Тоққожа Қожағұлов: «Мұқағалидың портретін жасасам деген ой маза бермейтін»

Похожее изображение

Суретші Тоққожа Қожағұлов Мұқағали туған аспантаулар өлкесінің түлегі. «Алдымен көргенім – аспан» деп ақын ағасы жырлағандай, ол да зеңгір көкке көз тікті. Жанарында жарқылдап Хантәңірі тұрды. Бұлттар арасында самғаған тау қыранын қызықтады. Саржайлаудың саумал самалына бетін тосты. Тастан тасқа секірген Байынқол өзенінің гүрілдеген дауысын тебірене тыңдады. Табиғаттағы көркемдік суреткерлік танымына осылайша әсер еткен.

Содан бері өнер жүгін арқалап, биіктерге өрлеп келеді. Жастарға арналған ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты. Абай атындағы педагогикалық университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты. Өнер, мәдениет және спорт институтында кафедра меңгерушісі. Сонымен қатар, «Мұқағали» журналының алқа мүшесі.

Суретші өзінің шығармашылық туындыларын жинақтай келіп, еліне есеп берді. Алматыдағы орталық музей үйінде «Үнсіз музыка» деген атпен көрмесі өтті. Осы орайда Тоққожа Қожағұловпен әңгімелестік. Оның өзіндік сырларына қанықтық.

– Мұқағали шығармашылығымен қай кездерде, қалай таныстың? Ақынның қандай өлеңін сүйіп оқыдың?

– Менің байқағаным, Мұқағали ағамыздың өлеңдері өзіне еріксіз тартады. Жүрегіңді дірілдетеді. Міне, нағыз халықтық поэзия осылай болса керек.

Әлі есімде, 1976 жылдың жазы. Онда біздер ауылдың қарасирақ баласымыз. Жетінші сыныпты бітірдік. Көктемде Мұқағали аға қайтыс болды. Хабарын үлкендерден естігенбіз. Сол оқиға қайсібір кісілердің көңілін босатты. Жерлестерінің қайғысына қабырғалары қайысқан шығар деп топшыладық. Өйткені, ол кезде ел ішінде Мұқағали Мақатаев туралы толыққанды ақпараттар аз еді. Ал, тау арасындағы Қаратоған секілді біздің шағын қыстаққа ақын кітаптары жете бермейтін. «Мұқағали оқулары» деген ұғым да, ондай шара да болған емес.

Оқушылардың жазғы демалысында шаруашылыққа көмектесеміз. Қатардағы колхозшылар секілді сен де бригадирдің қарауына өтесің. Таңертеңнен кешке дейін кетпен, күрегің қолыңнан түспейді. Бізге егістік алқаптарды суару міндеті жүктелді. Оны дұрыс жүйелеп, суды жерге баппен сіңіру керек. Ақтаңдақтар қалса, ол – нағыз шатақ. Бастықтар бала екеніңе қарамайды. Сені әкімшілік жауапқа тартады. Ата-анаңды да оңдырмайды. Ең алдымен сыбағаңды беретін қасыңда жүрген бригадир. Бұл – сол кезеңнің жазылмаған заңы.

Кейде құдай жарылқайын десе оңай ғой. Мен қатысқан топтың бригадирі Нұрәсіл Қойшиев көшелі адам болып шықты. Өзі өнерге жақын. Ән салғанды жақсы көреді! Дауысында бізге ұнайтын бір сүйкімділік бар.

Түскі үзілісте «Саржайлауды» шырқады. Әуені де, сөзі де төгіліп тұр. Еліміздің, жеріміздің мәртебесін асыратын шығарма. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Нұрәсіл Қойшиев оның авторларын да айтты. Сөзі – Мұқағали Мақатаевтікі, әні – Нұрғиса Тілендиевтікі екен. Біз қайталап орындауын сұрадық. Бригадир де бәлсінбеді. Сол күні егін суару жұмыстарының жөнді жүрмей қалғаны анық. Есесіне мен Мұқағали ағаның өлеңімен таныстым. Бұдан кейін ақын кітаптарын іздеп жүріп оқитын болдым. Жақсы сөз жаныңа қуат беріп, бойыңа шым-шымдап дариды екен.

Сүйгісі келе берер сүйген ерін,

Сүй, жаным!

Сүйкімді бір күйге енемін.

Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,

Ағытшы бешпетіңнің түймелерін... – деп күбірлеймін.

Сегізінші сыныпқа көшкен менің мұндай махаббат өлеңдерін тебірене оқып жүргенімді мұғалімдерім естісе, әрине оңдырмайды. Ол кездің өлшемімен таразыласақ, мәселемді май шаммен қарайтын еді. Ал ақын жыры мөп-мөлдір сезім айдынына бастап, қолымнан жетелей жөнелгенін өзім де байқамай қалдым.

– Мұқағалидың бір балладасында «Живописьтің тұлабойы тұнып тұрған тарих» деген екен. Ақын осы арқылы не айтқысы келді? Суретші ретіндегі көзқарасың мен пайымдарың қандай?

– Бәрімізге белгілі, барлық өнердің өзегін бейнелейтін бір сөз бар. Ол – «ақындық» деген ортақ ұғым.

Ақындыққа ие болғандар дүние бояуларын анық көреді. Сол бояулар кейде ақ қағазға көркемсөз болып өріледі. Кейде ғаламат музыкаға айналады. Мүсін болып та кескінделеді. Қылқалам арқылы суретші кенебіне бейнеленеді. «Ақындық» ұғымының ерекшелігі осында. Адам бойындағы барлық өнердің қайнар көзі ортақ. Қалыбы мен қасиеті ұқсас. Тек орындалу әдістері ғана әртүрлі.

Сіз айтқан жаңағы тіркестер ақынның «Бөз орамал» деген балладасында бар. Сол шығарманы оқығанда таңғалдым. Тіпті Мұқаңды суретші екен деп қаласың. Сенбесеңіз жыр жолдарына тағы бір көз жүгіртелік.

Живописьтің тұлабойы тұнып тұрған тарих,

Живописьті көзбен емес көңілмен де таниық.

Живопись – ол айғайлаған өлеңі емес ақынның,

Сыры ішінде, тілі ішінде өрнегі ғой ақылдың!.. – дейді.

Шындығында солай ғой, сурет дегеніңіз бояулардың баттасқан қосындысы емес. Ол «ақылдың өрнегі». Мұқаң суретшіге қойылатын талаптарды бір-ақ сөзге сыйғызған. Демек ол кісі сурет өнерін де тереңнен таныған. Егер ақын тірі болғанда қазір университетке шақырып студенттерге лекция оқытар едік, амал не?!

Сол сияқты, Мұқағали ағамызда композиторлық қабілет те мол. Оны музыка мамандары мойындайды. Басқасын қойғанда, Моцарт пен Бетховенді түбіне дейін терең түсіну екінің бірінің қолынан келмейді. Ендеше, неге қара өлең жазды дейсіз ғой? Ол кісі талант бұлақтарының бәрін өз кеудесіне тоғыстыра отырып, соны адамдарға жеткізу үшін қаламгерлікті таңдаған.

Жаңағы жыр жолдарынан тағы бір байқағаным, «Живописьті көзбен емес, көңілмен де таниық» дегені. Мұндай теңеуді өнерді жеңіл өлшейтін адам айта алмайды. Ақынның өнерпаздық қыры осыны аңғартады.

– Ақынның бояулы портретін жасадың. Бұл жұмысқа қалай келдің? Соның алғашқы сәттері жайлы айта кетсең дейміз.

– Мен бейнелу өнерінің портрет жанрын таңдадым. Бұл өте қиын сала. Жай қарағандар оның қыры мен сырына қаныға алмайды. Талғаммен, таныммен назар салғандарға бәрі белгілі.

Жетінші сыныптан бастап Мұқағали өлеңдеріне ерекше қызыққанымды жоғарыда айттым. Осы қызығушылық үдемесе, азайған емес. Мектепте өтетін Мұқағалиға арналған кештерге қуана қатысамын. Оны ұйымдастыруға белсене араластым. Мұғалімдерім менен кейде әдебиетші шығады деп топшылайтын көрінеді. Бәрі өлеңді сүйгеннің әсері.

Ақын жырлары бүкіл бір дәуірдің шежіресі. Ол шығармалардан сол кезеңдерде өмір сүрген әкелеріміз бен аналарымыздың тұлғасын көресің. Мөп-мөлдір таза жандүниелеріне қызығасың. Олардың қуанғандары да, қайғырғандары да асқақ. Осындай кейіпкерлерді сомдаған жалынды жырларды рахаттана оқисың. Екінші жағынан алып қарасаң, мұндағы іс-әрекеттердің бәрі ақынның өз қимылы секілді көрінеді. Өзінің өмірбаянын дәуірдің өмірбаянымен шебер шендестірген.

Абай атындағы қазақтың педагогикалық университетінің студенті атанып, көркемсурет және бейнелеу факультетіне студент болған соң, ауылда басталған ізденістер енді жаңа арнаға бұрылды. Таным аясы кеңейді. Өйткені Алматы – Мұқаңның өмір кешкен ортасы. Мұнда ол кісімен бірге жүрген әріптестері, ағалары мен інілері болды. Солардың әңгімелерін тыңдау мүмкіндігіне ие болдым.

Мұқағалидың портретін жасасам деген ой менің басымнан шықпады. Тіпті ақ қағазға ақын бейнесін сызып отырғанымды кейде өзім де аңғармай қалатынмын. Алғаш рет күйдіру әдісімен ақын суретін тақтайға түсіріп көрдім. Бұл жұмысымды курстастарым, тіпті мұғалімдерім де мақтады. Бірақ, мен сабыр сақтадым. Себебі, бұл – шығармашылықтың кіріспесі ғана. Толғандыратын, қуандыратын кемел сәттер алда. Мен енді-енді ғана Мұқағалиды дұрыстап тануға бетбұрдым. Соның өзін олжа санап, шүкіршілік еттім.

– Мұқағалиды полотноға бейнелегендер көп. Мәселен, Темірхан Ордабеков графикамен кескіндеді. Павлодарлық әріптесің Майра Ықыласова ақын өлеңдеріне арналған суреттерін жасады. Сондай-ақ олардың арасында қылқалам шебері Жұмақан Қайранбаев та бар.Нарынқолдық – Нұрболат пен Алмас та шабыттарына қамшы басты. Бұл кісілердің жұмыстары туралы не айтар едің? Сырласып, пікірлескен кездерің болды ма? Олардың қандай ерекшеліктеріне тоқталасың?

– Суретшілер қауымының Мұқағали тақырыбына ден қойғаны, сөз жоқ, мені қуандырады. Бұл – ақын мұрасын суретші қауымы да өз кәдесіне жаратты деген сөз. Бүкіл ұлтқа керек рухани байлықты жасау кез-келгеннің қолынан келмейді. Сол жеңіс Мұқағали ағаның пешенесіне бұйырған екен. Бәрі өзінің таланты мен еңбегінің арқасы.

Егер, табиғи дарынының екпінімен ғана шектеліп, күнімдік қолпаштарға алданса мұндай биіктерге шықпайтын еді. Ол кісі өнерді қалай құрметтеудің үлгісін көрсетті. Жырларының әр жолы терең философияға толып тұр. Әлемдік білімді қалай меңгерген, оны оқып үйренуге қалай үлгерген деп қайран қаласың. Мұқаң – ұлттың ұстазы.

Ақынды осы деңгейде түсінуге ұмтылғандардың қатарына мен Темірхан Ордабеков пен Жұмақан Қайранбаев секілді әріптес ағаларымды мысалға алар едім. Темірхан – графиканың асқан шебері. Қара сызықтарды қолдана отырып кейіпкерін сомдайды. Оның еңбектерін ақын кітабының мұқабаларына пайдаланды. Суреттер өлеңнің ішкі қуатымен кереметтей үйлесті. Ал, Жұмақан өз шығармасын майлы бояумен жазды. Ол жасаған Мұқағали сан рет сахна төрінен көрінді. 50 баспатабақ көлемінде «Қазақпараттан» шыққан жыр кітабының шырайын кіргізді. Мазмұнға мазмұн қосты. Ол кісінің бұл тақырыпқа арналған басқа суреттері де көз тоярлықтай. Павлодарлық әріптесім Майра Ықыласованың көрмесінде болдым. Көпшіліктің көңілінен шықты. Сол сияқты, нарынқолдық Алмас Сырғабаев та өзіндік өрнектерімен көзге түсті. Ауыл мектебінің мұғалімі Нұрболат Ысқақовтың суреттері көрермен ықыласына бөленді.

Бұл кісілердің бірқатарымен сырласып, пікірлестім. Көзқарастарымыз әртүрлі бола отырып, ойымызды бір нүктеге түйістірдік. Тәжірибе алмастық. «Ақынды ақын оятпаса болмайды» деген ғой Мұқаң. Қараңызшы, әдебиетшіге және суретшіге қатысты нәрселердің жан-жақты ескерген екен ғой, жарықтық!

– Сенің «Мұқағалиың» қандай бағаларға ие болды? Екіншіден, осы шығарма арқылы не айтайын дедің? Соның жайын білгіміз келеді.

– Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» деген роман-эссесі бар. Сол кісі секілді мен де жасаған портретті «Менің Мұқағалиым» дедім. Фотосуреттерде ақынның тұрмыстағы кескіні көрінеді. Ал мен жасаған портретте барлық штрихтар бір образға жинақталған. Солай ету оңайға түскен жоқ.

Адам жаратылысын екіге бөліп қарастырған жөн бе деймін. Біріншісі, оның бәрімізге ұқсаған пенделік қыры. Пенденің артық айтқан, кем кеткен жерлері болады. Екіншісі, шығармашылық шабытқа енген шырайлы шақтары. Ел мен жерді, өмір-тіршілікті қайраткер дәрежесінде ойлау биігіне көтерілген кезі. Міне, ұрпақтарға керегі осы сипаттар.

Пенделік жайды баяндау үшін бас қатырудың қажеті жоқ. Әркім ақынның бойынан өзіне ұқсайтын бір дерек табады, соны тіліне тиек етеді. «Мені және Мұқағалиды билік назарға алмады» деп өкінішке өзін қосақтап, тыңдаушылардың көңілдерін босатады. Мұндай қулықтардың аз еместігі белгілі. Яғни, «Жақсының артынан сөз ереді».

Мықты болсаң, ақынның қайраткерлік салмағын таразыла. Қоғамды алға жылжыту үшін көңілдерді ағартатын қуат керек. Сондай дауыс дуалы ауыздардан естілгенде ел елеңдеп оянады. Аталарымыздың «қол бастаудан сөз бастау қиын» дейтіні сондықтан. Мұқағали сондай сөзді жүректерге жеткізді. Жалаң ұйқасқа, құрғақ ақылға ұрынған жоқ. «Өлең жазу біреуге оңай шығар, Ақын болу не деген қиын едің?!» дейтін тіркестерінде үлкен мағына жатыр.

Мұқағалидың дауысы байтақ даланы жаңғыртты. Сонымен қатар, ақын қазағын әрқашан сабырға шақырған абыз. Келешекті болжады. Сұлулықты қорғады. Жаныңды елжіретіп, мерейіңді өсірді. Осылай суреттеп айта берсек теңеулер таусылмақ емес. Ол кісінің бойында қайраткерлікке тән қасиеттердің болғанын өлеңдерінен анық байқаймыз.

Міне, осындай қасиеттерді қылқаламмен қалай бейнелеу керек? Сұраққа жауап іздеген толғаныстар жаныма маза бермейтін. Ойларымды қорыта келіп, ақынның мына айтқандарына жүгіндім.

Мекен-жайым Жер менің,

Жерде жүрген Ақын деген пендемін.

Қағаз, қалам, уақыт бер аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгемін, – деген екен.

Көрдіңіз бе, ақын бұл өлеңінде мақсаты мен мұратын дәл айтып тұр. Жаратқанның мойнына жүктеген ұлы міндетін шүбәсіз сезген. «Өнер – құрбандықты талап ететінін» саналы түрде білген. Осы сезімдердің барлығын портреттен байқатуға тырыстым.

Алғашқы сыншым ақынның жары Лашын апамыз болды. «Сенің салған портретіңнен мен ең алдымен ақын Мұқағалиды көрдім» деді тебіреніп. Еңбегімнің жанғанына қуандым. Себебі, Лашын апа дұрыс баға берген секілді. Атақты суретшілер Сахи Романов, Сабыр Мәмбеев, Салахаддин Айтбаевтар да осы пікірді қостады. Нәтижесінде көп ұзамай жастарға арналған ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты атандым.

– Баспасөзге берген бір сұхбатыңда Мұқағалиды түсіңде көргеніңді айтыпсың. Кейде бір нәрсені тынбай қаузай берген адам осындай жайларға жолығады дейді. Сенің басыңнан кешкенің соған ұқсас па, әлде оның басқа сыры бар ма, мәнісін қалай түсіндіресің?

– Журналист ағайындар да қызық. Сары майдан қыл суырғандай етіп небір құпияңды айтқызады. Тәуекел деп сол әңгімені тағы қайталайын. Меніңше, түс көру қалыпты құбылыс. Бірақ, кейде оның да ерекшесі болады. Ақ түс немесе аян түс. Ақын портретін жасауға әзірленіп жатқан кезім. Қалжырап ұйықтап кетіппін.

О, Құдайдың құдіреті! Мұқағали аға түсіме кірді. Түсімде біз Мұқағали ағаның туған жері Қарасаздың қасындағы Киров колхозында бір үйде кездескен екенбіз деймін. Мен оған: «Аға мен сіздің суретіңізді салдым көресіз бе?» десем, ол «Жақсы, сен оны Қарасазға апара бер, мен айналып келіп көрейін» дейді. Сөйтеді де: Дамылда жаным, дамылда

Бақытты бір осы шағыңда, - деп алдындағы үстелге жанарын қадаған күйі осы екі өлең жолын қайталайды. Біз ешқашан кездеспесек те кәдімгі таныс адамдар секілдіміз. Ақынның бет әлпеті, пошымы түгелдей көрініп тұр. Суретші деген халық кездескен затқа мән беріп қарайды. Мен де солай еттім. Ағаның ерекше тұрпатын көрдім. Кең маңдайы, желкесіне төгілген қара шашы өзіне тән әдемілігімен көз тартады. Жанары ойлы да өткір екен. Жымиғаны жүрегіңді жылытады. Жүгіріп барып құшақтағым келді. Бірақ әлдеқандай тылсым күш аяғымды байлап қойғандай қозғалтпады.

Оянсам жадырап, жіпсіп жатырмын. Шаршағаным сап тиылыпты. Жұмысқа деген тың құлшыныстар пайда болды. Дереу шеберханама асықтым. Әлі із түспеген кенептің бетіне бояуларды жаға бастадым. Оның осы бейнесі санамда тап-таза қалпында қалып қойды. Сол бейне көз алдымда тұрған соң ба, Мұқағали ағаның суретін тез салып шықтым.

Кейін портретті ақынның 60 жылдығында музейіне тапсырдым. Оның түсімде: «Қарасазға апара бер» деген сөзін сонда түсіндім. Сол күнгі түс – ақын ағаның біздерге арнаған шапағаты шығар деп ойладым. Бұл сұраққа айтатын жауабым осы.

– Портрет жасаймын деп Мұқағалиға қатысты біраз ізденістерді бастан өткіздің. Мұны қандай санатқа жатқызуға болады? Сен мұқағалитанушы деген ұғымды қалай түсінесің? Оның өзіндік өлшем, стандарты бар ма?

– Біз мына жайға назар аударайық. Бір жарым ғасыр бойы Абай мұрасын зерттеушілер түгелдей абайтанушылар тізіміне кірген жоқ. Оған ешкім ренжімеді. Әдебиет тарихында абайтанушы ретінде санаулы кісілердің ғана есімдері аталады. Оларға мұндай мәртебе берген – ғылыми орта, көзіқарақты талғампаз жұрт, уақыттың сүзгісі мен талқысы.

Абайдың жұмбағын ашып, жаңалығын көрсету оңай емес. Алдымен соған қатысты үлкен ілімдерді игеріп, одан кейін ғана асыл мұра жатқан қазынаның есігіне жақындауға болады. Ал, Абай өлеңін сыныптық бағдарламаға сай тәпіштеп түсіндіру кез-келген мұғалімнің қолынан келеді. Мұндай рецензиялық пікірлерді абайтануға жатқызуға болмайды. Ендеше мұқағалитанудың қандай дәрежеде болатыны айтпасақ та түсінікті. Ондай атауды өзімізге өзіміз тіркеп, арзан бедел жинауға пайдалансақ – ұяттың көкесі сол!

Алматыдағы Абайдың алып ескерткішін күнде көресіздер. Онда ақынның бейнесі ғана емес, ойшылдығы, қайраткерлігі, хакімдігі – бәрі сомдалған. Кезінде бұл шығармаға Мұхтар Әуезовтың өзі риза болыпты. Соған қарамастан мүсінді сомдаған халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хакімжан Наурызбаев өзін ешқашан абайтанушылардың қатарына қоспаған екен. Менің де мұқағалитанушы болуға хақым жоқ. Шын сөзден ештеме бұзылмайды.

– «Мұқағали» энциклопедиясын жасауға қатысқан екенсің. Энциклопедия туралы не айтасың? Егер, оны қайта жасайтын мүмкіндік болса, нендей мәселелерді алға тартар едің?

– «Мұқағали» энциклопедиясын жасаушылар ондағы суреттерге көмектесуімді сұрады. Оны қуана атқардым. Энциклопедия жасаушылар тобы жазушылардан, журналистерден құралыпты. Барлығы білікті азаматтар. «Қазақпарат» баспасы бәрін сәтімен үйлестірді. Қаламгерлердің біразы кешегі ұлттық энциклопедиясы бас редакциясында қызмет істеп, тәжірибе жинақтағандар екен. Сонымен өз стандартына сай келетін үлкен кітап жарыққа шықты.

Алайда небәрі жылға жетпейтін уақыттың ішінде «Мұқағали» энцилопедиясының жылдам шыққаны бізді әрі риза етті, әрі ойландырды. Анық бағасын алдағы уақытта маман сыншылар беретін болар деймін. Бұрын мұндай мүмкіндіктерге жете алмадық. Бүгін оған жетіп едік тым асыға қимылдадық. Әсілі, Абай атамыз айтқандай «ақырын жүріп, анық басқаннан» ешкім ұтылмайды. Энциклопедияны екінші рет шығарған кезде мұндай талаптардың басты назарда тұрғанын қалар едім жөн.

– Алматыдағы мемлекеттік орталық музей үйінде шығармашылық көрмең өтті. Оны «Үнсіз музыка» деп атапсың. Аталған шара шабытыңа шабыт қосты ма? Көрмеден көкейіңе не түйдің?

– Әрбір өнер адамы өз шығармасының халқына қызмет еткенін қалайды. Дұрыс нәтижесін көрсе қанаттанады. Мәселен, ақынның өлеңдері баспасөзде, кітаптарда жарияланады. Композитордың ән-күйлері теледидарда, радиода, сахнада шырқалады. Актерлар театрларда спектакль қояды, көрерменмен дидарласады. Өнердің заңы осындай. Бірақ, бұлардың ішінде өздерімен өздері болып тұйықталып жүретін суретшілер ғана. Себебі, олардың не жасап, не қойып жатқанын былайғы жұрт күнделікті біле бермейді. Суретшіні насихаттайтын аудиторияның аясы тар. Кез-келген қылқалам шебері «Алматының арбатына» – орталық әмбебап дүкеннің алдына отыра қалып шығармаларын көрсетуге құлықты емес. Сондықтан ресми үлкен залдарға көрме ұйымдастыруға бәрі мүдделі. Оның әуресі де шаш етектен. Кезек күтетіні тағы бар. Сонымен қатар залдың иесі орынды ешкімге тегін бермейді.

Дегенмен, шығармашылық есеп беруге тиістісің. Не тындырдым, біткен істің сапасы қандай, талғампаз жұрт қалай қабылдайды? Осы тектес сұрақтарға жауап іздейсің. Мен бұл көрмені «Үнсіз музыка» деп атадым. Әдебиетті де, киноны да, спектакльдерді де әлем халқына ұсыну үшін оны міндетті түрде аударады. Аудармасы түпкі мәтінге сай болуы қажет. Кейде мұндай үйлесімдер сәтті болып шыға бермейді. Ал музыканың жөні басқа. Үн күллі дүниеге ортақ. Құрманғазы атамыздың «Сарыарқасына» ешқандай аударманың қажеті жоқ. Сурет те дәл сол сияқты. Леонардо да Винчи, Айвазовскийдің еңбектеріне кез-келген адам емін-еркін қарайды, өз бағасын береді. Менің «Үнсіз музыкам» арқылы сан түрлі ұлттар басқа шығармалармен бірге «Мұқағалимен» де сырласты деп ойлаймын.

– «Мұқағали» журналы жайындағы ойыңыз қалай?

– 11 жыл бойы тоқтаусыз шыққан «Мұқағали» журналы өзінің қуат, күшін толық дәлелдеді. Мәселен, энциклопедияның тұсаукесерінде сөйлегендер ортақ іске журналдың мол пайда тигізгенін ризашылықпен айтты.

Журналды ашып қараңыздар, сонда оның шыңдалғанын, кемелденгенін анық байқайсыз. Ақын атындағы басылымда Мұқағалиды сомдаған суретшілердің еңбектеріне кең орын беріліп келеді. Қазір журнал Қазақстандағы әдеби басылымдардың алдыңғы легінде. Журнал 2007 жылы Елбасымыздың «Алғыс Хатымен» марапатталып еді. Күткен үміт, артылған сенім ақталды. Басылымның алқа мүшесі ретіндегі айтарым, алдағы нөмірлердің мазмұны бұдан да терең.

– Әңгімеңізге рахмет!

Батық Мәжитұлы,

Қазақ үні