Жетісулық ректор журналистермен жолықты

Ғарышкер қанаттанған білім ордасы

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының академигі Қуат Баймырзаев білім ордасының 45 жылдық мерекесі қарсаңында журналистермен жүздесті. Орынды сұрақ, ұтымды жауап сабақтастық та-уып, еркін жалғасқан сұхбат жарасымды көңіл-күйде өрбіді. Не айтылды, көкейде жүрген ой-пікірлер бір арнаға тоғысты ма? Толғана айтылған толғаудың түйінді тұстарын назарларыңызға ұсынайық. – Қуат Маратұлы, облыс, республикамыз ғана емес, әлемдік кеңістіктен де өз орнын алған білім ордасы тарихының тереңде екендігі белгілі. Бүгінгі заман талабы деңгейінде мерей тойға қандай жетістікпен келдіңіздер? – Шаңырағы өткен ғасырда көтеріліп, жастарға білім нұрын сепкен, алғашында институт, кейіннен университет дәрежесіне көтерілген  жоғары оқу орны іргесі қаланған күннен абыройын биіктетіп келеді. Сөзіміз дәйекті болу үшін мына бір деректерге жүгінсек. Біздің университетті 45 жылдың ішінде 49 мың түлек бітіріпті. Олардың  ішінде 35 мың білімгер педагогикалық мамандықты меңгерген екен. Үлкен үмітпен институт табалдырығын аттап,келешегіне нық қадам басқан буын өкілдерінің алды ғарышкер, Халық қаһарманы (Айдын Айымбетов), ғалым, жазушы, беделді қоғам қайраткерлері.  Еліміздің маңызды салаларында  жемісті қызмет атқарып жүргендер саны қаншама. Солардың көбі шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан қадірлі ұстаздар. Негізінен мұғалімдерді даярлайтын оқу орны 2007 жылдан бастап кәсіптік, ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистрлар, философия докторларын қатарға қоса бастады. Ауызбен айтуға оңай, мұның  ішкі құпиясына үңіліп көрсеңіз қыруар еңбек, мол ізденіс жатыр. Білім берудің негізгі жүйесіне сәйкес мектептерге, колледждерге, жоғары оқу орындарына мұғалім даярлауды заман ағымына қарай соны жаңалықтармен ұштастыру міндеті туындады. Бұл өркениетті елдердің қатарына қосылуға апарар төте жол. Оған қалай қол жеткіземіз? Дамыған елдердің заманауи үлгілерін  пайдаланудың жолдары қандай? Мені университеттің жетекшісі ретінде осы сұрақтар мазалайды. Елбасының білім саласы қызметкерлерінің алдына қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында жүйелі қызмет атқару қағидасын басшылыққа алып келемін. Өзімізде бар мүмкіндікті жүзеге асыру ешқайда қашпайды. Шетелдердегі беделді білім ордаларының мол тәжірибелерінен үйренуіміз керек. Содан кейін де, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығына назар аударылады. 170-тен астам магистрант пен білімгерлеріміздің Германия, Польша, Испания, Италия, Түркия, Ресей және тағы басқа шетел мемлекеттерінің университеттерінде білімдерін пысықтауы – осының дәлелі. Университетімізге АҚШ, Канада, Болгария, Чехия, Латвия, басқа да шетелдік  іргелі оқу орындарынан 60-тан астам ғалымды шақыртып, шәкірттеріміз дәрістерін тыңдады. Бұл білімгерлердің ой-өрісін жетілдіруге бағытталған тиімді қадам. Университетте қолға алынған білім бағдарламасындағы мамандандырылған аккредитация өз жемісін берді. 2017 жылы жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингте университетіміз 12-ші орынға тұрақтады. Халықаралық  рейтинг бойынша Қазақстандағы 95 жоғары оқу орнының арасында ЖМУ-дің 27-ші орынды иеленуі – жеткен жетістіктеріміздің бір белесі. Биыл бірінші рет аймақтық рейтингте Еуропа және Орта Азияда дамып келе жатқан озық оқу орындарының  қатарына қосылдық. Бұл жетістіктер біздің оқытушыларымыздың, алға ұмтылған шәкірттеріміздің ынта-жігерінің арқасында жүзеге асты. – ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры деп жатамыз. Ақпараттық технологияның білім беру жүйесіндегі орны қандай? – Бұл жүйе әлемдегі ғылыми жетістіктерді игеруге, білім мен кәсіби шеберлікке жол ашады.  Университетімізде электрондық кесте жұмыс істейді. Оқытушылар, студенттер, ата-аналар  сабақ кестесін ғаламтор арқылы көреді. Дәріс кезінде оқу құралы ретінде пайдаланылады. Оқу орнында  мыңнан астам компьютер болса, оның 94 пайызы ғаламтор желісіне қосылған. Бұл  кітапхананың оқу залында, жатақханаларда пәндер бойынша  жеке жұмыс жасауға мүмкіндік туғызады. Интернет оқытушылар мен қызметкерлердің  әртүрлі курстарға, семинарларға, онлайн-конференцияларға қатысып, білімдерін шыңдауына жәрдемдеседі. Сондай-ақ, отандық және шетелдік университеттердегі әріптестерімізбен байланысып, әртүрлі мәліметтер алуға қолайлы. Студенттерді қашықтан оқытуды дамыту бағытында да тиімділігі басым. – Сіздерде төртінші билік өкілдерін даярлайтын журналист мамандығы да бар. Оларға қаншалықты жағдай жасалуда? – Өздеріңізге жақын кәсіп болғандықтан бүйректеріңіздің бұрылғандығын түсініп отырмын. Бүгін Сіздермен етене жақын әңгіме өрбітіп отырғанымыздың өзі ақпарат құралдары қызметкерлеріне деген ыстық ықыласымыздың белгісі. Араларыңызда біздің түлектеріміз де бар. Ақ пен қараны айырып, бүгінгі тыныс-тіршілікті халыққа жеткізетін журналист мамандығын таңдаушыларға да жағдай жасалған. Олардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруларына көңіл бөлінген. Айына екі рет «Жетісу университеті» газеті шығып тұрады. Жас талапкерлер осында тәжірибелі қаламгерден тәлім алып, газет шығарудың қыр-сырымен танысады. Заман талабына сай телехабар жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Қазірдің өзінде университет жаңалықтары шәкірттерімізге, жалпы көрермендерге көгілдір экран арқылы жол тартуда. Осы мерейлі тойымызға арналған бағдарлама шеңберінде қазан айының 26-ында қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған, телехабар даярлайтын студия ашылады. Осыны қуанышпен жеткізе аламын. – Сіздердің басты мақсаттарыңыз сапалы кадр даярлау екендігі белгілі. Осы орайда студенттерге беріліп отырған қандай артықшылық, жеңілдіктеріңіз бар? – Студенттер үшін барлық жағдайды жасауға тырысып келеміз. Жылына екі рет белсенді студенттермен кездесу өткіземін. Олар өздеріне не қажет, не жетіспейді, қандай ұсыныс-тілектері бар, соны ашық айтады. Сол бойынша жоспар жасалып, қажетті құрал-жабдықтар, оқулықтар алынып, әлеуметтік көмектер жасалады. Студенттердің оқуға деген ынтасын арттыру үшін  оқу ақысына 15 пайыздық  жеңілдік бердік. Әр студенттің 1 семестр бойғы оқу үлгерімін назарға ала отырып, оқу төлемақысына пайыздық жеңілдікті белгілейміз. Жатақхана ата-анасыз қалған жастарға тегін беріледі. Ол жерде жақсы тұрмыстық қызмет көрсетіліп, бос уақыттарында кітапханадағы ғылыми, әдеби шығармаларды пайдалануларына мүмкіндік туғызылған. Шәкірттердің тиянақты, білім алуымен бірге олардың бойындағы басқа да ізденіс, қабілеттеріне назар аударылады. Ұлттық және бүгінгі заман үлгісіндегі өнерге мән беріледі. Үздіктеріміз қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда бақтарын сынап, жеңіспен оралып жүр. Солардың қатарында 2016 жылы Қырғызстан Республикасында өткен Халықаралық фестивальда бірінші орын алған  «Шағала» ансамблін атауға болады. «Жас түлек» студенттер драма театрының талантты жастарын да мақтан тұтамыз. «Көңілді, тапқырлар клубы» мүшелерінің арқасында дүниеге келген «Шапалақ», «Креатив» командалары қала, облыс мәдени шараларында көрінумен қатар Астанада, Алматыда, Павлодарда өткен өнер сайыстарынан табыспен оралды. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Көшбасшы – 2016» байқауында Нұржан Жетпісбаев, Ақбота Әукен, Темірлан Бөгенбаев «Үздік студент», «Жасыл ел сарбазы», «Жас ерікті» номинацияларын жеңіп алды. Төртінші курс студенттері Ажар Сапарова, Құндыз Мұқашева Тұңғыш Президент қорының стипендиясын иеленді. Университетте әртүрлі бұқаралық спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Жарыстарда биік белестерден көрінген спортшы жастарымыздың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Қазір университет шеңберінде  Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасында спорттың 7 түрінен (самбо, регби, ауыр атлетика, еркін күрес, садақ атудан, жағажай волейболы, бокс) Универсиада өткізілуде. – Жетісу мемлекеттік университетінің болашақтағы жоспарлары мен міндеттеріне тоқталсаңыз...   – Оқу орнының 2017-2020 жылдарға жоспарланған даму стратегиясынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында  жаңа өндірістік-технологиялық және ақпараттық инфрақұрылымды жетілдіруге, білім кешенін одан әрі дамытуға көңіл бөлінеді. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Тұрлыхан КӘРІМ, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі.

"Жетісу" газеті