Ұстаз ұлағаты

Бүгінгі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуі жағдайы отандық аталмыш саланың стратегиясы мен тактикасын жаңалаудың қажеттілігін арттырып отыр. Біз тәуелсіз, дамыған мемлекет «Мәңгілік ел» ретінде әлемдік мәдениеттің алтын қорына ұлттық ерекшелігімізбен, тұғырлы тіліміз, гүлденген өркениетімізбен енуіміз үшін барлық игі бастамалар мен мүмкіндіктерді қарастыратынымыз боламыз. Ел Президенті өзінің Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білім, ғылымға ерекше басымдық береді. «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» деген Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан егеменді Қазақстанның ендігі жаһандану алдында ұлт ретінде танылуы үшін бәсекеге қабілетті, парасатты, жаңашылдыққа бейім, көзі ашық, көкірегі ояу болу қажеттілігіне баса назар аударады. Аталған биік межелі мақсатқа жету жолында білім, ғылым саласында еңбек етіп жатқан оқытушы-ғалымдардың рөлі айрықша. Ұлттық руханиятымыздың негізгі іргетасы болып саналатын мемлекеттік тіліміздің мерейлі мәртебесі мен мемлекеттік тілді оқыту жолына саналы ғұмырын, білім-білігін, тәжірибесін, қажырлы қайратын арнаған ғалымдардың бірі – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымының докторы, профессор Әлметова Әсипат Сауытбекқызы. Республикаға белгілі ғалым, жаңашыл, әдіскер-ұстаз Әсипат Сауытбекқызы өзінің сан жылдық ерен еңбегі мен ізденісінің нәтижесінде ел руханиятының көкжиегін кеңейту жолында қыруар еңбек сіңіріп, еліміздің білім саласына үздіксіз үлес қосып келеді. Әдіскер ғалымның тәжірибелі зерттеуінен туындаған монографиялары, оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары қазақ тіл білімінің дамуына зор септігін тигізуде. Оларды атап айтсақ, «Сұхбаттасу мәдениеті» монографиясы, Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқыту», «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», «Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыру мен жүргізу жолдары» атты оқу-әдістемелік құралдары және өзге тілді ұлт өкілдеріне арналған төрт деңгейлік оқулығы мәндi, мазмұнды, тың зерттеулер қатарына қосылатын жаңашылдыққа толы еңбектер деп білеміз. Қазіргі кезең ғылым мен технологияның қарыштап дамыған ғасыры, бүгінгі жаңалық ертең жай ғана ақпаратқа айналған зымыран уақытта руханияттан ойып орын алар еңбектер саусақпен санарлықтай ғана болса, соның бірі – әдіскер-ғалым Ә.Әлметованың «Лингвомәдениеттану негіздері» атты жаңа оқу құралы десек, артық айтпаған болар едік. Себебі, әрбір ұстаздың басты мақсаты – мемлекетіміздің табысты ел болуы үшін жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастырып, болашақта бәсекеге қабілетті тұлға даярлау екендігі ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Әсипат Сауытбекқызының «Лингвомәдениеттану негіздері» атты жаңа оқу құралының ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлттық дүниетаным мен түсінікті қалыптастырудағы әрі мәдениет пен салт-дәстүрдің маңыздылығын көрсетудегі рөлі айырықша. Сондай-ақ «Лингвомәдениеттану негіздері» атты оқу құралы өзге ұлт өкілдерінің мәдениетаралық құзыреттілігін қалыптастыруды мақсат етіп, қазақ бөлімдерінде оқитын студенттерге тілдің кумулятивтік қызметін танытуды, «діл», «тіл» және «мәдениет» ұғымдарының айырма­шылықтарын айқындап, ділдің лексикадағы, грамматикадағы көріністерін, тілдің ішкі қуатын, табиғатын, сондай-ақ таным мәселесін, әлемнің тілдік және тұжырымдамалық бейнесіне қатысты мәселелерді зерделейді. Тіл жанашыры Әсипат Сауытбекқызының бұл жаңа оқу құралын оқыту ісі мен ғылыми ізденісті ұштастырып, тыңнан түрен салған, арқалаған жүгі ауыр, сан жылдық оқытушылық еңбегі мен озық тәжірибесінің жемісі деп бағамдаймыз. Жаңа оқу құралының оқытушылар қауымына бағыт-бағдар беріп, лингвомәдениеттану пәні бойынша білім алатын білімгерлерге үйретері мол құндылық. Әдіскер-ғалым өзінің көп жылдық тәжірибесі негізінде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту мен үйретудің сапасын арттыруға ерекше мән береді. Профессор Ә.Әлметованың барлық ғылыми, әдістемелік еңбектері қазақ руханиятынан нәр алып, ұлттық кодтан бір елі ажырамағандығын айта кеткіміз келеді. Себебі, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев жылдам қарқынмен жылжып жатқан жаһандану дәуірінде ұлттық кодымыз бен ел тұтастығын, рухани құндылықтарды сақтап қалу маңызды болғандықтан: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» екендігін баяндаған еді. Ғалымның ғылыми-әдiстемелiк еңбектерiнiң тақырыбы жан-жақты, әр салалы. Олардың барлығы да қазіргі кезеңдегі тәуелсіздік талаптары туғызып отырған барлық талаптарды қамтып, тіл дамуының кең арналарын қарастыруымен үлкен сұранысқа ие болып, тың зерттеулер қатарынан орын алды. «Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқыту» еңбегі тіліміздің лексика саласына арналып, тәжірибе жүзінде көп мағыналы сөздер мен омонимдерді оқытудың әдіс-тәсілдерін шеберлікпен көрсете білген. Әлбетте, теорияны терең меңгеру бір басқа, ал оны іс жүзінде оқушылар мен студенттерге түрлі тиімді әдіс-тәсілдердің көмегіне жүгіне отырып үйрету күрделі үдеріс. Осы орайда аталмыш әдістемелік құралдың жалпы мұғалімдер қауымына әдістемелік көмек тұрғысында берер пайдасы ұшан-теңіз. Профессор Ә.Әлметованың «Сұхбаттасу мәдениеті» монографиясы, «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», «Өздік жұмыс түрлерін ұйымдастыру мен жүргізу жолдары» атты оқу-әдістемелік құралдары мен өзге тілді ұлт өкілдеріне арналған төрт деңгейлік оқулығы да бүгінгі қазақ тіл білімінің дамуына үлкен үлес қосып отыр. Ә.Сауытбекқызы өз зерттеуле­рін­де тіл, мәдениет және өркениет өзара үйлесімділікте өмір сүріп келе жатқан құбылыстар екенін­дігін түсіндіреді. Ғалымның пікірінше, кез келген тілдің, оның ішінде қазақ тілінің тілдік бірліктері сол халықтың ұлттық дүниетанымы, қоршаған әлемді қабылдау ерекшелігі, рухани және материалдық мәдениеті жөнінде терең мағлұмат береді. Әлметова жаңашыл, әдіскер-ғалым болуымен қатар шебер ұйымдастырушы. Қазақ филологиясы кафедрасының оқу-ғылым үдерісімен қатар тәрбиелік мәні бар қоғамдық жұмыстарды да жоғары, кәсіби деңгейде мәнді, мазмұнды етіп өткізуді тамаша үйлестіре біледі. «Идея комбинаторы» ретіндегі тың идеяларды ұсынушы, идеяны тек қана ұсынып қоймай оларды жемісті, нәтижелі етіп жүзеге асыру барысында бағыт-бағдар берудегі зияткерлік (интелектілік) әлеуеті мен қызметіне куә болып жүрген жайымыз бар. Өмір тәжірибесі мол басшының ұйымдастырушылық қасиеті жоғары деңгейде өткізілген, өткізіп жатқан әрбір іс-шаралардан көрініп тұрады. Сөз соңында бұл шағын мақаламызда тілші, әдіскер-ғалымның азаматтық, ғалымдық, әдіскерлік болмысын ашып бердік және де өзге мақсатпен ұпай жинау үшін осы мақаланы арнадық деген ойдан да аулақпыз. «Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді?!.» деп хакім Абай айтқандай ғұмыры ғибратқа толы жанның өмір жолы мен атқарып жатқан қызметі, өзгелерге жасап жатқан қамқорлығын көріп, игілікті ісіне куә болғаннан кейін туындаған жүрекжарды ой желісі еді. Олай болса, «Мәңгілік елдің» Мәңгілік Тілінің дамып, әлемдік өркениетке ұласар тұсында табиғатынан адалдықты сүйіп, ұлт руханиятының гүлденуіне атсалысып келе жатқан тілші-ғалым, жаңашыл-әдіскер Әлметова Әсипат Сауытбекқызына ел игілігі үшін талмай еңбек етіп, халықтың асыл мұратын арқалап, Алаш жұртының мәңгілік мақтанышы болып, жүре беріңіз демекпіз! Дәурен МҰХАМАДИЕВ Қазақстан Журналистер одағының мүшесі qazaquni.kz