ЕЛДІҢ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Қазақ зиялы қауымның демократиялық бағыттағы өкілдері 1917 жылы Орынбар қаласында бірінші жалпы қазақ съезін өткізіп, Алаш партиясын құрды. Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде осыдан 100 жыл бұрын Алашорда үкіметін орнатып, өзінің автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамы, оның жарқын болашағы жолында күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет болып табылады. Ұлттық тарихымызды өскелең ұрпаққа насихаттау, бүгінгідей тәуелсіз мемлекеттігіміздің негізін қалау жолында күрес жүргізген «Алашорда» үкіметінің 100 жылдық мерейтойына орай, 2017 жылы 30-31 қазан күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультеті, республикалық «Ақ жол» демократиялық партиясы және Түркия Республикасының Түрік тарихы қауымдастығы мен Гази университеті бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияны Тарих археология және этнология факультеті­нің деканы М.С.Ноғайбаева жүргізіп, кіріспе сөз сөйледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі Ғ.Мұтанов құттықтау сөзімен бастап: «Бүгінгі конференцияда Алаш қайраткерлерінің ел үшін жасаған қызметтері олардың ұлттық идеяға адалдығы,1917 жылы екінші жалпы қазақ сьезінде Алашорда үкіметі құрылды. Өкінішке орай, Алаш азаматтарының арман – мақсаттары сол кезеңдегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Бірақ та асыл азаматтардың іс-әрекеттері мен рухани еңбектері ел есінен ұмытылмады. Қазақ зиялыларының 100 жыл бұрынғы армандары бүгінгі таңда жүзеге асты», – деп түйіндеді. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Түркия Республикасынан делегация бастап келген Түрік тарихы қауымдастығының президенті, т.ғ.д.,профессор Рефик Туран өзінің құттықтау сөзінде: «Түрік халқы атынан атажұртқа ыстық сәлемін әкелгенін айтты. Екі мемлекетті жақындастыратын басты фактор – екі халықтың түбі бір туыстығы, өткен тарихының ортақтығы, этнолингвистикалық жақындығы мен бауырластығы.Түбі бір түркі жұртына әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауидің ортақ мұралары туралы пікірін білдірді. «Алашорда үкіметінің» құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне орай өткізіліп жатқан халықаралық конференцияда тәуелсіз қазақ мемлекеттігін құру жолында құрбан болған қазақтың зиялыларының ерең еңбектері болып табылады. Ғасырлар бойғы арманы орындалған тәуелсіз қазақ елін, атажұрттағы түркі халқын шын жүректен құттықтаймын. Алаш орданың құрылғанының 100 жылдық датасымен Түркия республикасының 94 жылдық мерекесі тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, екі ел арасындағы түркі халықтарына ортақ тұлғалар мен Алашорда үкіметінің жүргізген саясаты және ондағы жеке тұлғалар туралы зерттеулер осы жылдың қараша айының 27-і күні Анкара қаласында өтетін конференцияда жалғасын табады» деп, бүгінгі конференцияның жұмысы жемісті болуына тілектестік білдірді. Келесі құттықтауды Қазақстан­ның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев айтты. Ол: «Ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш қозғалысының ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерттеу, мағынасын ашып көрсету, оны ел игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақ пен ұлтымызға қымбат құндылық. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет болып табылады» деп конференция жұмысына сәттілік тіледі. Алғашқы баяндаманы ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, белгілі алаштанушы-ғалым Мәмбет Қой­гелдиев «Алаш қозғалысы: жаңа фактілер мен тұжырымдар» деген тақырыпта жасаған баяндамасында: «Алаш қозғалысы – қазақ халқының рухани жаңғыруы, мемлекеттік дербестігі және атамекен жерінің тұтастығы үшін жүргізген күресі, яғни қазақ елінің ұлт – азаттық қозғалысы. ...Сонымен бірге алаштық зиялылармен жүргізілген тергеу материалдарының мынадай ерекшеліктері бар. Алаш зиялыларын репрессиялық аппараттың тұтқындары ғана емес, олардың берген жауабын тек осы тұрғыдан қабылдау жеткіліксіз. Тұтқындағы зиялылар – өздеріне орасан зор жауапкершілік жүгін артқан ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері ...Советтік идеологиялық аппарат Алаш идеясын өшіруге көп күш салды, бірақ оны өшіре алған жоқ. Халық жадында «ошақта шоқ бар» деген ұғым сақталған. Алаш ақыны Мағжанның айтқанындай, біз оның жалын болып жанатынына сенеміз!» деп болашаққа сеніммен қараған Алаш орда зиялыларының үміті бүгінгі күнде ақталғаны туралы тұжырымды ойлар айтты. Келесі баяндамашы Түркия Рес­публикасы Анкара қаласындағы Гази университетінің Түріктану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Хүлия Касапоғлу Ченгел «Түркістан әдебиетіндегі Алаш» деген тақырыпта баяндамасын қазақ тілінде жасады. Ғалым Мұстафа Кемал Ата Түріктің Түркия Республикасының 10 жылдығында сөйлеген сөзінде: «Бүгін Кеңестер Одағымен доспыз, көршіміз. Бұл достық бізге керек. Бірақ ертеңі не болатынын ешкім де кесіп айта алмайды... Дүниежүзі жаңа бір деңгейге жетуі мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істеуі керектігін білуі тиіс... біздің бұл досымыздың басқаруында тілі бір, сенімі бір, тегі бір бауырларымыз бар. Олармен арадағы рухани көпірді: тіл – көпірі, сенім көпірін нығайту арқылы және оқиғалар бөлген тарихымыз ішінде бірігуіміз керек» деген сөздерінен бастап, түбі бір түркі халқының тарихи тамыры тереңде жатқанын және оның бүгінгі күнде зерттейтін тарихы мен ондағы тарихи тұлғалары ортақ. Сондай тақырыптың бүгінгі күнде өзектісі Алаш зиялылары және олардың қызметі мен әдеби мұралары. Ғалым Алаш зиялыларының әдеби шығармалары негізінде баяндама жасады. Ұлттық сөз өнеріне, оның өрісті өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан – Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және т.б. қазақ зиялыларының әдеби мұраларына бірсыпыра тоқталып өтті. Қазақ зиялыларының еңбектерінің қай-қайсысында да елдік мұрат-мүдде, ұлттық құндылықтар мен руханият ісінің түйінді тұстары мен тәрбиелік тағылымдар кеңінен көрініс беретіндігіне қысқаша талдау жасады.М.Дулатұлы мен М.Жұмабайұлының шығармалары туралы өлең жолдарымен мысалдар келтірді. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағында, ақынның бостандық, азаттық, теңдік тақырыптарын оқу, өнер, білім, өркениет мәселелерімен байланысты қозғағанын айта келе: Көзінді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты, – деген өлең жолдары арқылы жастарды отаншылдыққа шақыруы, ақынның күрескерлік, азаматтық тұлғасы анық танылғандығына баға берді. Ал Мағжан Жұмабайұлының өлең жолдары мен шығармаларында тек қазақ халқын ғана емес жалпы түріктік идея көтергенін, түркі халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтетіндігін айта келе, ақынның: Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн! – деген өлең шумақтарын әсерлі оқып, конференцияда қатысып отырған жастардың бойына рух пен күш беріп, жастарды жігерлендіре түсті. Пленарлық мәжілісте Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор З.Қабылдинов, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, профессор Б.Жапаров, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Т.Омарбеков, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ҒО директорының орынбасары Д.Махат, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев және тағы басқа да ғалымдар баяндама жасады. Пленарлық мәжілісінен кейін екі күнге созылған конференцияның он панельден (секциядан) тұратын мәжілісінде Түркия, Ресей, Қырғызстан, Монғолия және архивтер мен мемлекеттік мекеме басшылары, республиканың басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Халықаралық конференцияның панельдік мәжілісінде шет мемлекеттер мен отандық ғалымдар жасаған баяндамалары барысында Алаш қозғалысы жетекшілерінің өзгелермен терезесі тең автономия туралы идеялары тар таптық саяси шеңбермен шектелгенмегендігін, олар ұлттық мемлекет құру мұратын әйгілі 1905 жылғы патша самодержавиесіне қарсы петицияны ұйымдастырудан бастап, Алаштың Жалпы қазақтық съездеріне дейінгі аралықта қазақ жерін талаған Ресейлік отаршылдық жүйені құрту, патшалық самодержавиені жою, монархиялық басқаруды республикамен алмастыру, Ресей құрамында болса да өзгелермен терезесі тең автономияға ие болу арқылы саяси жүйені түбірімен өзгертуге бағытталған асқақ саяси идеяны ұстанғандығы туралы пікірлерін ортаға салды. Алаш қайраткерлерінің сол кезеңдегі қоғамдық санада ақиқат жолы болып көрінген тап күресін мүмкіндігінше қан төгіссіз, бейбіт жүзеге асыру жолдары туралы мәліметтер және олардың өмірі мен қызметтері жайында мұрағат құжаттары мен тың деректер негізінде пікір таластар мен талдау жасалды. Тартымды да тартыс­ты өткен конференцияда алыс және жақын шет елдерден келген ғалымдар мен отандық тарихшылар өз ойларын ортаға салып, Алаш партиясы мен Алаш орда үкіметіне қатысты әлі де зерттеуді қажет ететін, қыры мен сыры ашылмаған мағлұматтардың көп екендігін айтты. Конференция аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының кіші конференция залында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, көрнекті алаштанушы ғалым Мәмбет Құлжа­байұлының «Алаш қозғалысы» атты монографиясының екінші кітабының тұсаукесеріне ғалымның әріптес досы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығы директорының орынбасары Данагүл Махат, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса және бүгінгі зиялы қауым арасында кеңінен танымал ғалымдар қатысты. Панелдік мәжілісті тарих ғылы­мының докторы, Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Кәрібаев жүргізіп, өзінің ізгі тілегін білдіріп, Мәмбет Құлжабайұлын жиналған көпшілікке кеңінен таныстырып өтті. ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Т.Омарбеков өз сөзінде Мәмбет Қойгелдиевтің талай жылдар мұрағат сөрелерінде сарғайған көптеген тың деректер мен құнды материалдарды жинақтап, көп жылдық зерттеулер нәтижесінде жазылған «Алаш қозғалысы» атты монографиясының екінші кітабымен таныстырды. Кітаптың тұсау кесер рәсімін Түркия Респуб­ликасы Түрік тарих құрылымының президенті, профессор Ратиф Туран және ғалымның әріптес досы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков рәсімдеді. Кітап 2017 жылы «Мектеп» бас­пасынан шығып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. ХХ ғасырдағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы ірі екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінің (1905-1917 жж.) оқиғалары мен ерекшеліктері монографиялық зерттеудің бірінші кітабында баяндалады. Азаттық қозғалыстың екінші кезеңі (1917-1932 жж.) советтік биліктің қалыптасуы мен жүргізген реформалық шараларына тұспа–тұс келеді. Зерттеу жұмысының екінші кітабы азаттық үшін күрестің осы мезгілдегі бағыттары мен ерекшеліктерін көрсетуді мақсат етеді. Кітап студент жастарға, тарихшы мамандарға, сондай-ақ қалың оқырманға арналған. Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын ойлап, оның жарқын болашағы үшін күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет болып табылады. Алаш қайраткерлері өз заманында жасаған жоспар-бағдарлама бүгінгі тәуелсіз қазақ елін басқару, дамытып-өркендетуге, яғни жаңа дәуірге лайықты жасалды. Алаш қайраткерлері қазақ халқы толық тәуелсіздік алған жағдайда елді қалай басқарып, дамыту, ішкі-сыртқы саясатты жүргізудегі және көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болу жолдарының бәрін нақты көрсетіп, белгілеп берген болатын. Алаш азамат­тарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Ел тағды­рының мәні азаттықтыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама Алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Кешегі өткен кеңестік дәуірде тарихы тереңде жатқан қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектер атқарылды. Г.Қозғамбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті qazaquni.kz