"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ЕҢ БАСТЫСЫ, ЛАТЫН ӘЛІПБИІ  ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ!

 

Енді  әлеумет болып, әріптер  әлпетін  түзей береміз

 

 

Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиді қабылдау қоғамда ең көп талқыланған тақырып болып тұр. Әрине, қазір жалпы латын әліпбиін қабылдау-қабылдамау мәселесі күн тәртібінен түсіп қалғаны белгілі. Негізгі тақырып – латын әліпбиінің қабылданған нұсқасы туралы болып тұр.

Қызу қоғамдық пікірге жол бергендіктен де,  парламентте талқыланған нұсқа, қазақы төл дауысты дыбыстарымызды  диграфпен – екі әріппен белгілеу өтпей қалды.  Содан соң  біз және басқалар да ұсынған әріптің үстіне ноқат қойылған нұсқа да, оның ішінде  Тіл институтының түрікше тектес нұсқасы да қабылданбады. Себеп – әріп, таңбалар пернетақтада болуы тиіс деген талап. Содан соң, осы үдеден шыққан  нұсқа – дауысты дыбыстардың үстіңгі оң жағына   үтір қоятын апострофты  жоба пернетақтада болғандықтан қабылданды. Бірақ, тәжірибеде қолдану барысында бұл жобаның да кемшіліктері шығып жатыр…

Бұл заңдылық  та, өйткені кез келген әліпби нұсқасының өміршеңдігі  өмірде қолданылу барысында, апробациядан өткенде ғана анықталады.  Біз де әліпби туралы шешім шығып, жаппай қолдана бастағанда барып, кейбір кедергілерге тап  болдық. «Жүзу үшін суға түсу керек» дегеніміз де осы ғой.

Ең бастысы саяси шешім шықты!  Қазақтың жаңа әліпбиі – Латын графикасына негізделген әліпбиге өту  қабылданды. 1940  жылы қазақ халқынан бірауыз сұрамай-ақ  бір күнде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босадық. Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшумен басталды!  Енді  әлеумет болып,  кей әріптердің  кемшілігін түзеу жұмысы жалғаса береді. Сол үшін де Ұлттық комиссия құрылды.

Біріншіден, ең басты кедергі – апострофты нұсқадағы әріп жанындағы  үтірлердің де бір әріптің орнын алуы, буынға бөлінбеуі және интернеттен қазақша дерек  іздеу барысында қабылданбайтындығы болып тұр.  Мысалы, көлем жағына келетін болсақ, біз 42 әріпті кириллицадан 32 әріпті латын нұсқасына  ауыстық. Бірақ, біздің 9 әріптегі апострофтарымыз, яғни әріп жанына қойылатын  үтір таңбалардың  өзі бір әріптің орнын алып, нәтижесінде шамамен 41 әріптің өлшеміндей көлем шығып тұр…   Басты талап – жаңа әліпбиді жазуда  кедергілер тудырмау болса, бұнда бірнеше техникалық  кедергілердің құлағы қылтиюда.

Сонда латын әліпбиін қабылдау үшін құрылған жұмыс тобындағы IT мамандар бұл үтірлер әріптің жанына қойылғанда осындай кедергілер болатынын неге ескертпеген деген заңды сұрақ мазалайды. Біз бұл сұрақты  бұдан бұрын да жазған мақалаларымызда қойғанбыз,  бірақ әлі жауап ала қойған жоқпыз.

Екіншіден, біздің және Тіл институтының  әріптердің үстіне ноқат қойылған, артық орын алмайтын,  кедергілері жоқ нұсқаларымызды  арнайы комиссия  бұл жобадағы әріптер пернетақтада жоқ болғандықтан  қабылдамады деген ойда  болатынбыз. Арнайы комиссия өкілдері де жиындарда осылай жауап берген. Ал, негізінде  бұндай,  әріптердің үстіне ноқат қою функциясы пернетақтада да, смартфонда да бар болып шықты.

Мысалы, біздің «Қазақ үні» ұлттық порталы жариялаған белгілі саясаткер Әлихан Байменовтың  «Özbekstan bizdiń de latynga köśkenimizdi qùptauda» атты  жазбасын оқиық:

«Ärine,özbek ziyalylarymen latyn härpi töńireginde pikir almastyq. Basym köpśiligi śeśimdi qoldaidy. Äsirese jastar özderiniń útqanyn aitady. Bizdiń de latynga köśkenimizdi qùptauda. Samarqanda kirill härpinde jarnama joqqa tän, Taśkende 15-20 paiyzdai. Ony aga buyn qajettiligi üśin dep tüsindiredi. Basśy lauazymdagy jastar arasynda agylśyn tilin biletinder edäuir. Kitaphanalary oqyrmanga toly, jäne jastar latyn härpindegi basylymdardy köp paidalanady. Özbekstan täjiribesin nätijeli dep bagalauga bolady.»

Көріп отырсыздар, қазақы төл дауысты дыбыстарымыздың үстіне үтір немесе нүкте, ноқат қойылған. Бұл нұсқада:

1. Әріптің жанына қойылған үтір секілді артық орын алып тұрған жоқ.

2. Апостроф секілді буынға бөлуде және интернеттен дерексөз іздеуде кедергілерге тап болмайды.

 Ендеше, қабылданған нұсқадағы апострофты 9 әріптің 8-інің  оң жағындағы үтірлерді  үстіне шығарсақ, жетіп жатыр емес пе? Президент бекіткен шешімдегі әріптер өзгермейді, тек үтірлер әріптердің жанынан төбесіне шығады.   Бұл Елбасының  комиссияға  кедергілер мен қиындықтар тудыратын жаңа әріптер  жасамай, пернетақтада бар әріптер мен таңбаларды пайдалану  туралы талабына да тура  келеді.

Ол үшін  мысалы,  Ә әрпін жазу үшін компьютеріңіздегі   әріп таңдаудан  «АҚШ халықаралық» нұсқасын таңдайсыз да,  э әрпінің орнындағы үтірді  ұзақ бассаңыз  немесе  үтір таңбасын басып, содан соң «А» әрпін бассаңыз,  À  шыға келеді. Сонда халықаралық әліпби әлемінде бұрыннан бар диакритикті нұсқа, яғни,  апостроф –үтір таңбасын қоясыз ба, әлде қос нүкте  Ö немесе Û секілді басқа таңбаларды қоясыз ба, бірнеше таңба  бар мұнда. Ө әрпі  О әрпінен айқын ерекшелену үшін  Ö деп қос нүктемен белгілеуге де болады.

Сонымен,  À деген A’ дегеннен анағұрлым дұрыс қой. Өйткені артық орын алмайды, буынға бөлу мен интернеттен дерексөз  іздеуде де кедергілер болмайды.

 Ендеше, апострофпен белгіленген 8 әрпіміз À (ә),  Ò немесе Ö (ө) , Ù (ү),  Ÿ (у),  Ń (ң)  Ś (ш)  Í (и,й),  Ć(ч, негізі, өз пікірім, осы әріптің керегі жоқ еді  ш әрпі  тұрғанда)  болып келсе,  әдемі   емес пе?!.

 

Бұл жерде  тек қазақша Ң әрпінің орнына алынған  тоғызыншы апострофты әріп  G’g’ әрпі ғана  өзгермей, үтірі үстіне шықпай,  осылай жанында қала береді.   Себебі, бұл әріпке пернетақта мен смартфонда үтірді үстіне шығару функциясы жоқ. Бір ғана әріп  жалпы әліпбиге  ешқандай зиян келтіре қоймайды. Өйткені, өзбектерде де,  өзге еуропалық елдердің әліпбиінде де бұндай  жанына келген әріптер аз да болса, кездеседі.

Бұл көпшіліктің де көңілінен шығары даусыз. Себебі алғашқы диграфты  нұсқаға қарсылар да, кейінгі қабылданған үтірлі нұсқаға қарсылардың  да  көпшілігі осындай әріптердің үстіне ноқат немесе үтір қойылатын нұсқаны қалайтындықтарын жазып жатыр.  Қоғамдық пікірлерге сергек қарайтын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт  Тоқаев та жаңа әліпби туралы көпшіліктің  пікірінің ескерілуі керекттігін атап өтті.  Тәуелсіздігін ала салып, латынға көшкен Өзбекстанның өзі  әліпбиін 4 рет өзгертті. Тәжікстан мен Түркіменстан да бірнеше рет әліпби өзгерткенін  ойласақ, өзгелердің қателігінен  сабақ  алып, жаңа әліпбиімізді  жаппай  талқылап, елдің пікірін ескеріп келе жатқан   біздің жарамыз жеңіл болып шыққалы тұр.

Әйтпесе, үтірлі нұсқаға қарсылардың ішінде, тіпті, алғашқы елді шошытқан диграфты нұсқаға қайта оралуды ұсынып жатқандар да шығуда.  Бұл, шұқырдан қашып, орға құлаумен бірдей.  Яғни,  диграф нұсқадағы  «Әйелім» деген атаудан апострофтың арқасында құтылған  «Әлім» атаулылар енді қуанып жүргенде, оларды қайта  «Әйелім» етуге болмайды.

Сонымен, қазақтың латын графикасындағы жаңа әліпбиі  өмірге жолдама алды!   Рухани жаңғыруға көшкен   көшіміз  көлікті болсын деп, әріптеріміздің көрікті болуына көп болып қолдау жасайық, қолданайық!

Жолға шыққан  жаңа әліпбиімізге Ақ жол тілейік!

Қазыбек  ИСА,

«Қазақ үні» газеті

Qazaquni.kz

 

 





28 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Qumarbekuly Azamat 8 Қараша, 2017, 20:36

    Əліпби ауысудың ұлтымыз үшін маңыздылығын солтүстіктегі кейбір көршілеріміздің қара жамылып, бағдарламаларында қызыл кеңірдек болып талқыға салғандарынан-ақ сезуге болады.

    Жауап жазу
  2. Салтанат Серікқызы 8 Қараша, 2017, 20:37

    Елбасы шешімі тура дер кезінде шықты. Енді ұзаса, Ресейдегі қарсылық күшейе берер еді Әріптер кешшілігін көш барысында түзей береміз.

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 8 Қараша, 2017, 22:52

      осындай сөздерді қайдан ойлап табасыздар? ресейдің қарсылығы деген не? путин бұларың дұрыс емес деді ме?шәуілдеген бес күшікті бес арыстандай көретіндеріңмен қоймай, еоді соған сендіргілерің келетіндерің қауіпті. меніңше, бұл билікке жағынудың жаңа формасы

      Жауап жазу
  3. Махамбет Ерғали 8 Қараша, 2017, 20:38

    Шынныда мына үтірлерді әріптің үстіне шығару ыңғайлы екен

    Жауап жазу
  4. Мәди Ислам 8 Қараша, 2017, 20:40

    Сонда, әріптің жанына қойылған үтірдің техникалық кедергісі көп болатынын, ал үтірді үстіне шығару функциясының клавиатурада бар екенін комиссиядағылардың ешқайсысы білмеген бе? Жоқ, білсе де, ауыздарна құм толтырып алған ба?

    Жауап жазу
  5. БОТАГӨЗ, ҚОСТАНАЙ 8 Қараша, 2017, 21:20

    Қазыбек мырза, мынау дұрыс болар еді Ö (ө) осылай қос нүктемен өзіміздің әріптеріміз белгіленсе. оқуға да, жазуға да осылай ыңғайлы ғой, сөздерді жазарда қиыншылық тудырмайды. Осы дұрыс болар еді, анау үтірлерді көпшілік жақтырған жоқ. Қазыбек мырза, тағы да Қазақ Тіл мамандарына ашық түрде өз ойыңызды білдіріңізші. Қазақ деп соққан жүрегіңіз Сізге маза бермей, Қазақтың әліпбиін қоғам дұрыс қабылдап, соған жауапты да, салмақты көзқарас білдіруіне өз Қазақ Үніңізді қосып жүргеніңіз үшін мың алғыс Сізге. Қазыбек мырза, Сіз Қазақтың алдында абыройы мен беделі бар азаматсыз, сондықтан Сіздің ой-пікіріңізге қосылар Қазақ аз емес.

    Жауап жазу
    • Қазыбек Иса 8 Қараша, 2017, 22:11

      Раxмет Ботагөз, Алла жар болсын! Қолымыздан келгенше қайрат көрсетіп жатырмыз, құдай қаласа нәьижесі болып қалар… Ол үшін өздеріңіз сияқты ұлтқа жанашыр эандардың осындай белсенділігі көп көмегін тигізеді.

      Жауап жазу
  6. Қолқоюсыз 8 Қараша, 2017, 21:22

    қос нүктені қалай қоюға болады клавиатурада

    Жауап жазу
    • Модератор 8 Қараша, 2017, 22:05

      Мақаланы сілтемеге өтіп, сайттан оқысаңыз, қос нүктені, үтір, нүкте, таңбаларды әріп үстіне қалай қоятыны толық жазылған

      Жауап жазу
  7. Модератор 8 Қараша, 2017, 22:07

    Бұл фейсбуктан парақшаны қарап отырғандарға айтқаным. ал сіздер сайттың өзін тікелей оқып отырсыздар ғой, осында жазылған.

    Жауап жазу
  8. Қазыбек Иса 8 Қараша, 2017, 22:12

    Раxмет Ботагөз, Алла жар болсын! Қолымыздан келгенше қайрат көрсетіп жатырмыз, құдай қаласа нәтижесі болып қалар… Ол үшін өздеріңіз сияқты ұлтқа жанашыр жандардың осындай белсенділігі көп көмегін тигізеді

    Жауап жазу
  9. Салтанат Арын 8 Қараша, 2017, 22:14

    Елбасыға раxмет! Шешім шықты, енді өзімізге байланысты әріптерді қалац түзеп алатынымыз.

    Жауап жазу
  10. Жаңабек Наров 8 Қараша, 2017, 23:03

    Халықтың көпшілігі латын əліпбиіне емес, дəйекшелерге қарсы шықты. Билік халықтың наразылығын ескергені дұрыс болды. Оның бəрі сіздей белсенді азаматтардың, ғалымдардың еңбегі шығар. Дегенмен латын əліпбиінің ертеде қолданған нұсқасын да қарастырса, артық болмайтын болар. Технология дамыған мезгілде пернетақта жасау қиын емес деп ойлаймын. Əзірбайжандар қаншама уақыттан кейін ə əрпін қайтадан енгізіпті. Сіз сияқты мен де ч таңбасын алып тастағанын қалар едім. Бізде ч дыбысты сөздер бірен-саран. Ондай көптеген кірме сөздер біздің тіліміздің заңдылығына бейімделіп кеткен. Қалған ч дыбысты сөздерді де тілімізге бейімдеуге болатын шығар. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Қолданысқа тиімді, жан-жақты талаптар ескерілген, ғасырларға жететін əліпби жасалсын деген тілектеміз! Комиссиядағы сіздей тіл жанашырлары, білікті ғалымдар дұрыс шешім шығарады деп көпшілік те күтіп отыр. Өткен жолдары апострофтар қабылданып кете ме деп, өткірлеу жазып жіберсем кешірім сұраймын.

    Жауап жазу
  11. Ержан Оспанов 8 Қараша, 2017, 23:03

    Көш жүре түзеледі АҒА.

    Жауап жазу
  12. БОТАГӨЗ, ҚОСТАНАЙ 8 Қараша, 2017, 23:05

    «Ärine,özbek ziyalylarymen latyn härpi töńireginde pikir almastyq. Basym köpśiligi śeśimdi qoldaidy. Äsirese jastar özderiniń útqanyn aitady. Bizdiń de latynga köśkenimizdi qùptauda. Samarqanda kirill härpinde jarnama joqqa tän, Taśkende 15-20 paiyzdai. Ony aga buyn qajettiligi üśin dep tüsindiredi. Basśy lauazymdagy jastar arasynda agylśyn tilin biletinder edäuir. Kitaphanalary oqyrmanga toly, jäne jastar latyn härpindegi basylymdardy köp paidalanady. Özbekstan täjiribesin nätijeli dep bagalauga bolady.» Үш рет оқығаннан кейін, көзім дағдыланып, тез жүгіртіп оқи бастадым. Түсінгенім, үтірлер оқу түгел, мәтінді қарауға да кедергі жасайды, сөздер тұтас емес, бөлініп кеткен сияқты және мәтіннің тұтастығы жоқ болып көрінеді. Мына әріптің үстінен қос нүкте қою мәтінді қабылдауға және оқуға қиындық тудырмайды екен. Қазақ үні, осы үрдіспен, анда-санда жаңалықтарыңызды жаңа әліпби бойынша қазақ әріптерінің үстіне қос нүкте қойылған түрде беріп тұрсаңдар жақсы болар еді. Көзімізде үйреніп, өзіміз де оқуға жаттығар едік. Тек алға басу керек, ниетіміз бен пиғылымыз Қазақтың Жаңа Әліпбиіне түзу болу керек. Қазаққа 20 ғасыр – Ұлы Тәуелсіздікке жетудің күнін туғызса, ал 21 ғасыр – Ұлы Қазақтың Әліпбиін қабылдауға жол ашты. Жасасын Қазағымның Ана Тілі – Қазақ Тілі, Тәуелсіздігі мен Әліпбиі,

    Жауап жазу
  13. Maqsat 8 Қараша, 2017, 23:33

    Олай артық кнопкаларды басудың керегі жоқ. «Gg» Әрпінің үстіне нүктені өзіміз-ақ шығарып алуымызға болады. Сараптап, дұрыс түрін таңдап, өзімізге тән пернетақта жасауымыз керек. Оған қазіргі техника толықтай жағдай жасай алады. Мен қытайдағы қазақ азаматымын. Сіздер көп нәрсені түсінбейтіндей сияқтысыздар. Қытай тілінің мыңдаған күрделі әріптерін әдемі-ақ компютерге кіргізген, біз неге бір әріптің үстіне нүкте қоя алмаймыз? “龘”мынаны қараңыздар, қытай тілінің ең күрделі әріптерінің бірі. Енді сендіңіздер ме? Осыны жасаған халық бар, біз не қалысып тұрмыз! 32 әріпке 32 орын беру керек! Білуіміз керек, 70% білім деректері латын әліпбиімен шыққанымен,ол Қазақ тілінде емес!! Біз қазақ тілі, болашағы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ағылшын пернетақтасының 26 орнына қарап қалуымызға болмайды! Қазіргі пернетақтаның «ё ә і ң…» қатарын қодануымыз керек, ол бос орын және ешкім қодануға тыйым салған жоқ! Сонда ғана ҚАЗАҚША ПЕРНЕТАҚТА бола алады. (Тағы біраз қытайша жазып берейін, көріңіздер 中国哈萨克 哈萨克斯坦共和国)

    Жауап жазу
  14. Пікір жазу 9 Қараша, 2017, 02:41

    S’es’e s’es’e kes’e nes’e syndy kese ayts’y S’es’e
    O’seks’i
    S’yg’armas’ylyq,S’yg’ys
    Ku’la’s’,A’li’ya,S’ars’ay’s’ylyq
    Қабылданған әліпби:
    1)Уақытты алады
    2)Екі есе көлемді етеді
    3)Қабылдауға қиын.
    4)Кейбір дыбыстар жоғалуы мүмкін.
    Қабылданған Латын нұсқаны жақтаушыға:
    Түркілермен бірігеміз.
    Түсініктеме:Осындай әріппен жазушы меді керсінше алшақтатады.
    Тиімді
    Түсініктеме: Уақытты алады,программалауға келмейді.
    Шетелге тіл меңгерту жеңілдейді
    Түсініктеме: Мұндай әріптен құсығы келетін шығар. S`yg`armas`ylyq,Алдымен қазақты сөйлетіп алындаршы.
    Компьютерге ыңғайлы
    Түсініктеме: Тіл Компьютер үшін бе,Компьютер тіл үшін бе? Басқа халықтар ü,ö,ğ,ŋ,ź,ş әріптерін сыйғызып жатыр. Жапон,корей,қытайлар әріптерін сыйғызды.
    Елімізді дамытады.
    Түсініктеме: Керсінше рухани қаңғыртады,болашақта шешуші дегенді сесусі демесіне кім кепіл. Қазірдің өзінде жазғанда асем,адеми деп жазамыз. Апострафпен теріп отырмас.
    Меңгеруге ыңғайлы
    Түсініктеме:Сонда ü,ĝ,ŋ,т.б қиын а? A’U’ не пайда?болашақта ә,ө,ү,ң,ш,у дыбысын айыратын жоба.Түркілерден іздегендер дені дұрыс жоба ұсынғандарды аяймын. Дені дұрыс нұсқа ü,ö,ä,ŋ,ğ,ı, т.б s’o’n’gedey апострафқа жығып бермекпіз бе?
    Отарланудан құтыламыз
    Түсініктеме:Қайдағы орыс кинолары самсап тұр. Газеттері толып тұр. Орыс тілін мектепте оқытад. Отарланудын алдын алу үшін іс қағазды қазақша,ресейден келетін газетті тыйып,орыс киноларын көрсетпеу керек. Бірақ,біздің бійлік қағбасы кремльге олай істей алмайд.біздің бійлік кириллицада қала беред. Қазақ байғұс s’o’n’ge деп отырад қабылданған латынмен. Елбасы қабылдамаймын талқыға салам деген кейін қабылдай салд. Сөйтіп қазақ әліпбиін мазақ қылды
    Кейбіреулер заман талабы,түркілер бірігеді,ко*жейсіндер. Шәйнәйді,қыртыйды,табан жалайды,бійлік не десе солдейді

    Жауап жазу
  15. сыр баласы 9 Қараша, 2017, 11:22

    осы ұсыныстағы нұсқа дұрыс деп ойлаймын сосын бір байқағаным ұлт үшін маңызы зор шешімдерді көп талқыға сала бермей қабыдаған хөн сияқты ұлтымыз үшін маңызды ма қажет па бірауыздан қолдауымыз керек сайлаудағындай ұйымшылдықпен қалғаеы тіл мамандарының жұмысы бауырлар саяз ойлауды дәл осы қазаққа керек қоя тұрайық

    Жауап жазу
  16. Сәрсен 9 Қараша, 2017, 12:50

    Бастама баянды болсын! Енді жетілдіру мәселесіне көңіл бөлу керек! Уақыт өте келе, кедергілер жойылады деген үміттемін.

    Жауап жазу
  17. марат 9 Қараша, 2017, 13:39

    Мақала мәнді екен, өте дұрыс, Түзеу осындай болу керек, күзеу емес.

    Жауап жазу
  18. САЛИХА 9 Қараша, 2017, 18:24

    Қазыбек мырза ұсынған пікірлерге толығымен қосыламын, шынында, ч керегі жоқ.
    Келісіп пішкен тон келте болмас деген, осылай талқылап, әліпбиімізді келешек ұрпаққа аманаттайық!

    Жауап жазу
  19. Казакпай. 10 Қараша, 2017, 15:58

    Латыннан казак алиппесин курган жумыс тобын жауапка Тарту керек. Акыл,милары таяздар екен. Жиырма алты жыл осы жумыспнен айналысып келеди,натиже жок. Акылдары жетпесе халыкпен акылдаспайма.Казыбек Иса мырзаны толыктай колдаймын. Президент жарлык шыгарып койды. Кеш болмай турганда НАНга жеткизу керек. Мына галымсымактарга сенсек далада каламыз. Куу керек ондай галымсымактарды.

    Жауап жазу
  20. Қолқоюсыз 11 Қараша, 2017, 18:49

    Іске сәт! Қазағыма бір Алла жар болсын!!!

    Жауап жазу
  21. Qyalie 12 Қараша, 2017, 01:33

    Men munu quptaytinim aniq biraq bizge odan da tiyimdi alippe kerek-aq. Menign pikirimshe noqatti aripter tueptign tuebinde ohmirshegn bolmaq emes. Bizge tek miynalar qyana qajet sh gn ch qy a oh ue basqa artiq arip kerek emes. Maselen akim nemese äkim dep jazsa esh ayirmashiliqy joq. Eomir keomir dep jazsaq sana qaliptasip ketpek

    Жауап жазу
  22. Ermek ERTILEU 12 Қараша, 2017, 16:06

    Латын әліпбиі туралы
    2017-ші жылдың 27-ші қыркүйегінде көптен күткен қазақ тілінің латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиі ресми түрде қабылданды. Президент жарлыққа қол қойды. Диграфтары бар бірінші жобаға қарағанда, бұл нұсқа едәуір жақсы. Қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды таңбалау үшін дәйекше (апостроф) пайдаланылған. Бұл өте дұрыс. Жаңа таңба ойлап шығарып қажеті жоқ. Компьютерде ағылшын тілінің пернетақтасымен қазақша еркін жаза береміз. Дүниенің қай бұрышында жүрсек те бәрібір. Дей тұрғанмен де, менің ойымша, аздаған олқылықтар бар. Енді осы әліпбиді талдап көрелік.
    Кезінде айтылған пікірлердің ішіндегі негізгісі, ол қазақ тілінің ұлттық фонетикасына оралу болатын. Яғни, қазақ тіліне жат дыбыстардан арылу, әліпбиімізді қазақшаландыру міндеті еді. Жаңа әліпбиден қазақ тіліне тән емес Ё, Ц, Щ, Э, Ю, Я әріптері алынып тасталған. Ъ, Ь жуандық және жіңішкелік белгілері де жоқ. Өте дұрыс делік. Сөйте тұра орыс тіліне тән Ф, Ч, В әріптері қалдырылған.
    Жаңа әліпбиде қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілеу үшін тоғыз таңба дәйекшемен белгіленген. Бұлардың санын азайтуға болады. Ол үшін A’ (ә), G’(ғ), I’(и,й), N’(ң), O’(ө) әріптерін қалдырып, S’(ш) U’(ү) Y’(у) және Uұ() әріптерін басқаша таңбалау қажет. Ал қазақ тіліне жатпайтын C’(ч) әрпін әліпбиден алып тастаған дұрыс. Және бұл әріпті апостроф арқылы белгілеу де түсініксіз. Себебі, оның апострофсыз С таңбасы қабылданған қазақ әліпбиінде ешқандай әріпті білдірмейді. Ш дыбысын таңбалау үшін латынның осы C әрпін алу керек. У дыбысын U әрпімен, Ұ – ны W әрпімен, ал Ү – ні V әрпімен таңбалаған жөн деп ойлаймын. Бұл жерде айта кететін бір мәселе бар. Ол біздің ата тегіміздегі -ов, -ев жалғаулары. Бұлардан жуық арада ажырай қоймаспыз. Сондықтан орыс тіліндегі В әрпін белгілеп және оны қолдана тұру керек. Оны латынның В әрпімен дәйекше арқылы беру керек (B’). Ф (F) әрпін де қалдыру керек деп ойлаймын. Себебі, дініміз ислам болғандықтан, көптеген құрани сөздерді жазып үйренгенде қажет болады. Сонда латынға негізделген әліпбиіміз отыз бір әріптен тұратын болады. Әліпбидің таңбалануы мынадай болады.
    № жазылуы дыбысталуы № жазылуы дыбысталуы
    1 A a {а} 17 N n {н}
    2 A’a’ {ә} 18 N’ n’ {ң}
    3 B b {б} 19 O o {о}
    4 B’ b’ {в} 20 O’ o’ {ө}
    5 D d {д} 21 P p {р}
    6 E e {е} 22 Q q {қ}
    7 F f {ф} 23 R r {р}
    8 G g {г} 24 S s {с}
    9 G’ g’ {ғ} 25 C c {ш}
    10 H h {х}, {һ} 26 T t {т}
    11 I i {і} 27 U u {у}
    12 I’I’ {и}, {й} 28 V v {ү}
    13 J j {ж} 29 W w {ұ}
    14 K k {к} 30 Y y {ы}
    15 L l {л} 31 Z z {з}
    16 M m {м}

    Көріп отырғаныңыздай, бұл нұсқада алты дәйекше қолданылған. Бұрынғы дәйекше санының үштен бірі қысқарған. Таза қазақы сөздерде бес ақ дәйекше қолданылатын болады. Қазақша жазу әлдеқайда жеңілдейді.
    Енді алынып тасталған кирилица әріпері бар сөздерге тоқталсақ. Мысалы, сөз ішіндегі Ц әрпін жазуды қарастырайық. Центнер деген сөзді tsentner деп жазуға болады. Цеснабанк – tsesnabank. Ч әрпін tc арқылы беруге болады. Мысалы, Челябинск – Tceli’abi’nsk, Ибрагимович – Ibragi’mob’i’tc.
    Орыс тіліндегі, немесе басқа тілдердегі сөздерді айтқанда аздап өзгеше дыбысталудан үрке қашудың қажеті жоқ. Ол тілдерде біздің қазақтың сөздері дәл қазақ тіліндегідей дыбысталмайды ғой. Біз де бөгде тілдің сөздерін өз тілімізге икемдеп айтуымыз керек. Мүмкіндегінше қазақ дыбыстарын латын әрпіндегі дыбысталуы жақын таңбалармен ауыстырған жөн. Сондықтан У әрпін латынның U әрпімен таңбалау керек. Бұлай болуы ыңғайлы деп есептеймін. Кейбір сөздерде бұл әріп қазақша да, ағылшынша да бірдей жазылады. Мысалы Атырау – Atyrau, Ақтау – Aqtau. Ұ және Ү әріптерін тиесінше, W және V.
    Осы ұсынылып отырған әліпби бойынша және қабылданған нұсқамен кейбір сөйлемдерді жазып көрейік.
    «Ауыл шаруашылық министрлігіндегі отырыста көктемгі тұқым себу мәселелері қаралды» – Auyl caruacylyq mi’ni’strligindegi otyrysta ko’ktemgi twqym sebu ma’seleleri qaraldy. Қабылданған нұсқада – Ay’yl s’ary’as’ylyq mi’ni’strligindegi otyrysta ko’ktemgi tuqym seby’ ma’seleleri qaraldy. Бірінші нұсқада төрт апостроф қолданылса, ресми нұсқада тоғыз апостроф қолданылған. «Қазақстан жері батысы Атыраудан басталып шығысы Алтай тауларына ұласатын алып аймақты иеленіп жатыр» – Qazaqstan jeri batysy Atyraudan bastalyp cyg’ysy Altai’ taularyna wlasatyn alyp ai’maqty I’elenip jatyr. Ресми нұсқа бойынша – Qazaqstan jeri batysy Atyray’dan bastalyp s’yg’ysy Altai’ tay’laryna ulasatyn alyp ai’maqty I’elenip jatyr. Бұл жерде қолданылған апострофтар саны тиесінше төрт және жеті. «Айт: білгендер мен білмегендер тең бола ма? Шындығында тек ақылдылар ғана мұны дұрыс түсінеді» (Зүмәр сүресі 9-шы аят) – «Ai’t: bilgender men bilmegender ten’ bola ma? Cyndyg’ynda tek aqyldylar g’ana mwny dwrys tvsinedi» (Zvma’r svresi 9-cy ai’at). Ресми нұсқа бойынша – «Ai’t: bilgender men bilmegender ten’ bola ma? S’yndyg’ynda tek aqyldylar g’ana muny durys tu’sinedi» (Zu’ma’r su’resi 9-s’y ai’at). Бұл мысалда да дәйекшелер ресми нұсқада көп болып тұр. Тиесінше, алты және он бір. Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған нұсқа бойынша апострофтар саны екі еседей қысқарады және жазуға да жеңілдеу болар еді.

    Жауап жазу
  23. Aqylbek 14 Қараша, 2017, 15:21

    Latyn a`lipbi`in Qoldai`myn! Bul a`lipbi`ge ko`s`y` menin` u`lken armanym edi! Allag`a s`u`kir!

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*