ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ЕНГІЗУ ЖӨНІНДЕ ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазақстан Үкіметі қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобын құрады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті. «Ғалымдар бірнеше үлгідегі графиканы тиянақты талқыдан өткізді. Соның нәтижесінде көптеген ұсыныстар ескеріліп, апострофтар арқылы жасалған графикалық нұсқасы тиімді деп табылды. Ғалымдармен бас қосқан Президент латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтіп, көп ұзамай қазақ тілі әліп­биін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, ел азаматтары, әсіресе, жастар күнделікті тәжірибеде латын графикасын белсенді түрде насихаттай бастады. Енді мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бірінші кезекте, Үкімет тарапынан қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобы құрылады», – деді министр Орталық коммуника­циялар қызметіндегі баспасөз мәсли­хатында. Латын графикасы негізінде жаңа орфографиялық ережелер мен қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі жасалып, нормативтік-құқықтық базаны сәйкестендіреді. Одан кейін оқу-әдістемелік, оқулық, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді әзірлеу басталмақшы. qazaquni.kz