Бала оқытатын есі дұрыс мұғалім таппай қалмайық - Аятжан Ахметжан

Картинки по запросу ұстаз

Ұстаздық кəсіп, иə, мамандық дегенге мүлде келіспеймін. Ұстаздық болымыс шығар. Кəсіпті, мамандықты ауыстыруға болады, ал, болмысты жоқ, ол өзіңмен бірге жаратылады һəм өзіңмен бірге өтеді. Себебі онсыз өмірдің мəні жоқ. Дүниенің ең рахаты да сол болмысыңмен өмір сүру, жаның қалайтын тірлікпен күн кешу.

Иə, күнде жексенбі жоқ, өмірдің (кəсіптің) бейнеті бар, ал ұстаздықтың бейнеті бүгін тіпті ауыр... бірақ қанша ауыр болса да, ол болмысың болса қоштаса алмайсың. Ол үшін күйесің, шырыладайсың. Үйіңе қонақ келсе баласына ақыл айтып кетесің... ол біздің болмыстағы "ауыру"... Мен сол "аурумен" ауырғалы 8 жыл. Əлде біреулер "емдегісі" келді, бірақ, қанға өтіп кеткен ауру жазылама? Кетеді солай...

Оның емі бала кезіндегі қуаныш, оны сезе білу болмыстағы қасиет. Басқасын қайдам, ұстаздыққа тосыннан келуге болмайды, ол өзіңнің ғана емес, бір ұлттың бір буынын ойрандау болмақ. Адам пендесінің бəрекелді сүймейтіні жоқ дейді, хакім Абай. Иə, сол бəрекелдіні сүйгіш пенде болғандықтан да шығар, бүгін ешкім алқамайтын қауымға айналған ұстаздықтан қашатындар көбейді, бірақ, ұстаздың рахаты болашақта, өз шəкіртің белесті бағындырғанда... тым құрығанда сыртынан менің шəкіртім еді деп марқайып отырасың...

Иə, бүгін болмысыңда ұстаздықтың нышаны болмаған аутсайдерлер көбейді, ол неге көбейді... себеп көп, бүгінгі Қызылордадағы жағдай соған бір себеп. Атам қазақта өзіңді өзің құрметте, жат жанынан түңілсін, - деген сөз бар. Ұрпағымыз ұлағатты болсын десек, ұстазымызды сыйлайық.

Ұстаздың жағасына жармасқан бір оқушыны тоқтата алмай, 35 жыл өмірін мектепке арнаған ұстазды нақақ жаламен 10 жылға соттатып жіберу, сол ауылдың жұртына, сол елдегі ел ағаларына да сын болар. Ертең ел баласын оқытар есі дұрыс мұғалім таппай қалар, сол кезде өкінбесек игі еді...

Ертең талапты, талантты бала мектепке қайта оралып ұстаз атын емденсін десек бүгін өмірін арнаған ұстазға арашашы болайық ағайын. Əне, ақыл айтып кететін əдетім... ұстаздық ауру ғой, кешіріңіздер...

Талапты ұстаздан талантты шəкірт шықпақ, сіздер қағаз сұрай беріңіздер "Қағазбас" жүйе... Қорланып жатқан мұғалімде жұмыстарыңыз болмасын. Біз сабақ берейік...

Аятжан Ахметжан,

Фейсбук парақшасынан

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ (Әзіл):

Бір мұғалім мектеп зорлығына шыдай алмай көз жұмыпты. Иә, ол тым жас еді, ерте кетті. Артта шиеттей бала-шаға қалды. Үйіндегілері, ағайын-тума көз жастарын көлдетіп ботадай боздапты. Еңіреген енесі келінін былай деп жоқтапты:

Мектепке ұстаз болғалы, Құлдырап кетті-ау ажарың. Кешегі-ау түскен ақ келін, Қағаздан болды-ау ажалың! Қағаздан өлген жаман-ей, Ызам бір күйіп барады-ей! Обалы бұның саған-ей, Министр бала Сағади. Үш тілде жоқтау айтсаңда, Көл болып көз жас ағады-ей! Бір кезде ауыл ақсақалдары: «Сабыр қалқам сабыр, Алланың ісі енді, қайтерсің» деп жатса, өлген келіннің күйеуі: «Ау, ақсақал, ажалынан кетсе бір сәрі, бұның ажалы қағаздан болып тұр ғой, қағаздан. Түнімен қағаз шығарып, шығарған қағаздары дұрыс емес болып шыққан еді, миына қан құйылып насмерть кетті ғой, насмерть» - деп, басын шайқап жылайтын көрінеді.

Өлген адам өлді, тірілер тірлігін жалғастырады ғой. Өлген келінді періштелер қаумалап: «Жастай келген екенсің, жәннатқа барасың ба, жәһәннамға барасың ба?» - деп сұраса, келін: «Маған бәрібір, мектепке жібермесеңдер болды» - депті.

(Әзілдер әлеуметтік желіден алынған)