі таңда айрықша. Мәселен, жақында ғана Алматы қаласында «Алматы Арена» стадионында өткен жастар арасындағы «Арландар сайысы» республикалық ашық турнирінде Алматы облысының намысын қорғап шыққан Ержан Еренғайыпов жеңімпаз атанып, темір тұлпарды тізгіндеп қайтты. Сондай-ақ, Қазақтың спорт және туризм академиясының ұлттық спорт түрлері кафедрасының ұйымдастыруымен 5 жылдан бері тұрақты түрде «Студент барысы» өткізіліп келеді. Алматы қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізілетін осынау шараға былтырғы жылы 20 жоғары оқу орны, 2 колледжден 154 студент қатысты. Олардың арасында оза шапқан балуандарға Мақтау грамоталары және қаржылай сыйлықтар тапсырылады. Алдағы уақытта бұл жарыстың ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейде өткізуді қолға алу ойымызда бар. Студенттердің басын қосатын бұл жоба келешекте жандана түспек.
– Ерғали Мұхиддинұлы, бүгінде өзіңіз басқарып отырған Қазақтың спорт және туризм академиясының Ұлттық спорт түрлері кафедрасының тыныс-тіршілігі туралы тілге тиек ете отырсаңыз…
– 2009 жылы ҚазСТА-ның президенті Қайрат Закирьянов мырзаның тікелей бас­тамасымен Қазақстанда тұңғыш рет Ұлттық спорт түрлері атты кафдера біздің оқу орнымызда ашылды. Бұл мамандық қаншама өзге ұлт өкілдерінің ұлттық ойындарының басын қосуға мұрындық болды. 8 жыл бұрын талапкер қабылдай бастаған біздің кафедраның бүгінде жеткен жетістіктері жетерлік.
Ел Президентінің Рухани жаңғыру бағдарламасын бүкіл ел болып жүзеге асыруға белсене кірісіп кеткені белгілі. Ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, оны кеңінен насихаттау жолында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
– Сөз соңында өзіңіздің мақтан тұтар шәкірттеріңізді атап өтсеңіз…
– Менің мақтан тұтар шәкірттерімнің бірі – күрестің үш түрінен КСРО-ның спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қазіргі таңда Б.Саттарханов мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып жүрген Болат Қырықбаевты мақтанышпен айтамын. Сонымен қатар, қазақ күресінен Төленбай Қасымхан Бразилияда Әлем чемпионы атанып, жұлдызы жарқыраса, бұған дейін де әлемге аты танылып жүрген Әділжан Ыстыбаев күні кеше Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен Әлем чемпионатының бірінші күні-ақ алтын медальды иемденіп, абыройымызды асқақтатты. Әлем чемпиондары Ғұмар және Ғұсман Қырғызбаевтар шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктер. Тоғызқұмалақтан Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасы Кубогының чемпионы Айтбай Рахат, Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының 4 дүркін чемпионы Жандос Мейрамқұлов ешкімге дес бермейтін түйе палуанымыз Ильяс қажы Исламбек, «Қазақстан барысы – 2017» атанған Еламан Ерғалиев секілді есімі елге етене таныс спортшыларымыз біздің оқу орнымыздың мақтан етер шәкірттері. Мұндай жеңімпаздарымыздың қа­тары жыл санап көбейе беретініне сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақтолқын ТӘЖІКОВА

qazaquni.kz





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*